Тәжікстанда қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері ұсталды
Тәжікстанның коррупцияға қарсы агенттігі ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің екі қызметкері ұсталды деп хабарлады. Бұл жөнінде Тәжікстандағы мемлекеттік қаржылық бақылау және коррупцияға қарсы күрес агенттігінің директор орынбасары Давлатбек Хайрзода мәлімдеді.
Ол тергеу ісінің құпиялылығын айтып, ұсталғандар туралы толық мәлімет бермеді. Мұның алдында БАҚ қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері пара алу үстінде ұсталды деп хабарлаған болатын.
Хайрзода сонымен бірге Тәжікстанның әскери прокуратурасы қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Абдухалим Назарзоданың мүліктеріне қатысты қылмыстық іс қозғады деді. Назарзоданың 5,5 миллион сомониға бағаланатын мүлкіне тергеу ісі аяқталғанша тыйым салынған.
Есеп комитеті Тәжікстандағы исламның жаңаруы партиясының жетекшісі Мухиддин Кабиридің мүлкін тәркілеу мәселесін де қарастырып жатыр екен.
Абай-ақпарат