Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5519 0 пікір 31 Тамыз, 2016 сағат 16:47

ОҚО-да өткен «Қазақстанның үздік тауары» байқауына 135 кәсіпорын қатысты

Оңтүстік Қазақстан облысында өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне биыл 135 кәсіпорын қатысты. Онда жеңіл тамақ өнеркәсібінен бастап, машина жасау, құрылыс, фармацевтика, тоқыма мен қолөнер шеберлерінің туындыларына дейін ұсынылды. Мәселен, елімізге әйгілі, алкагольсіз сусын шығаратын «ВизИТ», «Бал текстиль» және «Назар текстиль» кілем фабрикалары, «Карлскрона» сорғыш шығаратын зауыт пен «Стандарт цемент» зауыттары, «Ордабасы құс» күрке тауық фабрикасы, костьюмдер тігетін «Golden Nomad» кәсіпорны, және т.б. ірі әрі танымал кәсіпорындар өз тауарларын ортаға салды. Сонымен қатар, кіші және орта бизнес өкілдері де өздерінің тауарларын халыққа паш етті.

Оңтүстік өңірінде шығарылатын тауарларды халыққа таныту, кәсіпкерлерді ынталандыру және орта және шағын бизнесті дамыту мақсатында өткен шараны ОҚО Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.  

Іс-шара барысында үздік тауар өндірушілері сынға түсіп, тауар таңбалары қолданыстағы ерекшеліктеріне қарай үш номинация бойынша іріктелді. Атап айтқанда, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Азала Текстиль» ЖШС үздік атанды. Компания жылына 2800 тоннадан астам иірілген жіп, 13 млн. шаршы метр мата, 2 млн. төсек-орын тысы жиынтығы мен 7 млн. түкті өнім шығарады. Ал, ІІ,ІІІ орынды шұлық өнімдерін шығаратын «Әлем БТ» фабрикасы мен кілем шығаратын  «Назар текстиль» компаниясы иеленсе, «Карлс Крона» сорғыш шығаратын зауыты «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» номинациясы бойынша марапатталды. Осы номинация бойынша 2-ші орынды терезе және витраждарға арналған ПВХ-профильдер шығаратын «Триумф ММС» зауытына  бұйырды. Ал 3-ші орынға «Батсу Водоканал» кәсіпорны лайық деп танылса, «Үздік азық-түлік тауары» номинациясы бойынша бірінші орынды макарон өнімдерімен әйгілі «Барыс-2007» иемденсе, «Амангельды», «Ладушки» кондитерлік дүкендер желілері ІІ және ІІІ орындарды алды.

Жалпы, конкурс барысында 18 кәсіпорын «Өндірістік мақсаттағы тауарлар» үздік атануға тырысса, 15 компания «Халық тұтынатын үздік тауар» өндіруші номинациясы бойынша көрмеге қатысты. Ал, 20-дан астам қатысушы «Үздік азық-түлік тауары» номинациясының иегері атануға тырысқан.

Сондай-ақ, «Халық таңдауы», «Жыл серпіні», «Жыл бренді», «Әлеуметтік маңызы бар стартап» номинациясы бойынша да үздіктер анықталды. Бұл сатыда  химиялық қоспасыз табиғы емдік шөптермен және солардан жасалған жақпаларды  даярлайтын «Асыл арман», «Еврокристалл» шыны зауыты, және химиялық тазартқыш өнімдерімен танылған «Көркем дос», сондай-ақ, фитошайларды әзірлейтін «Фитофарм» компанияларының басшылары алғыс хаттармен марапатталды.

Аталмыш шараның тағы бір ерекшелігі – мұнда келген тұрғындар отандық өнімдермен танысып қана қоймай, жеңілдетілген бағамен тауарларды сатып алу мүмкіндігі берілді. Келушілерге лоторея ойындары ойнатылып, келген қонақтар бағалы сыйлықтар алды.

Кәсіпкерлердің пікірінше «Қазақстанның үздік тауары» жобасы сапа мен жоғары талғамның белгісі болатынына сенімді. Бұл жоба кәсіпкерлерге өз ісін әрі қарай қарыштап дамыту мен инвесторлар тартуда зор көмек болмақ.

Аталған үш номинация бойынша І орынды алған кәсіпорындар қараша айында Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» конкурсына қатысатын болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963