ЖЕР МӘСЕЛЕСІ: 34 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ЖӘНЕ ШУМАХЕРДІҢ ШУЫ
Астананың іргесінен 27 мың гектар жерді иемденіп, қожалық етіп отырған Германия азаматы Роберт Шумахер туралы бұған дейін де жазған едік. Алайда, саудагер Шумахердің төңірегіндегі шу толастар емес. Күні кеше Шумахердің өкілдері Алматы келіп, журналисттермен жүздесіп, Ақмола облысының аумағынан 34 мың гектар жерді қалай басып алғаны және «ҚазГерСтрой» құрылыс холдингі төңірегіндегі дауға қатысты өз уәждерін айтты.
Кездесуге Роберт Шумахердің өзі келмепті. Германияда екен. Бірақ, өз елінде отырып-ақ, қазақ жерін иемденіп, қожалық жүргізуге құдіреті жетіп тұр екен... Сонымен, инвестор, бизнесмен делініп әспеттеліп жүрген Шумахердің өкілі, заңгер Сергей Стручков былай дейді: «Шумахер мырза ол жер телімдерінің иесі емес. Жер телімдері қазақстандық «Ақ-Құлын» ЖШС не тіркелген. Ал, Шумахер «Ақ-Құлын» ЖШС-ның негізгі әрі жалғыз иесі». Заңгердің сөзіне қарағанда, ол Роберт Шумахердің жеке басын жерден арашалап алғысы келетіндей. «Шумахер мырза ол жер телімдерінің иесі емес» деп алады да, жер телімдері тіркелген «Ақ-Құлын» ЖШС ның қожайыны Шумахер екенін айтады. Айналып келгенде, жер иесі Шумахер болып шығады. Демек, Шумахер 34 мың гектар жерді Қазақстанда тіркелген серіктестік арқылы именденіп отыр. Заңгер сөзін қалай құбылтса да жер шетелдіктің иелігінде болып тұр. Бұл аз десеңіз, «қазіргі кезде жердің жартысы жалға берілген. Онда адамдар жұмыс істейді. Бидай өсіріп жатыр» дейді заңгер Стручков. Ал керек болса! Германия жатып, 34 мың гектар жерді «Ақ-Құлын» ЖШС арқылы иемденіп алғанымен қоймай, оның жартысын жалға беріп шығынсыз пайдаға кенеліп жатқан Шумахерді сонша тайраңдатып қойған қандай күш?..
Айтпақшы, Шумахердің өкілдеріне Болат Мусин деген жұмысшы ере келіпті. Жер төңірегінде әңгіме басталғанда Болат та сөзге араласып «Шумердің жұмыс істеген тұста компанияның жағдайы жақсы болған. Жұмысшыларға жатақхана салып берген. Ең бастысы, тамақтандыру өте жақсы болды» депті. Қайтсін енді... Қарапайым жұмысшыға жерге кім иелік еткені емес, қарның тойғаны керек қой.
Ал, Шумахер иелік ететін жердің айналасына неге үшін ор қазылған деген сауалға Стручков бүй дейді: «Ол жерге жылқы өсіріледі. Жергілікті тұрғындарға мал өсіргеннен гөрі «Ақ Құлынның» малын ұрлау жеңіл еді. Мал ұрлығын болдырмай үшін ор қазылған еді». Міне, айғақ-дәлелсіз жергілікті қазақтарды ұры атандырып отыр. Сол «ұрылардан» қорғанып ор қазыпты. Сонда Қазақстанда заң жоқ па? Малыңды ұры алған адам шағымданып, заңмен ізденсек керек. Жоқ, Шумахер өз білгенін істейді – әлдеқалай иемденіп алған қазақ жерінің бір пұшпағын қоршап, оның айналасынан қазақтар малымды ұрлайды деп қорғанып ор қазады. Шумахердің бұл жерге қатысты ғана былығының бір парасы. Ал, оның «ҚазГерСтрой» құрылыс холдингіне қатысты былығы өз алдына бөлек әңгіме. Шетелдіктің шығарған шуын түсіндірмекке келгендер ақыры жарытып ештеңе айта алмай, жоғарыда жазғанымыздай күдікті одан әрмен қоюлатып, айтқандары қарама-қайшылыққа толы болды. Дегенмен, Шумахердің шуы аяқсыз әрі тексерусіз қалмайды деп сенеміз!
Материалдағы деректер "Время" газетінің веб-сайтынан алынды.
Нұра Матай
Abai.kz