Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 6583 0 пікір 12 Желтоқсан, 2016 сағат 12:02

«ҰЛТЫШЫЛДЫҚТЫҢ ДЕРТIМЕН АУЫРАДЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫ ӨЗIНШЕ ТҮСIНЕДI»

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың (суретте) «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

 

«Ел ағасының» толық ңұсқасы қолда болмағандықтан да, ондағы өмiр шындығын қиялмен жорамалдап, тұжырым жасау – қиянат. Дегенмен де. Әсия қыздың тағдырын Кәмиланың өмiрiмен салыстырып көрсеңiз, бiраз жайдың бетi ашылады. Бостандықтан соңғы оқыған азаматтардың еркiндiкке құлшынуы, Ермектiң Әсияны ұзатылған жерiнен жасақ ертiп барып сүйгенi Қабышқа қосуы – осыдан үш-төрт ай Мұхтардың өз басынан өткен жайларын еске салады. Өз өмiрiнен өнерге өзек ретiнде алуы – оның барынша шындықты суреттеуге ұмтылғандығын дәлелдейдi. Мұхтардың iз-түзсiз жоғалып кеткен шығармасы жалғыз «Ел ағасы» ма, жоқ өзге де туындылары бар ма, ол жағын кесiп-пiшiп айту қиын. Мүмкiн, күндердiң күнiнде қараңғы түнде жарқ ете қалған найзағайдың архив сөрелерiнiң бiрiнен шыға келуi де ғажап емес.

1921 жыл. Ақпан, наурыз.

Қайым Мұхаметханов: «Сол жылы 13 наурызда М. Әуезовтiң «Бәйбiше-тоқал» пьесасын сахнаға шығарыпты. Бұл жайында «Қазақ тiлi» газетi (қазiргi «Семей таңы») 1921 жылы 29 наурыз күнгi санында: «Осы жылы 14 наурызда Семейде Свердлов клубында қазақша сауық кешi болып өттi. Бұл кештi Семейде болатын тұңғыш губерниялық әйелдер тойына арнайы Жаңасемейдегi «Ес аймақ» ұйымы жасады. Тамашаға жас жазушы Мұхтар Әуезовтiң жазған «Бәйбiше-тоқал» атты төрт бөлiмдi драма кiтабы ойналды. Бұл драма бұрын дүние жүзiне шықпаған hам ойналмаған шыт жаңа болғандықтан бұл туралы бiрер ауыз сөз айтып өтпекпiн», - деп хабардың авторы (мақаланың аяғында «Сауықта болған» деген) бұдан әрi пьесаның мазмұнын баяндайды. Соңында: «Сауықтың өте әсерлi болғандығы сондай, драманы жазушы Мұхтар жолдас ойын бөлмесiне шақырылып, халыққа таныстырылды. Сауықта болған халықтар ойыншыларға есепсiз алғыс айтып, бiр түрлi көңiлдерi тасып, шаттанып қайтты. Бұл сауықтан қазақ труппасының маңызын қазақ труппасы өркендеп жасайтынын, iлгерiлдегi iсiнiң аса жемiстi болатынын, ойнап жүрген ойындарының ең маңдайы болып шыққанын ойнаушылар шын ынтасымен мойындарына артылған зор мiндетiн iлгерiде күдiксiз жақсы атқаратындығы айқын көрсетiлдi» - деген.

1920-1921 жылдардың қысы өте қатал болды. Қазақтар «жұт» деп атады. Егiн шықпады. Сүзек ауруы меңдедi. Бұл жағдайды арандатушы таптар пайдаланып, ел арасына iрiткi салды. «Қазақ тiлi» газетiнiң редакторлығын губерниялық атқару комитетiнiң торағалығымен қоса атқарған Мұхтар, уақытша қиыншылықтың себептерiн, оны жоюдың жолдарын түсiндiрiп, «Бүгiнгi зор мiндет», «Қазақ қызметкерлерiнiң мiндетi», «Егiнге дайындалыңдар» деген бас мақалалар жазды. Қазақ автономиялық республикасы құрылса да, Семей губерниясы Сiбiр ревкомына қарайтын. 1921 жылдың 20 көкегiнен бастап автономия құрамына көштi. Бұл да ұмыт қалмай, «Қазақстан елшiлерiнiң хабары» деп әкiмшiлiктiң ауысуына қатысты жайларды түсiндiрiп бердi. Осыдан кейiн Мұхтардың журналистiк қызметi үзiлiп қалды. Семей қазақ автономиясының қарамағына көшiп жатқан кезде, 1921 жылы Қарқаралы мен Павлодар уезiнде Контрреволюциялық бүлiк бұрқ ете қалды. Монғолия мен Қытай шекарасы арқылы ақ гвардияшылардың сарқыншақтары лап қойды. Семей қаласында да дәл сол күнi арандату әрекеттерi жасалды. Шұғыл төтенше комиссия құрылды. Мұхтар Қарқаралыда бандылардың қолынан қаза тапқан 70 большевиктiң iсiн тексерiп, бүлiншiлiктi басатын төтенше комиссияның төрағасы болып бекiтiлдi. Бiр полк әскер ертiп, Қарқаралыға аттанды. Сонымен қоса Қазақ автономиясының бiр жылдық тойын өткiзу тапсырылды. Павлодар, Қарқаралы, Баянауыл уездерiнiң адамдары жиналған Қоянды жәрмеңкесiнде сөз сөйледi. Сол жылы өзiнiң айнымас ғұмырлық адал досымен танысып қайтты.

1921 жыл. Жаз.

