Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3997 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 05:47

Сол нәубеттер болмағанда халқымыз 30 миллионға жетер еді-ау...

 

 

Жылда көктемнің соңғы күні еліміздің азаттығы жолында жазықсыз құрбан болған арыстарымыз бен аштықтан қырылған халқымыздың миллиондаған боздағын есімізге алып, аза тұтамыз. 
Сондағы түсінгеніміз – қасіретті өткенімізді еске алу қарапайым халықтың ғана парызы екен де, ал Елбасының тапсырмасын орындауға құлықсыз шенеуніктерге қатыссыз дүние сияқты. «Олардың ата-бабасы қуғын-сүргінге ұшырамаған болар, ендеше олар кімдердің ұрпағы?» ҚР саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар  қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлының бүгінгі атқамінерлерге деген өкпесі бізді амалсыз осындай ойларға жетеледі.
Қазақ халқындай отарлық саясаттың зұлымдығын көрген халық жер бетінде кемде-кем. Еліміздегі саяси репрессиялар қалай жүргенін айтып берсеңіз? 
– Тоталитарлық жүйе – Кеңестер одағы кезінде елімізде жалпы саяси жазалау науқаны бірнеше кезеңмен жүрді. Алғашқы кезең – Кеңес үкіметі орнасымен Алашорда қайраткерлерін қудалау. Оларды Кеңес үкіметінің жеңгенін түсінгенімен,  лауазымды партиялық қызметтерге қоймады, оқу-ағарту, тағы басқадай жанама істерге пайдаланды. Екінші кезең – 1929 жылы қазақтың іскер, беделді, бай-дәулетті азаматтарының мал-мүлкін тәркілеп тартып алды да, өздерін инжеккенге айдап, түрмеге қамады. Соның салдарынан 1931-32 жылдары орасан зауалға ұшырап, 2 миллионнан аса қазақ аштан қырылса, 1,5 миллиондай қазақ шетел ауып кетті. Қазақтың өз елінде, өз жерінде қазір аз халық боп саналуының  басты себебі осыдан. Сол зұлмат нәубеттер болмағанда, біздің қазір санымыз 30 миллионнан асып жығылар едік. Үшінші кезең – 1936-38 жылдары «халық жауларын» әшкерелеу желеуімен қазақтың сүт бетіндегі қаймақтай ең маңдайалды, асыл азаматтарын қинап өлтірді. Осы кезеңде Қазақстанда 108 мың адам репрессияға ұшырап, 22 мыңнан аса адам  атылып кетті. Артынша Ұлы Отан соғысы басталды. Бұл соғыста еркектеріміздің жартысына жуығы қырылды. Алайда, басқыншылардың тұтқынына түскен адамдар фашистік Германия концлагерлерінің азабын тартқаны аздай, соғыс жеңіспен бітіп, елге оралған соң да қудаланды. Олардың арасында «Қазақтың Погониниі» атанған  тұңғыш маман скрипкашы Әйткеш Толғанбаев, Зекен Темірғалиев, т.б. бар. Бұдан соң,  сәл «тыныстап» алып, «халық жаулары» ретінде ақын-жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың соңына шырақ алып түсті. Олардың ішінде белгілі тарихшымыз Ермұхамбет Маханов, Қажым Жұмалиев, академик Қоңыратбаев, Исмаиловтар итжеккенге айдалып кетсе, Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов Мәскеуді паналап, жан сақтап қалды. Бұл құрсау Сталин өлгеннен кейін жазыла бастағандай. Дегенмен ашық жүргізілген саясат қазақты әбден жаншып тастады. Оның үстіне 1954 жылы Қазақстанда тың көтеру басталды. Хрущевтің кейін. «Ресей империясының Қазақстанды 150 жыл бойы орыстандыра алмаған саясатын мен екі-үш-ақ жылда іске асырдым»,– деп мақтанатыны бар. Тың көтерудің сылтауымен бүкіл Қазақстанға өз еліне сыймаған түрмеден шыққандардың бәрі келді. Содан барып 1959 жылғы санақ бойынша қазақтар өз жерінде 29-ақ пайызды құрады. Соның кесірінен қазақ балабақшалары мен қазақ мектептері жабылды да, орыстану, кеңестендіру саясаты қарқынды жүрді. Халқымыз салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан айрылды. Тіліміз кесіліп, санамыз мәңгүрттенді.

