Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 8052 0 пікір 28 Қараша, 2016 сағат 11:10

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. МҰХТАР МЕН КӘМИЛАНЫҢ ТОЙЫ (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың (суретте) «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

Шыңғыс болысының азаматы, қарт педагог Нұрпейiс Ысмағұлов:

“1919 жыл. Семейдiң бұрқыраған бораны, ысқырған аязы бет қаратпай тұрған кез. Ақтар мен қызылдардың шайқасы қызу жүрiп жатқан. Атаман Анненков тобы Семейден шұбыра қашып Жаңасемейге тоқтаған. Ертiстiң мұзы қатса да, екi қалының қатынасы жоқтың қасы. Бейсауат жүргендердi көрсе-ақ ақтар жағы ұстап алып атып тастайды, немесе ешкiмге көрсетпей қамап қояды. Осындай жағдайда Жаңасемейде тұратын оқыған қазақ жастары күпi тымақ киiп жасырынып, Семейге (қызылдарға) кетiп жатты. Сондай жастардың бiр тобы соңғы жылдары Абай музейi болып келген үйдi паналады. Басшысы – Мұхаң.

Олар Жаңасемейде қалған жолдас-жораларының жақын туыстарының хабарын бiлу үшiн қырдан келген елеусiз үш-төрт адамды Жаңасемейге жұмсап отыратын. Соның бiрi мен, ендi – Жұмағали Омаров (1975 жылы қайтыс болды).

Бiр күнi Жаңасемейдегi үйiне жасырынып келiп, кеш қараңғысында қалаға қайтып бара жатқан Ыдырыс Мұстамбаевты бiр саудагердiң ымдауымен ақ жендеттер ұстап алды да, өздерiнiң штабы орналасқан Дүйсекенiң үйiне апарып жауып қойды. Соңынан бiрге барған Мұстамбай ақсақалды ұрып-соғып қуып жiбередi. Артынан барған әйелдерге “ол мұнда жоқ, бiз бiлмеймiз” деп жауап бермей қояды. Осыдан бiрер күн бұрын Қабдолла Қосқаев пен Ғалымжан (ұмытпасам) Үйсiнбаев деген мұғалiмдердi мектептен ұстап алып, аралға апарып атып тастаған. Сондықтан да бiз Ыдырыстың жайын бiлуге асықтық. Таңертең елең-алаңда екi адам жасырын келiп астыңғы үйдiң терезесiнен қарасақ, Ыдырыс сонда екен. Бiздi көре сала саусағымен терезiнiң әйнегiне “Мұхтар” деп жазды да, қолымен соған бар дегендей ишарат еттi.

Бiз келсек, Мұхаң ұзын орындықтың үстiнде аяғын көсiле салып отыр екен. Тегi, сонда киiмшең ұйықтап отырғанға ұқсайды. Бiздiн мән-жайды сұрады. Сөйткенше, қайдан шыққандарын бiлмеймiн, бес-алты жас жiгiт келiп үйiрiле қалды. Мұхаң шашын сипап бiраз үндемей отырды да, жолдастарына қарай сөйлеп кеттi. Сол кезде өз аттарын жасырып бiр-бiрiн Бұйрабас, Тайшұбар, Таймас Тапал, Қайтпас қара, тағы сол сияқты атайтын.

– Қайтпас қара екеумiз түнгi сағат 3-те қайттық. Арманымызды, тiлегiмiздi толық баяндадық. Жақсы тыңдады, жылы сөйлестi. Большевиктер бiздi Анненковтың жемтiгi қылмайды. Жазықсыз момын халқымызды қорғайды. Бiз оған сенiп қайттық. Сенетiн дәлелiмiз былай, - дедi де, одан әрi орысша сөйлеп кеттi Мұхаң. Сөйтiп, жастар Ыдырысты босату үшiн большевиктер көмегiне сүйенбек болды.

– Асықпай, саспай, жүгiрмей жүрiңдер, - дедi бiзге Мұхаң. – Ар жаққа барыңдар. Мұсекең ақсақал Дүйсеке үйiнiң маңынан бiз барғанша кетпесiн. Ыдырысты ол үйден әкетсе, қайда апарғанын анықтап бiлiп қалсын. Көп кешiкпей большевик жолдастардан солдат алып бiз де жетемiз. Қызылдардың көмегiнсiз оны босату қолдан келмейдi. Бiз туралы ешкiмге жөн айтпаңдар.

Шынында да, осылай болды. Мұхаң бастаған жастар қызылдардың күшiмен Ыдырысты босатып алды”.

