Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 7724 0 пікір 9 Тамыз, 2016 сағат 11:09

АУЫЛ МҰҒАЛІМІ АМАНДЫҚ БАТАЛОВТАН АРАША СҰРАЙДЫ

Құрметті, Амандық аға!

Мен Сізге амалым таусылғандықтан хат жазып отырмын. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жаңатұрмыс ауылында мұғалім болып қызмет істеп жүрмін. Ұстаздың басты міндетті – ұрпаққа білім мен тәрбие беру! Осы міндетті ұмытып, мұғалімдерді қара жұмысқа салғысы келетіндерге қарсы тұрып, мектептерде ақша жинатпай, ұстаздар құқығын қорғағаным үшін мені аудандық атқамінерлер «халық жауы»  етіп алды.

6-шілде күні Facebook әлеуметтік желісіндегі «Ұстаздар қозғалысы» парақшасында мынандай жазба жариялауға мәжбүр болдым.

«Егер болашақта «Айман өз-өзіне қол жұмсады» десе сенбеңіздер! Себебі менің психикам дұрыс. Дәрігерден анықтамам бар. Қызымды өсіру үшін бар өмірімді арнап жүрген адаммын. Баламды тастап ешқашан өз-өзіме қол жұмсамаймын. Егер де көшеде байқаусызда машина қағып кетіп жатса, аяқасты биіктен құлап кетіп, мерт болып жатсам да – сенбеңіздер. Өйткені, ішімдік атаулыға жан-тәніммен қарсы адаммын. Ол жағынан да сенімді болуларыңызды сұраймын. Яғни,  есірткіге жақындамайтынымды айтқым келіп отыр. «Жүрген жерімде сөмкеме бірдеңе салып жібере ме?» деп алаңдап жүретін болдым».

Амандық аға, мен мұндай жазбаны бекерден бекер жазбайтынымды түсінерсіз деп ойлаймын. Бұлай айтуыма аудандық деңгейдегі шенділердің менің артыма шырақ алып түскені себеп болып отыр.

2016 жылдың 19-мамырында  қарасайлық ақсақалдар («Қарасайлық ақсақалдар ұстазға қысым көрсетті») маған қысым көрсетіп, негізсіз айыптап, жиналысқа салды.  

Жиналыстан бір күн өткен соң, яғни 20-21-мамыр күндері мені антикоррупция полицейлері тергеуге алып кетті. Бұған себеп, кім екені белгісіз біреулер менің үстімнен шағым түсіріпті.

Оны Бауыржан Кариповтың «көкейкесті» атты ютуб желісінде жариялаған видиосынан көрерсіз.

Арадан он шақты  күн өткенде, яғни 2-маусым күні маған мектебіміздің директоры түске дейін ескерту, түстен кейін сөгіс береді. Ескертуде 19-мамыр күнгі ақсақалдар жиналысында педогогикалық әдеп нормаларын сақтамады деген кінә тағылады.  Бұл туралы Abai.kz порталы «Шыншыл ұстаз қызметтен қуыла ма?» деген тақырыпта мақала жариялаған болатын.

Өз құқығын талап етіп, шындықты ғана айтып жүрген ұстазды белгісіз һәм түсініксіз адамдар жәбірлеп жатқанынан аудандық білім бөлімі һәм облыстық білім басқармасы хабардар бола тұра ешқандай шара қолданбай отыр.

Амалсыздан мен сотқа шағымданып, өз құқығымды қорғауға бел шеше кірісіп едім. Енді, міне сотқа бес күн қалғанда мені жемқорлықпен күрес жүргізетін полицейлер (Сұлтан Сүлеймен)  қоңырау шалып, мазалай бастады.

Маған 5 шілде күні кешкі сағат 19.30  шамасында Қарасай ауданы ішкі істер басқармасының аға лейтенанты  Сұлтан Сүлеймен мырза қоңырау шалды.  «Сыбайлас жемқорлыққа байланысты тергеуде болыпсыз, ол жабылып, 4-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Келіңіз, егер келмесеңіз полицейлерді жіберемін» деді. «Шақырту қағаз жіберсеңіз ғана барамын» деп жауап бердім.

Алматы қалалық және облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес  мекемелеріне қоңырау шалып, не болып жатқанын сұрадым. Тергеуші Ержан мырза маған қоңырау шалған полиция өкілімен дүйсенбі күні кездесетін болып шешті. Сонымен қатар «сізден жемқорлық жасағаныңыз туралы дәлел таппадық» деді. Сыбайлас жемқорлық мекемесінің басшысы  С.Потанин  мырза  2016 жылдың 22-маусымында маған істің жабылғаны туралы  ресми  хат жолдады.

Амандық Баталов мырза! Ендігі сенімім өзіңізде. Мен өзім үшін емес, келер ұрпақ үшін, ұстаздар үшін алаңдайтын маманмын! Оқушыларға дұрыс білім мен тәрбие бергім келеді. Бірақ, осы мақсатыма тосқауыл қойғысы келетіндер ойына келгенін істеп жатыр.

Өтінемін, облыстық білім басқармасының басшысына ескертіп, мені заңсыз қудалап жатқандарға тыйым салыңызшы!

Айман Сағадуллаева

Abai.kz

0 пікір