 

 

 

ТАРИХИ  МҰРАЖАЙЫМЫЗДЫ  ТАСМАҒАМБЕТОВ САТЫП ЖІБЕРДІ...

 

 

Алаш арыстарын ұлықтауға Қазақстан Үкіметі жуырда ғана бейіл қойды, дегенмен бәлендей тындырып жатқан нәрсе жоқ. Мұның себебін билік басындағылардың  әлі күнге  қорқыныш пен жалтақтықтан арылмағандығынан  іздеу керек шығар? 
– Әрине, солай. Тәуелсіз атымыз ғана, Алаш үкіметінің дәрежесіне жету – қиялдағы арман ғой. Сол Алаш үкіметінің министрлер құрамындағы 15 адам ылғи Ресейде жоғары білім алған, жан-жақты білікті жандар болды. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгеров...  Алматы түбіндегі Жаңалық деген жерде «халық жаулары» атылып, көмілген орны бар. Жылда 31-мамырда тағзым етеміз. Мысалы 1938 жылдың 25-ақпанында 69 адам атылған. «Сол күні 39 адамның сүйегін Боралдайдың түбіндегі қорымға апарып жерледік. Кейін заман түзелген соң, айтарсың»,– деген еді зұлмат жылдардың тірі куәгері, қазір марқұм Бекболат Мұстафин ағамыз. Ал былайша бір де бір құжат қалмаған. Кейін «Сәкен Сейфуллинді Колымадан көрдік»,– деп жүргендердікі – «адамдар үміттеніп жүрмесін» деген мақсатпен КГБ-ның  таратқан өсегі екен. Ақпанның 25-і мен наурыздың 15-і аралығында күніне 30-40 адамнан атып отырған. 11 наурызда атылғандардың ішінде қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенованың әкесі, атақты балет бишісі Болат Аюхановтың әкесі Куватов та бар. Негізі Қуатов қой, ұл-қызы Болат пен Мира нағашыларының фамилиясына жазылып кеткен.
1993 жылы жаппай  саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы заң шықты. Қуанып, қалпағымызды аспанға аттық. Бірақ, сол заңда аяққа тұсау салатын көп кемшіліктер бар. Ресейдің заңында кезінде тәркіленген адамдардың дүние-мүліктері мұрағаттарда сақталып қалатын болса, қайтарып береді. Ал біздің мемлекетте ондай заң жоқ. Осы мәселені сұрап, жоғарыға хат жазып едім, республиканың Бас прокуроры: «Оған құқықтық негіз жоқ»,– деп жауап берді. Ал адамның табанақы, маңдай терімен тапқан жекеменшігін тартып алған кезде ешкім құқықтық негізді еске алған жоқ қой. Тартып алды да, өздерін итжеккенге айдады да жіберді. Мұрағатта сақталып тұрған бағалы заттарын қайтармау – нағыз заңсыздық, адам құқын таптау. 2000 жылы Н.Назарбаевтың қолымен бекітілген (оған Бас прокурор, Әділет министрі, ҰҚК төрағасы, Ішкі істер министрі қол қойған) жоба бойынша Алматы қаласындағы Наурызбай батыр көшесі, №108 үйде орналасқан бұрынғы НКВД үйі (ауласында ішкі түрме бар еді) мен «Пионерлер бағы» аталған бақ пен екі көше ортасындағы аллея Қазақстандағы саяси зұлмат тарихына  арналған мұражай кешені болуы керек еді. Сол жоба бойынша жұмысты бастағанымызда 2003 жылы ішкі түрмені бұзып жатыр екен. Анда-мында жүгіріп, газеттерге жазып, екі айға ғана тоқтатқан болдық, артынша тып-типыл болды. 1934 жылы салынған нағыз тарихи ғимаратты осылайша өз қолымызбен қираттық. 
Жалпы, санамыз мәңгүрттенген осындай шақта қауымдастық құрып, жоқтаусыз еткен есіл ерлеріміз бен тарихи құндылықтарымызды түгендеуге атсалысып жүргеніңізге халқымыз риза.
– Қауымдастықтың негізін қалаған – биыл туғанына 100 жыл толатын марқұм Мұстафин Бекболат Жанпейісұлы ағамыз, шынында да, үлкен жүректі, батыр азамат еді.  Бар-жоғы 28 жасында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде екі бірдей бөлімді басқарып, хатшылық қызмет атқарған Б.Мұстафин екі рет ату жазасына кесіліп, 18 жыл айдауда болған. Елге оралған соң да қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, 97 жасқа келгенше қатардан қалған жоқ. Сол кісі екеуміз ішкі түрмені аралап жүргенде, қай камерада кімдердің отырғанына дейін айтып беріп еді. Жарайды, қанша жанталассақ та, сол түрмені аман алып қала алмадық. Енді НКВД үйін мұражайға айналдырып, 1-қабатын 1916-1934  жылдарға арнап ашып, әжептеуір жұмыс істей бастадық. Оқушылар, студенттер келеді, халыққа қызмет істеп, ғимарат тарихи міндетін атқарды. Ал 2-қабатына 1934 жылдан 1986 жылға дейінгі деректерді жинай бастағанбыз. Біздің тарихи мұражайымызды Алматы қаласының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов  «Алматы даму корпорациясы» деген қаржылық ұйымның иелігіне сатты да жіберді. Тарихи орыннан осылай айрылдық.  
Экспонаттары қолды боп кеткен жоқ па?
– Алматы қаласының тарихы мұражайының қоймасында тығулы жатыр. Сонда біз кімге қиянат жасап отырмыз? Бұл – елдігімізге саналы түрде жасалған қылмыс. Екінші мысал. 1993 жылы Елбасымыз Абайдың 150 жылдығына дайындық кезінде «Абай біздің ұлттық ұранымыз болуы керек»,– деп айтқан болатын.  2007 жылы Абайға қойылған ескерткішті көргенде, намыстан өліп кеткім келді. Екі ақ тасты қойған да, біреуіне қаңылтыр жапсыра салған. Кеңес өкіметінің байларды құбыжық етіп көрсететін карикатурасы іспетті. Сонда біз кімді қорладық?

