Өзбек диқаншыларына жүзімді нарық бағасына сатуға рұқсат етпей отыр
Самарқанд облысының Иштыхан әкімшілігі жергілікті жүзім өндірушілерге жемісті нарық бағасына сатуға рұқсат етпей, мемлекетке ең төмен бағамен сатуға мәжбүрлеп отыр.
Иштыхан ауданының хокимі «Чакар», «Жангирохат», «Шымқорған», «Мехнат-рохат» және «Бустон» қышлағының жүзім өндіретін диқаншыларына өздері өсірген жемісті сатуға тыйым салған.
«Ауданның диқаншыларына өте қиын болды. Облыс және аудан хокимдері олардың биылғы шыққан барлық жүзімдерін тартып алып отыр. Диқаншыларға барлық өнімдерін тек мемлекетке ғана сатуға мәжбүрлеп жатыр. Көмектессеңіздер екен», – деп Озодлик радиосына ауыл диқаншыларының бірі хат жолдаған.
Еске сала кетейік, биыл Өзбекстан үкіметі Ресейге жеміс-жидек, көкөніс жеткізу жөнінде келісімге келді. Өзбек диқаншыларының сөздерінше, билік келісімді орындай алмай қаламыз ба деп қауіптенеді.
Абай-ақпарат