КСРО халық артiсi Қалибек Қуанышбаев: «Алғашқы рет мен Мұхтарды 1921 жылы Қарқаралыда болған автономияның тойында көрдiм. Мен 22 болыс Қарқаралыда старшин едiм – өз аулымның тарту-таралғысымен бардым. Мұхтар Семейден тойды өткiзу жөнiндегi комиссияның председателi болып келдi. Амандастық, сөзiн тыңдадық, бiрақ көп шүйiркелесе алғамын жоқ. Мұхтар жиырманың жуан ортасындағы жiгiт екен, орысша киiнген, бұйра шашы бар. Бәйге, айтыс, концерт, күрес сияқты ойын-қызық бес күндей болды. Өнерпаздарға да, балуандарға да, ат жарысына да төрелiк берiп, жүлдесiн үлестiрiп жатты...».

Жалпы Мұхтардың қандай үлкен лауазымды мiндет атқарғанына қарамастан, оған деген саяси сенiм ешқашан да көрсетiлмеген. Бұған ревкомдардың берген мiнездемесi айғақ. 1921 жылы тамыз айында жиырма төрт жасар Мұхтар Әуезов Семей губерниялық комитетiнiң төрағасы қызметiне тағайындалды. Арада екi ай өткен соң Қазақстан орталық атқару комитетiнiң президиум мүшесi әрi саяси хатшысы лауазымына шақыртылады. Бұл ұсыныс – Мұхтардың өзiне де тосын әрi оған саяси тұрғыдан да қарсылар көп болғанға ұқсайды. Себебi, Орынборға келмес бұрын 1921 жылы 11 қыркүйекте оған партиялық тұрғыдан: «Марксистiк дайындығы нашар, ауқатты әулеттен шыққан жастың бiрi, партия мүшесi. Қоршаған жағдайды толық бағдарлай алмайды. Өзiнiң сөйлеген сөздерiнде «ұлтшылдықтың» дертiмен ауырған адам екенiн көрсеттi. Аймақтық қызметкер ретiнде әлсiз. Шаруашылық-ұйымдастыру iсiне ысылмаған. Қазiргi қоғам құрылысына дайындығы нашар» - деп мiнездеме берген. Қол қойған хатшының атын оқу мүмкiн болмады. Бұл адамға ұнамағаны – Мұхтардың iскерлiк қасиетi емес, идеясы, көзi ашықтығы, пiкiр кеңдiгi, шыққан тегi, қоршаған ортасы болса керек. Соған қарамастан ол үлкен орталыққа шақыртылды. Онда тура бiр жыл iстедi.

Ишмұхамет Алин: «Съездiң ақырғы күнгi мәжiлiсiнде Қырғыз (қазақ) республикасының орталық атқару комитетi (Кир Цик) сайланды. Осы атқару комитетiне Семей губерниясының атынан Мұхтар да мүше болды. Сөйтiп ол 1921 жылы Орынборға қызметке ауысты. КирЦик-те Мұхтарға жергiлiктi ұлт өкiлдерiн қызметке тарту, кеңсе қатынастарын қазақ тiлiнде жүргiзу iсiн ұйымдастыру тапсырылды».

Зады, саяси хатшы дегеннiң қызмет мәнi сол болса керек. Алайда бұл iспен ол толық шұғылдана алмаған.Ол кезде Ресейдiң Поволжье аймағында жаппай ашаршылық басталды. Қазақ даласына да аштық тырнағын батыра бастады. Соған орай 1921 жылы қазанның 11 күнi «Аштарға көмек» комитетi құрылып, оның Қазақ АССР-дегi орталық комитетiнiң төрағасының орынбасарлығына тағайындалып, iле мал, азық-түлiк жию үшiн елге аттанды.

Әлкей Марғұлан: «Мұхтар Керекуге 1921 жылы үкiмет комиссияның құрамында келдi. Бәрiнiң кигенi қысқа былғары куртка, басында былғары кепке, галифе шалбар, жылтыр қара етiк. Мұхтарды бiрiншi рет мен тура осы түрiнде көрдiм. Ол Әлiби Жангелдин бастаған комиссияның мүшесi болып, жергiлiктi аппаратты жаңадан құру мәселесiмен келдi. Олардың қасында тағы басқа азаматтар бар едi.

Комиссияның келуiн қалалық комитет оқушы жастарға күнi бұрын бiлдiрiп, ұйымдасқан түрмен оларды қарсы алуға шақырған. Бiрақ Омбыдан шыққан кеме Павлодарға айтқан сағатта келмедi. Бiз оларды түн ортасына дейiн күттiк. Келетiн сағат белгiсiз болған соң ең соңында шаршап үй-үйiмiзге қайттық.

