CЕРІК ӘБІКЕН. БАС ПЕН БӨКСЕ
Бір күні Бас бөксеге бұрыла қарап мырс етті.
– Неге күлдің?– дейді бөксе міңгірлеп.
– Әншейін, – деді ақылды бас келген ойды бүгіп. Ондағысы бөксені қорламайын дегені еді. – Жәй, күлкім келгені...
– Мені – қор, өзіңді – зор санайсың , ә? – деді бөксе кіжініп.
– Жо, о не дегенің, – деп Бас шыр ете қалды. – Сені, жалпы біреуді кемсітем деген ойым болған емес.
– Шыныңды айт! – Бөксе шын ашуланды.
– Жаңа саған қарағанда «Осы жарықтық мына өмірде не қызық көрді екен?» деген бір күпір ойдың келгені рас. Соған мырс етіп едім, кешір.
– Жә, ештеңе етпейді, «ондай-ондай ханның қызында да болады», – деді бөксе масаттанып, жаңағы ашудың ізі де қалмаған. – Негізі мына өмірдегі орнын білместен қопаңдайтындар көп қой. Ондайға етім өліп кеткен. Төмендегілермен тайталассаң тегің тозады, деген қағидам бар. Елемеймін.
– Төмендегілермен? – Енді Бас ашуланайын деді.
– Иә. Мысалы сен өзіңді «адамның ең маңызды мүшесімін», – деп ойлайсың, өзіңнің қылқа мойын үстінде қиралаңдап тұрғаныңды зор мәртебе санайсың, солай ма?
– Солай. Және ол рас! Мен басты мүшемін, – мәдениетті Бастың жүзі қызарып кетті.
– Ық-ық-пық...– Бөксенің күлкісі біртүрлі екен, айналаны да біртүрлі иіс алып кетті. – Әй, ақымағым-ай, сенікі бос әңгіме. Бес саусақтың төбеңнен сипағаныңа мәз болып жүр екенсің ғой. Мен сені өзгелерден ақылдырақ деп ойлаушы едім, пық-ық.
Бас мұрнын тыржитты. Сонда да намысына тиген сөзге жауап бермей тұра алмады:
– Сен сонда мені өзіңнен төмен санаймысың?
– Төмендетпей-ақ қояйын, бірақ, менен асып бара жатқан түгің жоқ.
– Қалай? Бастан бөксе озыпты, дегенді естіп пе едің? – Бас айғайлап-ақ жіберер еді, мәдениеті жібермеді.
– Әй, көкем, адам баласы өзі аса қадірлейтіндерге ән-жыр, күй, ең құрығанда мақал-мәтел арнайды. Саған арналған не бар, айтшы? – Бөксе шындап кірісті. – Ал, айта ғой, тыңдап тұрмын.
Бас ойланып қалған. Не бар еді?
– Айтсаңшы?! – Бөксе дігірлеп барады.
– Қазір, – жөпелемде аузына сөз түспей қысылды. – Міне, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығар» деген керемет сөз бар.
Бөксе тағы күліп жіберді.
– Аһа, бір жағадан үш жүздің басын шығарып, үш басты айдаһар болайын деп пе едің, болмасты сөз етпе. Сен білмесең мен айтайын: «Бас жарылса, бөрік ішінде» деген бар. Әй, біреуден таяқ жегенін жасыратын жынды сен ғана шығарсың. Дені сау адам онысын жасырмай, өзін сабағанның жағасына жармасып өлуі керек қой! «Бас аманда мал тәтті, бас ауырса, жан тәтті» Осындайда сөз бола ма, ей?! Аман болсам болды деп қай қорлыққа көнбедің, сен? – Бөксе күшейе түсті. – «Басқа бәле – тілден» дегеннің де шекесі қызып тұрған жоқ. Сол баяғы жансауға. «Ақылды бастан ақымақ шаш қашады», деген келемежге қалай көніп жүрсің?!
Бас қатты қиналды, шынымен-ақ өзі туралы бір оңған мақал-мәтел жоқ екен. Бөксенікі жөн «Ақымақ бас – аяқтың соры» дегенді қалай айтсын.
– Тоқтат! Осы сөздің бәрін айтқызған ми мен тіл менде ғой, – деді ызаланып.
– Сенімдісің бе?! – Бөксенің үні нық шықты. – Ұшына оралғанын айтып, жалап-жұқтаудан басқа түк түсінбейтін тілді былай қоя тұр, ми туралы келісіп алайық? Сен осы заманда шыққан мақал-мәтелдерді білесің бе?
– Білемін!
– Білсең соның бәрі неге маған арналған?
– Қалай саған арналған... – Бас абдырап қалды.
– Міне, түк те білмейсің, – деді бөксе. – Мысалы осы күні « Біреуді бөксесінен тепсең... миым шайқалды, деп шағымданады» деген нақыл бар.
– Сонымен?
– Әй, түсінсеңші, мені тепсе ми шайқалады? Демек, ми қайда орналасқан? «Бәріміз жарты бөліктермен ойлаймыз, бірақ бәріміз... бастың (мидың) жарты бөлігімен емес...» деген осы заманғы данышпан сөзі де бұлтартпас дәлел.
Бастың есі шықты. Бөксе осы сәтті жібермей, тағы бастармалатты:
– « Бөксені иіскей тұрып айтқан сөз адамның жүрегіне тез жетеді» дегенді естіп пе едің?
– Жоқ, – Бастың ұнжырғасы түсе бастады. Ол мына сөздерді шынымен бірінші рет естіп тұр еді. Бөксе болса жеті атасын түгендеген шежіреші ұқсатып шұбыртып барады.
– «Әдемі бөксе сұлу әйелді төрге сүйрейді» дегенді ше?
– Астапыралла! Бұл қайдан шыққан бұзық сөз? – Бастың көзі бағжиып кетті.
– Көрдің бе, білмейсің! Сен туралының бәрі архаизм, ескінің қалдығы. Жаңа замандағы оқыған-тоқыған ақылды адамдар бастан көрі мен маңызды екенімді түсінген. Жаңағы «әдемі бөксе...» осы күні тек әйелдерді емес кейбір еректерді де өрге сүйрейтін болған...
– Не дейді? – Бас тұншығып, аузын ашып ауа қармады.
– Иә, бірақ оған мені жазғырма. Заман сондай болып кетті. – Бөксенің даусы зілдене түсті. – Білмейтінің көп, Басеке, өзгені кемсітіп қайтесің, өзіңді ойласаңшы. Талай бас иіліп келген маған, талайына батамды беріп, бағын аштым. «Бөксенің «қуысында» қыстығып жатып еркін тыныстау мүмкін емес екен», – деп жақтырмағандардың талайының тентіреп кеткеніне де куәмін. Менің «бөке, бөксе» боп жүргенім жағымпаздардың ойлап тапқаны ғой, әйтпесе бұрынғы атым басқа еді. Соған орай «Ең күшті есірткі – ...» деген де сөз бар. Яғни, мені иіскемесе...
– Доғар! Тоқтат! Оңбаған!
Бастың самайы шыңылдап, жүрегі айныды. Бөксеге тағы бір қараса лоқсып жіберерін түсініп, көзін жұмып, бұрылып кетті. Бөксе болса риза көңілмен пырс етті.
Facebook-тегі парақшасынан алынды
Abai.kz