Қыстың алғашқы күнi, яғни желтоқсанның I күнi қала ақтардан толық тазарып, әскери радиостанция арқылы: “Жолдастар, жауап берiңiздер! Мен – көтерiлiсшiл Советтiк Семеймiн. Шұғыл байланыс қажет. Төтенше хабар бар. Жауап берiңiздер, естiп тұрсыздар ма? Барлық командармға! Семейден. Байланыс қажет. Генералдардың өкiметi құлады. Операция аяқталған жоқ. Шұғыл көмек керек. Семейдiң әскери-революциялық штабы”- деп Қызыл армия құрамына хабар бердi. 18 желтоқсанда облыстық революциялық комитет құрылып, “РСФСР конституциясының негiзiнде совет құрылғанша азаматтық өкiмет облревкомның қолына көшiрiлдi”- деп №1 бұйрықты жариялады. №2 бұйрық – ауыл, селода революциялық комитеттердi ұйымдастыру туралы болды. “Степная правда” газетi: “...Мұсылман тұрғындарының, советтiк россияның жұмысшы-шаруа өкiметiн толық қолдайтындығы әрi ырзалығы байқалды. Колчак қолжаулықтарының қанауы мен талауына түскен мұсылман жұртшылығы кiмнiң шын дос, кiмнiң жау екенiне қазiр көзi жетiп отыр”,- деп жазды.

Қазақ халқының аяулы ұлдарының бiрi, елi үшiн үш рет түрменiң есiгiн ашап өлiм қақпасынан қайтқан Әлiмхан Ермеков те сол дүрмекте ауыр сынды Мұхтармен бiрге басынан кештi.

– “Иә, ол шынында да қауырт та, қауiптi кез едi. Ақ-қазақтар бейбiт елге қырғиша тиiп құтырынып тұрған. Ең алдымен оқыған азаматтарды өлтiретiн. Мiне, осындай тұста ақ террордан қашып уақытша Семейден кетуге, ауыл-ауылдарға бас сауғалауға тура келдi. Содан ауылда бiр-бiрiмiзбен хабарласып Семейге жасырын келуге келтiстiк те мен жолға шықтым. Қала маңында бiр үйге түн жамылып ұрланып келдiм. Сөйтсем мен келер алдына ғана осы ауылға “пикарьлар” – қазақ оқығандарын құртуға арналған ақ-қазақтар отряды келiп кеткен екен. Қаладағы Мұхтарға хабар берiп Семейге баруға бола ма деп сұрадым. Мұхтар маған хабар жiберiп:

– Сiзге кел деп те, келме деп те айта алмаймын. Кел дейiн десем жазатайым пикарьларға ұшырасаңыз ол орны толмас қаза. Ал келме десем – жұмыс көп, бiр өзiм үлгере алатын емеспiн. Қалаға Сiбiр ревкомының мүшесi большевик Қосарев келдi. Семейде губком құрылатын түрi бар, - дептi.

...Содан мен шөпшi қазақтың киiмiн ауыстырып қалаға келдiм. Ертеңiне ревком өкiлiне барып жолығып сөйлестiк. (Бұл белгiлi революционер Қосаревтiң әкесi болатын.) Содан кейiн большевиктермен бiрiгiп портқа барып Семей жұмысшыларының революциялық комитетiн сайладық. Оған мен мүше болып ендiм. Осылайша большевиктер платформасына бiржолата өттiм. Алашорда комитетiндегi әрiптестерiме: «Бiз коммунист партиясына мүше болуға тиiспiз. Сонда ғана халық қамын шын ойлайтын боламыз», - дедiм. Олардың бiр тобы менi қолдады да, екiншi тобы: «партияға мүше болмай-ақ халық бақыты үшiн күресуге болады. Өйткенi мүше боп енген соң, бiздермен қазақ халқының нағыз өкiлдерi ретiнде олар санаспай кетуi мүмкiн», -дедi».

Ақ пен қызылдың аяғында тапталған қазақ халқының тағдырының қыл үстiнде тұрған шағы едi. Он алтыншы жылдың қырғынынан жүрегi шайлыққан қалың елдiң қайғы-қасiретiне ем болу үшiн басын бәйгеге тiгiп қалада қалған Мұхтардың жастық шағындағы осынау ерлiгiне сүйiнесiң. Әлiмхан Ермековтiң қысталаң кезде жарқ ете қалған сәуленiң ұшын ұстап большевиктер партиясына өту туралы ұсынысын Мұхтар да қабылдады. Халық мұны үшiн қарулы күшке арқа сүйегiсi келдi. Одан басқа айла-амал жоқ едi. Одан бас тартқандарды да түсiнуге болады. Олар бiр идеологияның қолшоқпары болудан сақтанды. Кейiн Әлiмханның бұл ұсынысын: «Алашордашылар» партияны iштен iрiтуге әрекеттендi»- деп байбалам салып, оларды жаппай жазалауға көштi, «Түркияның, Жапонияның, Ағылшынның, кейiн Немістiң шпиондары»- деп өңешi үзiлгенше айқайлады. Ақан – Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Бұл елдер өзiнiң iс-әрекетi үшiн қазақпен ақылдаспайтын». Оны бiле тұрса да, әйтеуiр қаралайтын адамға мiн табылатын.