Таңертең ұйқыдан тұрып, көшеге шықсам, қаланың iшi абыр-жұбыр, жұрттың көпшiлiгi ентелеп судың жағасына пристаньге қарай өтiп жатыр. Мен де бөгелместен сонда бардым. Пристаньге таянған кезде маңыма қарасам, бiр топ адам жар жағалап, серуен құрып жүр екен. Олардың жүрiсi, киiмi Павлодардың тұрғын халқынан басқарақ. Кеменiң келiп тоқтағанына жарты сағат өткен. Мен кiмдердiң келгенiн бiлу үшiн кiдiрместен кеменiң iшiне кiрдiм. Барсам, оның салонында қартаңдау келген бiр адам революцияның қалай болғанын Қазақ республикасының қалай құрылғанын жиналған адам тобына әңгiмелеп айтып отыр екен. Жанымда жүрген бiр кiсiден: «Бұл кiм?» -деп сұрағанымда, – Әліби Жанкелден, - дедi. Бiраз уақыт өткен соң, Әлібидiң сөзi бiтер кезде, салонда дем алып жүрген қонақтар да кiрдi. Олардың iшiнде көзге ең алдымен түскен әдемi бұйра шашты, сұңқардың көзiндей сүзiле терең қарайтын, тұңғиық қара көзi бар маңдайынан ақыл мен ойдың лебi аңқыған, жүрегi, сезiмi романтикамен бөленген, сөйлегенде саспай, майын тамыза сөйлейтiн, сөзi шөлдеген адамның мейiрiн қандыратын тау бұлағындай, сыпайы, көркем бiр кiсi халықтың көңiлiн өзiне ерекше аударды. Ол кешегi атағы әлемге жайылған, қазақ халқының мақтанышы болған Мұхан едi».

Бес жыл өмiрiн қоғамдық қызметке арнаған Мұхтар Әуезов ешқашан да лауазымды көксеген жоқ. Мiндетiн адал, бар пейiлiмен берiле атқарды. Дәреже, шен-шекпен, билiк қызықтырмады. Халақтың тағдыры талқыға түскен шақта елдiң тiршiлiгiне араласпай сырт қалуды намыс санап: «Мiнекей, осы сөздердi айтып келгендегi менiң ойымдағы пiкiрiм: Қазiргi уақыттағы барлық күштi де, уақытты да, сөздi де бүгiнгi күнде өнетiн оқу жұмысына, шаруа жұмысына салу керек. Түбiнде қазақ жұртының басынан әлде неше өзгерiстер өтер. Бiрақ iс басында жүрген азаматтардың сол замандардан белгi болып қалмауы ұят. Қолдан iс келетiн заманда елдiң бiр тiлегiн орындай алмау – ұят iс. Iстейтiн уақытты сөзбен өткiзсек, қараңғы елдiң алдындағы мiндетiмiздi сөз деп ұққанымыз, одан басқа жауапқа орын да қалмайды», – деп ұқты.

Үлкен лауазымды қызмет Мұхтардың өзiн қанағаттандырмапты. Ол Смағұл Сәудақасовқа жолдаған мағлұматында:

«Жиырмасыншы жыл мардымсыз өттi. Келесi қыста 20-жылдың аяғында «Қорғансыздың күнi» деген әңгiменi жаздым. Сол тұста ең алғашқы рет «Еңлік-Кебектi» жаздым. Бұл Семейде ойналып, құлап шықты. Ойнауға ауыр, сахнаға қолайсыз болды. Соны келесiз жылы. 21-22-жылдың январында Оралға аштықпен қарсы күресемiз деп барғанда, Теке қаласында тұрып түзеттiм, Орынборға келiп баспаға бердiм», – дейдi. Мұхтардың шығармашылық жағырапиясына, сөйтiп, жаңа қала қосылды. Ол – Теке шаhары.

Мұхтар Әуезовтiң Орынбордағы мемлекет қайраткерлiгi жөнiнде көптеген құжаттар мен мәжiлiсхаттарды тiлге тиек етiп, талдап-талқылауға болар едi. Бiрақ оның тарихтағы орны қызметiмен емес, жазушылық қасиетi арқылы бағаланатынын ескерсек, пәлендей маңызы жоқ. Басты мiндетi – ашаршылықтан қырылып жатқан Ресей тұрғындарына азық-түлiк, мал жинау болған. Сол мiндеттi атқару үшiн Семей, Кереку өңiрiне сапарға шыққан. Ел-жұрттың алдында сөйлеген. Қазақтардың да ашаршылыққа ұрынғанын көрiп дабыл қаққан. Орталық атқару комитетiнiң iшiнде ұлтаралық түсiнiспектiктiң болғандығы, «коммунистiк отаршылдық пен ұлтшылдықтың» бiр-бiрiмен арбасқаны аңғарылады. Бiрi – өктем сөйлеп, дегенiн iстетедi. Екiншiсi – жан ұшыра қарсы дауласқан, алайда еш нәтижеге жетпей, шырылдаған дауысының ащы үнi ғана құлақта қалған. Бюрократтықтың нақ осы түрiне Мұхтар қатты назаланған. Оны түсiнгендер де, түсiнгiсi келмегендер де, түсiне тұрып қаралғандар да, жақтағандар да табылған. Мұны 1922-жылы ақпанның 19-27 аралығында өткен РКП (б) облыстық бүкiлқазақтық екiншi конференцияның барысынан байқау қиын емес. Кеңестегi С. Меңдешевтiң баяндамасына орай және саяси жағдайға байланысты пiкiр таластарын ысыра тұрып, тек қана үлкен мемлекеттiк науқан ретiнде жүргiзiлген “Помголдың” – “Аштарға көмек” комитетiнiң жұмысы мен Мұхтардың сөзiне қатысты жайларды назарға iлейiкшi. Әңгiме – Ресейдегi ашаршылыққа ұшырағандарға көмек жөнiнде. Әрине, Мұхтар бұған белсене араласты, қолынан келген дәрменi мен пәрменiн iстедi. Бiрақ та “Помгол” өз жұмысын бiр жақты түсiнiп, қазақ даласындағы аштықты елемей, олардың өзiне де жетпей отырған болмашы азығы мен шағын малын жиып алып, Ресейге жiбердi. Тек “Әкел, бер, жина!” – деген бұйрық бергендердiң iшкi пиғылына наразы болған Мұхтар мiнбеге бiр емес, екi рет шығып сөйледi. Әрине, мұны ұлтшылдық ретiнде қабылдады. Мәжiлiсхаттан үзiндi:

