Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 5659 0 пікір 25 Шілде, 2016 сағат 20:22

ТОҚТАР ҚАЛАЙ ТЕМІР ЖОНУШЫ БОЛДЫ?

 

        

Біз, жастар қоғамға қарап бой түзейміз, ой топшылаймыз. Өсеміз, рухани азық алып, келесі ұрпаққа тағылым мен өнеге қалдырар жолды іздейміз. Мұндайда, әрине, қоғамның келбеті болған зор тұлғалардың орны айрықша. Олар бізді, яғни, жастарды бағыттаушы, жол сілтеуші үлкен мектеп іспеттес. Олардың әрбір жүрген жолы, қажырлы еңбегі, қиын-қыстау тағдыры бәрі-бәрі біз үшін үлкен өнеге. Оның қадірін тек бойына асылын сіңіріп, тағылым ала алған жан ғана түсінеді. Ендеше, сондай қоғамда біз ұлағаттайтын ардақтылардың барын бағалай отырып, олардың жүрген жолын бүгінгі оқырманға тағы бір ұлағаттап жеткізсек. Саналы ұрпақ өзіне керегін ала жатар.

Әңгіме қазақтың зор мақтанышына айналған асыл азамат Тоқтар Әубәкіров өмірі жайлы болмақ. Әрине, қазақтың тұңғыш ғарышкері туралы сан мәрте жазылып та, айтылып та жатыр. Шын мәнінде, айтылуға да, жазылуға да тиіс. Ол оған бірден-бір лайық тұлға.

Біз Кеңес одағының батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, техника ғылымының доктор және тағы басқа көптеген марапат пен құрмет иесі, ең бастысы қазақтың сүйіспеншілігіне бөленген ел ағасы туралы өзгенің аузына түспеген, көп айтылмаған сырлары мен қырларын ашуға тырыстық. Қаншалықты тырысып, ойымызды дөп жеткізе алдық, ол жағына оқырман өзі саралай жатар. Ал біз шағын сырлы әңгімелер желісін сіздерге төменде ұсынып отырмыз.

         «Апам мен ақыл тоқтатар кезде ауылға көшіп кетті»

«Менің мектепке барған тұсымда елде қазақ мектептері жоқтың қасы еді» деп бастады Тоқтар Әубәкіров осыдан біраз уақыт сұхбаттасқалы барған бір кездесуімізде. Бұл жолы біздің мақсатымыз «Қазақ ұстазы» журналына Тоқтар Әубәкіровтың балалық шағындағы қызықты сәттерін тізбектеп алуды жөн санап барған едік. Әрине, Тоқтар ағаның әсерлі әңгімесінен оның балалық шағының дәл қазіргі балалардың «балмұздақтай тәтті» ғұмырларына аса ұқсай қоймайтындығын сезініп отырдық. Бірақ сол бір қиын-қыстау кезеңдегі өмір жолының сынағы мен үшін бала Тоқтарды дәл бүгінгі деңгейге жеткізгендей сезілді. Иә, қажырлы еңбек, ерте есею, үлкен аманат бәрі-бәрі Тоқтар Әубәкіровті асыл арманы ұшқыш болумен ұштастырды, ең бастысы, қазақ тарихында тұңғыш ғарышкер атануына зор мүмкіндік жасады. Ендеше, әңгіме желісін Тоқтар ағаның өз сөзімен баяндалық.

«Мен Теміртаудағы Панфилов көшесінің бойындағы №8 мектепте  бірінші сынып табалдырығын аттадым. Содан төртінші сыныпқа дейін төрт жыл бойы осы білім ордасында білім алдым. Жасыратыны жоқ, бірақ сол жылдары мектепке барды деген аты болмаса, балалардың көбісі дала кезіп жүруші едік. Соғыстан кейінгі қиын сәттерде, күнкөріс қамын үлкенді қойып, кішкентай баланың өзі ойлап, күн ұзаққа далада жүретін. Шешей марқұм соның бәрін көріп, сезіп жүрді. Біздің жанұшырып үйге бір уыс дән әкелу үшін сабаққа аса көңіл бөлмегенімізге алаңдаған болар, төртінші сыныптан кейін  ауылға, Қарқаралы жаққа көшіп кетті. Бесінші сыныпты ауылда оқыдым.  Қазір ойлап отырсам, бұл менің нағыз ақыл тоқтатқан, білім алатын шағым екен. «Баланың көңілі далада, ананың көңілі балада» демекші шешем нағыз білім алатын шағымды ескеріп, мен үшін ауылға қоныс аударыпты. Отбасындағы жалғыз еркек кіндік болғандықтан шешейге қолқабыс болып, асырау керектігін мен қай кезде де есімде мұқият ұстайтынмын. Небәрі он жасымда жұмысқа орналасып, екі айдан соң алғашқы жалақымды алдым. Сол кездегі шешей марқұмның: «Мені асырадың, әкеңе берген уәдем орындалды» деп көзіне жас алғаны әлі күнге дейін есімде.