Бiрақ та мұндай қауiп-қатердi ойламады, ойлауға мүмкiндiктерi де болмады. 1920 жылы 5 ақпанда губерниялық революциялық комитетi бюросының шешiмi бойынша қазақ бөлiмi ашылды. Партия-совет қызметкерлерiн даярлайтын үш айлық курс құрылды. Жергiлiктi оқыған азаматтар басшылық қызметке тартылды.

1919 жыл. Желтоқсан, Ишмұхамет Алин – Мұхтардың iнiсi Ахмет Әуезовпен 5 кластық орыс мектебiн, мұғалiмдер гимназиясын бiрге оқыған: «Жазушылықпен қоса Мұхтар қоғамдық, мемлекеттiк жұмысқа да үнемi араласты. 1919 жылы 1 желтоқсанда ақтар қуылып, Семей қаласында совет өкiметi қайта орнады. Губерниялық революциялық комитет (губревком) құрылды. Оның жанынан қазақ жұмыстарын басқаратын бөлiм (кирот делуправление) ашылды да, оның меңгерушiлiгiне Мұхтар тағайындалды.

Мұхтардың беделi жұртшылық арасында күннен-күнге өсе түстi. Семей губерниясының жерi ақтардан түгелдей тазартылғаннан кейiн, 1920 жылы ақпанда Семейде Құрылтай съезi ашылды. Ол кезде Семей және Ақмола губерниялары Омбы қаласындағы Сибирь өлкелiк революциялық комитетiне (Сибревком) бағынатын. Съезге Сибревкомның қазақ, татар бөлiмiнiң меңгерушiсi Самат Шарафутдинов деген кiсi өкiл ретiнде қатысты.

Съезд екi тiлде жүргiзiлдi. Мұхтар съездiң президиумына сайланған едi. Шарафутдинов қазақша сөзге шорқақ болғандықтан, жоғарыда айтылған мәселелер жөнiнде түсiнiктердi Мұхтар баяндап тұрды. Делегаттардың сұрақтарына да жауапты сол бердi.

Момынбай болысынан келген (қазiргi Павлодар облысы, Лебяжи ауданы) өкiл Асылбек Әзбаевтың: «Мына бұйрабас қара торы жiгiтiң – сұмдық қой! Алысқа барады! Бақытты бол, жолың оңғарылсын, қазақтың қара баласы!»- деп сүйiне айтқан сөзi менiң есiмде жақсы сақталыпты. Осынау еркелете айтылған сүйiнiштi сөздiң Мұхтарға жараса кеткенi сондай, съезден кейiн де оны дос-құрдастары ұзақ уақыт «Қара бала» деп атап жүрдi».

Сол күндерi Мұхтар большевиктер партиясына қабылданды. Кеңес өкiметiнiң ең зәру мәселесi – кадр, оның iшiнде ұлт мамандары болды. Қатер төнген қарбалас тұста олар қаладан безiп, қырға шығып кеттi. Семей губкомының органы «Қазақ тiлi» газетi арқылы Мұхтар 1920 жылы 5 қантар күнi «Қазақ оқығандарына ашық хат» жариялады. Онда өз пiкiрiн:

«Қазақтың оқығаны елдiң қамын шынымен жейтiн болса, қай күнде болсын пайда келтiре аларлық шағулы жерiн аңду керек емес пе? Қазiргi заман қазақтың басына келiп тұрған әрi ең қиын, әрi ең пайдалы жайлы заман, құр елдiң мұңы тыңдалмайтын бiрен-саран кiсiнiң басына ғана жайлы, ет азу келген заманда ғана оны iстеймiн, мұны iстеймiн деп, анығында еш нәрсенi iстей алмай, шағулы заман келгенде қашып жүрсек, елдiң қамы деген сөздi айтып не керек. Осы күнде не қылса да оқығанның бәрi де барын салып еңбек қылып, осы өкiметтi сендiру керек. Сонымен бүгiнгi мекеме атаулыда бос қалып жүрген қазақтардың мұң-мұқтажын орындау керек. Қашып-бұғудың ешбiр себебi жоқ. Совет өкiметi үлкен жазығы бар адамдарды да қатарына кiрiп пайдалы қызметiмдi iстеймiн десе қумайды.

Егер қазақ оқығандары совет өкiметiнiң қабағынан қорқып қашса, айтатын сөзiмiз осы: оқығанның қайсысы болса да азғантай пайда келтiре аларлығы болса, тезiнен қала-қалаға келiп қызметке кiруiне керек. Ел шақырып отыр. Талай-талай пайдалы жұмыстар шешiлуiн күтiп дайын отыр. Қазақтың қамын жейтiн оқыған болса, қашқаны болсын, қашпағаны болсын, қырда бос жүргеннiң бәрi келуi керек»,- деп түйiндейдi.

1920 жыл. Көктем. Бұл көктем Мұхтардың жеке басына есте қаларлықтай өзгерiс әкелдi.

