Жексенбі, 24 Қараша 2024
Көкжиек 12677 1 пікір 12 Желтоқсан, 2016 сағат 09:22

АРДАҚТЫ ҰСТАЗ – ОМАР ЖӘЛЕЛ

                                                   Ұмай – Ана.

                                                   Ұмай –жыр.

                                                   Жатырында жанталасып тулайды ұл.

                                                   О, сүйініші, Омар туды қазақтан!

                                                   Бірақ, Хаям тумай тұр...

                                                   (Серік Ақсұңқар Омар Жәлелұлына)

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын. Жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деген қазақ даналығы баршамызға белгілі. Біз «жақсы» деп жүрген кім? Қазақ халқы «жақсы» дегенге  «игі» сөзін тіркестіріп «игі жақсылар» десе керек. Игі жақсы деп – қазақ қоғамында дүйім халыққа көсем болып, алқалы топта сөз бастайтын, соңынан ерген жұртқа нұрлы ақылы, өнегелі даналығымен сәуле шашатын абыз тұлғаларды айтамыз.  Мысал ретінде, Бұқар жырау, Төле, Қазыбек , Әйтеке билерімізді, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім сияқты даналарымызды, Әлихан, Ахмет,  Мағжан сынды алаш арыстарын айтсақ болады. Бұл аузы дуалы, ойы қуатты  аяулы азаматтар алты алашқа жөн сілтеген, бағыт берген, шын қамқор болған  біртуар дарындар еді.

Жақсы мен жаманның парқы талай ақын-жырауларымыздың да шығармаларына арқау болған тақырып. Әсіресе ақын Сүйінбай Аронұлының мына өлеңінде жақсы мен жаманның айырмасы дөп басып дәл айтылған:

Жақсы жігіт ел - жұртының қаласындай,

Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.

Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,

 Көреді бәрін де өз баласындай.

Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады,

Қыранның қырдан байқар баласындай.

Жаман парқы жақсымен бірдей емес,

Жақсы жігіт елінің ағасындай.

Жақсының сөзін әркім пайдаланар,

Миуалы алма, өріктің ағашындай. 

Ендеше қазақ елінің гүлденуі мен көркею үшін жақсыларымыздың айтқан өсиетін есімізге түсіріп, санамызға тоқуымыз керек. Абайды, Мәшһүрді, Шәкәрімді оқып, ұмтылып бара жатқан құндылықтарымыз бен қасиеттерімізді қайтарып, қазаққа тән болмыс пен бітімімізді қалыптастыру міндеті алда тұр. Бұған біз тек әдебиетті оқу арқылы  жете аламыз. Өскелең ұрпақ Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім мұрасымен сусындап тәрбиеленсе, ұлтына адал қызмет ететін, адамзатқа пайда тигізетін асыл азамат болып өсетініне күмән жоқ.

 «Ана сүтін емгендей,

   Алашқа бұл

 Абай рухын емізер кезең келді»,- деп ақын Серік Ақсұңқар жырлағандай, Абайды оқу, тану, түсіну - заман талабы. Рухы биік, көкірек көзі ашық  ұрпақ тек Абайды оқу арқылы  өсіп-жетіле алады.

Бұл байламды көңілге түюге себеп болған ардақты ұстазымыз – Омар Жәлелұлының дәрістері. Беделді оқу ордамыз Еуразия ұлттық университетінің ф.ғ.к доцент, Абайтанушы Омар ағай  әр сабағында Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім мұрасын жас ұрпаққа жіліктей шағып, бүге шүгесіне дейін түсіндіріп, тәпсірлейді. Ұстазымыз осы арқылы жастарды Абай айтқан ынсап, ар, ұят, сабыр, талапты бәрінен биік қоятын «толық адам» болып қалыптасуына ықпал етіп тәрбиелеуде. Ағайымыздың дәрістерінен кейін көптеген студенттердің өмірге деген көзқарасы мен пікірі дұрыс жаққа өзгереді. Қазақи дүниетаным, қазақи ойлау, пайымдау формасы жүйеленеді деп айтсақ жөн болар. Омар Жәлелұлы қазақи дүниетанымды әрқашан бірінші орынға қояды, «Мұсылман болам десем, алдымен қазақ бол» деген ұстанымды әр уақытта алға тартады. Бұл ағайдың  ұлтжандылығы мен адамшылығының жарқын көрінісі деп ойлаймыз. Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім шығармашылығын қазақи ой – таныммен байланыстыру нәтижесінде ұлтымыздың болмысы мен келбетін тереңнен тануға мүмкіндік жасаған Омар ағайымызға алғысымыз шексіз.

Омар Жәлелұлының дәрісітері студенттерге өздерін жан – жақты танып білуге, ғылымның шын пайдасын түсінуге септеседі. Мысалы, Мәшһүр Жүсіптің  «Ғылым-білімнің бірінші пайдасы–мінез түзету» деген даналығын Омар ағай ерекше бағалайды. Себебі, қазіргі таңда әр адам ғылымның пайдасын түсініп, өз-өзін тәрбиелеп, кемшіліктерін жоюға ұмтылуға тиіс екендігін ұғынған жөн.

Омар ағаймыз кең пейілді, мүбәрәк жүзді, білімі сұңғыла ардақты ұстаз, тілі мірдің оғындай шешен, терең ойлы философ. «Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады, асылдан асыл туады» демекші Омар Жәлелұлы текті жердің асыл перзенті. Қазақтың талай ғұлама тұлғалары дүниеге келген, киелі Қарағанды жерінің тумасы.  Серік Ақсұңқар айтқандай «Омар Жәлел сері» десек артық етпес. Қазақты жанымен сүйетін,  аузын ашса жүрегі көрінетін, алуа-шекер ақылымен жан-жағына шуақ шашатын, шәкіріттеріне деген мейірі мен махаббатын  аямай төгетін абзал азамат. Ұстазымызды мақтан тұтамыз. «Алланың  адамға жасаған жақсылығы -жолында жақсы адамдарды кезіктіруі» - деген екен. Дәл осы қастерлі сөз өмірде жол сілтеген әрбір ұстазыма қатысты. Оның ішінде Омар ағайға да қатысты  екенін риясыз көңілмен  жеткіземін.

Рухы асқақ, парасаты биік, мінезі көркем, еңбегі адал, ұлтжанды азаматтарымыз көп болғай!

ГҮЛСЕЗІМ ТЕМІРТАС, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 4 курс студенті

Abai.kz

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592