Ел болашағы – Жас ұрпақ!
Тәрбиенің сан алуан мәселелерін шешетін, қарапайым дағдыларды бала санасына ұялататын алғашқы білім баспалдағы балабақша екені барлығымызға мәлім. Мектеп жасына дейінгі мекемелердегі баланың жеке басын дамыту, салауатты өмір салтын сақтау, қоршаған ортамен таныстыру, адамгершілік, рухани қасиеттерін қалыптастыру балабақшаның оқу-тәрбие ісінің басты мақсаты.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен балабақша мекемелерінің тәрбиеленушілері арасында «Болашақтың негізі-тәрбиенің бастауы» атты сайыс өтті.
Сайысты өткізудегі мақсат — ата-аналардың мектепке дейінгі мекемелермен арадағы байланысын нығайту, Отанын, халқын, ана тілін жүрегімен сүюге, үлкенді құрметтеп, кішіге ізетті болуға, ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, өнеріміз бен зерделілігімізді, біліктілігімізді бүлдіршіндермен бірге барынша ұғына түсу, бейбіт өмірдің балапандарына қызықты балалық шақ сыйлау.
Аталған байқауға қатысқан 14 бүлдіршін сайыс кезеңдері бойынша өздерінің өнерлерін көрсетіп, әділқазылар алқасының шешімімен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деген бөбекжайлар жеңімпаз атанды.
Атап айтқанда, «Бас жүлде» - №11 «Арыс» балбақшасы,
екі І-орын – «Алтын балапан» және «Бал әлемі» балбақшасы,
екі ІІ-орын – «Нұрай» мен «Зейне ана» балабақшасы,
үш ІІІ орын – «Балауса», «Асыл-ай» мен «Сәрсенкүл ана» балабақшалары иемденіп, сайысқа қатысушылар ұйымдастыру алқасы тарапынан естелік сыйлықтармен марапатталды.
Аяғынан қаз басқан бар баланы бір ортаға топтастырып, күні бойына бағып күту, ойнату, тамақтандыру, оқыту, тәрбиелеу секілді жұмыстарды өздеріне жүктелген абыройлы міндеттер атқарып жүрген балабақша қызметкерлеріне ата-аналар ризашылықтарын білдірді.
Abai.kz