ОҚО-да 1034 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарына бақылау жүргізілді
Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері басқарма тарапынан 1034 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарына бақылау жүргізілген. Ал оның ішінде бюджет қаражаты есебінен құрылысы жүріп жатқан 493 нысан.
«Басқарманың құрылыс инспекторлары облыстың аудан, қалаларында салынып жатқан құрылыс нысандарына 1453 рет тексеру жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша 587 нұсқама берілді, кемшіліктері түзетілді. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде 329 хаттама толтырылып, 242 қаулымен 58,5 млн. теңге әкімшілік айыппұл салынды. Ал заң талаптарын бұза отырып салынған нысандар бойынша соттың қарауына 120 нысан жіберіліп, сот шешімімен 6,4 млн. теңге айыппұл салынды»-, деді басқарма басшысы.
Баспасөз мәслихатында мәлім болғандай осы жылы заңсыз және заң талаптарын бұза отырып салынған құрылыс нысандарына тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 106 нысан сотқа жолданды. Бүгінгі күні 32 нысанды бұзуға, 22 нысанға айыппұл салуға сот шешімі шықты.
Басқарманың міндетіне кіретін қызметтердің бірі ол лицензиялау. Бұл бағытта басқармаға 365 азаматтан лицензия алуға және қайта рәсімдеу бойынша өтініштер келіп түскен.
Abai.kz