Мұсатай Ақынжанов: «Жазға салым Мұхтар қаладан қайтып келдi. Мұхтардың ауылға келуi зор мейрам болды. Тек қожа ауылдарының жастары емес, барлық бауыр ауылдарың жастары жиналып қарсы алды. Жастар ғана емес, бауырдағы ауыл үлкендерi де келiп Мұхтардан қала әңгiмелерiн сүйiп тындайтын едi.

1920 жылдың көктемi. Шыңғыс елi тау бауырынан сырттағы жайлауына көшiп барып орналаса бастаған кез. Мұхтар қасына ерген он екi адаммен жайлауға аттанды. Баратын ауылы – жоғарыдағы Қабдеш ауылы. Мен осы топтың iшiнде әңгiмешi жiгiт қатарындамын. Ал қалған оны – бiрi әншi, бiрi күйшi, бiрi ойыншы, ендi бiразы бәйге атымен ардақталады. Сол әңгiменiң аяғы таусылғанша, Ащысудың жазаңын басып өтiп, Ералы басына жақындап қалып едiк. Еркеқара атына қамшы тартып, «Ойбой, бауырым, Кебек-ай!» – деп, шығыс жақтағы кiшкене Аралтөбеге қарай шаба жөнелдi. Ерiгiп келе жатқан жұртқа керегi де сол едi, оның артынан бiз де шаптық. Бiз жеткенше Еркеқара атынан түсiп, құран оқи бастады. Жұрттың бәрi таңданып, бiрi күлiп, бiрi сұрланып тұр екен. Жәй шоқырақпен соңынан келген Мұхтар екеуiмiз аттан түсiп жатқанда:

– Еркеқара құран бiлмейтiн едi, Бұл, тегi, бiр күлкiнi ерте ойлап тапқан болар,-дедi Мұхтар. Айтқанындай келiп тыңдап тұрсақ «Еңлік-Кебек» поэмасының едәуiр жерiне келiп қалған екен. Мұхтарға қарап:

– Қоңыр төре, хан, қажының емес, сенiң құраныңды оқып жатырмын, – деп жұртты ду күлдiрдi».

Бұл серуеннiң өзiндiк себебi де бар едi. 1919 жылы Мұхтардың ағасы Разақ және Абай ұрпақтары Қарауылға көшiп барып, сонда қыстап шығады. Сол жолы Мұхтар Кәмиламен тағы да табысады. Жүректiң ескi жарасы қайтадан сыздайды. Кәмила – өзiнiң нағашысы, туған шешесi Маржанның бауыры Мұсабай ұлы Шыныбайға ұзатылған. Жаңағы көктемдегi серуенде Кәмилаға жолығып iштей сөз байласқан сияқты. Тiптi, олардың кiм арқылы байланыс жасағаны да белгiлi.

Ищағи (Исжан) Жағыпар қызы Мағауия немересi: «Уәсилә тәтем қайтыс болардан бұрын Өмiрзақ Ағаев деген кiсi iздеп келдi. Мұхаңа хабарласты. Сөйтсек, Кәмила мен Мұхтардың алғашқы ғашық кезiнде екеуiнiң «жеңгетайы» болған адам екен. Мұхтар аға үйiне шақырып қонақ етiп, костюм-шалбар кигiздi. Ол – Шымкенттiң Шаян ауданында тұратын. Бiр күтпеген оқиға, сол Өмiрзақ Алматыға командировкаға келiп, бiздiң үйге түстi. Кенет қан қысымынан қайтыс болды. Мұхаңа звондадық. Бар шығынын сол кiсi көтерiп, өз қолынан қойды. Басына ескерткiш орнатты. Бұл да бiр асыл күндерiне деген құрметi болар.

Ал, Кәмиланың күйеуi Шыныбайдың қарындасы Дәметкен Сиырбаева маған: «Кәмила бiздiң үйде көп тұрған жоқ. Ол ылғи пәуеске мiнiп жүретiн. Бiздi: «Үйге барып келем» - деп алдап кеттi Ақшоқыға. Мұхтармен бұрын келiскен ғой. Ағайым Шыныбай кейiн Жармада мұғалiм қызға үйлендi» - деп айтып едi. Абайдың Күлбадан деген сүйiктi қызын бiлесiз ғой. Соның қызы Хадиша Искакова мына әңгiменi маған сыр ғып айтты. Камила күйеуiнен қашып келген соң (соғымды сылтауратып) бiз түнi бойы бөлмеде сырластық. Мұхтармен екеуiнiң арасына Өмiрзақ Ағаев хат тасиды екен. Кейде күледi, кейде жылайды. Күлбадан апам: «Түнде түс көрдiм» - деп Мұхтардың Кәмилаға жазған хатын айтып берiптi. Кәмеш: «Ойбай, апа, ешкiмге айта көрме түсiңдi» деп құшақтай алыпты».

