Мемлекеттің қолдауы отбасылық кәсіпкерлердің санын көбейтті
Елбасы тапсырмасымен, өңірлерде ауыл шаруашылығын дамыту басты назарға алынған. Осы мақсатта «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары құрылып, өз істерін бастап кетті. Аталмыш бағдарламалар отбасылық кәсіпкерлер санын да көбейтіп жатыр - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Бұл бағдарламаларды толықтай іске асырса, онда еліміздегі өңірлерде ауыл шаруашылығы орасан зор деңгейде дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Ең бастысы, сан емес, сапа болады. Мысалы, 5 сиыр беретін 50 литр сүтті «Сыбаға» бағдарламасы бойынша алынған 1 асыл тұқымды сиыр бере алады. Ордабасы ауданында шаруа қожалықтарына несиелер беріліп, диқандарға қолдау көрсетілуде.
Мысалы, ШНҰ “ЫРЫС” ЖШС-гі арқылы 157,7 млн.теңге берілген, оның ішінде 59,5 пайызы егін шаруашылығына, 1,9 пайызы жылыжайға және 38,6 пайызы мал шаруашылығына беріліпті. Ал, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы берілген несие көлемі жалпы 157,8 млн. теңге, оның 3,8 пайызы жол тасымалдау, 5,7 пайызы жүк тасымалдау, 3,8 пайызы жылыжайға, 1,9 пайызы көлік жөндеу және 84,8 пайызы мал шаруашылығына бөлінген. Биылғы жылдың 6 айында ауыл шаруашылық саласында 9 млрд. 366 млн. 700 мың теңгенің өнімі өндірілген. Ал, мал шаруашылығында өсім 3,1 пайызды құрады.
Тарата айтсақ, ірі қара мал шаруашылығында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тапсырма 121,9 пайызға, жылқы басын көбейтуде «Құлан» бағдарламасы бойынша 44 пайызға, асыл тұқымды қой санын өсіруде «Алтын асық» бағдарламасы бойынша тапсырма 153,9 пайызға орындалған. Отбасылық фермалар саны көбейген. Ірі қара малдарды қолдан ұрықтандыру бағытында ағымдағы жылы жоспарланған 7 348 ірі қара малдың 7 369-ы қолдан ұрықтандырылып, тапсырма 100,3 пайызға орындалыпты. Құс өсіру ісінде де ілгерілеушілік бар.