Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 23036 0 пікір 26 Шілде, 2016 сағат 10:40

"ҚИЛЫ ЗАМАН" ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың 1928 жылы дүниеге келген «Қилы заман» кітабы қаламгердің шығармашылығында ерекше орын алады.  Ол сол жылдардағы жарыққа шыққан романдардың ішіндегі ең шоқтығы биік, тарихи тақырыпта жазылған туынды екенін көпшілік мойындаған. Бұрын соңды қазақ әдебиетінде мұндай шығарма жазылған емес еді. Ал шығарма дүниеге қалай келген?


1975 жылдары ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан Әуезовтың музей үйінде өтетін дәрісте: «Мен және Мұхтар екеуміз 1926 жылдары Ленинградта бірге оқыдық. Бізбен бірге Валенина Николаевна деген қыз да оқыған. Ол біздің алдымызда отырушы еді. Біздер онымен әзілдесіп жүрдік. Кейін Мұхтар соған үйленді. Жазғы каникулға тарағанымызда Мұхтар аяқ астынан Алматыға жүретін болды. Екеуіміз екі айырылдық. Мен – Семейге, ол Алматыға кетті. Мұхтар 1916 жылғы Жетісудағы Албандар көтерілісі туралы материал жинайтынын айт», – деген еді.

Содан Мұхтар Алматыға келген. Бұл шамамен 1927 жылы болуы керек. Әуезов осы сапарында Алматыдағы шаруасын бітіріп, 1928 жылы «Қилы заманды» дүниеге әкелген. Бірақ кітап кейін қайта басылмады. 1970 жылдары араға ұзақ уақыт салып барып, екінші рет «Қилы заман» жарық көрді. Оқырман бұған дейін қаламгердің бұл кітабы жайлы бейхабар еді. Тіптен кітаптағы 1916 жылы Жетісудың Қарқара жәрмеңкесінде, Кеген мен Нарынқол аймағында ұлт-азаттық көтеріліс болғанын былайғы жұрт айтпайтын да. Себебі ол тарихқа жазылмаған.Тек қариялар ғана 1916 жылы «Албан қырылған жыл» деп айтып, ондағы Жәмеңке шешен, Ұзақ батыр, Әубәкір және басқалардың ақ патша жарлығына қарсы шығып, соғысқа баламызды бермейміз, «бала бергенше шал өлсін» деп қарсылық көрсеткен. Сол үшін елдің ішінде болыстар тұтқындалып, қырғыздың Қарақол абақтысында атылған. Жазықсыз елді ақ патшаның жазалаушы отряды аяусыз қырған дейтін.

1916 жылдың қырғынын көзімен көргендер қаламгердің «Қилы заман» кітабына кейін «оқиғаның шындығы дәл жазылыпты, қайран біздің әкелеріміз-ай, көбі сұрақсыз кетіп, көмусіз қалды. Басымыздан өткен үркіншілікті тірі пенденің басына бермесін. Мұнда ел қырылса, шекараның арғы жағында тоналып, азапты өмір кештік. Заман аумалы-төкпелі болды» деген үлкендердің әңгімесін бала кезімізде естіп өскен едік.

1916 жылғы Албан көтерілісі Кеңес өкіметі орнағаннан кейін дәріптелген. Өкіметтің көрнекті өкілдері Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов, Ілияс Жансүгіров, Әубәкір Жүнісұлы, Қалдыбай Абдоллаұлы және басқа қайраткерлер Ұлт-азаттық көтерілістің он жылдығы Қарқарада да кең көлемде атап өтіп, Айттөбенің басына тас үйіп, оның атын Ереуілтөбе деп атаған. Мерекеге ел астанасы Қызылордадан белгілі өнер қайраткерлері Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Иса Байзақов т.б. үш күн Қарқарада өнерлерін көрсетіп, мерекені атап өткен. Алайда араға екі-үш жыл салып, кешегі көтеріліс қаһармандарының туған-туысқандары мен ұрпақтарын «байдың, шынжыр балақ, шұбар төс, жуанның тұқымы» деп жауапқа ала бастайды. Бай біткеннің бәрін тәркілейді. Оның артынан кейін тап жауы болып, қуғындалып, жер аударады. Осы бір азапты өмірді бастан кешірудің алдында Әуезовтың «Қилы заманы» өмірге келгенімен, кітап та қоғамға керексіз болып қалған. Ал ғұлама жазушы кітапқа материалды қалай, қайдан алған және көтеріліс болған жерде болған ба деген сұрақ туатыны рас.