Бұл да тағдырдың бұралаң жолының бiр торабы. Әйтпесе, қос ғашықтың тiлеуiн тiлеп, басын қатерге тiгiп жүрген пысық та ептi Өмiрзақ күндердiң күнiнде, отыз төрт жылдан соң жолаушылап жүрiп дүниеден өтерiн, Мұхтардан топырақ бұйырарын кәперiне алды дейсiң бе.

Үйленгеннен бастап жылдың он айын қалада өткiзгендiктен аралары суық тартты ма, жоқ, құлай сүйген алғашқы махаббаттың жарасы жазылып бiтпегендiктен бе, әйтеуiр Мұхтар Қарауылға келiсiмен, ағасы Разаққа тосын тiлек бiлдiрдi. Әйел теңдiгiнiң қатты қолға алынып, бас еркiндiгiне бостандық берiлген шағы едi. Ауыл аралай жүрiп Кәмилаға жолығып, екеуi Тұрағұл рұқсат берсе, бiрi – әйелiнен, бiрi – күйеуiнен ажырасып, үйленуге уәделесiптi. Разақ қатты қиналып, дағдарып қалыпты. Себебi: Райханның ғана емес, Мұғамила мен сегiз айлық Шоқан атты ұлдың жағдайы қабырғасына батты. Уәде – ардың iсi. Мұхтар қайтпады. Жебiрейiл арқылы Тұрағұлға жүгiнiп, разылығын сұрайды.

Мәкен Тұрағұл қызы: «Кәмештiң ұзатылып кеткен жерiнен қайтарып алу туралы Мұхтар Тұраш ағаға сөз салыпты. Оны Әйгерiм апам арқылы жеткiзiптi. Сонда Тұраш ағамыз:

– Мұхтар, ақылы толған, оқыған азаматсың. Әйел затының көркiне емес, көңiлiне үңiл. Осы Кәмеш сенiң тенiң емес-ау. Мен солай топшылаймын. Сен оқығансың. Саған iлесе ала ма. Өзiңнiң бiлiмiңе сай жар керек. Мен соған қауiптенем. Тек бақыттарың ашылсын, - дедi».

Әдеттегiдей жаз айында емес, көктемде Қарауылға демалысқа келуiнiң мәнiсi де сол Камиланы барған жерiне қайтарып алу және Райхан екеуiнiң некесiн бұзу, яғни бұрынғы әйелiмен заңды түрде ажырасу болса керек. Ол кезде губернияны басқарып отырған өкiмет адамы үшiн мұндай ойын жүзеге асыру онша қиындыққа соқпайтынын Мұхтар, әрине, бiлген. Адал махаббатымен қосылу үшiн «қызмет бабын да пайдаланған». Ол үшiн Мұхтар жазықты емес. Одан басқа амалы да қалмаған. Бұл оқиғаның басы-қасында болған Кәмиланың әрi туысы, әрi құрбысы Ақылбайдың немересi Қауаш Әлiмқұл қызы Баймағамбетованың (әйгiлi ертегiшi Баймағамбеттiң келiнi) хат арқылы жолдаған естелiгi мынадай:

«1920 жылы көкек айының iшiнде Мұхтар Қарауылға келдi. Сол жолы ол бiздiң үйге түстi. Қасында бiр-екi жолдасы бар. Содан кейiн менiң шешеме (Ақылбайдың ұлы Әлiмқұлдың әйелi): «Биға жеңеше, мен Кәмештi Ақшоқыдан осында алдырамын» - дедi... Үй-iшiнiң бәрi ақылдасып, нағашымыз Садуақас деген кiсiге бiр ат мiнгiзiп, бiр ат жетектетiп, Кәмештi алып келуге жiбердi. Садуақас мойнына мылтық асынып алды. Кәмештiң қайын жұрты бiлiп қойып, тартып алуға әрекеттенсе, айбат шегiп, қорқыту үшiн солай жасады. Бiр тәулiктiң iшiнде Кәмештiң үстiне шапан, басына тымақ, аяғына етiк кигiзiп, еркекше киiндiрiп алып келдi. Мұхтарлар оны тосып алып, бiраз уақыт өткен соң Кәмештiң басын Шыныбайдан бiржолата сот арқылы босатып алды. Содан кейiн Мұхтар шұғыл жұмысы болды да қайтадан қалаға кеттi. Кәмештi менiң шешеме тапсырып: «Биға жеңеше, мен келгенше Кәмештi Ақшоқыға жiберме, өз қолыңда, өз үйiңде болсын» - дедi.