“Әуезов: “Меңдешев жолдастың баяндамасындағы және бүкiл “Ашаршылыққа көмек” комитетiнiң  қызметiндегi ең үлкен мәселе – қыр елiне көмектесудi жүзеге асыруды шешу болып табылады. Осы уақытқа дейiн, өткiзiлген  барлық кеңестер мен мәжiлiстердегi дала тұрғындарына көмектесу туралы қаулылар мен тiлектер, жалпы қазақ арасындағы жүргiзiлген жұмыстардың барлығы да тек ауыздан шыққан жансыз күйiнде қалып келедi. Аймақтық жауапты қызметкерлер нақты дәлелдерге бiздiң ұсыныстарымызды жоққа шығарып, әр түрлi сылтаумен бетiмiздi қайырып отырған қазiргi жағдайда бұған таңдануға болмайды. Қыр елiне көмек көрсетудiң жоспары осы уақытқа дейiн жасалған жоқ, жергiлiктi орындарға нақты нұсқалар да түскен жоқ. Сондықтан да, қырдағы болыстардың бiрде-бiреуi көмек алған жоқ, таяу арада ала да қоймайды – бұл туралы “Помголдың” председателiнiң өзi айтты.

Қазiрдiң өзiнде қырдағы ел баяғыдай ешнәрседен хабарсыз күйiнде отыр. Қыр елi қай жерден көмек келерiн бiлмейдi. Дала жұртына ерекше назар аудару керек, өйткенi көшпелi шаруашылықтың негiзi – тiрi жануарға, малға негiзделген, егер де ол мал жұтқа ұшыраса, бұл шаруашылықты он жылда да қалпына келтiре алмайсың. Ал крестьяндар аштықса, олардың үй-жайы бар, соқа болса-болды, құнарлы жер де табылады. Оларға аздаған тұқым мен бiрер мал берсе жұтаған шаруашылығын қалпына келтiрiп алады. Көшпелi шаруашылықтың жағдайы мүлдем басқа. Сондықтан да қазақ тұрғындары арасындағы жұмысқа нақты көмек беретiндей тұрғыдан келу керек. Аштарға көмек көрсететiн мекемелердiң көпшiлiгi – орталықтағылар да, губерниядағылар да – қаладан келген аштардың арыз-тiлектерiнiң астында қалды: олар өзiне керектiлерiн талап етедi, жауапты қызметкерлердiң барлық көрiп-бiлгенi солар ғана. Жергiлiктi жердегiлер ғой бiзге ешқандай мәлiмет келiп түскен жоқ дейдi. Қырдағылар көмектi кiмдер ұйымдастырып жатқанын бiлмесе, қандай мәлiмет туралы сөз етуге болады. Қыр елiне “АРА” жағынан көрсетiлетiн көмек мәселесi шешiлген жоқ, ал бұл мекеменiң өмiр сүргенiне 4 ай болды. Қазақ қызметкерлерiнiң кеңесiне қыр елiне көмек көрсететiн арнайы ұйым құру туралы жоспар жасалғанын айта кетейiн. Бұл жөнiнде кеңесте жұмысқа қол ұшын беру үшiн қазақ қызметкерлерiнен арнайы комиссия құрылды. Ол кеңеске Авдеев жолдас қатысты, кеше ол осы арада бұл туралы әлдененi астарлап баттита айтты, ал кеңесте ол бұл шешiмдi қолдаған болатын. Бұл iс ҚазЦИК-те де қолдау тапқан, бiрақ та өкiлдердiң өкiлеттiлiгi әлi жүзеге асқан жоқ.

Сондықтан да бiздiң қаулыларымыз ешқандай да нәтиже бермейдi, тек ауыз толтырып айтқан сөз күйiнде қалады. Мен бiр нәрсенi ашық мәлiмдегiм келедi: қазақ қызметкерлерi iске тартылмайынша ашаршылыққа ұшыраған қыр елiне ешқандай да көмек көрсетiлмейдi, сөйтiп бұл жұрт ашаршылықтың ажалды аузында қала бередi. Менiң бұл жөнiндегi нақты ұсынысым мынау: “Аштарға көмек” комитетi мен болашақ обкомға бүкiл республикалық саяси бақылау ұйымы ретiнде қыр қазақтарының жағдайына назар аударуды тапсыру керек. Бiз қазақ кедейлерiнiң алдындағы жауапкершiлiгiмiздi терең сезiнуiмiз қажет, жаңа эконмикалық саясаттың желқайығына отырып алып заулай жөнелетiн Саблин мен Ступпе жолдастар сияқты бетiмiздi терiс бұрып кетпейiк. Бұдан кейiн, ара мекемесi жағынанда қыр елiне көмек көрсетудiң шаралары жасалуы тиiс”.

