БИЛІККЕ ҚАЗІР СЫН АЙТСАҢ, СЕНІ «ОППОЗИЦИОНЕР» ДЕЙДІ
Театр әлемінде өзіндік орны бар талантты, әрі белгілі актер Бекжан ТҰРЫС жуықта «Намыс» орденімен марапатталған болатын. Бұдан да басқа бірнеше сый-атаққа ие болған актер өткен жылы 50 жасқа толуына орай «Ұлым, саған айтамын» атты моноспектаклімен жұртты бір тебіренткені есімізде. Сұхбатымызда қызмет, мансаптан бұрын қазақтың тағдыры мен ұрпақ болашағына баса көңіл бөлетінін айтқан Бекжан мырза ішкі жан тебіренісін ақтарып, әңгіме айтты.
– Бекжан мырза, таяуда сіз «Намыс» орденімен марапатталған екенсіз. Әлеуметтік желіде сіздің атыңызға құттықтау көп болды...
– Бұл жоғары жақтан берілген марапат емес, қоғамдық мойындаудың белгісі. Халықтың еңбегімді елегені деп білем. Бұған дейін Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» ордені қоғам атынан тапсырылатынын өз басым білген жоқпын...
Аллаға шүкір, марапаттан құр алақан емеспін. Бұдан басқа М.Мақатаев атындағы және «Дарын» сыйлықтарының иегерімін. Бұлар – актердің еңбегіне көрсетілген баға шығар деп ойлаймын. Маған халықтың ықыласынан асқан марапат жоқ. Ұстаздарымыз «Атақ іздеме, ол сені іздеп тапсын» деп айтып отыратын. Сол сияқты біреудің алдына шығып, атақ сұраған да, іздеген де емеспін.
– Бұл марапатқа сізге дейін ие болған нарқасқа қазақтардан кімдер бар еді?
– Бұрынғыларын біле алмадым. Ал білетінім – мұндай марапатқа театр тарапынан ие болған ешкім жоқ. «Намыс» орденін «ұлттың бет пердесі» аталған Мәмбет Қойгелді, Әмин Тұяқов ағаларымызбен қатар алу – маған жақсы сезім тудырды. Әр саналы адамда «Мен марапатқа ие болатындай, не тындырдым?» деген сұрақ болады. Егер мен халқым үшін ешнәрсе жасамаған болсам, онда маған мұндай марапат берілмеуі керек еді. Сондықтан кішкентай болса да, сіңірген еңбегім, қосқан үлесім бар шығар деп ойладым.
– Дегенмен, бір сұхбатыңызда «Атақ дегенге мен аса қызыға бермеймін...» деген екенсіз. Содан да болар алғашқы мемлекеттік атақты жасыңыз бел ортаға жеткенде алған екенсіз. «Атақ адамды өзгертеді» деген сөз бар. Сізде сол «өзгеріс» қалай болды?
– «Атақ адамды өзгертеді» дегенге келсек, бұрын қандай болсам, қазір де сол қалпымда қалдым. Атақ қызметіңе деген жауапкершілікті арттыратын болу керек. «Атақ-абыройдың келуі де, кетуі де бір сәттік» деп баяғыда ұстаздарым айтпақшы, ең бірінші ұлтымның алдындағы абыройымды жоғалтпауды тілеймін. Мағжан Жұмабаевтың «Мен үшін атақ − халқым үшін өлгенім» деген сөзі бар. Титтей болса да ұлтыма үлесім тисе, маған одан артық құрметтің, атақтың қажеті жоқ.
– Ал бүгінде жас әнші, артист, актрисаларымыз «еңбек сіңірді» деген желеумен небір атақтар алып жатқанын білесіз. Солардың көпшілігі билікке «еңбек сіңірген» соң атақ алды деген сөз де қоғамда жиі айтылады. Осы үрдісті қалай бағалар едіңіз?
– Атаққа лайық сіңірген еңбегі шынайы болса, берілгені дұрыс та шығар. Досбол би: «Біздің кезде бақ – бәсі биік адамдарға ғана қонатын сұңқар құсы сияқты еді. Қазір қай жер сасыса, соған қонатын қара шыбынға айналды» деген екен...
Иә, атақты осы күні әркім ала беретін болды ғой. Танымалдылыққа қызмет ететін заман болып кетті. Кім танымал, соған атақ бере салады. Бұрын театрдағы жасы үлкен ағаларымыздың атақсыз жүргенін көргенде, біздің жанымыз ауыратын. Театр мен киноның қара жүгін арқалаған аға-әпкелеріміздің өзі бертін келе атаққа қолы жетіп жатқанда, кейбір еңбегі сіңіп үлгермеген жастарымыз «еңбек сіңірген» деген атқа ие болады.
Айтпақшы, осылай сөйлегенім үшін «Бекжан біреудің атағын қызғанды» деген сөзге қалуым да мүмкін. Бірақ қанша атаққа ие болып тұрса да, сол адамның бет-бейнесінен оған қалай қол жеткізгені айқын көрініп тұруы тиіс. Расын сөйлесек, менің жасымдағы есті азамат атақты ойламайды. Қалғанын білмедім, өз басым ұлт болашағына көбірек алаңдаймын. Өзіме-өзім «ұлтым үшін мен не бітірдім?» деген сұрақ қоямын. Мені марапаттан бұрын, бүгінгі ұлтымның өз болмысы мен қадір-қасиетін арттыру ойлары мазалап жүр. Бүгінде біздің болмысымыз, рухани құндылығымыз бәрі тоналып, қазақылығынан айнып бара жатыр. Мәдениетіміз де көмескіленіп, өзгенікін көшіргіш құлға айналудамыз. Өзімізден кейінгі ұрпақтың болашағына қатты алаңдаймын.
– Кейде ара-тұра баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерден қазіргі қоғамға немесе шенеуніктерге қатысты сыни көзқарастарыңызды байқап қаламыз. Сізді басқалар сияқты «тыныш» жүргізбейтін не күш, Бекжан мырза?
– Оған ешқандай күштің керегі жоқ шығар. Табиғаттың берген мінезі. Мектепте бізді адалдыққа, әділеттілікке, турашылдыққа, шыншылдыққа үйретті. Ұстазым Шолпан Жандарбекова театрдың ішіндегі кемшіліктерді сондағылардың беттеріне басып, кесіп айтатын. Сол кісіден жұққан нәрсе. Осыным үшін мені жек көретін адамдардың молдау екенін де білемін. Өйткені ешқашан әділдіктен, шындықтан айныған емеспін. Бәріміз жақсысын айтамыз, ал жаманын кім айтады? Билікке сонда қайсысы сын айтады? Оларда қателік жоқ деп ойлайсыз ба?
Біздің зиялылар арасынан үкіметтің шалыс басқан қадамын айтатын адам табу қиын. Тіптен олар өзара бір-біріне сын айта алмайтын халге жетті. «Өтірікші шынды көтере алмайды, өкпешіл сынды көтере алмайды». Билікке қазір сын айтсаң, сені қарсы пікір білдіруші, «оппозиционер» ретінде қабылдайды. Мен қазаққа жау емеспін – досымын. Қазақты жақсы көремін. Бәлкім, сынды содан соң көбірек айтатын шығармын...
– Қоғам мерезін ашық айтам деп жүріп, «өсу мүмкіндігін» жіберіп алмадыңыз ба? Мәселен, сізден таланты асып тұрмаса да, жасы әлдеқайда кіші әріптестеріңіз театр директоры немесе театр ұжымының көркемдік жетекшісі болып жатыр дегендей...
– Қызметте көтерілуге, бір жерге басшы болуға әуестігім жоқ. Дәл қазір қызметімді өсірсе, бас тартатын едім. Басшылыққа шақырған ешкім жоқ. Тіптен ондай орын ұсынбай-ақ та қойсын. Басшы болу қолымнан келмейтін іс. Әркім өзінің сүйікті ісімен айналысуы керек. Менің кәсібім − актерлік. Өз ісімнің шеберімін деп айта аламын. Мен тағдырымды театрға байлағанмын. Алланың берген талантын алып жүрсем болғаны. Сондықтан мені актерліктен басқа дүние қызықтырмайды.
– Беке, қоғам өкілдерінің қатысуымен кешелі-бүгін Қазақстанда «Мәдениет туралы заң» талқыланып жатыр. Бұйыртса, ол таяуда парламенттің қабылдауына түседі. Қоғамның мәдениет атаулыдан алшақтап бара жату себебі неде деп ойлайсыз? Мәселен, бірқатар қайраткер азаматтар бұны қоғам дамуының тоқтап қалуынан, жаңа леп – өзгерістердің болмауынан көреді...
– Мәдениетке көңіл бөлмейтіндіктен кенде қалып барамыз! Оны анау жоғарыда отырғандар жөндеу керек. Мәдениеттің тағдырымен солар айналыспаса, онда саясаткер болып қажеті не? Осыған дейін ондағылар экономика деп келді. Енді мәдениетке көңіл бөлетін уақыт туды.
Бізде қазір халықтың санасын улап жатқан – жаһандық, жасанды мәдениет үрдіс алып барады. Айғай-шудан құралған жалған патриотизм келешегімізге кедергі келтіреді. Осы күні тарихын, тегін білмейтін ұрпақ өсіп келе жатыр. Ұлттың уызына тоймаған ұрпақтың ертеңгі күні ұлтқа жаны ашиды, бағалайды дегенге сенбеймін. Бәріміз кілең шоудың жетегінде кетіп бара жатырмыз. Бұл өте қорқынышты. Телеарнаны қоса қалсаң – шоу.
Ұлттың сөзін сөйлеп жүрген қаншама азаматтарымыз бар. Даңғырлаған музыкалардың орнына соларды көбірек насихаттамай ма?! Кезінде қанқұйлы Гитлер «Кез келген елдің санасын мағынасыз әндермен жаулап алуға болады» деген екен. Осындай сақтықпалы-соқпақты заманда көшті алға бастайтын жандардың жоқтығы қынжылтады кейде.