Екi жақтың оң қабағын танытып, ниетiн қабылдаған соң Шыңғыс болысының «Халбикесi» (Халық билер кеңесiнiң бастығы, сот) революциялық қозғалысқа белсене араласқан көршi Абыралы ауданының азаматы Жақсылық Теленов пен Нұрке Тiнәлинге өзiнiң тiлегiн айтып, арыз бередi. Семейден ертiп келген екi адамы – осылар болса керек. 1945 жылы Қарауылда Абайдың жүз жылдық тойында арадағы ұзақ үзiлiстен соң кездескен Мұхтар мен Жақсылықтың жылап көрiсiп, осы оқиғаны естерiне алғандығы туралы Сапарғали Бегалиннiң естелiгi «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1977 жылғы № 12 санында жарияланды. Ал Нұрке Тiнәлин Алматыда жетпiсiншi жылдары қайтыс болды. Сол Мұхтар мен Кәмиланың арызын қанағаттандырып, екеуiнiң де бұрынғы некелерiн бұзып, жаңадан некелiк бередi.

Мұғамила Мұхтар қызы Әуезова: «Бұл оқиғаның мән-мағынасы онша көңiлдi емес қой. Шындық үшiн қажет те шығар. Мен ол уақытта екi үш жаста екемiн. Тiлiм шығып, папа, тәтелеп жүрiппiн. Менен бiр кiшi бауырым Шоқанды шешем емшек сүтiмен көтерiптi. Жасқа толар-толмас кезi. Халық биi: «ұл – әкеге, қыз – шешеге барсын» деп шешiптi. Шешем Райханның айтуы бойынша, бiлгенiм мынау. Некенi бұзу туралы үкiм шыққанда шешем шымылдықтың iшiнде жылап отырыпты. «Неге былай еттiң?» - деп сұрауға именiп, әкемнiң, бетiне қарауға қорғана берiптi. «Жазығым – оқымағаным. Қала өмiрiне ылайық емес шығармын» - деп ойлапты. Жанына қатты батқаны 8 айлық Шоқаннан айырылу болыпты. «Шоқан – Мұхтардың өзiнен айнымайтын, маңдайы кең, қарын шашының өзi бұйра, көзi үлкен едi. Менi алып кетуге алты ағам мен жеңгелерiм, шешем келдi. Шешем беттi, адуын адам едi. Келе барлығының шаңын қағыпты. «Жазықсыз жiбердiң» - деп бидайдай қуырып, маған берген жасаудың барлығын тиеп жатты. Ағаларыма да намыс, өрттей тұтанып жүрдi. Абыр-сабыр... Сенi киiндiрiп (Мұғамиланы) қойғам. Есi-дертiм – Шоқан, құшағымнан шығара алмаймын. Разақ ағаның үй-iшi де менi қимайды. Мұхтар оңаша тұр, екi көзi жасқа толып кетiптi. Шоқанды айналып-толғанып жүргенде байқамаппын. Пәуескеге мiнерде сенi бiр-ақ iздедiк... Мұхтар бiр атқа мiнiптi де, сенi алдына алып, қу далаға шаба жөнелтi. Көз жазып қалдық. Шешем қамшымен жер сабап қала бердi» - дейтiн Райхан шешем. Әкем менi содан кейiн қалаға әкелдi. Кәмила апайды көрсетiп, «Ендi сенiң шешең осы, тәтә деп айт» - дедi. Кәмеш тәте – өңдi, шашы ұзын, әдемi адам едi. Қолында еркiн өстiм. Суретiмiз де бар. Шоқан – Разақ ағаның үйiнде қалды. Ол кiсiнiң баласы көп едi. Жүрiп жүрген кезiнде iш сүзiгiнен қайтыс болды. Тiрi жүрсе, кiм бiледi... Райхан шешем – ұзын бойлы, аққұба, талдырмаш, аялы жанарлы кiсi. 1976 жылы Алматыда, өзiмнiң қолымда дүниеден қайтты. Үстiрт айтсам осы. Қалғанын қозғап қайтемiз. Тағдыр солай бұйырған шығар».

Шындықтың бетiне тура қарау – қиынның киыны. Кейде адам ретiнде қиналатының да рас. Жаны нәзiк жандардың жүрегiн шымшылағың да келмейдi. Бiрақ мақсатына айналған кәсiбiң оған ерiк бермейдi. Қысылып-қымтырыла отырып Мұхтардың алғашқы некесi туралы Валентина Николаевнаның естелiгiн оқырманнан жасырып қала алмадым. Ол кiсi де жасырмай шындықты айтыпты.