 

 

 

ЕҢ КӨП ФАШИСТІҢ КӨЗІН ЖОЙҒАН ЖЕРЛЕСІМІЗ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛДЫ

 

 

Ұлы Отан соғысында ең көп жауды жер жастандырған құралайды көзге ататын қазақ жауынгеріне Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнінде жоғарыға ұсыныс білдірген едіңіз, соның ақыры не болды? Ескерусіз кеткен есіл ер туралы сыр шертсеңіз...
– Ұлы Отан соғысында 397 фашистің көзін жойған Төлеуғали Әбдібеков Семей облысы Жарма ауданының тумасы. Құжаттармен танысып жүргенімде Кемелбай деген кісінің 1937 жылы «халық жауы» ретінде жазаланғанын білдім. Ал оның інісі Әбдібектің ұлы Төлеуғали «халық жауының» туысы ретінде қуғындалып, Оңтүстік Қазақстандағы туысқандарын паналайды. 1942 жылдың мамырында соғысқа кіреді де, 1944 жылдың 23 ақпаны күні ауыр  жарақаттан медсанбатта қайтыс болады. Немістің снайперімен жекпе-жекке шығыпты. Неміс өліпті, бірақ Төлеуғалидың өзі де ауыр жарақаттанып, ақыры ажал құшады. Құнды құжат қолыма тигеннен кейін  28 панфиловшылар саябағындағы Ұлы Отан соғысының мұражайын арнайы барып көрдім. Мерген осы панфиловшылар дивизиясының құрамында соғысқан екен. Бүкіл майдандық газеттер ерлігін жарыса жазған, бірақ мемлекет тарапынан ресми құжатты таппадым. Ресми құжат алу үшін деректерге сүйене отырып, Ресей Федерациясының Орталық әскери мұрағатына сұрау салдым. 2008 жылдың 12 наурызында жауап келді, екі анықтама жіберіпті. Біріншісі орденьдері туралы, екіншісінде Төлеуғали Әбдібековтің ерлігін жазып келеді де, соңында: «Прославленный и непревзайденный» деп баға береді. Көрдіңіз бе, Ресей мемлекетінің өзі біздің жерлесімізді ресми мойындап отыр! Қуанғаннан Ресейдің президенті В.Путинге «Кеңес үкіметінің мұрагері ретінде сіздер Төлеуғали Әбдібековке  соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Ресей Федерациясының Батыры атағын беріңіздер» деген ұсыныс жасадым. Және ҚР Президенті Н.Назарбаевтың атына да осындай хат жолдадым. Ең атақты орыс мергені Зайцев 255 фашисті өлтірген, жылда Мамаев қорғанында Зайцевтің құрметіне салют беріледі. Смалешков деген мерген 125 фашисті өлтірген. Екеуін қосқанда бір қазаққа жетпейді. Тағы бір жерлесіміз Безголосов деген Шығыс Қазақстанда туған мерген 279 фашисті жер жастандырған. Бір жарым айдың ішінде Ресей Федерациясы Президентінің аппаратынан: «Біздегі тәртіп бойынша Ресей Федерациясының Батыры атағын алдымен Қазақстанның Қорғаныс  Министрлігі ұсынуы тиіс. Сондықтан біз сіз жіберген құжаттың барлығын сонда жолдадық»,– деген жағымды жауап алдым. Ал енді мына тұрған Астанадан жауап ала алмай, дымым құрыды. Президент аппаратына «Жауап бересіңде ме, жоқ па?» – деп қайта-қайта телефон соғып, факс жібере бастадым.  Екі ай өткенде біреу телефон шалды, екеуміз сөзге келіп қалдық.
