ҚАРЖЫ ЖЫМҚЫРЫП ҚАШҚАНДАР: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР...
Кеше еліміздің Бас прокуратурасында «Қаржылық тергеп-тексерудің және ұрланған активтерді шетелден қайтарудың ұлттық жүйесін дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аталған жиында баяндама жасаған ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов соңғы 10 жылдың шегінде бюджеттен 10 миллиард долларға жуық қаражат жымқырылғанын әм шетел асырылғанын мәлімдеді.
Астанадағы алқа-қотан жиынында түрлі тәсілмен қаржы жымқырып, шетел асып кеткендерге қатысты мынадай мәліметтер белгілі болды;
Үлескерлердің 14 миллиард теңгесін үптеп кеткен «Азбука Жилья» ЖШС-ның директоры, бұрынғы Мәжіліс депутаты Ерқанат Тайжанов Австрияға қашып кетіп, жылжымайтын мүліктер сатып алған. Экс-депутаттың «баспана салып беремін» дегеніне сенген 4 мыңға жуық қазақстандық сан соғып қалған. Ал Тайжанов 9 құрылыс нысанын аяқсыз қалдырып, елден қашып кеткен.
Сондай-ақ, тергеу амалдары басталғанша, Атырау облысы экс-әкімінің есепшілері ұрланған 0,5 миллиард долларды шет елге шығарып, өздері Англияға қашып кеткен.
«Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев 70 миллион долларды қалтасына басып, Канадада жүр.
«Казатомпром» теңіз күкірт қышқылын адамның миына қонбайтын бағаға сатып алады. Бірақ, шын мәнінде 70 миллион долларды вице-президент Рүстем Тұрсынбаев қалтасына басып, Канадаға қашып кеткен», - дейді Жақып Асанов.
Сондай-ақ, жалған құрылыс компаниясын құрып, алаяқтық жасаған Михрат Әлімбеков Астанада үлескерлерден жиналған 5,5 миллион долларды жымқырып, Біріккен Араб Әмірліктеріне барып "қоныстанған". Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін де үш ай көлемінде Әлімбековтің есеп-шотына қаржы аударылып тұрған. Ал құзырлы органдар мұнан бейхабар болыпты. Әлімбековті әзер дегенде ұстағанымен, ол жымқырған қаржы тұрғындарға қайтарылмаған.
«Ең сорақысы, қаржыны қайда тыққаны да белгісіз. Біз неге қол жеткіздік? Қылмыскер қамалды. Бірақ үлескерлер өз ақшасын қайтарып ала алмады», -дейді Ж.Асанов.
Қазақстанның құзырлы органдары қашқындармен күресуге қауқарсыз екенін ашып айтқан Бас прокурор Жақып Асанов, арнайы «Шетелдерден ұрланған активтерді қайтару» жобасы дайындалып жатқанын хабарлады. Еліміз Еуропадағы «CARIN» және Азиядағы «ARIN-AP» активтерді қайтару бойынша ақпарат алмасу жөніндегі әлемдік желілерге қосылуға дайын екені белгілі болды.
Сонымен, «Шетелдерден ұрланған активтерді қайтару» жобасына қатысты барлық дайындық құжаттары жыл соңына дейін әзірленіп, оны іске асыру 2017 жылға жоспарланып отыр екен.
Айта кетейік, өткен жылы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Еуропарламенттен қазақстандық қылмыскерлер жымқырып кеткен 140 миллиард долларды қайтаруды сұраған болатын. Статистикаға сүйенсек, Қазақстаннан қаржы жымқырып қашқандардың саны – 1600-ден асыпты. Ал одан сәл ертеректе Халықаралық Интерпол қаржы ұрлап қашқан 55 қазақстандыққа іздеу жариялаған-ды.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz