Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 4986 0 пікір 7 Қыркүйек, 2016 сағат 12:35

ҚЫТАЙ КОМПАНИЯЛАРЫ ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТЕР «МЕМҚҰПИЯҒА» АЙНАЛМАУЫ КЕРЕК


Жер дауы мораторийден кейін сәл де болса саябырсыды? Десек те, бабалардың қанымен қорғалған атамекеніміз қазір кімдердің қолында екені әлі күнге айтылған жоқ. Жер комиссиясы мүшелері бұл сұрақты билікке неше мәрте қойғанымен, шенділер меншік туралы заңға сүйеніп, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып отыр. Бүкіл қазақ халқының игілігіне айналуы тиіс жерді түрлі жолмен игеріп, қожайын болған азаматтар жайлы ақпарат бүгінде мемлекеттік құпия деңгейінде сақталып, жарияланбай отыруы неліктен? 

Біріншіден, игерсін, игермесін ең шұрайлы жерлерді биліктегілер өз туған-туысына бөліп берген. Егер де халық талап етіп отырған ақпараттар жария болатын болса, олардың "ұрлықтары" ашылатыны белгілі.

Сөйте тұра қазақ митингілетіп жүріп, біраз шындықтың бетін ашты. Мәселен, жер комиссиясының жұмысы барысында ШҚО-да жүз мың, Жамбыл обл. - 8,0 мың га жер Қытаймен біріккен компанияларға берілгенін білдік.

Қостанай обл. – 810,0 мың га жерді Лужков-Розинов дегендердің «Иволга» атты компаниясы иеленіп отырғаны анықталды.  

Еліміздің алты бірдей облысында он млн га жер Ресейдің әскери полигондарына 80 жылға және Байқоңыр ғарыш айлағы 50 жылға берілгені айтылып жүр.

Бұл аз болса, шырайлы оңтүстігімізден арабтар 2 млн га жерді,  ал, немістер Ақмола облысында 32 мың га жерді игеріп жатқаны белгілі болды.

Бұл әзірге жұртқа жария болып, су бетіне шыққан ақпараттар ғана. Соның өзінде 13 млн гектар жеріміз өзгелердің уысында екенін біліп отырмыз.

Билік заңға сүйеніп, өзгенің мүлкін жарияламай отырғанын ескерсек, бұл бер жағы ғана екенін аңғарамыз.

Енді міне, Қазақстан елуден аса Қытай компаниясын елімізге кіргізбек. Оларға қанша жер берілетіні, қанша адам келетіні әзірге құпия.

Мемлекеттің мұндай құпиялары көбейген сайын тәуелсіздігімізге қауіп ұлғая беретіні белгілі.

Ақпарат жетіспеген жерде ақпараттық қауіпсіздік сақталмайды. Мемлекет шындықты жасырған сайын халықтың ақиқатты білуге деген талпынысы күшейеді. Бұл талпыныс үлкен митингтерге ұласуы мүмкін.

Түрлі саяси топтар осындай кезеңді пайдаланып, әлеуметтік желілер һәм тәуелсіз БАҚ арқылы негізсіз, арандатушы деректерді жариялай бастауы мүмкін. Бұған тойтарыс беруге мемлекеттік баспасөз қауқарлы емес. Өйткені, еліміздегі БАҚ жүйесі негізінен біржақты позиция ұстанады. Бұл позицияға қазір халық сенбейтін болды. Сондықтан да, Үкімет әр қадамы үшін халыққа есеп беретін, елдің ойын біліп барып, шешім шығаратын сәт туды.

Жер дауынан кейін еліміздегі латифундистер һәм шетел компаниялары жайлы мәліметтер мемлекеттік құпия дәрежесіне көтеріліп кетті.

Мемлекеттік құпия деген – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келмес үшін мемлекеттің әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлау, қарсы барлау және халықаралық құқықтың әлемге ортақ қағидаларына қарсы келмейтін басқа да шараларды сәтті іске асыру мақсатында таралуына шек қоятын және өз қорғауында ұстайтын мәліметтері.

Үкімет жердің ірі иеленушілер туралы ақпарат мемлекеттік құпия қатарына жатпайтынын ескеріп, Қытайдан көшірілетін компаниялар жайлы толық ақпаратты бұқараға жариялағаны дұрыс деп ойлаймыз.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394