Шындықтың аты – шындық. Оған қарсы тұра алмайсың. Ал аштық – ұлт таңдамайды. Қазақсың ба, казаксың ба, орыссың ба, еврейсiң бе – бәрiбiр. Ел басында отырған Мұхтар елдiң мұң-мұқтажын айтуға мiндеттi. “Аштарға көмек” ұйымының тек бiр ғана аймақтың мүддесiн қорғап отырғандығын неге жасыруға тиiс? Әркiм өз халқының жоқ-жiтiмiн жақсы бiледi. Ендеше, ол ұлттың өкiлi қазанның аузында отырған мекеменiң неге бiр шөмiшiн ұстамайды? Бұған С. Мендешев “қаражат жоқ” деп жауап бердi. Авдеев: “ "Мен қазақ қызметкерлерiн iске тартпау, араластырмау – орыс коммунистерiнiң отаршылдық саясаты” – деген пiкiрге қарсы болып, кеңесте: “Сiздердiң ұлт саясаты жөнiндегi таңдаған жолдарыңыз партияның Х съезiнiң шешiмдерiмен бiрдей ме, басқа ма? – деп қарсы сұрақ қойдым? – деп жалтара жауап бердi. Мұндай екiжүздiлiкке Мұхтар шыдамады. Мiнбеге қайтадан көтерiлдi:

– Жолдас Авдеев осы арада өзi қатысқан қазақ қызметкерлерiнiң кеңесiне байланысты барлық қазақ қызметкерлерiне бiраз айып тақты. Осы кеңесте ол қазақ елiнiң iшiндегi жұмыста: ұлтшылдық пен отаршылдық бағыты қатар жүргiзiледi дедi. Бұдан кейiн Авдеев жолдас жұмыс iстеуге осы отаршылдар бөгет жасайды, барлық қызметкерлер өзiнiң ұлтшылдық бағытын танытты-мыс дедi. Мен мынаны мәлiмдеймiн: ол кеңеске Авдеевтiң өзi белсене қатысты, ондағы жоспарланған шаралардың бәрiн де қолдаған сияқты едi. Авдеевтiң жағынан жасалған Бұл екiжүздiлiкке мен төзе алмаймын, өз пiкiрiн айтуға азаматтық ары мен коммунистiк батылдығы жетпей қазақ қызметкерлерiнiң ту сыртынан сөз тасиды, ал обкомда мүлдем басқаша сөйлейдi. Бiздiң жұмысымыздағы барлық бөгет пен тосқауылдар, мiне, осындай әрекеттер. Авдеев жолдастың, “барлық қазақ қызметкерлерi Алаш-ордашылар” деп бағалауына ешқандай да жол беруге болмайды. Коммунист адам мұндай көзқарасты ұстанбауы керек, сондықтан да Авдеев жолдастан жан-жақты түсiнiк берудi талап етемiн”.

Саясаткердiң шындықты және ойындағысын ақтарып айтуы – таңдап алған кәсiбiнiң табиғатына жат мiнез. Оның үстiне “отаршылдық мүдденi көздейтiн коммунистiң” қашанда тырнағы iшiне бүгулi болады. Оларға жүктелген мiндет солай. Кездесуде қарық қылып, “ақ үйдiң ” iшiне кiрген соң мүлдем оған кереғар қаулы қабылдаттыратын Колбиннiң әрекеттерi мен алдаулары сол Авдеевтерден берi жалғасып келе жатқан партиялық “билiк тәсiл” болса керек. Ашынса – ашынғандай халде күн кешкен қазақ халқының ашаршылыққа ұшыраған күйiн орталықтың түсiнгiсi келмедi. Түсiнiп қажетi де жоқ едi. Кеңесте ұлттық тегiне қарап екiге бөлiнген шешендердiң iшiнде Найманғожин деген азаматтың сөзi ондағы талас тудырған жайдың бетiн ашып бередi. Шығарма үшiн мәжiлiс хаттың жазбалары iш пыстыратын басы артық дүние. Бiрақ ақиқаттан аттамай, адамның жан күйiн дәл беру үшiн одан басқа айғақты табу да қиын. Сондықтан да қазақ халқының тағдыры тауқыметке ұшырағанда жанталасқан жандардың, оның iшiнде Мұхтардың күйiнiшiнiң себебiн түсiндiру мақсатымен Найманғожиннiң сөзiн толық ұсынамыз. Таластың барлық астары осы сөзден аңғарылады. Сонымен мiнбеде Найманғожин:

– “Мен алдағы жолдастардың көтерген мәселелерiне тоқталып жатпаймын. Қазақ республикасында 5 губернияның ашаршылыққа ұшырап отырғанын бiз бiлемiз. Менi Терехов жолдастың сөзi мен Авдеев жолдастың Әуезовтiң сөзiне қайтарған жауабы қатты таң қалдырды. Терехов жолдастың айтуынша: тек Повольже бойы ғана ашаршылыққа ұшыраған. Қазақ республикасында аштық деген атымен жоқ, сондықтан Қазақстанның қырдағы елi туралы сөз қозғап та қажетi жоқ екен. Егер мәселе дәл осылай қойылса, онда қайдағы бiр Қазақ республикасы жөнiнде еске алудың жөнi бар ма. Ендеше оны түп-тамырымен құрта салу керек онда.

Орыс тұрғындарымен қоса қазақ елiне де көмек көрсету туралы айтқан Әуезов жолдастың ұсынысы өте дұрыс шара. Қазақтар осы уақытқа дейiн кiмнен көмек күтерiн бiлмейдi. Мен мынадай мысал келтiрейiн. Көптеген жолдастар Ақмола губерниясын тоқ аудан деп есептейдi. Ашығын айтайын, ондағының барлығын Пономаренко жолдас сыпырып-сиырып сорып алды, тұқымға себетiн түйiр дән де қалдырмады. 1920 жылдан берi аштық жайлаған Атбасар деген аудан бар, өкiметтен содан берi көмек сұраумен келедi. Биылғы күзде осы ауданның өкiлi Пономаренко жолдасқа жолығып, көмектесуiн өтiндi. Жолдас Пономаренко оларға: «Мен сендерге тұқымдық дән берейiн, сендер маған азық-түлiк салығын малмен отеңдер» – деп жауап бердi. Азық-түлiк салығына сәйкес қазақтар ең соңғы малын жиып,оны өздерi Атбасар уезiне айдап әкеп бердi. Жолдас Пономаренко малды алуын алды, бiрақ оның орнына ештене берген жоқ. Ол ара тастақты жер, ештеңе егуге жарамайды. Уәкiлдер губкомиссияның председателiне де барды. Бiрақ ол да көмектесуден үзiл-кесiлдi бас тартты. Бұл уәкiлдер осыдан кейiн де Пономаренко жолдасқа және губкомиссияның председателiне бiрнеше рет барды, олардың өтiнiштерiне жауап берудiң орнына, бұлар «ендi қайтып келетiн болсандар сендердi түрмеге қамаймыз» – деп қорқытты.

