Сарыағашта 400-ге жуық отбасы ауыз сумен қамтылды
Сарыағаш ауданының Ошақты ауылдық округіндегі Саңырау елді мекеніне таза ауыз су берілді. Бұл туралы «Абай ақпарат» порталы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
2016 жылдың маусым айында басталған ауыз су құрылысы жұмыстарын мердігер мекеме «Үш-Сай» ЖШС-і жүргізді. Бүгінде 386 отбасы таза ауыз суға қол жеткізіп, каммуналдық қажеттілік шешімін тапты.
Ел қуанышын бөлісе келген аудан әкімі Қ.Әбдуалиев Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктер жайын баяндап, тіршілік нәрі келгені әрбір үйге үлкен мереке екенін атап өтті.
Жалпы ауданда 154 елді мекен болса, оның 69 елді мекені ауыз сумен қамтылған. Ал 2017 жылға 32 елді мекенге ауыз су тарту мақсатында жобалық сметалық құжаттары дайындалуда.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық тартымдылығын кушейту мақсатында, өңірде 11 индустриялды аймақ құрылған.
Қазіргі таңда, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша индустриялды аймақтарда құны 201,3 млрд. теңге құрайтын 166 жоба іске асырылуда.
Сонымен қатар, ОҚО-да ауылшаруашылығы мақсатына да айтарлықтай көңіл бөлінген. Аграрлы аймақ саналатын Оңтүстік Қазақстан облысы Республикадағы ауылшаруашылығы секторының басым бөлігін қамтиды. Мемлекет және жергілікті басқару органдары тарапынан шаруаларға қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданған.
Abai.kz