ҰРПАҒЫМЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫН ОЙЫНШЫҚ ЕТКІЗЕ АЛМАЙМЫЗ
ҚР президентінің үкіметі мен парламентінің назарына!
«Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын талқылаған
қоғамдық тыңдауға қатысушылардың
ҮНДЕУІ
Мектептердегі білім беруді жетілдіру, өзгерістер жасау – замана талабы. Бұл қажеттілікті іске асыруға кіріскен Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасында алаңдаушылық пен наразылық туғызған мәселелер жеткілікті.
Сала министрі Е.Сағадиевтің түсіндіруінше, «Бағдарламаның басты мақсаты – ҚР президентінің «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырудың негізі және бастамасы болып табылатын тұғырды жасау». «Мәңгілік ел» дегені – «әлемдік өркениеттің, ғылым мен техниканың жаңалықтарын еркін танып білетін, меңгеретін және пайдаланатын қазақстандық қоғамды қалыптастыру». Е.Сағадиевтің мұндай өзіне ұнаған оңды ойын қазақстандық қоғамның дұрыс қабылдамай жатуының себептері туралы аз айтылған жоқ. Бірақ оларды ұғып, тыңдауға министрдің құлқы жоқ. Шенеуніктік бірбеткейлігі, өзі қызмет етуге тиісті халықты сыйламаушылығы, қалың қауымның пікірін жеткізген ұрпақ пен ұлт жанашырларымен санаспаушылығы байқалады. Аса маңызды мәселені министрмен бірлесе талқылауға арналған, бір жарым ай бұрын өзін шақырған жұртшылықтың бұл жиынына қатыспауы соны көрсетеді. Мұндай жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкердің астамшылығы білім беру жүйесіндегі асыра сілтеушілікке жол ашары сөзсіз.
Е.Сағадиевтің күштеуімен биылғы оқу жылынан бастап мектептерге енгізілген және алдағы кезеңдерге жоспарланған бағдарламаның қауіптілігі мынада: «үш тұғырлы тіл» – қазақ атауындағы ұлттық мектептерді түбегейлі жойып тынады – атауы ғана емес, заты да өзгеріске ұшырайды; қоғам қабылдамай тастаған «қазақстандық ұлтты» қайта жаңғыртуға негіз қалайды; екі тілдік жағдайында халі мүшкіл болған қазақ тілі одан әрі сорлайды; ана тілінің құнарын бойына дарытпаған соң жас жеткіншек ұлттық болмысын жоғалтады; үш тілді қатар меңгеру балғындардың санасына артық салмақ түсіреді, шатастырады, ойлау- түйсіну қабылетін кемітеді; білім алу сапасын төмендетеді.
Осы және бұдан бұрынғы қоғамдық жиындарда айтылған ғылыми, танымдық, тәжірибелік, сараптамалық негіздегі төмендегі пікірлер мен талаптарды Білім және ғылым министрлігі, қазақ үкіметі назарға алуы тиіс деп есептейміз.
Қазақтың тілі ғылымның тілі, бизнестің тілі,технологияның, саясаттың тілі болуы керек. Мектептерде оқытылатын ғылымдардың барлығы, оның ішінде министрлік шеттеткен физика, химия,биология, информатика, тарих пәндері қазақ тілінде оқытылғанда ғана, Конституцияда жазылған: «Әрбір бала орта білімді ана тілінде алуға құқылы» деген бабы орындалғанда ғана соған қол жеткіземіз.
Тәуелсіздікті иеленгелі бергі ширек ғасырда қазақ тілін орыс және аралас тілдегі мектептерде, тіпті қалалардағы көптеген қазақ мектептерінің өзінде дұрыстап оқыта алмағандығымызды мойындап, ең алдымен осы сорақы қателіктерді түзетуге міндеттіміз. Онсыз «Сағадиевтің реформасы» аталып, тарихқа жағымсыз сипатта енетін бағдарламалар сәтсіздікке ұшырайды, кәдеге жарауы неғайбыл.
Жаңадан қалыптасып жатқан баланың миында әлемнің ұлттық бейнесін ана тілі арқылы қалыптастыру дәстүрі бұзылмасын. «Балаға 12 жасқа дейін басқа тілде тәрбие беруге болмайды» деген қағиданы сақтайық. Білім берудегі қателіктердің салдарынан бір ұлттың «қазақ тілді» және «орыс тілді» болып бөлініп қалғаны – ащы сабақ, соны ескерейік.
Орысша сөйлеу мен орысша ойлаудың арасындағы аражік өте қысқа. Олар бір- бірін айқындап тұрады және орыстық дағдыны қалыптастырады. Сондықтан орыстанып кетуді болдырмас үшін бірінші басымдық қазақ тіліне беріліп, қазақ мектептерін сақтап қалу керек. Екінші басымдық ағылшын тіліне берілсе, ол әлемдік мәдениет пен өркениет тілі болудан қалған орыс тілінің орнын басады.