Мiне, сiздер тоқ деп тон пiшкен губерниялардың басынан кешiп отырған жағдайы қандай. Менiң ойымша, басқа губерниялардағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтар да ешқандай көмек алып отырған жоқ. Орыстармен қатар қазақтар да бiрдей көмек көрсету үшiн Әуезов жолдас ұсынған нақты шараларды жүзеге асыру қажет».

Бұған қарағанда, сол тұстағы «Аштарға көмек» комитетi мен РКП (б) облыстық комитетiнiң ашаршылыққа ұшырағандарды құтқару жолындағы iс-әрекеттерi мен тiкелей жәрдемi бiр жақты ғана жүргiзiлгенi байқалады. «Коммунистiк отаршылдық саясат» деген сөздiң айтылуы тегiн емес. Әрине, шешім қабылдауда солқылдақтық жасап, Әуезов пен Найманғожиннiң сөзiн жайдақтатып, Авдеев пен Тереховтың да көңiлiн қалдырмай қазақ арасындағы аштықты «ескерейiк» дескендер де болды. Оның арасында билiк басында отырған қазақ ағайындар да бар едi. Айта кететiн бiр жай, қазақ зиялылары Бұл нәрсенi жауапсыз қалдырмай өз беттерiнше ерiктi топ құрып, жаз шығысымен аштарға азық-түлiк жинауға аттанды. Дәл осы тұстағы Мұхтар Әуезовтiң қайраткерлiк iсi туралы оның саяси қарсыласы және жазушының 1930 жылы түрмеге қамалуына бiрден-бiр себепшi болған А.Байдильдиннiң тергеушiге берген айыптау мәлiметiн пайдаланумен ғана шектелемiз. А.Байдильдиннiң өзi де ұсталып, 1931 жылы ату жазасына кесiлдi. Оның түрмедегi жауабының өзi кiшiгiрiм кiтаптың көлемiндей. Әуелде «Алаштың» қатарында болған ол, кейiн айнып, таза «партия қайраткерiне», айыптаушыға айналды. Барлық керектi құжаттарды алған соң, оның өзiн артық куә ретiнде ұстауға қауiптенiп, ақыры алғашқылардың қатарында көзiн жойды. Сонымен А.Байдильдиннiң тергеудегi жауабынан үзiндi келтiремiз:

«Бұдан кейiн бiз үшiн үлкен сынақ болған аса қиын жағдайға тап болдық. Қазақстанның бiраз губернияларында (Орал, Торғай, Қостанай, Ақмола) аштық басталды. Партия мен үкiмет орындары бұл мәселеге өзiнiң назарын аудара бастады. Бiрақ та бұған «Алашордашылар» мен бүкiл ұлт зиялылары ерекше алаңдады. Барлық жерде аштарға көмек көрсету ұйымын құру туралы қауесет тарады. Бұл ретте ең алғашқылардың бiрi боп бастама көтерген Аймауытов бастаған Семей губерниялық «Қазақ тiлi» газетi болды. Сонымен қабаттаса С. Ходжанов пен  Ғ. Бiрiмжанов бастатқан «Ақ жол» (Ташкент) газетi шу көтерiп, оны науқанға айналдырды. Оларға Ташкентте оқып жүрген Жәленов, Тоғжанов және Қапин С., Омаров А., Әдiлов Д. т. б. қазақстандық студенттер қосылып үлкен шу шығарды. Бiзде, Орынборда да сондай сөз шықты. Бұл мәселенiң ұйымдастырушысы Әуезов болғандығы түсiнiктi. Ол КИРЦИК-тiң жанындағы қазақ қайраткерлерiнiң (партия мүшелерiнде, партияда жоқтарын да) басын қосып, оған үкiмет мүшелерi мен жекелеген европалық жауапты қызметкерлердi қатыстыра отырып үлкен мәжiлiс (ұмытпасам, 21-жылдың желтоқсан айы болу керек) өткiздi де, ашаршылық мәселесiн күн тәртiбiне қойды. Талқылау барысында ашаршылыққа ұшырағандарға шұғыл көмек көрсету керектiгi айтылып, сол мақсатты жүзеге асыру үшiн КИРЦИК-тiң жанынан аштарға көмек көрсететiн комиссия құрылды. Бұл комиссияның құрамына мүше сайлау барысында әркiмнiң пиғылына сай ұсыныстар түстi. Әрбiр топ (Меңдешевшiлер, Сәдуақасовшылар, Сейфуллиншiлер, Асылбеков арқылы «Алашордашылар») өз адамдарын тықпалауға ұмтылды. Соның iшiнде мынадай бiр тосын ұсынас жасаған Әуезов болды, ол комиссияның төрағалығына А. Байтұрсыновты, оның мүшелiгiне партияда жоқтарды да сайлдауды ұсынды. Ол өзiнiң бұл ұсынасын: олар («Алашордашылар») қазақ арасында коммустирге қарағанда үлкен беделге ие. Сондықтан да, комиссия жұмысы нәтижелi болады деп түсiндiрдi. Бұл ұсыныс жартылай ғана қабылданды. Комиссия құрамына Мендешев бастатқан сол кездегi бiраз жауапты қызметкерлермен қоса Байтұрсынов пен Әуезов төрағаның орынбасары боп кiрдi. Мәжiлiс осымен бiттi. Бұдан кейiн аштық туралы Әуезов үлкен мақала жазды (қараңыз: «Е.К.», № 4 және 5), iле ташкенттiк «Алашордашылар» бұл жағдайды бiрден-бiр дұрыс бағалаған пiкiр деп оны «Ақ жол» газетi арқылы насихаттауға кiрiстi.

