Әлия Назарбаеваны жылатқан фильм
Қазақстан президентінің кіші қызы Әлия Назарбаева продюсерлік еткен «Анаға апарар жол» деп аталатын көркем фильм 29 қыркүйектен бастап елдегі кинотеатрларда көрсетіле бастайды. Кинолентаны авторлар патриоттық фильм деп атады. Фильмнің бюджеті ашық айтылмады.
Прокатқа шығарар алдында Тимур Жақсылықовтың сценарийі бойынша, Ақан Сатаев режиссерлік еткен «Анаға апарар жол» фильмі Алматыда көрсетілді. Бұл фильмнің премьерасы жаз айында Мәскеуде өткен халықаралық кинофестивальде көрсетілді.
Режиссер Ақан Сатаевтың айтуынша, мемлекет қаржысының көмегінсіз тарихи фильм түсіру мүмкін емес. Әрі Әлия Назарбаеваның бас продюсерлік еткені үлкен рөл ойнаған. Фильмнің қомақты қаржыға түсірілгені соғысты көріністер куә болады. Мәселен Днепрден өтер жолда көпшілік көрініске 500 адам қатысқан. 300 қару-жарақ түрі пайдаланылған. Киноны Қазақстан, Беларусь және Әзірбайжан қалаларында түсірген.
Фильмнің басты желісі — ана мен ұлдың ұзақ жылдарға созылған айырылысудан кейінгі қайта қауышуы. Оқиға ұжымдастыру, жұт, сталиндік репрессия секілді тарихи оқиғаларды қамтиды. Екінші дүниежүзілік соғыс, тылдағы, сталиндік лагерьдегі жұмыс. Осының бәрін фильмнің басты кейіпкерлері Ілияс, оның анасы Мәриям және асыранды қызы Үміт бастарынан өткереді.
Бұл фильмді наруыз айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та жақсы бағалағанын жергілікті БАҚ жазды. Фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаева да нәтижесіне разы. «Фильмді қанша көрсем, сонша жылаймын», - дейді ол.
Абай-ақпарат