Иә, Әуезов Кегеннің Аспантаулар етегіне қоныстанған албан елін бір айға жуық аралаған. Қасында Ілияс Жансүгіров болған деседі. Бұл жөнінде кегендік шежіреші Әбілқасым Нұрмұханбетовтың «Ұлы жүз Жәнібек шежіресінде» жазылыпты. Жазушы Әуезов Кеген, Нарынқол өңіріне арнайы келіп, Ұлт-азаттық көтерілістің ошақтары болған жерлерді көзімен көріп, деректер жинағаны жөнінде шежіреші, белгілі жазушы және зерттеуші Тұрсын Жұртбаевтың «Бейуақ» кітабын басшылыққа ала отырып, кейбір деректерге тоқталыпты. 1925 жылдары өкіметтің жоғары орнында қызмет істеген Біләл Сүлеевтың әйелі Фатима Ғабитованың күнделігінен мысалдар келтіреді. «Мұхтар Әуезов 1927 жылдың шілде айының басы кезінде Алматыға келіп, біздің үйге түсті. Мекенжайымызды Сәдуақас Смағұловтан алып, «Біләл Сүлееевтың үйіне барғын» деген.

Мұхтар Әуезовтың арнайы Алматыға келген мақсаты 1916 жылдың оқиғасынан тарихи роман жазуды ойлап, Ағарту комиссариатынан ғылыми командировка да алған. Фатима Ғабитованың үйіне келген Әуезов онымен әңгімелескенде «естуімше сіздің қолыңызда 16-жыл туралы қымбат материалдар сақталатын көрінеді. Мүмкіндік болса, соларды көруге болар ма екен?» – деп сұрайды. Материалдың барын Мұхтар Сәдуақас Смағұловтан естіп, білген. Ал Сәдуақас Смағұлов болса, 1925 жылы Ағарту комиссары болып тұрғанда Біләлдің үйінде болады және төрт бөлмелі үйдің екі бөлмесіндеІлияс Жансүгіров тұрыпты. Ақын Мәскеудегі оқуға аттанғалы жатқанда бөлмесіндегі бар кітаптары мен қолжазбаларын, оның ішінде 16 жылдың көтерілісі жайлы дәптерлерін үй иесіне табыстаған көрінеді. Олардың ішінде Ілиястың 1921 жылы «средабюро» 16 жылғы көтеріліс болған. Жетісудың жер-жеріне комиссиямен бірге шығып, материал жинатқан. Соның құрамында Ілияс хатшы болып, жұмыстар атқарған. Ол өзі жинаған материалдардың көшірмелерін үйінде қалдырған екен. Оны Біләлдің үйге келген Смағұл тауып алып, қолы боста, түннің біруағына дейін ұзақ қарап танысқан. Қолжазбалардың таптырмайтын асыл қазына екенін және оның құндылығын сол кезде айтты дейді Фатима естелігінде. Ілияс әрбір оқиғаға бір ауыз өлеңді қыстырып қойғанын да айтады. Сондай-ақ Смағұл: «Бұл материалдар әттең бір жақсы жазушының қолына түссе, құнды тарихи роман жазылар еді» деп бұдан екі жыл бұрын айтылған сөзі есіме түсіп, қолымдағы дәптерді Мұхтарға бердім» депті.

