Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 5448 0 пікір 7 Қыркүйек, 2016 сағат 19:31

ТАЛҒАТ МҰСАБАЕВ ҚАЗҒАРЫШТЫҢ КРЕСЛОСЫН 9 ЖЫЛДАН КЕЙІН БОСАТТЫ

Бүгін  ҚР Инвестиция және даму министрлігі жанындағы Аэроғарыш комитетінің төрағалығына – Еркін Шаймағамбетов тағайындалды. Министр Жеңіс Қасымбек өзінің «Фейсбук» желісіндегі жеке парақшасында жазды.

«Бүгін ҚР Инвестиция және даму министрлігі жанындағы Аэроғарыш комитетінің төрағалығына Еркін Мұстафаұлы Шаймағамбетов тағайындалды. Еркін Мұстафаұлы бұған дейін Аэроғашыр комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет еткен болатын»,-дейді Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Еркін Шаймағамбетов 1974 жылы дүниеге келген. 1998 жылы Мәскеудегі мемлекеттік Авиация институтын тәмамдаған.

Ол өзінің ғарыш саласындағы қызметін1995 жылы Авиация институтының Байқоңыр қаласындағы «Шығыс» филиалында аға лаборант, 2-дәрежелі инжинер мамандығынан бастады. 1998-1999 жылдары ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің жанындағы Аэроғарыш комитетінің бас маманы болып тағайындалған. 2005-2006 жылдары «Байқоңыр» ғарыш айлағының басқарма басшысы, 2006-2007 ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары болды. Ал 2007-2014 жылдар аралығында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Айта кетейік, осыған дейін «Қазғарышты» ғарышкер Талғат Мұсабаев басқарып келген. Аталған агенттік құрылған 2007 жылдан бері 9 жыл ішінде төрағалық қызметте болған Талғат Аманкелдіұлы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ҚР Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.

Әзірге жеті қат көкке көтерілген үш қазақтың бірі – Талғат Аманкелдіұлы қазақ тілді ортаға «сүйкімсіздеу» тұлға. Әсіресе Қазақстанның ғарыш агенттігінің тізгінін үздіксіз 9 жыл ұстаған ғарышкердің әскери атағы – запастағы РФ ӘӘК генерал-майоры. Тағы ҚР авиация генерал-лейтенанты (2007 жылдан). ҚР «Халық қаһарманы». Батыр деген атақты кез келген адамға таңа салмайтынын ескерсек, ашық ғарышқа қайта-қайта жүрегі дауалап, ұзақ мерзімге шыққан Талғат Мұсабаевтың соңынан шұбырған сөз жиі ереді.

Талғат Мұсабаев – сырт көзге аңыз, өзіне ақиқат болып көрінетін, ғарыш әлемінде жалпы ғұмырының 1 жылға жуық (342 күн) уақытын өткізген. Бір ай ішінде бес рет (30 сағат 8 минут) ашық ғарышта болған сапары Гиннес рекордтар кітабына енген.

Ал Тәкеңнің тілшілерге тіксініп жүруі мен Байқоңырдағы «Протон» апатынан кейін жасаған бірлі-жарым сұхбаты – оның қазақ қоғамы алдындағы абыройына сын түсірген еді.

Байқоңырдан ресейліктердің кетпегенін ашық айтқанда жұрт Мұсабаевты ағаш атқа теріс мінгізіп жіберуге де оқталған-тын.

Рас, ластанған экология, уланған ауа, жарамсыз жер, бас изегіш қазақтың мойын бұққан сорлы ахуалы, қараусыз қалған қазақтың қасірет кешкен баяғы бейшара хәлі сұраусыз қала ма деген уайым әлі күнге сейілген жоқ. Ол кезде Мұсабаев: «Ол Ресейдің ішкі шаруасы. Зымыран жалға берілген аумақта құлады», — деуден ары аспады. Тіпті, сұхбат сұраған тілшілердің өздерін тілдеп, бірдеңеге бұлқынды, әйтеуір.

Одан кейін Ресейдің "Известия" басылымына сұхбат беріп, Байқоңырдан Ресейдің кетпегенін қалайтынын айтты.

Сол сұхбаттың барысында қазақ жеріне қайта-қайта құлаған ресейлік "Протон" зымыран тасығышы туралы да ойын білдірді.
«Протон» туралы сұрақ қазір қоғамда қызу талқылануда. Бізде тіпті антигептлдік ұйымдар пайда болды. Қазақстандағы Ресей елшілігінің алдында адамдардың қарсылық көрсеткенін қашан көріп едіңіз? Біз Ресейдің жақын арада протоннан бас тарта алмайтынын түсінеміз. Ұшыра берсін! Бірақ құламасыншы!", - деді Талғат Мұсабаев.

Тәкеңнің дәл осы ауандағы  сұхбаттары аз емес. Не десек те, енді Талғат Аманкелдіұлы Президенттің кеңесшісі болды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 Abai.kz

 

0 пікір