АЛЛАМЕН СӨЙЛЕСКІҢ КЕЛЕ МЕ?
ОНДА ҚҰРАННЫҢ БЕТІН АШ
Бисмиллахир Рахмани Рахим
Ей, жамағат, Исламның рухани кеңістігінің көгіне жарық шашқан нұрлы шырақ, адамзаттың жалғыз тәрбиешісі – Құран. Құранда «Бұл Құран адам баласы үшін ескерту және үгіт-насихат. Алла Тағаланың жалғыз екенін Құран арқылы білсін, ақыл иелері естерінде сақтап, үгіт және білім алсын» «Ибраһим», 52)- деп ескерту берілсе, «Сендерге сондай бір аманат қалдырдым; ол аманатты мықтап ұстағандар ешқашан да тура жолдан адаспайды. Ол аманатым – Алла Тағалның кітабы Құран кәрім» деп Мұхаммед пайғамбарымыз да өзінің қоштасу сөзінде осы қасиетті кітап жайлы үмбеттеріне аманаттап кетті.
Құранмен ғана адам баласы Алламен тілдесу шыңына шығады. Таза діндар адам өз дұғасымен осы Құран арқылы Алламен сөйлеседі. Біздің бұл сөзімізді; «Раббыларың бұйырады; Маған дұға етіңдер, жауап берейін» («Ғафыр»,60) деп Алла Тағала тағы да ескерткен. Дұға – рахметтің кілті.
Бұл үшін алдымен «дін дегеніміз не, оны кімдер қалай ұстанады?» деген сөзге назар аударалық. Дін – сенім. «Алла Тағала; «Маған келетін тура жол осы – дін жолы» («Хыжыр»,41) деген. Ал сол сенімнің иелері кімдер? Білімділер, ғалымдар мен ілім иелері. Осы үшеуінің білу деңгейі үш түрлы болғанымен, ортақ діңгегі біреу – дін. Үшеуі сатылап отырып Құранда ескертілгендей Алламен сөйлесуге алып барады.
Алламен сөйлесу туралы, әңгіме айтсаң білімділер; «Бұған сендік. Барлығы да Раббымыздан келген» деумен шектеледі. Білімді деген – осылай айтқанын орындайтындар. Бұл олардың деңгейі.
Ал ақыл иелері – ғалымдар не дейді. Олар да Құранға сенеді, Раббымыздан келген деп Құраннан, болмаса дін ғұламалары мұрағаттарынан дәлелдер келтіріп, оқып білгендерін не естігендерін өз деңгейлерінде жеткізіп, соны орындау жөнінде айтады. Ғалым деген айтылғанды қайтып орындау керек екендігін түсіндірген адамдар! Бірақ Алламен әңгімелесуге бұлар да жете бермейді. Бір есте ұстар жайт – білім мен ғылым Құрансыз дамыса ғылымға да, білімге де жатпайды.
Ал ілім иелері ше? Ілім – Құраннан. Ілім иесі Құранға кірген адам, ол өзіне қатысты Алланың айтатын сырын біліп жатады. Қазіргі оқып жүрген аударма Құранда сүре бастарында қысқартылып айтылған «Хұрыф Мұқаттағатты» «Ұғымын Алла біледі» деп жеткізген. Алла бәрін біледі, өйткені Құранды адамдар үшін түсіріп отырған Алла емес пе. Демек, бұл «Адам білмейді» деген сөз емес, ол адам білсін деп берген қазына. Ол сол оқылып жатқан адамға «Алланың өзі сездіреді» деген мағананы білдіреді. «Әлиф Ләм Мим» деп оқи бастағанда Алла сол сүренің қасиетін аша ма саған, ашпай ма, сол мағананы білдіру мақсатында жазылып тұр. Оның кілтін әрине ілім қуалағандар біледі. Ілім қуалағандар деп – Құранды нақты ұғынуға кіріскен адамдарды айтады. Ал бұл әңгімені Құранның есебінде айта алмағандар әңгімелері білімге де, ғылымға да, ілімге де жатпайды.
