ИСЛАМ КАРИМОВТЫҢ ҚАЙТЫС БОЛҒАНЫ РАС ПА?
78 жастағы Өзбекстан Президенті Ислам Абдығаниұлы Каримов дүние салды, деп хабарлайды өзбекстандық "fergananews.com" порталы.
Аталған сайттың деректеріне сүйенсек, өзбек президенті Ислам Каримов тамыздың 29-күні аурухана төсегінде қайтыс болған.
"Fergananews.com"агенттігінің бас редакторы Даниил Кислов ресейлік "Life.ru" порталына сұхбат беріп, Өзбекстан Президентінің қазасы туралы хабарлаған.
"Ислам Каримов қайтыс болды. Мұны біз ғана білеміз. Ресми арналар Каримовтың қазасы туралы хабар таратпай отыр. Себебі, мұндай ақпараттар ашық таратылмайды. Біз Өзбекстанда 15 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеміз. Президенттің қазасы тұрмақ, оның денсаулығына қатысты қандай да бір мәліметті алу мүмкін емес екендігін жақсы білеміз",-дейді Кислов.
Ал "interfax.ru" хабарлауынша, Өзбекстан Президентінің аппараты Ислам Каримовтың қазасы туралы ақпаратты теріске шығарған.
"Ислам Каримов қазір ауруханада, дәрігерлердің бақылауында. Дәрігерлер оның денсаулығы қалыпты екенін айтты",-делінген ресми мәлімдемеде.
Десе де ресейлік БАҚ-тың мәліметтеріне сүйенсек, Өзбекстанның Ресейдегі елшілігі Президенттің тірі немесе өлі екені туралы қандай да бір ақпараттың жоқ екенін айтқан.
"Біз білмейміз. Қазір оның денсаулығы жақсы немесе жаман деп ештеңе айта алмаймыз",-депті.
Сондай-ақ, "Human Rights Watch" ұйымының Орталық Азиядағы бөлімінің өкілі Стив Свердлов "Твиттердегі" жеке парақшасында өзбек Президентінің қайтыс болғандығы туралы құқық қорғау қызметкерлеріне хабарланғанын жазады.
Ислам Каримов 1938 жылы 30-қаңтарда Самарқанда дүниеге келген. Ортаазиялық политехникалық институтты тәмамдап, 1964 жылы КОКП қатарына қосылған. 1989 жылдан бері Өзбекстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды.
1990 жылы 24 наурызда Өзбек КСР Жоғарғы Кңесінің сессиясында Өзбек КСР президенті болып сайланды. Ал Кеңестер одағы ыдырағаннан бері Өзбекстан Республикасының президенті болып келді. Ол 24 жыл үздіксіз ел басқарды.
Екі бірдей қызы Гүлнара мен Лола Каримовалар Өзбекстан түгілі ОА елдері жұртшылығына етене таныс болып үлгерген. Ал дүйсенбі күні Каримовтың кіші қызы Лола Каримова-Тиляева әкесінің инсульт алып, жансақтау бөліміне түскенін хабарлаған еді.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz