МИЯ ТАМЫРЫ...ТАЛАПАЙҒА ТҮСІП ЖАТЫР
Мия тамыры. Бұл өсімдікті косметологияда тері дақтарын кетіру үшін, сонымен қатар терінің қартаюына қарсы қолданады. Ал өнеркәсіпте улы химикаттардың иісін кетіру үшін пайдаланады. Ең бастысы мия тамыры түрлі аурулардың алдын алуда таптырмайтын «табиғат құдіреті» болып табылады.
Алайда сол «сұлулық сиқыры» қазақ сахарасында өссе де, бүгінде мия тамыры заңсыз сауданың құрбаны болуда.
Бұл өсімдіктің қасиетін әлемнің көп елдері ертеден анықтаған. Қазір оны тамақ өнеркәсібінде, косметологияда қолданбайтын елдер кемде кем. Мәселен, Германияда мия тамырынан жақпа майлардың 20-30 пайызы жасалады. Тибетте мия тамырын «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» деп атайды, жастық реңді сақтау үшін қайнатып ішеді. Ал Қытайда мия тамырының адамды жасартатын қасиеті 3000 жыл бұрын дәлелденген. Бұл елдің дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі жасалмайды. Тамақ дәмдеуіш қоспаларға да мия тамыры қосылады. Тіпті, шикізат тапшығылынан Қытай билігі 2008 жылдан бастап мия тамырын баж салығынсыз тасымалдауға рұқсат берген. Яғни, Қытай миядан 70-80 пайызға дейін пайдалы заттарды өндіріп алады.
Косметологияда көші ілгерілеп отырған Оңтүстік Корея да мия тамырларын ұдайы қолданушылардың қатарында. Алайда, шикізат тапшылығынан олар мияны бүгінде қолдан өсіруге көшкен.
Бір кездері нарықты жаулап алған «лакричные конфеты» есіңізде ме? Қазір де бар. Дәмі тіл үйіретін бұл тәттілерді Финляндия, Норвегия, Дания, АҚШ мемлекеттері шығарады. Неден жасайды деп ойлайсыз? Кәдімгі мия тамырынан.
Тіпті, мия тамырын ауыр өнеркәсіпте де, оның ішінде, темірдің қуатын күшейтуге, тоқыма өнеркәсібінде де қолданады екен.
Қазір газдалған тәтті сусындардың денсаулығымызға зиян екенін жиі айтамыз. Алайда, бұл сусындардың құрамына қант қоспай-ақ, мия тамыры арқылы емдік қасиетін күшейтуге болады. Тәттілігі жағынан бұл өсімдік қанттан 50 есеге артық болса керек.
Мия тамырынан жасалған өнімдердің тағы бір артықшылығы, қант диабетіне шалдыққандар үшін өте пайдалы. Біріншіден, қанттың орнын алмастырады, екіншіден емдік қасиетімен ерекшеленеді.
Шынтуайтында мия тамырынан 1000-нан астам пайдалы өнім жасауға болады.
Ал қызыл мия тамырын халық медицинасында көптеген ауруларды емдеу үшін, мәселен стресс алғанда және күрделі опеациялардан кейін, іріңді жараларды, ұмытшақтық, қалқанша без ауруларын емдеуге ұдайы қолданған екен.
Қойнауы құт Қызылорда
Мияның бір Қызылорда облысының өзінде 5 түрі кездеседі. Олар есек мия, ақ мия, жалаң мия, қызыл мия, миятамыр. Қызыл мия және миятамыр түрлерінің тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, органик, қышқылдар, минерал тұздары бар.
Соңғы жылдары арзан табысты көздегендер мия тамырын асқан аюандықпен жұлып, заңсыз саудалауға көшіп отыр. Бұл мәселе құзырлы органдар тарапынан бірнеше мәрте көтеріліп, оның алдын алуда бірқатар шаралар да жасалды. Алайда кедергілер де болғаны анық. Дегенмен мәселені мемлекеттің мойнына ғана жүктей салған болмас. Мұнда өзектілік әр адамның бұл әрекетке бармастан бұрын саналы ойланбауында. Елге-жерге деген сүйспеншіліктің сарқылып, азаматтық рухтың әлсірегені... Бұл қаскүнемдіктің артында «4-5 жылда мия тамырының мүлде құрып кетуі мүмкін бе?» деген сұрақ төңірегінде ойлана алмайтындар тұр.
Бұл орайда, Қызылорда облысы бойынша ресми мәліметтерге жүгінсек, 2015 жылы мия тамырын заңсыз тасымалдаудың 14 дерегі анықталып, 59100 келі мия тамыры заңсыз дайындалған. Барлық деректер бойынша мия тамырлары мемлекеттік орман қорынан тыс жерлерде (шаруашылық, шаруа, фермер қожалықтары жерлерінде) орын алған және Оңтүстік Қазақстан облысына бара жатқан кезінде ұсталған. Оқиғаға байланысты ішкі істер бөлімдерінде қылмыстық іс қозғалып, қылмыс құрамы болмауына байланысты қысқартылған.
Ал енді 2016 жылдың осы кезеңіне дейінгі дерекке көз жүгіртсек. Қазір заңсыз тасымалдаудың 10 дерегі тіркеліп үлгеріпті. Жыл аяғына дейін тағы қаншасы тіркелетіні белгісіз. Бұл жолы 17390 келі мия тамыры заңсыз дайындалған. Бұл да мемлекеттік орман қорынан тыс жерлерде (шаруашылық, шаруа, фермер қожалықтары жерлерінде) орын алып, Оңтүстік Қазақстан облысына қарай тасымалданып бара жатқан жерінен ұсталған.
Мамандардың айтуынша, жеке қожалықтар иелігіндегі жерлерде көбінесе құжат жүзінде көкөніс, егін шаруашылықтары өсіретін шаруашылықтар болып тіркеледі де, кейін мия тамырын жасырын кәсіпке айналдырып алады екен.
Бұған қатысты облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Айбек Жолақанов «Қытайда, Кореяда, АҚШ-та мия тамырына деген сұраныс қызып тұр. Соның кесірінен өз азаматтарымыз өз жеріміздегі дәрілік шөптерді аяусыз жұлып, арзан ақшаға саудалайды. Қызылорда облыстық прокуратурасында бекітілген бағдарлама аясында мемлекеттік құзырлы органдарға мияны қорғау бойынша міндеттемелер жүктелді. Мәселен, біздің инспекция тек үгіт-насихат жұмыстарымен шектелмейді, үнемі бақылау жасайды. Алайда жеке қожалықтардағы дәрілік өсімдіктерге бақылау жасау өте қиын. Өйткені, біріншіден, ол жаққа бізге аяқ бастыртпайды, екіншіден, тіпті дәрілік шөптерге залал келтірілген күннің өзінде іс аяғы сотқа дейін барып, көбінесе шаруа қожалықтарының пайдасына шешіліп кетіп жатады».
Мия тамырынан пайданың көзін тапқандар, оны жөн-жосықсыз қазу барысында тағы бір нәрсені ескермейді. Мәселен, мия табиғи жабайы өсімдік. Оның айналасында еліміздің Қызыл кітабына енгізілген жойылып кету қаупі бар өзге өсімдіктер де болуы әбден мүмкін. Сондықтан мия тамырына жасалған әрбір қаскүнемдік қазақ жерінің құтын қашырғанмен бірдей екенін естен шығармағанымыз абзал.
Елімізде дәрілік өсімдіктер қалай қорғалуда?
Жер, жер дейміз, ал сол жерімізде өсетін еліміздегі дәрілік өсімдіктер қалай қорғалуда?
Бұл күндері көршілес шет мемлекеттерде қызылмия тамырына деген үлкен сұраныс артып отыр. Сол себепті республикада ол жаппай жиналады. Бұл үдеріс әлемдік нарықта осы шикізат тапшылығының артуымен және негізгі жабықтаушы елдердің (ҚХР, Иран Ауғанстан, Өзбекстан) қызылмия тамырын сыртқа шығаруды шектеуімен түсіндіреді.
Қызыл мия тамырын бақылаусыз дайындаудың салдарынан оның жабайы өсетін таралымы құриды, табиғи экожүйелерге нұқсан келтіріледі, бұл болашақта отандық фармацевтика өндірісін шикізатпен қамтамасыз ету тапшылығына әкеп соғады.
Жуырда дәрілік өсімдіктердің жайы Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында да қызу талқыланды. Комиссия мүшелері ақын Жүрсін Ерман мен белгілі журналист Нұртөре Жүсіп Министрлікке хат жолдап, бос жатқан жерлердегі дәрілік өсімдіктердің елге тигізер қыруар пайдасына жан-жақты тоқталып өткен еді. Хатта «...Қазiргi таңда қазақ жерiнде бос жатқан жерге бiржақты қарау үстем болып отыр. Сол бос жатқан жерде неше түрлi емдiк және дәрiлiк өсiмдiктер бар. Бiр ғана мия өсiмдiгi соңғы бiрнеше жылда түп-тамырымен қопарылып, Қытайға сатылып келеді. Қытай әлемдiк фармацевтика саласында ұлы төңкерiс жасап жатыр. Ненiң есебiнен? Негiзiнен, Қазақстан, Моңғолия секiлдi елдердiң табиғи дәрумендерге бай дәрiлiк өсiмдiктері есебiнен. Қазақстанның дәрiлiк өсiмдiктерiнiң есебiн алып, оны көздiң қарашығындай сақтап отырған отандық фармацевтикада оларды пайдаланып, табиғи байлығымызды дұрыстап игерудiң кешендi бағдарламасы бар ма? Егер осы сала дұрыс жолға қойылса, милллион гектарлап егiн екпей-ақ, Қазақстан экономикасына миллиардтаған табыс әкелуге болар едi ғой?!... Тиiстi мамандардан сарапшылар тобын жасап, Парламентке дәрiлiк өсiмдiктердi қорғау жөнінде заң жобасын ұсыну қажет деп бiлемiз», делінген болатын. Расында да мемлекеттік орман қорын қоспағанда, дәрілік жабайы өсетін шикізат кездесетін аумақтарда оны дайындау қолданыстағы заңдарда реттелмеген. Бұл ретте қазіргі кезде мемлекеттік орман қорының аумағынан тысқары жерлердегі дәрілік өсімдіктерді жинайтын қажетті агротехникалық құралдардың тапшылығы мен оларды ұқыптылықпен жинап алу талаптардың сақтамай жүргізіліп жатқаны рас. Мұның өсімдіктер үшін кері жақтары бар, әрине.
Дегенмен, еліміздегі сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген санатқа жатқызылған өсімдік түрлерін әкету міндетті түрде лицензиялаумен жүргізіледі. Лицензия беруді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті жүзеге асырады.
Бұл атышулы мәселе бір ғана мия тамырына қатысты болып отырған жоқ. Бұл ретте, ел аумағындағы сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер түрін, сондай-ақ, дәрілік өсімдіктерді қорғау, оларды отандық фармацевтикада қолдану мәселесі қашанда өзекті екені айдан анық.
Серікгүл Сұлтанқажы,
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі
комитетінің баспасөз хатшысы
Abai.kz