Ілім иелері әдетте терең білімге иелік еткен Құдайдың қалаулы құлдары. Олар Құранды оқуда Аллаға деген махаббаттарымен одан әрі тереңге барады, Құдай сөзі Құранмен тілеседі. Күнделікті оқитын бес уақыт намазынан тыс Раббыларына тәуекел етіп ракат санын көбейтіп нәпіл намазын оқып, немесе зікірге отырып, құдайы беріп, Алламен сөйлесуге ниет етеді. Бұлар туралы; «Оның (Аллаһтың) аяттары оқылған кезде, бұл олардың имандарын арттырады және тек Раббыларына тәуекел етеді («Әнфал», 2), «Алла Тағала хикметті, терең білімді қалаған құлына береді. Ал кімге білім берілсе оған көптеген игілік берілген болады. Бұдан ақыл иелері ғана ғибарат алады». («Әли Ғымыран»,269) деп жазылған Құранда аяттар бар.
Мұндай ілім иелері әр уақытта Жаратушының уәдесін естеріне ала отырып, Алламен тілдесіп, қойған сұрақтарына Ғайыптан нақтылы жауаптарын ала-алады. Ол Құран кілті «Фатиқа» сүресін оқумен басталады. Құран – ілім иелеріне құшақ жайып ашылады, ашылған сайын өзіне тартады, тарта отырып оның жан-тәнін рухани тазартады, әңгіме айтады. Бұл – екінің бірінің қолы жете бермейтін, өз кезегінде үлкен сабырлықты керек ететін сұлу да нәзік жол.
Осы жолға ден қойған кей жамағат, Құранды оқи бастағанда Құран сыры ашылмай, ол адам есінеп, ұйқы тарта бастаса, Құран бетін жаба салады. Бұл ненің белгісі – ол адамның денесінің рухани тазаланбағандығын, кірлігін білдіреді. Мұндай кезде ілім қуған ілімгер қайта дәрет алып, әлденеше қайтара нәпіл намазын оқып, көздеріне жылап жас алып, Құранды одан әрі оқуға ден қойғандары мақұл. Рухани тазалыққа енбей ешкім де Құранды оқи алмайды, Құран ашылмайды. Құранды көп оқыған адам Құраннан дем, қуат алады, көп шаршамайды. Ілім иесі әр қашанда Құранмен тілдесіп отырады, оқуды тоқтатқан кезінде Құран кілті «Фатиқа» сүресін қайта оқып, рахметін айтып қоштасып барып Құран бетін жабады. Бұл ілім иелерінің ілімді иегерудегі қалыптасуға тиісті жаңылмас жолы.
Ей, жамағат, адам баласының бойындағы бар қасиет Құраннан алынып салынған мойында. Адамның қасиеті Құраннан алынып салынған! Құранды оқи отырып сен өзіңе нақты сырттан қарай аласың. Құран оқымаған адам өзіне ішінен ғана қарайды. Көктен қарай алмайды өзіне. Құранды оқып оны түсінген адам өзіне сыртынан қарай біледі. Өзгеге сыншыл болғаннан гөрі, өзіне сыншыл бола алады. Өзгені түзеткенен гөрі өзін түзете алады.
Болса да ниеттеніп осы жолға түсіп жатсаң, ілімгерлікті қабыл алсаң, дінді іздесең – Құрандағы 18-ші сүренің 27-ші аятынан бастап, 37-ші аятына дейін оқу, түбі осы әңгімеміздің куәгері ететінін Сіздерге сыр етіп жеткіземін.
«Ей, мүміндер! Сабырлы болыңдар және намаз оқып жүріп тілек тілеңдер! Алла Тағала сабырлы құлдарымен бірге!» («Бақара»,153). «Өздеріне айқын дәлелдер келгеннен кейін тура жолдан тайсаңдар, біліңдер Алла Тағала тым үстем, хикмет Иесі» («Бақара», 209).
Ей, жамағат, сен діндар болсаң, Құранға бет бұр, Құранға тәуекел ет, бетін аш, қашанда Аллаға жақындауға ниет ет. Әрдайым жаныңда тұрар Жаратушыңмен сөйлесуге мұқтаж бол. Сонда ғана осы сенім жолында Жаратушыңның барлығына және ол жалғыз ғана қамқоршың екеніне көзің жетеді.
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ
Abai.kz