Үштілділік жобасын ұсынғандар – қазақ тілінің еңсе көтеріп келе жатқанынан үрейленген, дәурендері өтерін сезінген орыс тілді билік.Ондағы көкейтесті мұраттары – Қазақ ұлттық мемлекетін болдырмау, қазақ тілін қосақ арасында қалдыру. Министрлік тілдік ортаны қалыптастыруды көздесе, орыс мектептерінің жоғарғы сыныптарында жаратылыстану пәндерін түгел қазақ тілінде оқытып, тәжірибе жинақтасын, болашақта қажет болса, кадрлар толық дайындалған соң сол тәжірибені ағылшын тіліне қолдансын. Ең алдымен қазақ тілін оңдап, нық орнықтырып алсын.Қазіргі әрекеттері – ана тілімізге жасалған қастандық.
Бірнеше ұрпақ қолға ұстап хат таныған «Әліппені» жоқ еткен, оның орнына сауаттылығы шамалы «Сауат ашуды» ұсынған білім министрлігі қателікке ұрынды. Өзін өзі ақтамаған, оқу жоспарына кезінде қисынсыз қосылған «Өзін тану» пәні әлі күнге дейін қалмай келеді. Қыруар қаржыны қажетсіз пәнге жұмсауды доғарып, оқу сағаттарын тиімді пайдаланған абзал.
Пән мұғалімдеріне қысқа мерзімде ағылшын тілін оқытып, кадрларды қайта даярлау сасқалақтағанның ісі екені даусыз. Тіл үйрену адамның жас ерекшелігіне байланысты, қырық пен елуден асқан жаратылыстану пәндерінің мұғалімдерін ағылшыншаға бейімдеу – барып тұрған зорлық. Олардан сапалы білім беретін ұстаз шықпайды. Ағылшын тілінің өзін жете үйренбеген бала мен сондай деңгейдегі, мәселен биология мұғалімі сабақта бір- бірін түсінбей, мақау мен кереңнің кебін құшады. Оны мұғалімдердің өзі де мойындайды, ашып айтудан, бас тартудан қорқады. Қызметсіз қалу қаупі «дүмбілез» оқытушы болуға мәжбүрлейді. Ондайлардың алдынан өткен шәкірттердің білімін көзбояушылықпен көтермелеу жарысы басталады. Мұның бәрі мектеп жүйесінің, киелі орынның қирап тынуына соқтырады. Шәкірттердің оқуға ынтасын жояды.
Үштілділікті енгізгенде Назарбаев зияткерлік мектебінің, қазақ- түрік лицейлерінің тәжірибесіне сүйенді. Ауылдардағы қарапайым мектептердің материалдық- техникалық базасы, деңгей -дәрежесі олармен салыстыруға келмейді. Соған қарамастан барлық жерде бірдей, көңіл қиялындағыдай білім беру бағдарламасын кіргізбек. Аспаннан жерге түсіңіз, министр мырза. Алдымен апатты жағдайдағы мектептерді, үш ауысыммен оқытатын мектептерді оңдаңыз, интернет жүйесін толыққанды жұмыс істетіңіз, айлығы аз жұмысқа қызығып бармайтын жер- жердегі білімі шамалы мұғалімдерді жаңа, басқа пән мұғалімдерімен алмастырыңыз, олардың айлығын өмір сүруге лайықты деңгейге көтеріңіз. Шетелдік үлгідегі оқулықтарды «жерсіндіріп», жетілдіріп, жеткілікті түрде бастырған соң, жоғарыда көрсетілген талаптардың күллісін мұқият атқарып барып, биліктің биігінен түскен тапсырманы орындауға талпыныңыз. Ал қазіргі әрекетіңіз қолында бишігі бар шолақ белсендінің өңмеңдеген, бірақ өнбес тірлігі секілді. Көптің сөзіне көніңіз.
Біз өз ұрпағымыздың, ұлтымыздың тағдырын ойыншық еткізе алмаймыз! Өзгерістер мен жаңартулар, реформалар ғылыми негізде жасалсын, шын мәніндегі сынақтан өткізілсін, қоғамның бағасын алсын, ондаған жылдар бойы тәжірибе жинақтасын, кемшіліктері түзетілсін. Лайықты кадрлар даярлансын. Міне содан кейін ғана жаппай іске асыруға мүмкіндік берілсін. Мұндай сабырлы, салихалы шаруа қолыңыздан келмесе, өз еркіңізбен босаңыз, кесіріңізді тигізбеңіз! Келіп – кеткен он төрт министрдің қатарындасыз. Баянсыз бағдарламаңызды өзіңізбен бірге әкетіңіз! Келесіге тағылым болсын.
Алматы қаласы 2016 жыл 22 қазан.
Abai.kz