Түлкібаста алма жинау науқаны басталды
Биылғы жыл Түлкібастық алма еккен бағбаншылар үшін қолайлы жыл болмақ. Өнімді артығымен жинаған бағбандар табысқа кенелуде. Өткен жылы 9 мың 800 тонна алма жинаған шаруалар, бүгінгі күнге дейін 12 мың 500 тонна алма теріп үлгерді. Алдағы күндері шаруалар тағы 15 мың тонна алма жинауды жоспарлап отыр.
Алма бауларынан молынан өнім алған «Көк тал» шаруа қожалығы мен «Кентау» ЖШС-ін айрықша айтуға болады. Өйткені шаруашылықтар бақ өсіруде алдыңғы қатарлы елдердің, оның ішінде Түркия, Польша мемлекеттерінің соңғы үлгідегі озық тәжірибелерін пайдаланып, сол елдің мамандарын шақырып, үйренді. Соның арқасында 230 га алма бауы бар «Көктал» шаруашылығы биыл 5 мың тонна алма жинауды межелеп отыр.
Осылайша, Түлкібас ауданын жеміс-жидекті аймаққа айналдыру туралы бастамаға орай ауданда көптеген жұмыстар атқарылуда. Алма егуге ниет білдірген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша жер телімдері беріліп, алма баулар көлемі ұлғайтылды.
Бүгінгі таңда ауданда өсіріліп жатқан барлық алма ағаштарының көлемі 3115 гектарды құрап отыр.
Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Abai.kz