Сенбі, 23 Қараша 2024
Жөн-ақ 3836 0 пікір 25 Тамыз, 2016 сағат 10:18

ТОМИСЛАВ НИКОЛИЧ. "ҚАЗАҚСТАН ЗОР ТАБЫСТАРҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ"

Сербия Республикасының Президенті Томислав НИКОЛИЧПЕН сұхбат 

- Құрметті Президент, өткен жылы Сіз ресми сапармен Қазақстанда болдыңыз. Сіздің ресми сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар қалай жүзеге асуда?Қазіргі сәтте қандай да бір нақты нәтижелер бар деп айтуға бола ма? 

- Достас ел Қазақстанға сапар әркез менің есімде қалатын сапарлардың бірі болып табылады. Қазақстан халқының қонақжайлылығы мен Президент Назарбаев көрсеткен шынайы достық ілтипат менің жүрегімде және Сербияның бүкіл азаматтарының жүрегінде айрықша орын алатын нағыз құндылық болып саналады. Біз Президент Назарбаевпен барлық саладағы ықпалдастықтың белсенділігін арттыру үшін қажетті жағдайлар мен шарттарды белгіледік. Екіжақты қарым-қатынастарды жаппай дамытуға қосқан жеке өзінің зор үлесі және күшті саяси қолдауы үшін мен 2013 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Сербия Республикасының лентадағы Орденімен марапаттадым. 

Мен өз тарапымнан екіжақты ынтымақтастықты, әсіресе, экономикалық қарым-қатынастар бөлігіндегі ынтымақтастықты дамыту жолын берік ұстанамын. Президент Назарбаевтың сапарының жалпы ынтымақтастықтың белсенділігін арттыруға қуатты серпін беретініне менің сенімім мол. Өкінішке қарай, біздің екі елдің экономикалары ортақ тауар айналымы көрсетіп отырғандағыға қарағанда,    әлдеқайда зор мүмкіндіктерге ие. Мен ұзақ мерзімді, жоғары және өндірістік формадағы ынтымақтастықты негізге ала отырып өзара тауар айналымына жататын тауарлар құрылымын кеңейтудің маңызы зор деп есептеймін. Одан арғы жерде қаржы және банкаралық ынтымақтастықты дамыту және екі елде де өкілдік желілерін ашу қажеттігі сезіледі. Бизнес-форум екі елдің кәсіпкерлері арасындағы осындай уағдаластықтарды нақтылау үшін мүмкіндік туғызбақ. Біз бұрынғысынша Қазақстаннан тартылатын инвестицияларға, атап айтқанда, Сербия компанияларын жекешелендіруге қатысуға, стратегиялық әріптестікке немесе мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, туризм сияқты салалардағы ынтымақтастықтың өзге де кез келген формаларына мүдделіміз. Бізде қазірдің өзінде ынтымақтастықтың осындай формаларының белсенділігін одан әрі арттыру үшін жақсы негіз болып табылатын тұқым мен себу материалдарын, әсіресе, жүгері будандарын жеткізіп беруге қатысты жақсы тәжірибе қалыптасты. 

– Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналымы 2015 жылы 55 миллионнан астам долларды құрады. Тауар айналымы көлемін ұлғайту үшін қандай перспективалар бар? 

– Біздегі мәліметтер бойынша, 2016 жылдың қаңтар-наурызы кезеңінде тауар айналымы 14 миллион долларды құрады, ал 2015 жылы бұл сома 166 миллион долларға жеткен болатын. Бұл екі елдің экономикалық әлеуетімен салыстырғанда әлдеқайда төмен, сондықтан да біз Президент Назарбаевпен арадағы әңгіменің айтарлықтай бөлігін біздің ынтымақтастығымыздың осы сегментін қалайша жетілдіріп, белсендірек жүргізу қажет деген мәселеге арнайтын боламыз. 

Қазақстанда бірқатар сербиялық компаниялар жұмыс істейді және Астанада Сербияның Өнеркәсіп палатасының өкілдігін ашу қажеттілігі көзге көрініп тұр. Президент Назарбаевтың сапарынан кейін Сербияның инвестиция салу үшін салыстырмалы түрдегі артықшылықтарын қазақстандық компаниялардың сезінетініне менің сенімім мол. 

Сербия тамаша географиялық жағдайға ие, еркін сауда туралы көптеген келісімдер, қолайлы климаттық жағдайлар, айтарлықтай минералды ресурстар мен туризм саласында зор әлеует бар. Сербия өнеркәсіптің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қызметті бастауға мейлінше мүдделі, оның барысында мүмкіндіктер мен ынтымақтастықты жүзеге асыру модельдерін анықтауға болар еді. 

– Ұзақ уақыттарға дейін Қазақстан ДСҰ-ға мүше бола алмай келді. Сербияның әлі де ДСҰ-ға мүше емес екенін назарға алғанда, Сіздің пікіріңізше, Қазақстан ДСҰ-ға мүше болу арқылы қандай артықшылықтарға қол жеткізді? 

– Дүниежүзілік сауда ұйымы мүше-мемлекеттердің үкіметтерінен ғана емес, сонымен бірге, Еуропалық одақ сияқты кедендік аумақтардан да тұрады. Бұл ұйымның маңыздылығы мүше-мемлекеттер үшін ЕО тарапынан белгіленген, өз кезегінде кепіл болып табылатын сауда шеңберлеріне негізделеді, яғни саудаға қатысты шешімдер консенсусқа негізделмек. Ең алдымен, ДСҰ көпжақты сауда келіссөздері үшін форум болып табылады, бұл ұйым мемлекеттер арасындағы сауда дауларын шешеді, келісімдер арқылы негізгі сауда ережелерін белгілейді және «сауда саясатын бағалау механизмі» арқылы бүкіл мүше-мемлекеттердің сауда саясатына мұқият қадағалау жүргізеді. 

Сербия ДСҰ-ға өз өтінімін 2004 жылы берді, содан бері осы ұйымның толыққанды мүшесі мәртебесін алуға қажетті критерийлерге сәйкес келу үшін құқықтық және құрылымдық реформалардан өтті. ЕО ДСҰ-ға өту жөніндегі келіссөздерде Сербияға өте үлкен қолдау көрсетті. Мен жекелеген заңдарға өзгерістер енгізгеннен кейін Сербия таяу уақытта ДСҰ-ға өтеді деп есептеймін. Мен Президент Назарбаевты тарихи табысымен: 20 жылға жуық келіссөздерден кейін ДСҰ-ға өтуімен құттықтаймын. Әлемдік ұйымға қосылу арқылы Қазақстан таяу уақыттарда экономикалық тұрғыда да және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыру тұрғысында да тиімділікті сезінетін болады. ДСҰ-ға өту жаңа жұмыс орындарын ашуды, еңбекақыны және бүтіндей алғанда тұрмыс деңгейін арттыруды білдіреді. Қазақстанның ДСҰ-ға өтуі арқылы бұл ұйымның Орталық Азияға жақындай түсуінің өзі маңызды факт болып табылады, бүгінде Қазақстан жаһандық рыноктарға қол жеткізу мүмкіндігіне ие. 

– Сербияның ЕО-ға өткісі келетіні жақсы мәлім. ЕО-дағы таяуда болған оқиғалар Сербияның ЕО-ға қосылуына әсер ете ме? 

– Сербия отыз бес тараудың үшеуін ашты, келіссөздер ұзақтығын болжау қиын, өйткені, ол елдің өзінің дайындығына, ЕО-мен үйлесімділікке, тарауларды ашу немесе жабу үшін берілген жағдайлардың орындалу жылдамдығына, сондай-ақ, әрбір жаңа қадам туралы шешімді бүкіл мүшелер қабылдайтындықтан, келіссөздер барысына тосқауыл қоюы мүмкін ЕО мүшесімен ықтимал деген екіжақты дауларға байланысты болмақ. Өтпелі критерийлердің болуы, яғни шешуші 23 және 24 тарау сияқты анағұрлым күрделі тараулар үшін келіссөздер барысындағы жағдайлар да үдеріске тежеу салуы мүмкін. Дегенмен, Сербия қосымша ерекшелікке ие, атап айтқанда, «Басқа мәселелер» деп аталатын 35-тарауға қатысты, Белград үшін ол Приштинамен қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру, яғни келісімдердің орындалуын қадағалайтын тарау болып табылады. Біздің ол тарауда Косово мен Метохияны мойындау жөніндегі формальды талаптың бар-жоғын осы күнге дейін білмеуімізге байланысты бұл тарау Сербия үшін айрықша маңызға ие. Егер ол солай болса, онда біз бұл шартты орындай алмаймыз. 

Сіздің сауалыңызға келер болсақ, ол оқиғалардың іс жүзінде тарауларды ашу динамикасына әсер ететініне мен онша сенімді емеспін, өйткені, Еуропалық одақ Сербияға толық құқылы мүше мәртебесін беруге өзінің дайын екендігін айқын көрсетті. Мен 35-тарау мазмұнындағы белгісіздік анағұрлым елеулі проблема болып табылады деп есептеймін. Егер ол ынтымақтастық жолымен, Косово мен Метохияның бүкіл азаматтарының өмірлерін жақсарту, демократиялық қағидаттар мен адам құқықтарын барлық азаматтарға бірдей қолдану арқылы Белградтың Приштинамен қалыпты қарым-қатынастар құруын білдірсе, Сербия толық құқылы мүше болуға дайын. 

– Босқын мәселесіне қатысты пікіріңізді білсек. Осынау үдерісті тоқтатудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз? 

