ОҚО: Қазығұртта қаржыландырылған жоба көп
Желтоқсан айының қорытындысы бойынша, Қазығұрт ауданының әкімі өңірде атқарылған шаруалардың есебін жүргізді. Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың айтуынша, биыл өңірде қаржыландырылған жобалар жетерлік.
- Елдің өскенін әуелі онда қоныстанған халық санынан білесің, - дейді Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев.
– Нұх пайғамбардың кемесі тоқтап, адамзат баласы қайтадан өсіп-өнген өңірде демографиялық өсім байқалады. Тәуелсіздік жылдарымен салыстырғанда адам саны 110 мыңға жетіп отыр. Ал, бюджет көлемі азаттықтың ақ таңы атқан күннен 115 есеге көп. Жетекші салалар жетістікке толы. Аудан әкімі Төлеген Телғараев ауылшаруашылығы бойынша Қазығұрт ауданының алдыңғы шепте тұрғанын айтады.
- Егістік көлемі ұлғайды. Биыл мол өнім жинадық. Табысымыз 74.2 млрд теңгеге жетті. Қазығұрттағы 64 елдімекеннің 42-сіне ауыз су құбыры тартылды, көгілдір отынмен қамту ісі 65.6 пайызды құрады. Жолдар жөнделді. Көпірлер салынды. Дақылдың орташа түсімі жылдағыдан 20% жоғарылады. ҮИИД бағдарламасының шарапаты аймақта анық сезіледі. 7 жоба мақұлданып, төртеуі іске асты. «Лотус фуд компании ЛЛС» - тез әзірленетін тағамдар зауыты соның айғағы. Биылғы жылы 722.7 млн теңгелік 2 жоба индустрияландыру картасына енгізілді. Ауданда шығарылған өнім және көрсетілген қызмет пен жұмыс көлемдері 1991-жылмен салыстырғанда, 51 есеге артқан. Тамшылатып суару технологиясын енгізудің жалпы көлемі 2384 га жетті. Сол сияқты егіс көлемі де еселенді. Бұл Елбасының халыққа жағдай жасау қажет деген міндеттемесінен кейін нықтап орындалған жоспарлар. Ауыз толтырып айтар жаңалықтар көп болғанмен, тоқмейілсуге болмайды, -дейді аудан әкімі Т.Телғараев.
Абай-ақпарат