Осында көп нәрсеге қанық болған Мұхтар Әуезов Алматыға көп аялдамай Албандардың Ұлт-азаттық үшін туы тігілген Қарқараға аттанады. Жолай Қараш-Қараш асуын асып, Асы, Шырғанақ, Мыңжылқы жерлерімен танысады. Көтерілістің жай-жапсарын білетіндермен кездеседі. Қарқара жәрмеңкесін көзімен көреді. Кезінде көтерілісшілер жиналған Айттөбеде жазушы елмен жүздеседі. Халық алдында сөйлеп, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің маңыздылығын сөз етеді. Бұдан кейін жазушы оқиғаның алғаш басталған жері Лабасыдағы Ұзақ батырдың отырған жері Қабанды Қарағай, Жәмеңке отырған Ақбейітте болады. Басқа бір деректе Мұхтар қоғам қайраткері Сәрсенбай Бейсембетовтың құла қасқа атын мініп, Сырт жайлауында жайлайтын Ұзақ батырдың баласы Дәуленқанның үйінде бірнеше күн қонақ болып, 16 жылғы көтеріліс басшылардың өмірін, тіршілік әрекетін зерттеп, әңгімелескен. Дәуленқан мұсылманша сауатты болыпты. Әкесі, атасы Саурық батыр, Тұңғатар әжі жөнінде айтып берген.

Жазушы Мыңжылқы, Шырғанақ жайлауларын аралайды. Қызылбөрік ауылындағы көтеріліс басшыларының бірі болған Серікбай Қанайұлының үйіне де түскен. Серікбайдың Көкшегір атанып кеткен Қаніке әйелі қонақтарға өзінің үлкен ұлының киіз үйіне түсіріп, күткен. Осы жерде де көп кісімен әңгімелесіп, кімнің кім екенін танып білген. Жазушымен сол уақытта бірге жүрген Ақай Нүсіпбеков (академик) өзінің бір естелігінде «Біздер атқа мініп, кезекті бір ауылға барарымызда Серікбайдың әйелі Көкшегір апамызда бірге жүрді. Жолай таудан асып, атымызды шалдыртқанда Көкшегір «мұнда Еңілікгүл көп екен» деп оған қарай жүрді. Мұхаң да әлгі сөзді естіген соң ол кісіден қалмай бірге барды. «Сіз не дедіңіздегенде, шешеміз «Еңілікгүл, Еңілікгүл. Біз бойжеткен кезімізді қыз-келіншектер осы гүлді теріп, бетімізді опалайтынбыз» деді. Мұхаң: «Апырай-а мен мұны естімеппім. «Еңілік-Кебек» деген пьесса жазып едім. Еңілік деген осы гүл екен ғой» деп, апамыздың қолындағы гүлді алды», – дейді.

Жазушы Албан көтерілісін кең көлемде танып білу үшін бұдан басқа көп адамдармен кездесіп, әңгімелескен. Бірақ олар жөнінде де­рек жоқ. Албаннан тараған көп рулардың қоныстанған Қарқара, Мыңжылқы, Бөлексаз, Шырғанақ, Көктөбе, Талды, Дөңгелексаз, Иірсу, Ескі Талды деген жерлерде және Әлмерек баба ұрпақтары мекен­деген жайлауларға ат басын бұрады. Ақ патша әскеріне қарсы шабуылға шыққан батырлармен кездескен. Алайда ол жөнінде дерек жоқ.

Ал Мұхтар Әуезовты көрдім, сөйлестім, дастархандас болып, материал жинауға көмектестім дегеннің бірі 1905 жылы Жалаулы ауылында дүниеге келген, руы айт Есенаман Қосымбаев болыпты. Ол кісі сауатты, оқыған комсомол, кеңес жұмысына белсене араласыпты. 1927 жылдары Кеген, Қарқара, Шырғанақ елдімекендері бір ауылдық        кеңеске қарағанда хатшылық қызмет атқарған. «Сырттан келген қонақтарды біз күтіп аттандырушы едік. Өкімет жұмысымен Ораз Жандосов бастаған адамдар бұл жаққа жиі келіп тұрды. Ыдырыс Көшкінов пен Ілияс Жансүгіров жұптарын жазбай жүретін дей келе, 1927 жылдың шілде айында Алматыдан Мұхтар Әуезов келді. Жазушымен танысқан да сапарының маңыздылығын айтты. Біздер жәрмеңкеде Әуезовке халықтың басын қосып бергенімізде елдің алдына шығып сөз сөйледі. Сөзге шешен, білімділіген көрсетті. Әуезовке ел риза болып, ықыластық танытты. Мен Бөлексаз бен Кегеннің арасындағы Қараштың сазына жазушыға арнап, екі үй тіктірдім. Біреуінде келген кісілердің әңгімесін тыңдап, қымыз ішетін асүй, екіншісінде өзі отырып жазу жазатын. Жазушы осында бір ай шамасында жатып, Албан көтерілісі туралы материал жинады.