Ең алғашқы жалақыма шешей екеуміз бидай сатып алып, диірменнен ұн үктірдік. Шағын бақшамызға картоп салып, жұмыстан кейін оны өзім суарып, баптаймын. Киім-кешек те менің мойнымда. Қыста пима киеміз, ал күз-жаз кезінде керзі етік қана. Балалық шағымда одан басқа аяқ киім киіп көрмеппін де. Жасым онда болса да,  ол кезде  ой тоқтатып,  дардай есейіп қалдым. Содан болар, бас алмастан кітап оқитынмын. Ауылдағы шағын кітапхананы оқып бітірген соң, кітапханашы үйінен кітап таситын болды. Сосын өмірі үйде сабақ оқымайтынмын. Мұғалім сабақта тапсырма беріп жатқан кезде, мен оны орындап үлгеріп жататынмын. Математика жағынан сұмдық шешетінмін. Орыс тілі де аса қиын болмады. Өйткені, ауылдағы орыстарға қарап, намысқа тырысқандықтан жақсы сөйлеп шыға келдім. Жетінші сыныпта емтихан тапсырған кезде, мен ғана бес алдым.

Ауылда сегізінші сынып болмады. Іштей  Теміртауға кететінімді сезіп жүрдім".

«Он бес жасымда төлқұжат алдым»

«Сол жылдары мен Теміртауды әбден сағынып жүрдім. Қалаға келген бетте, жұмысқа орналасуды көздедім. Амал қанша, төлқұжат жоқ, он бес жастағы баланы кім жұмысқа алады? Жүк тасымалдаушы болып орналастым. Бір ай бойы тозып жүріп істеген жұмысыңа 35 сом ғана аласың.

«Былай болмас!» деп бір күні  төлқұжат рәсімдейтін жерге келдім. «Маған паспорт беріңізші?» десем метркеме қарап алып, «Келесі жылы 16-ға толғанда кел» дейді.  Тұратын жеріміз барақ.  Күні бойғы ауыр шаруадан әбден қажыдым. Оқу оқуға ана жұмыспен ешқандай мұрша жоқ.

- Онда метркені сіз алыңыз, мен осы жерде тапжылмай отырамын, - деп тұрған жеріме сылқ етіп отыра кеттім. Анау адам:

- Неге? - деп даусы тосырқай шығып, маған таңырқап қарап қалды.

- Маған шешемді асырау керек. Ол кісі егде жасқа келді. Күнкөріс қамын мен жасауым керек, - деп өзімнен үлкен апам барын айтпадым.  Қасарысып отырған менің оңай кетпесімді білді ме, әлде шаршап-қажып тұрған бала болмысымды мүсіркеді ме әйтеуір біаз уақыттан кейін әлгі адам бастықтарына алып барды. Ол маған бір қарап алып: «Ты кто?» деді. Мен: «Мен сіздерден ақша сұрап тұрған жоқпын, маған көмектес деп отырған жоқпын, менің егде жастағы анама жасаған көмектерің болсын, төлқұжат жасап беріңдер» деп тосыннан қатқыл дауыспен ойымды жеткіздім. Сол жерде бүкіл мән-жайды басынан аяғына дейін зулатып шықтым.

- Қазір не істеп жүрсің? –деп бастық ағай менің жайымды сұрай бастады.

- Жүк тасып жүрмін, сонымен қатар кешкі мектепте оқимын. Бір ай бойы салпақтағаныма бар-жоғы 35 сом ғана аламын. 

- Олар қайтіп сені жұмысқа алды?

- Келісімшарт арқылы. Енді маған тамақ керек қой.

Бұл әңгімеден кейін аз ойланған әлгі бастық:

- Кім болып жұмыс істегің келеді? - деді. Мен бір жақсылықты сезгендей жымиа түсіп:

-Токарь болмаса, қай жерге жұмысқа алады бара беремін, -дедім.

