«ҚАБУСНАМАНЫ» ОҚУДЫҢ 7 АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Жас ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау арқылы қоғамның алға қарай дамуын қамтамасыз етеміз. Жеке тұлғаның бойында белгілі бір қасиеттерді қалыптастыру, эстетикалық талғамын жетілдіру ісі тәрбие жұмыстарын жүргізу арқылы жүзеге асады. Демек, қай қоғамда болмасын өзектілігін жоймайтын маңызды мәселе – тәрбиелі, білімді ұрпақ өсіру. Тәрбие жайлы сөз қозғағанда шығыстың даналық кітабы «Қабуснамаға» ерекше тоқталып өткеніміз жөн. Себебі, «Қабуснама» ХІ ғасырдың өзінде-ақ ұрпақ тәрбиесі жайлы жазылған педагогикалық мәні зор туынды.
«Қабуснаманы» Қайқаус 63 жасқа жеткенде өсиет үлгісінде ұлы Гиланшахқа арнап жазған. «Қабуснама» кітабында тәрбие турасында айтылған ой-толғамдар қазіргі тәрбие берудің негізгі идеяларымен ұштасып жатыр. Алайда «Қабуснаманы» оқуға одан да басқа себептер жетерлік. Сондықтан, «Қабуснаманы» оқудың 7 негізгі артықшылығын біле жүріңіз. Мәселен...
- Біліміңіз артады
Шығыстың өнеге кітабы «Қабуснаманы» оқи отырып ХІ ғасырдағы Орта Азия мен Иран өлкесі, өркениеті, қоғамы жайлы мол мағлұматқа ие боласыз. Х – ХІІ ғасырда феодализм өркендеп, ғылым мен білім, әдебиет пен мәдениет кемелдене түскен кезеңмен танысып, тарихқа шегініс жасайсыз.
2. Шығармашылық қабілеттеріңізді дамытады
Өнердің абзалдылығы, қадір-құрметі «Қабуснаманың» алтыншы тарауында баян етілген. «Өнер үйрететін дана табылмаса, наданнан үйрен», «...өнерсіз жан – өнегесіз, оның ешкімге де пайдасы тимейді» деген даналық ойлардың өзі-ақ өнерді үйренуге деген құлшынысыңызға қанат бітіреді. Бойыңызда байқалмай келген шығармашылық қабілеттеріңіздің жарыққа шығуына, дамуына «Қабуснаманың» серпін болары анық.
3. Көпшілік алдында сөйлеу өнерін меңгересіз
Қазіргі таңда көшбасшы болу үшін, сөзбен адамдарды баурап алу қабілетіне ие болу қажет. Сөздің құдіретін дұрыс қолданып, шебер сөйлей білген адам – өз ортасында сыйлы, абыройлы болады. Адамдар оның сөздерін есітіп қана қоймай, ынта-ықыласымен тыңдай бастайды. Көптің алдында қысылмай сөйлеу бір өнер болса, ойыңды дұрыс жеткізіп жеткізіп, аудиторияны жалықтырмай тыңдатудың өзі бір өнер. Жалпы ораторлық өнердің әдіс-тәсілдерімен кең және ауқымды танысуды қаласаңыз «Қабуснаманы» оқыңыз.
«Сөз төрт топқа бөлінеді. Біріншісі — білуге де, айтуға да қажеті жоқ сөздер. Екіншісі — білуге де, айтуға да қажетті сөздер. Үшіншісі — білуге қажеті жоқ, бірақ айтуға болатын сөздер. Төртіншісі — білу керек, бірақ айтуға қажетсіз сөздер» (Қабуснама)
4. Педагогикалық білім жинақтайсыз
Педагогика – жалпы адам тәрбиесі жайлы ғылым. Тәрбие – жас ұрпақты әлеуметтік өмірге және еңбекке даярлайды. Ал ұрпақ тәрбиесі – ұлт келешегі. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген дана халқымыз бала тәрбиесіне бей жай қарамаған. Сондықтан да өскелең ұрпақ ұлтжанды, мейірімді азамат болып тәрбиеленуі тиіс. Ол үшін сізге педагогикалық білім мен тәжірибе жинақтау артықтық етпейді. 1082-1083 жылдар аралығында жазылған педагогикалық мәнi зор туынды «Қабуснама» бұл мақсатты орындауда сізге тағы көмекші болмақ.
5. Эстетикалық сезім мен талғамыңызды тәрбиелейсіз
Сұлулықты, әсемдікті көру мен түсіну әр адамның рухани өмірін байытады. Адамның әсемдік пен жексұрындықты, ұят пен ұждансыздықты, қуаныш пен қайғыны түсіне білуіне байланысты оның саналы тәртібі мен мінез-құлқы қалыптасады. Егер әрбір адам өзінің іс-әрекетінің әдемілігін, қажеттілігін түсініп, еңбек нәтижесінен көркемдікті сезіне білсе, бұл оның эстетикалық талғамының, адамгершілік қасиеттерінің жоғары жетіле бастағандығының белгісі. Өйткені, эстетикалық сезім мен талғамды тәрбиелеу – дүние деген көзқарасты қалыптастырудың маңызды құралы.
«Адамға сыпайылық жарасады. Айнаға қараған адамның сымбаты сұлу болса, көркіне сай мінез-құлқы да сұлу болуға тиіс»
(Қабуснама)
6. Кәсіби бағдар нұсқайды
Кәсіби бағдар берудің негізгі мақсаты жас ұрпақты саналы түрде мамандық таңдауға дайындау, үйрету екендігін бәріміз білеміз. «Қабуснама» кітабында кәсіп таңдау жайлы, сол кездегі кәсіптер жайлы жазылған. Жай ғана жазып қоймай, әр кәсіпке арнайы тоқталып, тың мәліметтермен таныстырады. Дәрігерлік, ұстаздық, сатушылық, астрономия мен геомерия, ақындық, жыршы және музыканттық, іс жүргізу мен хатшылық т.б туралы кеңестері әлі күнге дейін құнын жойған емес.
7. Өмірлік кеңестер береді
«Қабуснама» мәңгі өлмес жәдігерліктің бірі ретінде келер ұрпақ үшін де құнды болып қалары анық. Көрген білгенін, көкейіне түйгенін қағазға түсірген Қайқауыстың баласы Гиланшахқа арнап жазған «Қабуснама» кітабы өмірде кездесетін түрлі сұрақтарға шешім табуға, күнделікті пайдалы кеңестер беруге бағытталған. Сондықтан кеңес қажет тұста «Қабуснамаға» жүгініңіз...
Гүлзада Бөлегенова, Экономика және бизнес магистрі, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты», «Қоғаммен байланыс және баспа қызметі» бөлімінің басшысы
Abai.kz