Әуезов осы сапарында аттан түспей талай жерді аралап, көтеріліс басшыларың туған-туысқандарымен де бетпе-бет әңгімелескен. Қарақол абақтысынан аман шыққан Тұрлықожа, Жайшыбек және Әубәкірлерді іздейді. Бұл кезде Тұрлықожа өмірден өтіп кетсе, Әубәкірді тапқан. Ал Жайшыбекті тапқан, таппағаны белгісіз. Кітапта Қарақол абақтысындағы Жәмеңке шешенге берілген у және оның өлімі, Ұзақ батырдың түрмеден шығып, сол жерде қалуы Әубәкірдің айтылумен жазылғаны сөзсіз. Сондай-ақ әртүрлі диалогтар мен оқиғалардың қалай өрбігені де Әубәкірдің қатысы бары байқалады. Оны біз Әубәкірдің өз жазған естелігінен оқыдық. Естелікте жазушының кітабымен ұқсастық жерлері де кездеседі. Мысалы көтерілісшілердің абақтыдан қалай шыққандығы да сәйкес келеді. Әуезовтың Әубәкірмен кездескенін сарыжаздық Қабылбек Сауранбаевта растайды. Ал Қабылбек Сауранбаев кім? Қабылбек Кеген мен Нарынқолда кеңес өкімет орнатуға белсене қатысқандардың бірі. Төрт кластық білімі бар, Сарыжазда молда оқып, сауатын ашқан. Кеңес өкіметін құруға белсене атсалысып, 1922 жылы ауылдық кеңестің төрағасы болыпты. Бұдан кейін де түрлі қызметтер атқарған.

 Жазушының қасында жүріп, материал жинауына атсалысқан. Қабылбек Сауранбаев 1927 жылы Мұхтар Әуезовпен кездескені жөніндегі естелігінде «мен Ұзақ батырдың шабарманы болдым» деп жазып, жазушымен Иірсуда Ыдырыс Көшкіновтың үйінде екі күн отырып, 12 кісімен кездесіп, сөйлестік дейді.

Қабылбек Әуезовтың қасында жүріп, дерек бергендігін 1916 жылы Ұзақ батырдың «әскерге бала бергенше шал өлсін» деген сөзді бірінші болып айтқанда, оның сөзін алғашқының бірі Айт Тұрлықожа қолдады. Содан кейін Серікбай, Қазыбек, Жаңабай қосылды. Ел бала бермеуге келісті дейді Қабылбек.

Сондай-ақ көтерілістің алғашқы күні Ұзақ бастаған бес кісі тұтқындалса, екінші күні таңның алдында сегіз адам, үшінші күні үш адамның ұсталып тұтқындалғанын жазған. Бұлардың бәрі жазушының кітабына кірген және аттары да аталды. Сонымен қатар Ұзақтарды босатуға қатысқан жігіттердің де есімдері Қабылбектің естелігінде толық кездеседі.

Мұхтар Әуезовтың бұл сапары бір айға жуық жалғасыпты. Шілде басында Алматыға түскен жазушы тамыздың басында Алматыға оралған. Сапарының сәтті болып, айдың аяғында қайтқан.

Міне, ғұлама жазушы өзінің шығармашылығында дүниеге келген күрделі де сүбелі туындысын осылай зерттеп, 1916 жылғы Албан көтерілісінің шынайы шындығын кітабына түсірген.

 Жексен АЛПАРТЕГІ

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371