ҚАЗАҚ - «ЖАҚСЫ» ҰЛТ ПА, «ЖАМАН» ҰЛТ ПА?»
1. ҰЛТЫМА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТТІМ БЕ?..
Мансап, билік, лауазым, атақ, даңқ, қошемет пен құрмет – басқа ұлттарды қайдам, мына біздің Қазақтың танымал деген адамдарын, тұлғаларын кісі танымастай етіп, қатты өзгертіп жібереді екен. Мұндай осалдық біздің бәрімізге де тән қылық сияқты ма, қалай?..
...Білетіндердің айтуына қарағанда, мына мен де Алматы қалалық әкімдігіне екі рет қызметке барып, кәдімгідей елмен жүре сөйлесетін, уәде бергіш дәрежеге жеткен кездерім де аз болмаған екен...
Ондай қатты өзгергенімді өз басым байқай қойғам жоқ әрине. Әлгі біздің Қазақтың: «семіздікті - қой ғана көтереді» деген мақалы таза шындық екен...
Осы бір осалдығыма қарамастан мен туралы кім, қалай десе де, туған ұлтыма адал қызмет етуге тырысқаным, анық.
1991-1995 жылдары Заманбек Нұрқәділов әкім болып тұрған тұста, Алматы қалалық әкімдігінің ұлтаралық қатынас және қоғамдық саяси ұйымдармен жұмыс істеу бөлімінде қызметте жүргенімде Алматы түбіндегі «Шаңырақ», «Алтын бесік», «Тәугүл», «Думан», т.б. жерлердегі жиыны 12000 қазақ жастарына жер телімдерін тегін үлестіріп бергеніміз, құжаттарын заңды рәсімдегеніміз - жұрттың есінде болар деймін. Сол қызметіміз үшін мына біз, ішінде мен де бармын, ешкімнен ештеңе де алғамыз жоқ.
Екінші рет, 1999-2004 жылдар аралығында Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында қызмет істеп жүргенімде, Алматыда тіркелген электронды ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің орындалуы барысын тексеріп, КТК, 31-арна, Хабар, «Шахар», «Алматы», т.б. арналарды тексеріп, көпшілігіне айыппұлдар салдырғанымды, олардың амалсыздан ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптарын орындағанын жұрт біледі. Ал, қазір, осы таңда олардың Тіл туралы заңымызға пысқырып та қарамайтынын, бәріміз көріп, біліп жүрсек те, ауыз ашпайтынымыз неліктен екен?
Қазақ телевизиясында қызмет істеген жылдары өзімнің авторлық телебағдарламам «Түрік даналары» арқылы барша түрік халықтарының ортақ ұлы тұлғалары жайында әр қайсысы 30 минуттан 40-тан астам деректі фильмдер жасаппын. Сол сериялдарым үшін Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығын алдым.
Биыл тура 30 жылдығы болатын Алматыдағы 1986 жылғы әйгілі ЖЕЛТОҚСАНҒА қатысып , қанды оқиғаның ізі суымай жатып, «Зобалаң» атты дастан жазып, онымды Кеңес одағы кезінде «Азаттық» радиосынан әлем толқынын шарлатқаным тағы бір...
Айта берсем, әңгіме көп...
Мен, қайда, қашан, бұл туған ұлтым алдындағы атқарған азды, көпті қызметтерімді ол кезде де, бүгін де, бұлдаған емеспін. Және сол істеген қызметім үшін өз туған ұлтымнан түк те дәметпеймін. Өйткені, мен ең бірінші, сол Қазақтың қатардағы бір ұлы емеспін бе? Туған ұлтымнан бірдеме дәметуім білген жанға ұят қой...
Мен мұның барлығын да мақтан үшін айтып отырғамын жоқ. Өйткені, біздің Қазақты бұзып жүрген бір сорақылық: сол «мақтау» мен «мақтану» үшін емес, жұрт білсін деп айтып отырмын. Және де мен «сүттен ақ, судан таза» періште де емеспін. Басқа ұлтта шаруам жоқ, ал, біздің Қазақта мінсіз, кемшіліксіз бір пенде жоқ. Мен де солардың бірімін. Іздеген адамға мақтауға да, даттауға да жетерлік қоқыс табылады...
2. 300 ЖЫЛ СОҚҚАН ҮСКІРІК...
Кезінде атты, соттады,
Көпірді, асты, оттады...
300-де жылдан асыпты,
Орманнан ызғар соққалы.
Ерімнің басын кескелі,
Жерімнің тасын тескелі,
300 жыл, яки, үш ғасыр,
Өкпемді ызғар тескелі.
Адасқан тұлпар үйірден,
Қорбаңдап аю иірген.
300 жыл меңдеп келеді
Сол шаншу тиген бүйірден.
Ұлтымның таңы атқанмен,
Бірдей боп күні батқанмен,
300 жыл, міне, үреймен,
Ұйқыға елім жатқанмен,
Титтей бір үміт болмай тұр,
Орта да көңіл толмай тұр,
300 жыл мені демеген,
Тәңірім тағы қолдай тұр?