– Еуропа мигранттар мәселесін тиісті деңгейде шеше алмаған сияқты. Оның аумағында болып жатқан террорлық актілер осы тұжырымның дәлелі болып саналады. Мен түпкі тамыры Таяу Шығыс пен Африка ресурстарын пайдаланудан басталатын дағдарыс себептері туралы айтып өттім. Бұл өңірлердің халқы іс жүзінде өздерінен алып кеткен несібесінің соңынан келіп жатыр. Өкінішке қарай, соғыс зобалаңынан қашқан, жақсы өмір іздегендердің арасында террористер, ИМ мүшелері де бар. Олардың міндеттері өте дәл әрі тыңғылықты айқындалған. Еуропаны тұрақсыздандыру үшін қарапайым азаматтардың опат болуына әкелетін жанкештілердің террорлық актілерін пайдалану мақсатымен күні бұрын жоспарланған. Ең үлкен проблема сол – Еуропа азаматтары енді әрбір босқыннан террористі көретіндігі. Еуропалық эгоизм бұл жолы басымдық алмауы тиіс, одан гөрі еуропалық ізгілік маңыздырақ. Еуропа ізгі бет-бейнесін, әлі де болса сақталып отырған ең ізгі бет-бейнесін көрсетуі тиіс. 

Дегенмен, жергілікті жерлердегі жағдай басқаша. Өйткені, ЕО көршілес мемлекеттердің үкіметтері арқылы жағдайды бақылауға шамасы жетпей жатқан тұстарда босқындардан оқшаулануға, дуал-қоршаулар тұрғызуға тырысуда. Еуроодақта ұсынылып жатқан шешімдер туралы тым ұзақ айтылады, бірақ оны жүзеге асыру ісі бастала қоймайды. Еуроодақ бұдан әлдеқайда тиімді болуы керек. Бұл жерде мемлекеттердің арасындағы ынтымақ мәселесі де туындайды. Егер ЕО-ға мүше мемлекеттер шекараларын жауып, босқындарға Грекия, Македония, Сербия бағытында жол ашатын болса, бұл осы елдерден еуропалық гетто жасау мақсатын байқатпай ма? Меніңше, жақсы өмір сүруі мүмкін елдерге жету жолындағы босқындардың талпынысын ешқандай дуал-қоршау тоқтата алмайды, мұндай сценарий түбінде Еуропаны Таяу Шығыс жасар еді. Мұны бұдан әрі ешкім бақылай алмас еді. 

– Сербияда православиелік сенімдегілер мен ислам дінін ұстанатындардың қарым-қатынасын жақсарту ісі, олардың қоғамдық интеграциясы сәтті жүріп жатыр деуге бола ма? 

– Сізді Сербиядағы мұсылман сеніміндегі халықтың жағдайымен жақынырақ  таныстыру үшін мұсылман жамағаты қалай дамығанын қысқаша айтып берейін. Мұсылмандықты ұстанатын халық өзге наным-сенімдегі халықтармен барлық жағынан теңестірілген. 

Мәселен, Сербиядағы ислам діни жамағаты 1863 жылғы «Вакуф елдері туралы» заңға сүйенеді. Сербия Княздігіндегі ислам дінін ұстану бостандығы 1868 жылы князь Михаил Обреновичтің жарлығымен бекітілген. Сол кезде Белградтағы діни муниципалитетке –жематқа (жамағат) әлі күнге дейін бірден-бір мінәжат орны ретінде қызмет ететін Байраклы мешіті пайдалануға берілді. Сербтердің, хорваттардың және словендіктердің корольдігі құрылған сәттен бастап исламдық екі діни жамағат қатар өмір сүре бастады. Белград муфтиі басшылық ететін біреуі Сербия, Македония және Черногория үшін, екіншісі – Сараеводағы реис’уль улема басқаратын Босния және Герцеговина, Хорватия, Славония, Словения және Далмация үшін. Югославия Корольдігіндегі ислам діни жамағатының бірлігі 1930 жылғы «Ислам діни жамағаты туралы» заңға негізделді. 

Заңның негіз қалаушы бабы былай дейді: «Югославия Корольдігіндегі барлық мұсылман жоғарғы діни басшы ретіндегі реис’уль улеманың басшылығындағы дербес Ислам діни жамағаты болып саналады». Реис’уль улеманың тұрғылықты орны астанаға – Белградқа ауыстырылды. ЮФХР 1946 жылғы Конституциясы және 1953 жылғы «Діни қауымдардың құқықтық мәртебесі туралы» заң арқылы мемлекет өзінің діни қауымдармен қарым-қатынасының негізгі қағидаттарын айқындады, соның ішінде негізгілері шіркеуді мемлекеттен бөлу, ар-ұждан және діни сенім бостандығы, сондай-ақ діни жамағаттар құру, сосын діни қауымдардың теңдігі мен шіркеуді мектептен бөлу, шіркеулер мен храмдарда еркін діни білім беруді ұйымдастыру болды. Барлық конфессияның теңдігін жариялау және секуляризация югославиялық мұсылмандарды тең жағдайға жеткізді. Сербияда 280 мыңға жуық мұсылман тұрады, бұл – халықтың 3,6%-ы. Мұсылмандар Рашка және Оңтүстік Сербия сияқты облыстарда басым көпшілік болса, Нови-Пазар қаласында – 90%, Съеницада – 80%, Буяновацта шамамен – 60%, Тутинде – 95% және Прешевода шамамен 90% халық мұсылмандар. Сербияда 190-нан астам мешіт бар, соның 120-сы Санджакта, 60-ы оңтүстік Сербияда болса, Белградта, Нише, Суботице және Мали-Зворникте бір-бірден бар. Ең әйгілі мешіттер Нови-Пазар қаласындағы Алтын Әлем, Съеницедегі Сұлтан Валиде және Байраклы болып саналады. 

– Биыл Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылдық белесіне шығып отыр. Осы орайдағы тілегіңізді және Астана қаласы туралы пікіріңізді білсек. 

– Біздің халықтарымызға ортақ нәрсе – азаттық пен тәуелсіздікке деген сүйіспеншілік. Біздер бейбітшілік пен бостандықта өмір сүру үшін бабаларымыз қан төкті. Бірақ бұл біздің қазіргі кезде ешқандай қауіп-қатерге ұшырап отырмағанымызды білдірмейді. Сербия өзінің территориялық тұтастығын, халқын және Косово мен Метохиядағы мәдени мұраларын сақтау үшін қазір де күресіп келеді. Біз Сербияның аумақтық тұтастығын сақтау тұрғысынан Қазақстанның көрсетіп отырған қолдауын жоғары бағалаймыз. 

Қазақстан тәуелсіздігін сақтаудан да зор табысқа жетті. Сіздің халық жарқын болашаққа көз тігіп отыр. Астана ғажайып сұлулық қаласы, оның керемет алаңдары, ескерткіштері, ғимараттары, саябақтары мен көшелері әлемнің барша құрылысшыларына шабыт береді. Қазақ мәдениеті қаланың архитектурасымен өрілген. Сіздер үшін осының бәрін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу барысында көрсетуге зор мүмкіндік бар. Бұған қоса, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болу бастамасы осы халықаралық ұйымға оң ықпалын тигізіп, Қазақстанның қарқынды әрі сенімді серіктес екендігін таныта түседі. 130 этностық топтың татулық пен келісімде өмір сүріп жатқаны тамсандырады және өзгелер үшін бейбітшілік пен ынтымақта қалай өмір сүруге болатынына мысал бола алады. Біздің ортақ ұқсастықтарымыз көп, сондықтан мен бір-бірімізге қолдау көрсетіп, достығымыз бен экономикалық байланыстарымызды нығайтуды, тәжірибелерімізбен көбірек алмасуды тілеймін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Президент Назарбаевқа және Қазақстан халқына 2014 жылғы су тасқыны кезінде көрсеткен қолдауы үшін тағы да алғыс айтқым келеді. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. 

– Астанаға келген сапарыңызда Қазақстан футбол клубтарының жетістігі туралы да айтқаныңыз есімізде. Жалпы, футболға қызығушылығыңыз қалай? Жанкүйерсіз бе? 

– Қазақстан футболының деңгейі көтеріліп келеді. Спорттың осы түріне көп көңіл бөлініп жатқаны көрініп тұр. Былтыр шамамен осы кезде «Црвена жұлдызы» футболшылары Еуропа лигасының іріктеу кезеңінің ашылуындағы матчта «Қайраттан» 2:0 (1:0) есебімен жеңіліп қалды. Алматылық қонақтарды жеңіске шабуылшылар Исаэл мен Гоу бастады, ал Миодраг Божовичтің командасы алға ұмтылған әрі өте жақсы дайындалған қарсыластарына төтеп бере алмады. Қонақтар жас құрамалардың әлем чемпионатында үздік қақпашы атанған және біздің команданы бірнеше рет құтқарып қалған Предраг Райковичтің қақпасы алдында туған бір-екі сәтті мүлт жіберген жоқ. Жұрт бұл матчты әлі күнге айтып жүр. Үздік команданың жеңісін мойындап, құттықтау керек. Біздің командаға келесі жолы жақсылап дайындалу қажет. 

P.S. «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы осы сұхбатты ұйымдастыруға көмек көрсеткен Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, Сербияда, Македонияда елшілік қызметті қоса атқарушы Нұрбах Рүстем мырзаға алғыс білдіреді. 

"Егемен Қазақстан" газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364