- Бұл енді ерекше жағдай, дегенмен бұл балаға паспорт беруге болады, сен барып суретке түсіп кел, - деді.

Мен жымың етіп қалтамдағы дайын суретті алып шықтым. Олар еріксіз күліп жіберді. Содан құжатымды алсам, «жылдамдатып берілген төлқұжат» деп жазылған паспорт екен, түрі өзгешелеу, бірақ мен үшін осының өзі зор қуаныш. Түріне мән де берген жоқпын. Қуанғанымнан төбем көкке бір елі ғана жетпей үйге жүгіріп жеттім. Жүк жаситын жұмысты тастап, аз уақыт жұмыс іздеп, зауытқа темір жонушы болып жұмысқа орналастым. Содан 1962 жылдан 1965 жылға дейін төрт жыл құйма-механика зауытта токарь болдым. Бұл қызметте біраз жетістігім бар. Алғашқы  «Коммунистическая труда» деген кітапшаны маған берді. «Темір жонушы зергер» деген тақырыппен газетке де мен туралы үлкен мақала шықты. Құрмет тақтасына іліндім. Кеткенімше сол жерде тұрды. Облыстық Құрмет кітабына менің атымды алтын әріппен жазды. Комсомоль жетекшісі болдым. Елбасымен алғаш кездескен кезім де осы кез болатын. Сол бір ғана құжаттың арқасында менің бүкіл тағдыр жолымда сәттіліктің жолы ашылып кете берді".  

«Арманым ұшқыш болу еді»

"Кешкі мектепті бітіргеннен кейін Қарағандыдағы Нүркен Әбдіров атындағы әуе базасында болып, таныстым. Осы жерде мен алғаш парашюттен секіріп үйрендім. Сондағы маған ұшудың ұнағанын, тіпті, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ғажап, ғаламат болатын. Көкпеңбек аспан. Аяғың жерге тимей, сол аспанның зор сеңгірінде сен құстай қалықтап жүрсің. Мұның әсері өте ғажап болатын.

Бір сөзбен айтқанда, осыдан кейін әуеде ұшуға деген құштарлығымда шек болмады. Ол кезде ұлттық кадр мәселесіне ерекше қарайтын. Содан жан-жақтан маған бірнеше ұсыныстар түсті. Ең алдымен, Қарағанды Политехникалық институтына емтихансыз, айлық жалақымен қабылдайтындықтарын жеткізді. Одан кейін зауыт басшылығы Алматыға Политехникалық институтқа бар жағдайымды жасап жіберетіндігін, оқу бітіргеннен кейін осында қайтып келіп бас инженер боласың, одан әрі қарай зауытты басқарасың деп жатты.

Мен уыздай жас жігітпін. Ешкімге «иә» немесе «жоқ» деп ештеңе айтпадым. Үнсіз тыңдап, үнсіз ойланып жүре бердім. Бірақ бар ойым, арманым – ұшу еді. Ұшқыш болу еді.  

Кейін әскер қатарына шақырған кезде, аға лейтенант Михеев деген азаматқа ақырын сыбырлап «Армавир»  дедім. Ол құжатыма қарап: «Сені әскерге алмайын деп жатырмыз» деді. «Не себепті?» дедім. «Обкомнан ұлттық кадрға тиіспеңдер!» деген ескерту келді. Мен оған бір табан жақындап: «Сіз ештеңе көрген жоқсыз» деп ымымды білдіріп, жалынғандай түр таныттым. Ол сәл ойланды да, үнсіз «жарайды» дегендей басын изеді. Сол жерде бірден құжатты рәсімдеп жіберді. Ал мен үнсіз жымиа тұрып, болашаққа деген үмітпен сан мың ұшақтың ішінде қалқып ұшып бара жатқанымды, биік аспанға қазір де тұрған орнымда көтеріліп кететіндей ерекше бір күйде тұрдым. Көзім жанып тұрды. Ойым сан-салалы болса да, оның бәрі де тек ғана ұшумен ұштасып жатты. Өзімді сол сәттегі бақытты сезінгенімді ешкім де аңғарған жоқ, олар тіпті қап-қара қазақ баласының үнсіз ғана алысқа көз тастап тұрғанын сезбеді де... 

Ал мен сол кеткеннен мол кетіп, елге ғарышты айналып бір-ақ келдім".

Серікгүл СҰЛТАНҚАЖЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048