300 жыл бойы жеркенер,
Сол орман бір күн өртенер.
Қазақтың шындап таңы атып,
Асыр сап ұрпақ еркелер...
Көрсетпей жара, дақты олар,
Ыдысқа сөйтіп, ақ толар.
300 жыл болмай, үш күн де,
Ұлтыма кенет Бақ қонар...
Бұл тағдыр несін ұсынбақ,
Тағы да жүрек қысылмақ.
Құтылғанменен ызғардан,
Тұрған не анау ысылдап?..
Жүрекке тағы күш түсті,
Үмітім неге бүк түсті?
О Құдай, саған не жаздық,
Сынардай бізді үсті-үсті?..
3. БАРЛЫҚ АДАМ - ЕКІ ЖҮЗДІ МЕ?..
Біздің Қазақта бір керемет мақал бар. Көп жағдайда оның терең мағынасына бойлай бермейтініміз тағы бар. Ол мақал:
«Қазақтың тірісінің аманы жоқ, өлісінің жаманы жоқ» деген. Шырқыраған қызыл шақа шындықты бұдан артық қалай айтуға болады?
Бұдан шығатын тағы бір қорытынды: әр пенденің екі түрі, болмысы, мінезі бар дегенді аңғару қиын емес. Құдайға барабар, көрген адам келбетіне, ойының тереңдігіне тәнті болатын керемет тұлғалар болады. Ал сол «ұлылардың» көбінің басқа жағдайда мүлдем басқа пенде екенін неге естен шығарамыз?..
Иә, адам баласы да аспандағы айдың беті сияқты бір беті ақ, бір беті қара болып келетінін неге мойындағымыз келмейді?
Әлі адам мінезі қалыптаса қоймаған: сәби, бала, бозбала, тіпті, жігіт пен бойжеткен шақта адамның бәрі тап-таза мөп-мөлдір болып келетінін де естен шығармаған абзал. Бәленің бәрі ақыл толысқан, «бар» мен «жоқты» таныған тұста шығады.
Басқаша айтқанда, біз «жақсы» адамды да, «жаман» адамды да өзіміз қолдан көбіне қиялымыздан жасап аламыз. Дәлірек сипаттасақ, өзіміз ойдан құраған өтірікке өзіміз сеніп қаламыз.
Сонда барлық адам екі жүзді болып шыққаны ма?..
Міне, мына Жалғанның нағыз ащы шындығы деп осыны айтуымыз керек сияқты...
4. ТЕКСІЗДЕР - КІМ ЕКЕН?..
Тексіздік - жамандық біткеннің зоры екен,
Бір ұлттың қазылған көрі мен оры екен...
Тексізден - тексізге бұйырса ол билік
Сол ұлттың қайнаған соры екен!
Бір ойлы қалмастан ақылды, ерікті,
Тексізге амалсыз тізгінді беріпті...
Бұл Қазақ - дәл соның аумайтын өзінің,
Түріне, бар болмыс кебіне еніпті.
Қазақта тексіздер - шүршіттің қалдығы,
Тексіздер - жыланнан қорланып қаңғыды.
Тексіздер - қалай да қапысын жібермей,
Бір күні кіретін тесікті аңдыды.
Ол иттер - қалай да тұсау боп асауға,
Ұрлауда, тонауда, тоқтаусыз асауда...
Міне, сол тексіздер мәз болып, масайрап,
Ұлтымды бұғаулап, мазағы жасауда...
***
...Мен сенем, бағымыз қонады айналып,
Ешқашан жатуға болмайды жайланып...
Бүгінде тексізден құтылар күн жақын,
Сондықтан жасы ма, жүнжі ме, қайран Ұлт!..
5. ҚАЗАҚ - «ЖАҚСЫ» ҰЛТ ПА, ЖОҚ «ЖАМАН» ҰЛТ ПА?»
Біздің Қазақтың «жақсысы» көп пе, жоқ, «жаманы» көп пе?
Алдындағы екі дәрісімдегідей Қазақтың бұл екі қырын пайызға бөлмеймін. Меніңше, Қазақтың «жаманынан» «жақсысы» көп.
Сонымен бірге біздің Қазақ екі жағымыздағылар сияқты «қанішер», «жауыз» ұлт емес. Ақ көңіл, ашық, сәл мақтаншақтау, тым қонақжай, өзі отырған төрі мен төсегін жауы болса да «қонақ» деп сыйлай салатын, балаларына қимаған дәмдісін қонағынан аямайтын, қызыл сөзге құмар, ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін аса кең ұлт.
Жер бетінде Қазақтай дархан ұлт жоқ десе де болады. Ал, Қазақтың осы молынан пішілген кең пейілділігі өзінің «бағы ма?», жоқ, «соры ма?»
Бұл, мүлдем басқа әңгіме...
Жұмаш Көкбөрі
Abai.kz