– Бұрындары бір сұхбатыңызда: «Біздің шенеуніктер театрға келмейді» деп айтқан екенсіз. Бүгінде сол жағдай өзгерді ме? Театрға келетін контингенттің негізін қандай әлеуметтік топқа жатқызасыз?
– Театрға көзі бар, құлағы еститін адам ғана келеді. Шенеуніктер әлі де келмейді... арғы жағын айтпасам да түсінген боларсыз. Театрға билет алып жатқан бір шенеунікті көрген емеспін. Бір депутаттың қойылымы болғанда ғана қуанышына ортақтасып отыратын жанындағы жолдастарын ертіп келуі мүмкін. Ал бір күнімді театрға арнайыншы деген немесе театрдың жағдайын арнайы сұрап келген бірде-бір депутатты көрмедім.
Шенеуніктер театрға келмеген соң, өнердің жолы оңай емес екенін білмейді. Қаншама жастарымыздың баспана жағдайы өте қиын. Сол жас актерлерге жатақхана берсе де болар еді. Бірақ ондайды көрген де, естіген де емеспін.
– Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ беріп жүрген кейбір ұстаздарға көңіліңіз тола ма?
– Қазір академиядағы ұстаздар қауымына көңілім онша тола бермейді. Замандастарым мен кейбір ағалар бұл сөзіме ренжімесін: бірақ ол жерде сахна көрмеген, не актер болып қалыптаспаған адамдар сабақ беріп жүр.
– Бүгінде сахнаға шығаруға дайындап жүрген қомақты рөліңізді айта отырып, шығармашылық жаңалықтарға да тоқтала кетсеңіз.
– Жақында театрымызда «Ақтастағы Ахико» атты тарихи драманың премьерасы өтті. Бағасын көрермендер бере жатар. Ол жерде қазақы болмысын жоғалтпаған, өзімнің табиғатыма сай келетін қарт кісінің бейнесін сомдап шықтым. «Ұлым, саған айтамын» моноспектакліме байланысты әр жерден «Тек Алматы ғана емес, басқа жақта да қазақтың бар екенін ұмытпаңыз!» деген хаттар келуде. Соған байланысты алдағы уақытта гастрольге шығу жоспарымда бар. Бірақ спектакльдегі рөлдерден босай алмай жатырмын. Театрға байланып отырмын.
– Бүгінгі театрлар кейінгі жылдарғы тоқыраудан шықты деп айта аласыз ба?
– Кешегіні бүгінгімен салыстыруға болмайды. Қолдан келгенше еңбек етіп жатыр. Біздің театр тоқырауда болды деп айта алмаймын. Өзіндік орны, дәрежесі бар. Керісінше, еңбек еткен ұлыларымыздың кезінде театр жаңарып отырды десе болады. Жаңа келген басшыларымыз бар күштерін салуда. Қалай боларын болашақ көрсетеді.
– Осы сұхбатта біз сұрамаған, бірақ өзіңіз айтсам дейтін қандай мәселеге көңіл тоқтатқанды қалар едіңіз?
– Іште жүретін ішкі ойлардың бәрін айту міндет емес шығар?! Берісін айтар болсақ, қоғамнан сұлулық кетіп, адамдардың бет-бейнесі бұзылып барады. Шындыққа бір табан жақын бола алмай келеміз. Қариясы жоқ елміз. «Әй» дейтін сонау Асқар Тоқпановтар бізге дәл қазір керек. Бауыржан Момышұлы сияқты бәрін қағып тастап отыратын ата қажет. Баяғыда сөздің құдіретін білетін қазақ едік. Бізді оқытқан ұстаздар «Шын талант − ұлттың үні болып сөйлейді» дейтін. Сондықтан ішімдегі сөзді сүбелі сұхбатпен ғана емес, сахнада да айтып жүрген адаммын. «Ұлым, саған айтамын» деген моноспектакльде бүгінгі әр ойлы қазақтың ішінде жүрген дүниені айттым. Пендешіліктің құрсауынан шыға алмай жүрген ағаларыма деген назым болды бұл. Біріншіден, мерейтой жасайтын адамдарға сабақ болсын дедім. Екіншіден, шынында, болашақ ұрпақтың тағдырына алаңдайтынымды көрсеттім. Осы арқылы есті адамдарды селт еткізіп, естерін жинатқызғым келді.
«Мен – патриотпын» деп кеудесін қаға сөйлейтін кісілеріміз ұлттың басына қауіп төнсе, үні шықпай қалады. Тіптен замандастарымның арасынан «Ұлт тағдырын ұлттың тілі шеше алмайды» деп, ана тілін орыс тіліне жығып берген «сахна жұлдыздарын» білемін. Ал солардан не күтуге болады? Бұл қызметі жоғары, қолында билігі бар адамдардың алдында жалпақтайтын заман болды. Өңшең жандайшаптардың мекені. Осындай қоғамда ешкімге керек болмай қаламын ба деген қорқыныш іштей мүжиді.
– Сұхбатыңызға рахмет, аға!
Анар ДӘУКЕН,
«D»
Abai.kz