ІРГЕЛІ ІСТІҢ БАСЫНДА ЖҰРЫНОВ ЖҮРЕДІ
Мұрат Жұрынов - Мемлекет және қоғам қайраткері. Ұлтжанды азамат. 1970 ж – ғылым кандидаты, 1981 ж – ғылым докторы, 17 монографияның, 600 мақаланың, 108 өнертабыстың авторы.
Төменнен жоғарыға сатылап өскен, яғни еңбек табысына орай қызметі жоғарылаған. Мысалы, 1970-1982 жылдары аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан болып қызмет істеді. (Қазақ химия технология институтында) 1982-1985 жылдар аралығында Қарағанды Мемлекеттік университетінің проректоры. Ал 1985-1991 жылдар аралығында Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры болып, 6 жыл қызмет істеді.
Бұл жылдар ең ауыр, әрі ең сындарлы жылдар болды. Өйткені 1986 жылғы студент-жастардың Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі бүкіл Қазақстан жастарының рухани жаңғырығына ұласты. Таптап-жаншу аппараты Колбиндік, Горбачевтық солақай саясаттың қаншалықты озбыр екендігін көрсетті. Ұлтжанды ұстаздар мен студенттер жоғары оқу орындарынан қуылып жатты.
Бірақ тоқырау екінші жағынан ұлттық намысты оятты. Осы кезеңде ұлттық құрамында өзге ұлттары көп Қарағанды қаласында қазақ тілі қоғамы құрылды. Оның Төрағасы болып ұлтжанды азамат Мұрат Жұрынов сайланды. Осылай ғылыми-зерттеу институтының директоры, әрі саяси тұлғаға айналды.
Төрт жыл Қ.Иассауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің ректоры болып Жұрынов басшылық еткен жылдары аталған оқу орны егемен, Тәуелсіз мемлекетіміздің жоғары оқу орындары арасындағы іргелі білім ордасына айналды. Мүкең қасиетті Түркістан қаласының қазақтың рухани әрі жастар қаласына айналуына ерекше үлес қосты.
1995-1997 жылдары Мұрат Жұрынұлы ҚР Білім Министрі болып қызмет істеді. Бұл ұлттық кадрлардың өскен жылдары болды. Өйткені Мұрат Жұрынұлы университеттер мен институттардың ректорларын тағайындау барысында олардың іскерлігімен бірге ұлтжандылығына ерекше назар аударды.
Мұрат Жұрынов - химия саласының іргелі маманы әрі ұйымдастырушысы. 2003 жылдан бері ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті. Қоғамдық Ұйым негізінде жұмыс істейтін Ұлттық Ғылым Академиясы өзінің негізгі тіні – ғылыми орталық екенін сақтап қалды. Ұлы ғалым К.Сәтпаев құрған Ғылым академиясы әртүрлі құрылымдық өзгерістерге ұшырағанымен өзінің биік статусына сәйкес жұмыс істеп тұр. Жыл сайын Елбасыға ғылымның жай-күйі жөнінде Ұлттық баяндаманы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы дайындайды. Онда ғылымның жай-күйі сараланып, сан түрлі ұсыныстар беріледі. Соның нәтижесінде қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Ғылым Ордасы арасында арнайы меморамдумға қол қойылып, білім мен ғылым интеграциясы жүзеге асырылуда. Осылай ғылыми қызметкерлердің үлес салмағы жас ғалымдармен толысты. Толыса бермек, жаңғыра бермек!
Осындай іргелі істің басында өмірдің өзінен өскен, ғалым, ірі ұйымдастырушы Мұрат Жұрынов жүр.
Ұлттық Ғылым Академиясының құрылғанына 70 жыл толып отыр. Қазір осындай атақты академияның 140 академигі мен 110 корреспондент-мүшесі, сондай-ақ 17 шетелдік және 78 құрметті мүшесі бар. Осындай қуанышымызға тағы бір қуаныш қосылды. Академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ірі-ірі халықаралық, республикалық ұйымдардың мүшесі Мұрат Жұрынов ағамыз 75-ке келіп отыр. Сізді, құрметті, Мұрат Жұрынұлы, қос мерекемен шын жүректен құттықтаймын, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық тілеймін!
Құрметпен Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы
Abai.kz