Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2480 0 пікір 20 Желтоқсан, 2016 сағат 11:51

Оңтүстіктің шаруашылығы шетелдіктерді қайран қалдырды

Ғылым мен өндіріс қашанда бір-бірімен тығыз байланысты. Әсіресе, ауыл шаруашылығында жаңа технология мен тың әдістерді өндіріске ұдайы енгізіп отырмайынша, бір сөзбен айтқанда үнемі жаңартып отырмайынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бәсекеге қабілетті болуы мүмкін емес.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы ғылымының одақ кезінен қалыптасқан жүйесі, тәжірибесі бар. Сондай ұзақ жылдық тәжірибесі бар мекемелердің бірі «Жер-ана» ғылыми-өндірістік бірлестігі ЖШС. Аты айтып тұрғандай, серіктестік Жер ананың төсін еміп өскен диқандарға арнап тыңайтқыш өндірумен айналысады. Шығарылатын тыңайтқыштар экологиялық жағынан таза биотыңайтқыштар. Қазірдің өзінде қазақстандық ғалымдардың шығарған өніміне деген сұраныс жоғары. Биотыңайтқыштармен өсірілген бидайларға тіпті сонау ағылшын монархтарының өздері тапсырыс беріп, француз жүзім өсірушілері оны арнайы тексеруден өткізіп, сапасына жоғары баға берген. Қазақстандық биотыңайтқыш өндірушілер тіпті осы салада ресейлік ғалымдарды да қайран қалдырып отыр. 

Бүгінде жоғарыда аталған бірлестік «Хазрет Али Акбар» серіктестігімен бірлесіп Шымкенттегі өндіріс орнында «Б» маркалы «МЭРС» микробиотыңайтқышын және «БИОБАРС» сұйық кешенді биотыңайтқышын шығаруды қолға алып отыр.   – Аталған биотыңайтқышты кез келген көкөніске, бау-бақша өнімдеріне пайдалануға болады. Аталған тыңайтқышты қолдану арқылы өсімдік қосымша элементтермен, оның ішінде өсімдік үшін аса пайдалы минералдармен байытылады. Нәтижесінде дәнді-дақылдардың химиялық тыңайтқыштарды қолданусыз-ақ түсімділігі 25-50 пайызға дейін өседі, – дейді «Жер-ана» ғылыми өндірістік бірлестігі» серіктестігінің вице-президенті Жамалладин Махмудов.   «МЭРС» биотыңайтқышының өзге тыңайтқыштардан бірнеше артықшылықтары бар екен. Біріншіден – ол өсімдіктің ыстыққа, суыққа, құрғақшылыққа төзімділігін арттырады, екіншіден – өсімдіктің әртүрлі ауруларға шалдығуы көрсеткіші 40-60 пайызға дейін төмендейді. Бұдан бөлек биотыңайтқыш қолданылған бау-бақша өнімдері мерзімінен 8-10 күн бұрын піседі, өсімдіктің қартаюы баяулайды. 
Серіктестікте өндірілетін екінші өнім – «Биобарс» сұйық кешенді биотыңайтқышының құрамында 7 макро (азот, фосфор, калий, кальций, магний, темір және күкірт) және 9 микроэлемент (мыс, мырыш, молибден, марганец, бор, кобальт, йод, кремний, хлор) бар. Аталған элементтер өсімдікке қажетті минералдармен толығымен қамтамасыз ете алады.  
– Біздің биотыңайтқыштарымыздың тиімділігіне бүгінгі күні шетелдік ғалымдар да қайран қалып мойындап отыр. Мәселен, оны картоп дақылына сынап көргендер болды. Сонда көз жеткізілгені, ресейлік биотыңайтқыштар қолданылған картоп гектарына 1 тонна артық өнім берсе, біздің биотыңайтқыштарды қолдану арқылы 8 тоннаға дейін артық өнім алуға болатыны дәлелденіп отыр. Жуырда француздар тыңайтқыштарымызды жүзім дақылына тексеріп, жақсы қорытынды берді, – дейді «Жер-ана» ғылыми өндірістік бірлестігі» ЖШС-інің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша менеджері Нұрлан Махмудов.  

– Бау-бақшаны өсіруге химиялық тыңайтқыштардан гөрі биотыңайтқыштардың пайдасы зор. Оның өсімдікке ешқандай зияны жоқ. Экологиялық жағынан таза. Химиялық тыңайтқыш пайдаланылған өсімдікте осы препараттарға деген тәуелділік қалыптасады. Яғни, оның ұрығы келер жолы да селитра сеппейінше жақсы өнім бермейді. Ал, биотыңайтқыштарда мұндай қауіп жоқ, – дейді Ж.Махмудов. Айтқандай, отандық ғалымдар өздері ойлап тапқан биотыңайтқыштардың жасалу тәсілін коммерциялық құпия деп отыр. Дегенмен, олар биотыңайтқыштарды жасыл желектің бойындағы табиғи минералдарды жинақтаудан алынады дейді.  

Дәл қазір осы биотыңайтқыштарды бидайдың бір тонна тұқымына бар-жоғы 200 граммын қолданса жетіп жатыр. Ал, 1 гектар бау-бақшаға 250 граммы кетеді екен.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602