«Бiрiншi әйелiнен Мұғаштан басқа Шоқан атты ұлы болыпты, ол сәби кезiнде шетiнеп кетiптi, олар ажырасқан кезде бала емшекте екен. Баланы Мәкежан (Разақтың әйелi) бауырына салады, оның өзiнiң де дәл сондай емшектегi сәбиi бар едi. Екеуi де балалардың сүзек сияқты жұқпалы ауруынан қайтыс бопты. Мұхтар Омарханұлының айтуы бойынша маған белгiлi жайлар осы. Мен одан бұрынғы семьялық өмiрi туралы сұраған емеспiн, тiптi бiрiншi әйелiнiң атын да бiлмейтiнмiн, кейiн онымен Мұғаштың үйiнде жүздестiм. Мұхтар Омарханұлының үлкен қызы Мұғаш ол Ленинградта оқып жүргенде Семейде болды, бiр орыс мұғалимасы орыс тiлiн үйретiп, мектепке дайындады, ал ол мемлекеттiк банктiң қызметкерi Ахметбек Шикiбевтың үйiнде тұрды, әйелiнiң аты Кене едi, олардың өздерiнде бала болмады. Кейiн мен Бұлармен Алматыда таныстым. Музейге мен берген Мұхтар Омарханұлының кiшкентай Мұғашпен бiрге түскен суретiнде олар да бар. (Айтпақшы ондағылардың кiм екенiн бiлесiң бе, – бiлмесең, – бәрiн де айтып бере аламын.) Бұдан кейiнгi, үшiншi және соңғы әйелi мен болдым» - деп жазыпты Валентина Николаевна. Мұндағы «кiм екенiн бiлесiң бе?» - деп мензеп отырғаны осы суреттегi Кәмила болатын.

Мұхтар қырдағы қам-қаракетке қарайламай, Семейге шұғыл аттанып кетуiнiң себебi де бар едi. Шiлде айында губерниялық құрылтай жиналасына дайындық жүрiп жатқан болатын. Оған Мұхтардың мiндеттi түрде қатысуы керек-тiн.

Ишмұхамбет Алин: «Сол жылы шiлде айында Казревкомның мүшесi, соғыс комиссары Авдеев Орынбордан Семейге келдi. Жауапты қызметкерлермен мәжiлiс өткiзiп. Алды тұрған мiндеттердi түсiндiрдi. Бұл мәжiлiстi ойдағыдай ұйымдастыруға Мұхтар да ерекше белсене қатысты. Ертеңiнде кешке қазақ, татар қызметкерлерi Авдеевтi Жаңасемейдегi Ақмади Оңалбаев дегеннiң үйiне қонаққа шақырды. Осы қонақта Әмiре Қашаубаев, Темiрболат Арғынбаев және Абай ауылының әншiсi Әлмағамбет болып, түнi бойы ән салды, домбыра тартты, скрипка, гармонь ойнады. Соғыс комиссары Авдеев те Қазақстан жерiнде туған екен, қазақша сөйлей бiледi. Сондықтан әңгiме бiрыңғай қазақ тiлiнде өттi. Қазақтың тұңғыш Құрылтай съезiне депутаттар сайлау жөнiнде Семей губревкомының жанынан сайлау комиссиясы құрылды. Оның мүшесiнiң бiрi – Мұхтар Әуезов. Сайлау өткiзу үшiн болыстарға, уездерге нұсқаушы-үгiтшiлер жiберiлдi. 1920 жылы 29 шiлдеде Мұхтар қол қойған 2373-номерлi мандат бойынша мен де Басқарағай, Аққұм болыстарына кеттiм. Мұхаңның қолы қойылған сол мандат қазiр Мұхтар Әуезов музейiнде сақтаулы.

Семейдiң тұңғыш уездiк Советітер съезi қырқүйектiң басында болды. Ол кезде Семей уезiне 22 болыс қазақ, 10 болыс орыс қарайтын. Осылардан съезге 190-дай өкiл жиналды. Съезд қазақтың тұңғыш құрылтайына 10 адам делегат сайлады. Оның бiрi – Мұхтар Әуезов. Бiрақ ол сол қарсанда ауырып қалды да, съезге бара алмады. Бiз Нығымет Нұрмақов, Әзiмбай Лекеров, Мәннан Тұрғанбаев сияқты бiрнеше адам Мұхтардың пәтерiне келдiк. Ыстығы қатты көтерiлiп жатыр екен. Көңiлiн сұраушыларға ол өзiнiң құрылтай съезiне бара алғмағанына өкiнетiндiгiн бiлдiрдi.

Орынборға 27 қыркүйек күнi жетiп, Нығымет Нұрмақов арқылы Сәкен Сейфуллинмен таныстым. Ол Мұхтардың келе алмай қалғанына қатты ренжiдi. Бiрiн-бiрi сырттай жақсы бiледi екен».

Осы маңызды мемлекеттiк шаруалардың қарбаласқа толы қилы-қилы жұмыстары Мұхтардың аңсай қосылған адамымен бал айын өткiзуге мүмкiндiк бермедi. Халық сотының үкiмiмен заңды түрде бұрынғы күйеуiмен ажырасса да, Кәмиланың ауылда тыныш, алаңсыз өмiр сүруi мүмкiн емес-тiн. Кеңес заңын қыр елi бiрде мойындап, бiрде терiс қарап жүрген кез едi. Оның үстiне әмеңгерлiктiң де, қалыңмалдың да күшi жойылмаған болатын. Сондықтан да, жеңгесi Биғаға Ақшоқыдағы Жебiрейiлдiң үйiне Кәмештi жiберткiзбегенi, Разақты Қарауылға көшiрiп апаруының iшкi себебi мынадай: Ақшоқы мен Бөрiлi – орданың бергi бетiнде, мамай руының жерiмен iргелес. Мұхтар мамай жұртына екi түрлi қиянат жасап отырғандықтан (Кәмила сол елдiң келiнi, ал шығарған әйелi Райхан сол елдiң қызы) олардан Кәмила неғұрлым алыс жерде, қарауылда тұрса, – қауiпсiз болар деп шешiп едi. Әрi қарауыл жұрты – жайлауға Шыңғысқа қарай шығады, мамайлар керiсiнше шығыстағы Арқат тауының iшiне қоныстанатын. Дегенмен де көңiлiнiң орнына түспеуi орынды да едi.

