БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАРДЫҢ ЖЕРІ РЕСЕЙГЕ ЖАЛҒА БЕРІЛГЕН
Құрметті оқырман! Ресей Федерациясы жалға алып отырған Байқоңыр ғарыш айлағы мен қаласының әлеуметтік проблемалары туралы «Abai.kz» порталы ауық-ауық жазып келеді. Әсіресе Байқоңыр қаласының әлеуметтік статусы соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында көп қаузалды. Әлеуметтік резонанс пен көптеген қайшылықтар тудырған Байқоңырдың болашағын жақында ҚР Парламенті Сенаты талқылапты.
Нақтылай айтсақ, «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер еңгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасын талқылау барысында Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы онда тұратын 75 мыңға жуық халықтың көкейінде жүрген мәселелерді көтеріп, сөз сөйлепті. Сенатордың сөзін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Редакция
- Бүгін талқыға түсіп отырған заң жобасы Байқоңыр қаласында тіркелген кәсіпкерлерге қосарланған жанама салық төлеу жүйесін реттеуге бағытталған, нәтижесінде бұл халықтың күнделікті тұтынатын тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Сондықтан да заң жобасын қолдаймын.
Сонымен қатар, Байқоңыр қаласында осы кезге дейін шешімін таппай келе жатқан көкейтесті мәселелер де жеткілікті. Қазір Байқоңыр қаласында 75 мың халық тұрады. Оның 47 мыңы Қазақстан азаматтары. Сонымен бірге Байқоңырдың дәл жанында Төретам қыстағында 12 мың Ақай елді мекенінде 5 мың халық тұрады. Демек, 64 мың Қазақстан Республикасының азаматтары аумағы шағын бір ауылдық елді мекенге тиесілі, яғни 6300 га ғана, оның өзі Ресейдің уақытша меншігіндегі жерде тұрып жатыр. Айтылып отырған аймақта егін, бау-бақша егуге, не мал бағуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Өйткені олар тұрып жатқан жер Ресейдің жалға алып отырған меншігінде. Күнкөріс көзі шектеулі. Аталған елді мекендердің тұрғындарына кәсіппен айналысу үшін 11 мың га жер телімдерін алып беру мәселесі екі мемлекет арасындағы «Үкіметаралық комиссия» отырысының шешіміне байланысты болмақ, өкінішке орай бұл процесс баяу жүруде.
Осы кезге дейін шешімін таппай келе жатқан тағы бір мәселе - жергілікті кәсіпкерлердің жылжымайтын мүліктерін банкілерге кепілдікке қойып, несие ала алмайтындығы. Өйткені олардың астындағы жер учаскелері Ресей мемлекетінде жалға берілген.
Байқоңыр қаласынан жаңадан кәсіп ашқысы келетін кәсіпкерлердің банктерге қойылатын кепілдік мүлік және үйлері жоқ. Қалада 347 көп қабатты тұрғын үйде 20700 пәтер бар. Олардың бірде-біреуі жекешелендірілмеген, өйткені ол үйлердің иесі Ресей жағы.
Байқоңыр қаласында азаматтар тұрақты және уақытша тіркеуде тұрады. Уақытша тіркеуде тұратын Ресей мекемесінде жұмыс атқаратын азамат пен азаматшаларға зейнетақы қоры жинақталмайды, берілетін әр түрлі жәрдемақылар төленбейді.
Оның үстіне Байқоңыр қаласы бойынша коммуналдық қызмет бағасы өте жоғары. Мысалы, Қызылорда қаласында ыстық су 1 адамға-740 теңге болса, Байқоңырда-1640 теңге, Қызылорда қаласында салқын су-156 болса, Байқоңырда-918, Қызылорда қаласында газ балоны-3000 теңге болса, Байқоңырда-6000 теңгені құрайды.
Оның үстіне соңғы жиырма жылдың көлемінде Байқоңыр қаласындағы инфрақұрылымға қаржы бөлінбегендіктен, олардың барлығының тозығы жеткен.
Сондықтан, Үкімет, Байқоңыр қаласында қордаланып қалған мәселенің күрделігі мен ерекшелігін ескере отырып, қалада шағын және орта бизнесті дамытудың, жергілікті тұрғындарды әлеуметтік қорғаудың кешенді түрде шешілуінің жаңа тетіктерін қарастыру керек деп есептеймін.
Мұрат Бақтиярұлы, Сенат депутаты
Abai.kz