Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 4825 0 пікір 12 Қазан, 2016 сағат 12:51

ЭКСТЕРМИЗММЕН КҮРЕСТІҢ МӘНІСІН ЕЛ ІШІ БІЛІП ОТЫР

Ақтөбе облысына Астанадан Бас прокурор Ж.Асанов бастап, екі жүзге жуық хұқық қорғау және басқа да әртүрлі сала қызметкерлері келіп, жұмыстарын бастап кетті. Халыққа заң, қаржы, медицина жағынан көмек көрсетілмек. Ақтөбе халқы ұғымсыз емес, жағдайды терең түсінеді. Үгіт-насихат негізінен интеллигенция, ардагерлер, мән-жағдайды терең білетін адамдар арасында жүріп жатыр. Ал қарсылыққа бейімділер өздерін бөлек ұстайды.

Егер ағаштың тамыры қураса, оның бір бұтағы көгермейтіні сияқты, бір облыстағы шаралар елді сауықтырмайды. Терроризм негізінен тікелей қызметін атқара алмайтын, әділетсіздік пен зорлық күшейген, адам хұқы бұзылған, заңсыздық етек алған елдерде  көрініс алады. Бірақ біздің билік сын көзбен ішкі саясатты саралауға, келеңсіз жағдайларды ой елегінен өткізуге бара алмай отыр.

Ең бастысы елдегі моральдық ахуал күрделі. Халық пен билік арасындағы байланыс шірік жіптей үзіліп барады. Билік те, халықтың бірқатары да салафиттердің көзін жою керек дейді. Ол мүмкін де емес. Тіпті мүмкін болғанның өзінде де адамды  жойғанмен, салафиттік идеяны жоя алмаймыз. Күшке сене берсек, мемлекет халықтың қорғаушысы емес, терроризмге дем беруші болады. Салафитттердің қатарын толтыратын көзге ұрып тұрған материалдық теңсіздікті, орынды, орынсыз билікке өкпелегендерді, ашулы-ызалыларды, қылмыстық ортаны қайда қоямыз?  Елімізде қарапайым халықтың тұрмысын білмейтін, білгісі де келмейтін, не өндіріп байығаны белгісіз байлардың шығуы және олардың бірқатары жоғары билікке жақын ададмдардан болуы елді ойландырмай қоймайды. «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы» деп, ақшаға табынбайтын қазақ бұл байларды қабылдамайды. Егер қандай-да бір экстремист Алланың атымен өзін жемқорлармен күрескермін деп жарияласа, қазіргі қымбатшылықтан кедейленіп бара жатырған ортада оны қолдаушылар да табылады.

Біз әзірге шырғалаңнан шыға алмай жүрміз. Террористтер атады, өлтіреді, хұқық қорғау қызметкерлері оларға іздеу  салады, ұстайды, соттайды, колонияға жібереді. Қылмыскер онда өз қатарын көбейтеді, түбі бостандыққа шығады.... Барлығы қайта басталады.

Мемлекет терроризмге қарсы тактикалық қадамдар жасап жатыр, ал стратегиялық ұзақ мерзімді шаралар, ішкі саясатта артықшылық беретін бағыттар нақтыланған жоқ. Бір мәселе белгілі болды: үкімет күштік құрылымдарға бөлінетін қаржыны 70млрд.-теңгеге арттырды.

Дегенмен бүгін терроризмге қарсы күресте біздің мемлекет таңдау алдында тұр.

Арнаулы қызмет органдарын қаржыландырамыз ба, оларға жаңа кадрларды қызметке тартамыз ба, әлде білім беруге, әсіресе, ауылдық жердегі жастарды квотамен оқуға көбірек тартамыз ба? Бұл бірінші мәселе.

Жұмысты бұрынғыша тек теріс бағытта, экстремистік топта жүр дегендермен жасау керек пе, әлде халықты тәрбиелейтін, парасаттық жол сілтейтін, атыс-шабыстан алыс кинофильмдер, қоғамға имандылық ықпал ететін театрларды көбірек қаржыландырамыз ба, қазақ салт-дәстүрін насихаттайтын мәдени құндылықтарға тереңірек мән береміз бе әлде халықты жалықтыратын, қасаң ми, үйренген, ығыр болған жолмен кете береміз бе? Бұл екінші мәселе.

Террорға қарсы күреске бірбеткей кетіп, қаржыны қару-жарақ алуға жұмсап, жұмыссыздық, кедейшілікті кейінгі орынға ысырылса, халық оны қолдай ма? Тағы шиеленістер тумай ма? Бұл үшінші мәселе.

Ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт өз жемісін бүгін емес, ертең береді.

Еліміздің ішкі саясатында дін саласын басқаруда жүйелі жұмыстың жоқтығы да назар аудартады. Қараңыз: дін мәселесін реттейтін әуелі Үкімет жанында хатшылық болды, кейін ол комитетке айналды, комитет агенттікке, агенттік қайтадан комитетке, енді комитет министрлік болып қайта құрылды, ол негізінен күштік құрылымдар қызметкерлерінен жасақталуда. Осы министрлікке азаматтық қоғам мәселелерін қоса берілуі де қисынсыз. Себебі азаматтық қоғам проблемалары бір министрліктің ісі ғана емес. Дін әлеуметтік институт ретінде азаматтық қоғамның бір маңызды бөлігі.

Енді жастар мәселесін алыңыз: әуелі спорт министрлігіне, кейін Білім және ғылым министрлігіне, одан мәдениет министрлігіне, енді Дін істер жөніндегі министрлікке берілді. Осы ауыс –түйістер тұсында талай тәжірибиелі мамандар жұмыстарынан кетеді, олардың орнына жаңа министрлердің өз адамдары келеді. Осылай бірізді жүйелі жұмыс ұйымдастыру күні бүгінге дейін болмай келді.

Терроризммен күресте бірбеткей  қамшылау, діни ұйымдарды, күдікті дейтіндерді бұрышқа тықсыру басым, ал ол қарсылықты күшейтеді. Салафизммен күресте жұмсақ саясат, қоғамды демократияландыру, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру өте маңызды.

Египет пен Алжирде, мысалы, экстремистермен  күресте жергілікті халықты жұмылдырып, жастардан дәстүрлі діни салттарын қорғайтын топтар ұйымдастырып, теріс ағымдағыларды қоғамнан оқшаулап, жұмыстарын шектеген. «Дінімізді қорғау-ұлтымызды қорғау»            деген қоғамдық қозғалыс бізге де тиімді болады.

Философ Платон айтқан: өз еліңде жауыңның болуы мүмкін емес. Егер де қарсыластарың, келіспеушілерің болса, онда оларды сабырмен ақылға шақырып, ымыраға келген жөн. Сөйтіп, олардың өмірін сақтап қалуға жұмыстану қажет, өйткені шалыс басқанның бәрі бірдей жау емес.

А.Айталы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  профессоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5652