Қауаш Әлiмқұл қызы: «Жер көктесiмен бiздiң ауыл Кәмештi алып Көкшенiң Шымылдықтауына жайлауға шығып кеттi. Разақтың ауылы да бiзбен қатарласа көшiп, қатар қонды. Жайлауда неше түрлi суық хабарды естiп. Кәмеш екеумiздiң зәремiз ұшты. Мамайлардың: «Жесiрiмiздi қайтарыңдар, әйтпесе тартып аламыз. Тiптi болмаса әйтеуiр бiр қызын алып қашып кетемiз» - деген сәлемiн ұзын құлақтан үзбей естiп жатырмыз. Шешем Кәмила екеуiмiзге тамақ орап бередi де, таңертең ерте тауға тығылуға жiбередi. Себебi, Кәмештi тартып алып кетедi деп қорқатын. Содан Кәмеш екеумiз таудың қуысында күнi бойы жатамыз. Мен үйден алған еттi пiсiрiп, шай қайнатып, қымыз құйып, дастарқан жаямын. Тастың қуысында отырып тамақтанамыз. Үйге қас қарайғанда қайтамыз. Кәмила арабша жазылған «Ләйлi-Мәжнүн» қиссасын оқиды.

Жаз бойы мамайлар жайлауға келген жоқ. Күзде «Ойқұдық» деген өзiмiздiң күзекке келдiк. Разақ та бiзбен бiрге көштi, қатар қоныстанды. «Мұхтар келедi» -деп дайындалып жатқанда жүзден аса атты адам келiп, екi ауылды малшы кедейiмен қосып қоршап алды. Басшысы – Қазанбай деген Даукес адам екен. «Жесiрiмiздi аламыз. Не өзге қызыңның бiрiн бер» - деп тұрып алды. Ел адамдары түгел хабарланып үлгердi де, бәрi бас қосып, дауды «төбелес-жанжалсыз бiтiремiз» дестi. Екi жақ өзара ақылдасып, бәтуаға көнiп, мамай жағы тыныштықпен аулына қайтты. Ол күнi Кәмештi бiр-екi қызбен басқа үйге тығып тастады» - дейдi.

Құрылтай съезiнiң сайлау комиссиясы сайлау қортындысын шығарған соң шамамен тамыз айының ортасында Мұхтар Шыңғысқа аттанды. Онда Кәмиламен үйлену тойын жасады. Сол жылы наурызда «Алаш» партиясының қайраткерлерiне ВЦИК-тiң кешiрiмi жарияланған едi. Тыныстары сәл де болса кеңiген олардың бiразы Тұрағұл аулымен бiрге жайлауға шығып, жаздай Бақанастың бойында демалды. Тамыздың орта тұсында Ақшоқыға, Ойқұдыққа күзекке түседi. Ел-жұрттың айтуынша Мұхтар мен Кәмиланың тойына Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Даниял Кәкiтайұлы, Сейiт Тоқымбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әмiре Қашаубаев қатысыпты. Кейiн «Алаш» партиясының қайраткерлерiн тойына шақырды, сонда олардың жасырын құрылтайы өтiптi-мыс, деген жалаға қалатының, әрине, Мұхтар бiлген жоқ. Әйтеуiр, мамайлар Әлiмқұл ауылына атой салғаннан кейiн Мұхтар қалада көп бөгелмегенi. Абай ұрпақтары мен Разақтың той қамына шұғыл кiрiскенi анық.

Қауаш Әлiмқұл қызы: «Мамайлар бiтiммен тарасқаннан кейiн iле-шала Мұхтар да келдi.

Қарқаралыдан Әмiре Қашаубаев пен Иса Байзақов, тағы басқа өнерпаз достары келiп, тойды дүрiлдетiп өткiзбекшi болды. Мұхтардың ағасы Разақ алты қанат ақ үй тiгiп, жеке отау құрды. Той малын дайындап, барлық туыстырын жинап, қатты дайындалды. 1920 жылдың тамыз айында, Абай ұрпақтары мен Мұхтардың туысқандары бiрiгiп жасаған Бұл той ерекше жақсы, айтарлықтай қызықты боп өттi. Соңынан Мұхтарды ел-жұрт кезектесiп шақырып, дәм татқызды».

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544