ҮШ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ЖАЗБА
…Күзде Киевке бармақ болып, асығыс жолға жиналдым да, қолыма түскен Толстойдың кітабын ала салдым. Мәскеу-Киев бағытындағы пойызда отырмын… Бұрын оқып тастаған шығармаларды оқуға аса құлқым жоқ. Көршім, жас жігіт Дэн Браунның «Ангелы и демоны» атты кітабынан көз алмайды. Мен украин кемпірмен Украинадағы бүгінгі ахуал туралы әңгімелесіп отырдым. Ол көп украиндықтың Мәскеуде жұмыс істеп жан бағып жүргенін, зейнетақысының аз екенін айтып, мұң шақты. Әңгімеге араласпай отырған украин келіншек: «Украиндықтардың емес, мәскеуліктердің шашын қырқып жүрмін. Бала-шағаңның қасында жүргенге, өз Отаныңда жұмыс істегенге не жетсін?! Қанша жыл Мәскеуде нан іздеп қаңғып жүретінімізді Құдай біледі» деп дүңк етті. Сосын жас жігітке қарап: «Дэн Браунның «Код да Винчиін» оқығам. Сүйікті жазушым» деді.
Дэн Браун демекші… Осы америкалық қаламгердің «Код да Винчиі» 81 000 000 данамен таралып, әлемдегі №1 бестселлер болған.
Шынымды айтсам, жұрт жапа-тармағай «Код да Винчиді» оқып жатқанда, мен де қолыма алып, он парағын парақтап, әрі қарай оқи алмағам. Жас жігіт: «Бұл кітапты оқып тастағам, жай зеріккен соң, көз жүгіртіп отырмын» деп күлімсіреді.
– Мен бұл авторды қайталап оқымақ түгілі, кітабын жаңадан бастап оқи алмаймын, – дедім.
Келіншек: – Қалайша Дэн Браунды жақсы көрмеуге болады? – деп мұрнын шүйірді.
Мен түйсігіммен бұл әйелдің Дэн Браунды оқымағанын сездім…
– Сізге бүгінгі заман жазушыларының шығармалары ұнайтын болды ғой. Пелевиннің, Муракамидің, Акуниннің қандай шығармаларымен таныссыз? Бәлкім, Пелевиннің «Код Мирасын» оқыған боларсыз? – дедім.
– Бұларың кім? – деді ол бетіме таңырқай қарап. – Біздің салонның иесі әйтеуір Дэн Браун, «Код да Винчи» деп аузының суы құрып, оқып отыратын, – деп, бетін терезеге бұрып кетті. Сосын: – Днепрді сағындым, Днепрді сағынбауға бола ма? Қатты сағындым… Ертерек Днепрге жетсек екен, – деп мұңлы үн қатты. Жүрегім шым етті…
Құдая тоба, өмірде өзім көрмеген, Тарас Шевченко жырлаған Днепрді мен де сағынам…
«Ая, Ая, тұр! Днепрге келдік, міне, қара, Днепр. Сен қазір сәлден соң Киевтен түсесің, ал біз әрі қарай хуторымызға кетеміз» деп украин кемпір мені ұйқыдан оятты.
– Сәлем, Днепр! – дедім мен. Еркелеп ағып жатқан Днепр «Қош келдің, Аяш!» деп менімен амандасқандай болды. Мен оның үнін анық естідім. Ертесіне жаңбыр жауып жатқанда мен Днепр көпірінің үстінде Днепрмен сырласып тұрдым. Днепрдің суы лайланып ағып жатты. Жүрегім ауырып кетті…
P.S. Айтқандай, Дэн Браунды оқитын жігіт футболшы екен. Мәскеудегі Экономика университетінің студенті. Сол жолы олардың командасы Киевте украин футболшыларымен кездесу өткізеді екен. Кетерінде маған естелік ретінде Дэн Браунның кітабын сыйлап кетті. Ал мен оған Толстойдың кітабын сыйладым. Осы біздің спортшылардың кітап оқитынына күмәнім бар...
(Үш жыл бұрын осындай жазба жазыппын... Зымырап өтіп жатқан уақыт...)
Аягүл Мантаева
Facebook-тегі парақшасынан