Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 3427 0 пікір 20 Желтоқсан, 2016 сағат 20:23

ТЕТРАДЗЕЛЕРДІҢ ҚОСТАНАЙҒА ҚАЙ ЕҢБЕГІ СІҢІПТІ?

                                       Қазақстан Футбол федерациясының Президенті

 С.И.Байшақов мырзаға

                                  

АШЫҚ  ХАТ

Құрметті  Сейілда Икрамұлы!

Біз - қостанайлық бір топ футбол жанкүйер, «Тобыл» командасының капитаны Нұрбол Жұмасқалиевті командадан аластатып отырған клуб басшылығы мен бас бапкер Омари Тетрадзенің асығыс қабылдаған шешіміне наразылық білдіреміз.

Нұрбол Жұмасқалиев – 2000 жылы ел футболына өзіндік ойын өрнегімен келген  талантты ойыншы. Содан бері қостанайлық футболшының есімі халық арасында  аңызға айналып үлгерді. Оның осы он алты жылда жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, 2010 жылы ел чемпионы атанды. 2003, 2005, 2007, 2008 жылдары Қазақстанның вице-чемпионы, ал 2002, 2004, 2006 жж чемпионаттың қола жүлдесіне ие болды. 2007 жылы Қазақстан Кубогының иегері. Сол жылы Интертото Кубогын жеңіп алды. 2011 жылы астаналық «Локомотив» сапында Қазақстанның Суперкубогына қол жеткізді. 2005, 2010 жж ҚФО-ның нұсқасы бойынша еліміздің үздік футболшысы, 2003, 2010  жж Goаl журналының нұсқасы бойынша үздік футболшы атанды.  2001, 2003, 2004, 2005 жылдары Қазақстанның ең үздік жартылай қорғаушысына берілетін сыйлықты жеңіп алды.

Ол Қазақстанда бір ғана команда сапында 100-ден артық доп соққан жалғыз футболшы. Бүгінде Нұрбол Жұмасқалиев еліміздегі ең көп голдың авторы ретінде белгілі (167 доп). Жұмасқалиев есімі әлдеқашан «Тобылдың» екінші атына айналды. Оның басты символы десек, артық емес.

Ұлттық құрама мен Қостанайдың «Тобылына» өлшеусіз үлес қосқан мұндай әмбебап ойыншының әлі де отандық  футболға берері мол. Оған біз еш шүбәсіз сенеміз.

Рас, Нұрбол биыл 35 жасқа толды. Бірақ, бұл футбол үшін қолайсыз жас емес қой. Қазақстан футболында одан жасы үлкендер әлі де доп теуіп жүр және олардың жастарға берер тәжірбиесі мол. Тіпті, 1998 жылы «Тобыл» командасында 42 жастағы Петр Дидык деген футболшының ойнағанын білеміз. Одан кейін де ел чемпионатында қаншама «жасы келген» футболшылар жүрді. Олардың көбісі қазақстандық футболға дәл осы Нұрболдай еңбек сіңіре алған жоқ. Нұрбол Жұмасқалиев-шын мәнінде тума талант, ерекше қабілет иесі. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.

Нұрбол Қазақстан чемпионатынан тысқары, Ресейдің топ-командаларында доп тепсе де, өз жолынан жаңылыспайтыны анық еді. Оған ана бір жылдары Мәскеудің «Спартак» командасынан шақыру түскенін білеміз. Алайда, Нұрбол Жұмасқалиев өз елінде қалуды ұйғарды. Ол Қостанайға әбден сіңіскені сонша, 17 жасында келгеннен «Тобылды» Қазақстан чемпионы еткенше,командадан алысқа ұзаған жоқ. Тек, 2011 жылы, бір маусым ғана Астананың «Локомотив» командасында ойнады. Оның өзінде  команданың ұзақ жылдар бойы қалыптасқан құрамын әрі - сәрі күй кештірген ресейлік бапкердің кесірінен кетуге мәжбүр болды. Айпақшы, содан бері қостанайлық команданың жағдайы оңалған жоқ. Команда сапында бір-бірінің ойын-өрнегін, қимыл-әрекетін көзбен оқып, жазбай танитын  көптеген мықты футболшылар басқа командаларға ауысып кетті. Олардың орнын басқандар әлі күнге дейін ел чемпионатында еңсе тіктей алар емес. Сонда жылдар бойғы жүргізілген селекциялық жұмыстардың нәтижесі қайда?! «Тобыл» төртінші жыл қатарынан турнир кестесіндегі екінші алтылықтан шыға алар емес. Мұны клуб басшылығы нақты түсіндіріп бере алмайды. Өйткені, жылда сырттан шақыратын футболшылардың денінің  деңгейі ортадан төмен ойыншылар. Біздегі аяқ-допқа тән ең бір жаман әдет - Ресейдің ортаңқол командаларынан шығып қалған шетелдік футболшыларды әкеп тоғыта береді. Бұдан Қазақ футболының деңгейі көтерілгені шамалы. Осындай бір топ «Тобылдың» құрамында да ілініп-салынып жүр.  Олардан ешқандай қайыр жоқ екендігін клуб басшылығымен өткен талай кездесуде айтқанбыз. Өкінішке қарай, клубтың қазіргі директоры Талғат Баймұратов сөзімізге ешқандай құлақ асқан емес. Ол клубқа жауапты болса, біз де команданың тәуір ойнағанын қалаймыз. Жанымыз ашиды.