Сол кезде Москвадан Ташкентке кетiп бара жатқан Рысқұлов жолдас жолай Орынборға аялдап, жиналыста ұлт мәселесi жөнiнде баяндама жасады. Адам көп жиналды. Жиналыс обкомның кеңсесiнде өттi. Оған қазақ зиялыларынан басқа европалық қызметкерлер де қатысты. Баяндамашы сол кездегi өзiнiң әйгiлi көзқарасын баяндап бердi. Ол ұлт мәселесi жөнiндегi партияның программасының мәнiн және маңызын айтып келдi де, оны одан әрi дамыта келiп, шығыстық компартия құру қажет екендiгiне тоқталды. Баяндама бiткен соң жарыссөз басталды. Рысқұлов жолдастың пiкiрiн қостап Әуезов пен Нахимжан сөйледi, оларға Әйтиев, Саматов және тағы бiр европалық қызметкер қарсы шықты. Мен қалыс қалдым».

Егерде Әбдiрахман Байдильдиннiң жоғарыдағы сөздерiнiң астарын ашып, талдайтын болсақ онда әңгiмемiз мүлдем ұзарып кетер едi. Оны сол тұстағы әрбiр жиналыста тәуелсiздiк пен басыбайлылықтың тағдыры шешiлгендiгiн ескерсек, зейiндi адам зердесiне салмақ салмай-ақ түсiнер деп ойлаймыз. Мұхтардың әрбiр әрекетiн ұлтшыл, алашшыл етiп жағымсыз адам ретiнде көрсетуге тырысқан Әбдiрахман Байдильдиннiң сөзiнен кiр iздеп, кiнәлап жатпайық. Онсыз да ол адамның осы куәлiктерiнiң өзi оны өлiм жазасына алып келдi. Мүмкiн, өмiрмен қоштасар сәтте жала үшiн өзегi өртенген шығар. Соның өзi де оңай жаза емес. Қаралаймын деп отырып, сол кездегi қайраткерлердiң өмiрiнен, саяси хал-ахуалдан, көзқарастарынан көп мағлұмат бередi. Бiз осы аштыққа байланысты Мұхтардың тағы бiр әрекетi жөнiндегi айыптауын оқырманға ұсынумен шектелемiз. Әбдiрахман Байдильдиннiң көрсетуiнен:

«Сол екi ортада Әуезов губерниялық партия конференциясын өткiзу үшiн Орал қаласына барып келдi. Одан Орынборға қайтарда Жолдыбаев, Қаратiлеуов жолдастарға жолығып келдi. Ол өзiнiң бұл сапарының мәнiсiн: ашаршылыққа ұшырағандардың жағдайымен жол-жөнекей таныса жүру үшiн iстедiм деп түсiндiрдi. Ол Орал қазақтарының арасындағы аштықтың көрiнiсiнен шындығында да қатты торығып келдi (арам өлген иттiң етiн жеп, шөптiң тамырын қазып жүргендердi, жолдың шетiнде теңкиiп-теңкиiп жатқан аштардың өлiгiн көргенiн айтып келген болатын). Сонымен бiрге Орал губерниясының қызметкерлерiне көңiлi толып оралды, әсiресе, Жолдыбаев, Қаратiлеуовке және басқаларына ерекше ризалық бiлдiрдi, олар бiздiң бағытымызға (Алаштың – Т.Ж.) жанымен берiлген адамдар екенiн айтты. Сондай-ақ Кенжиннiң, Мырзағалиевтiң және Асылбековтың Орал губерниясында үлкен беделге ие екендiгiн ескерттi. Сөйте тұрып, мысқылдай күлiп: «онда ат төбелiндей көбiк ауыз айтиевшiлдер де бар екен, оларға конференция кезiнде ырық бермедiм» – деп мақтанып қойды».

Бұдан әрi қарай аштарға азық-түлiк, мал жию үшiн аттанған адамдарды ел iшiне барып «Алашорданы» насихаттау үшiн аттанды дей келiп, Әуезов пен Досовтың Семейге жүрiп кеткенiн, мұны өзiнен жасырып iстегенiн жазады. Отаршыл коммунистер өзiнiң зұлымдығын жасыру үшiн оларды барынша жеккөрiнiштi етiп көрсетуге тырысып соңына түстi.