– Сонда олар не дейді?
– «Тірісіңдер ме, қырылып қалған жоқсыңдар ма?» – деп алдымен өзім бас салдым. Қаншама уақыт өтті, ызаланып жүргенмін ғой. «Сіз қалай-қалай сөйлейсіз?» – деді тұтқаның арғы жағындағы адам шамданып. «Сендермен қалай сөйлесуге болады? Мен анау, бізден он есе үлкен мемлекет – Ресей Федерациясы президентінің аппаратынан бір жарым айдың ішінде жауап алып үлгердім. Ал мына тұрған сендер...»,– деп дауыс көтеріп жіберіп едім, әлгім телефон тұтқасын қоя салды. Кім екенін де біліп үлгермедім. Арада төрт ай өткенде жауап келді. Жауабын оқып, қаным  тағы басыма шапты. Мазмұны мынаған саясды. «Сіз,– дейді, – соғыс бітіп, арада 60 жылдан астам уақыт өтіп кеткеннен кейін  соғыс ардагерлері мен соғыста қаза тапқандардың туыстарының ортасына түсінбеушілік, алауыздық туғызып, несін мұны көтеріп жүрсіз?». Оу, сенің батыр ұлың табылып жатса, қуаныштан басқа қандай наразылық туғызуы мүмкін?! Мұндай сөзді қатардағы біреу айтса ренжімейсің ғой, ҚР Президентінің аппаратының ресми жауабы осындай. Біздің ең жоғары билік Президент десек, сол Президенттің айналасындағылардың жауабы жаңағыдай болғанда, басқадан не үміт, не қайыр?
– Сіз сияқты санаулы адам қазақтың ұлттық намысын көтеру жолында шаршап-шалдығады да жүреді. Бәрібір «баяғы жартас – сол жартас. Неліктен?
– Бізде «Атадан балаға» деген ұлы сөз бар, «Әкеден балаға» емес. Яғни, әкенің өзі әлі жас,  ақылы толыспаған, тәжірибесі жоқ, сондықтан жас ұрпақты аталар тәрбиелеген. Мен атамның баласы болып ерке өстім. Атам қазақтың тарихы мен шежіресін жалықпай айтып, санама құя беретін. Сосын: «Ертең сен өсесің, азамат боласың. Сол кезде ең бірінші өз ұятыңның алдында ұяла біл»,- дейтін. Атам мен он жасқа келгенде қайтыс болып кетті. Бірақ, сол сөздерін өскенде өсиет тұттым, өмір жолыма шырақ етіп ұстап келемін. Ал біздің қоғам  ата тәрбиесін жойып жіберді. Кеңестік балабақшадан шыққан бала ұлттықтан, азаматтық намыстан ада болып өсті. Әлі есімде, 1983 жылы Шона Смаханұлы ағамыз қазақ мектебін ашу туралы ұран тастағанда, біз 1-сыныпқа әзер дегенде 7 бала жинадық. «Неғып жүрген адамсыңдар? Барыңдар түге! Мен баламды орысшаға беремін, ертең күнін көре алмай қалады»,– деп бізді боқтап, таяқ алып ұмтылған қазақтар да көп кездесті. Құдайға шүкір, қазір қазақ мектебі де, қазақ балабақшасы да ашылып жатыр. Бірақ, ұлтымыздың ата тәрбиесін бойларына сіңіре аламыз ба? Әңгіме осында.

 

 

Автор Гүлжанат Шонабай   
«Қазақстан-Заман» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377