 Құдай біледі, «Тобыл» алдағы жылы да нақты нәтиже көрсете алмаса, онда Омари Тетрадзенің орнын сақтап қалуы неғайбыл. Ал Нұрбол Жұмасқалиев туған командасын алға сүйреп, сандаған жылдар оның жүлдегерлер санатынан көрінуіне сеп болды. Қысқасы, командада бас бапкерлер бірнеше мәрте ауыстырылғанмен, Нұрбол ешқайда мойын бұрған жоқ. Әйтпесе, оны аттай қалап алғысы келген командалар шоғыры әлі де жетіп артылады.

Әнеукүнгі бір сұқбатында Нұрболдың өзі келесі жаңа маусымда да «Тобыл» сапында ойнағысы келетінін айтқан. Алайда, оған клуб басшысы Т.Баймұратов пен бас бапкер О.Тетрадзе мүмкіндік бермеді. Жақында ғана Н.Жұмасқалиевтің командада қалуын қалайтын бір топ жанкүйер (500-дің сыртында) Сіздің және клуб басшысы Т.Баймұратовтың атына хат жолдағанын білеміз. Яғни, бұл жағдайдан Сіздің хабарыңыз болуы бек-мүмкін. Ал соңыра жанкүйерлердің бір тобы клуб директорымен кездесті. Баймұратов мырза кездесуге келгендерді алдарқатып, екі ұшты жауап берумен шектелген. «Бұл менің емес, бас бапкердің шешімі. Мен клубтың қаржылық жағына ғана жауап беремін» деп құтылған. Ау, сонда, бұл қалай? О заманда, бұ заман, білдей бір клубтың директорына ойыншылардың тағдыры ойыншық болғаны ма?! Керісінше, кез келген футболшыны командаға алу,алмау туралы басшылық  бас жаттықтырушымен бірлесіп шешпеуші ме еді? Тіпті, Н.Жұмасқалиевпен арадағы келісім-шарттың мерзімі аяқталған жағдайда, оны неге футболшының өзіне көзбе-көз айтпаған, неге алдын-ала ескертпеген? Түсініксіз. Нұрболдың өзі клуб басшыларының  шешімі туралы интернеттен оқып, білдім деп отыр. Сонда біздегі футбол саясатында кез келген келісім яки біреуді орнынан кетіру сырттай жасала беретін болып тұр ғой. Бұл дегеніңіз нағыз бассыздық емей не?!

 Немесе, «Тобылды» жаттықтырғанға дейін Талдықорғанның «Жетісуын» ұшпаққа ұшырмақ түгілі, діңкелетіп құртқан, артынша Ресей асып, ол жақта да оңды істей алмай, Қазақстанға қайта оралған О.Тетрадзенің Қостанайға қай еңбегі сіңіпті?! Ондай бапкерге билігі жүрмейтін клуб директорының өзі неге орнын босатпайды?! «Тобыл» үшін сол тиімдірек болар еді.

Біз мұның бәрін ашынғаннан айтып отырмыз. Ел футболын дамытамыз десек, Нұрбол сияқты құйынперен, соққысы жойқын ойыншылардың тәжірбиесіне арқа сүйемеске болмайды. 

Клуб басшылығы футболшыны «Тобылдың» жаттықтрушылық штабына қалдырғысы келгенін айтып ақталыпты. Оған Нұрболдың өзі келіспепті-мыс. Білуімізше, жағдай Баймұратов айтқандай емес. Директор Нұрболды командадан тыс, клуб жанынан құрылған жасөспірімдердің «Дерби» командасына бапкер болып баруды ұсынған. Айлығы 85 мың теңге! Апыр-ай, осындай да қорлау бола ма? Өзіңіз ой-таразысына салып, безбендеп көріңізші. Әрі-беріден соң бұл мазақ емес пе!

Қазақстан футболының жарық жұлдызы ретінде Жұмасқалиевті «ит қуды етпей», жап-жақсы шығарып салудың жолы көп еді ғой. Ақыры, командада қалдырғысы келмеген екен, шақырып алып, сыпай түрде қоштасса, Баймұратов тағынан түсіп қала ма?!

Маусым аяқталар тұста Н.Жұмасқалиев ҚФО атқару комитетінің шешімімен 7 матчқа шеттетіліп еді ғой. Бұл мәселені де футболшының өзі клуб басшылығының көмегінсіз, 2 матчқа дейін қысқартуға қол жеткізіпті. Шын мәнінде оның бұл қадамы құптарлық.  Нағыз азаматтық! Алдағы жылы да туған командасынан ірге ажыратқысы келмегені. Жаны ашығандық.

Әрине, Нұрбол Жұмасқалиев «Тобылдан» кеттім екен деп, қарап жатпасы анық. Бірақ, тағы да айтайық, оның Қостанай футболына қосқан үлесі клуб басшылығының  тосын қабылдаған шешіміне лайықты емес.

Сондықтан Қазақстан Футбол Федерациясы тарапынан осы мәселеге қатысты оң шешім қабылдайды деп, өзіңіздің атыңызға хат жолдап отырмыз. Біздің үмітіміз тек Сізде ғана, құрметті  Сейілда Икрамұлы.

Қостанайлық бір топ жанкүйерлердің атынан,

Серік Байназарұлы

Abai.kz.

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566