Мысалы: Кереку төңiрегiнен мал жиып Торғай облысына өзi мал айдап апарып, аштарға үлестiрiп берген Жүсіпбек Аймауытовты араға бес жыл салған соң сотқа тартып, ақыры «Голощекинге қастандық жасағаны үшiн» аттырып тынды. Мұның барлығы орталықтың дегенiне көнбеген үшiн қайырған кегi екенi сөзсiз. Отаршыл саясат та, «отаршыл коммунистер де «ештеңенi кешiрмейдi және ешнәрсенi де ұмыт қалдырмайды». Содан бастап қазақ зиялыларын қайтадан қудалау басталып, партия, кеңес жұмыстарынан шеттеу науқаны жүргiзiлдi. Лениннiң өзi қабылдап, оқу-ағарту комиссары етiп қойған Ахмет Байтұрсыновты да билiктен ысырып, тазалау жүргiздi. Авдеев пен Пономаренко өздерiнiң «отаршыл коммунист» екендiктерiн жасыру үшiн ерте қимылдады және шын мәнiнде «отаршыл коммунист» екендiктерiн дәлелдеп бердi. Олардың Бұл әрекеттерiн қазақтың «интернационалист коммунистерi» қостап. қолдап қол қойды. Өйткенi олар ұлтшылдар емес едi әрi ашаршылыққа ұшырағандардың тағдырынан гөрi жылы орны қымбат болатын.

Кеңестегi бұл айтыс Мұхтар үшiн қандай қиянаттар әкелдi? Ол арасын ашып айтуға айғағымыз жоқ. Ал жорамалмен шындыққа жол аша алмайсың. Жол емес, адастыратын шиырға айналады. Дегенмен де, бюрократтардың жақтырмағаны, алыстан орағытып шырға құрғаны анық. Ашық күреске шықпады.

 

1922 жылы маусым айында Ғаббас Тоғжанов екеуi ашыққан Торғай облысына жәрдем ұйымдастыру үшiн Семейге келiп, жауапты қызметкерлердi жер-жерге бөлдi. «Өзi Шыңғыс, Шаған, Бұғылы, Мұқыр және Қызыладыр болыстарына... баратын болды. Мен де төрт болыс елдi аралайтын болдым. Сол жолы 1922 жылы 24 маусымда берiлген 173-нөмiрлi мандат күнi бүгiнге дейiн өзiмде» – деп есiне алады И. Алин. Осы сапарда үй-iшiмен, достарымен ақылдасып, бiр шешiмге келдi. «Отаршыл коммунистердiң» түпкi пиғылын, аялығын түсiнетiн жасқа жеткен едi. Орынборға келiсiмен бiрнешi рет ауызша өтiнiш айтады, бюрократтар мен «отаршыл коммунистер» және мансапқорлар адамды қалай жазалаудың жолын бiледi. Еркiне жiберiп жын қағып па! Оданда қарамағында ұстап, күн сайын тапсырма берiп, бiрде мақтағансып, бiрде жекiп идiрiп-тартып, қақпайлап отырғаннан артық ләззәт бар ма!

 

Дәл солай iстедi де. Сөйте жүрiп оны сүрiндiретiн мiнездемелердi жазып, тиiстi орындарға жолдай бердi. Не iстеу керек? Қашсаң – құтылмайсың, қусаң – жеткiзбейдi, ашық пiкiрге шақырсаң – бұға қалады, көзiн тайса – ту сыртыңнан оқ атады. Ақыры демалысты сылтауратып елге кетiп, содан кейiн барып ебiн тапты Мұхтар. Өзiнiң 1935 жылы жазған өмiрбаянында ол осы әрекетi туралы: «Каз ЦИК-тiң президиумы мүшесi қызметiн 1922 жылы партия мен өкiметтiң рұқсатынсыз тастап, оқуға кеттiм... Сол кездегi қызметкерлердiң жетiспеуiне байланысты қызметтен оқуға босатпады, сондықтан да сол тұстағы жастардың әдетiмен оқуға рұқсатсыз кетiп қалдым. Сондықтан да, 1923 жылы партиялық тәртiптi бұзғаным және «ұлтшылдығым» үшiн партиядан шығарылдым» – деп жазды. Ташкентке күз айында барып, «Шолпан» журналының алқа мүшесi боп iстедi. Сонда да Орынбор облыстық партия комитетi тыныштық бермей, соңынан сұратулар жiберiп, iздеу салған. Журнал алқасы түсiнiктемелер мен куәлiктер жолдаған. Бұл кезде оған партиялық мiнездеме жазылып та қойған едi. Жалпы алғанда, партиялық мiнездемеге келгенде Мұхтардың жолы үнемi «сәтсiздiкке ұшырап» отырған. Мұны түсiну – онша қиынға соқпайды. Соның бiрi мынадай:

«М. Әуезов жолдастың совет жұмысында үлкен тәжiрибесi жоқ, бiрақ бiлiм-мәдениетi өте күштi, мәселе көтере бiлетiн, қызметкерлердi iрiктей алатын зиялылардан. Партиялық жұмысқа көзқарасы дұрыс. Бiрақ тәртiбi нашар. Ұлтышылдықтың дертiмен ауырады және ұлттық саясатты өзiнше түсiнедi. Тапқа, топқа бөлместен революцияны ғылым үшiн пайдаланып қалуға тырысқан шығыс коммунистерiнiң бiрi. Өзiн жоғары бағалайды, саяси көзқарасы тұрақсыз, большевизмнен ұсақ-ұлтшылдыққа қарай бүйрек бұрғаны байқалды. Өзiн-өзi ұстай алады. Өзiнiң қате көзқарастарын жiгерлі және табанды түрде қорғауға жанын салады. Маркстiк бiлiмi орташа, өз бетiмен танысқандардың дәрежесiнде ғана.

РКП (б) облыстық комитетiнiң секретары – Б. Коростелев.

17/ХI – 22»

 

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566