Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 4740 0 пікір 8 Желтоқсан, 2016 сағат 09:54

ӘН-ӘМІРЕ ҚАСЫМХАНМЕН ҚАЙТЫП ОРАЛДЫ

Елордадағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» болған «Әміре» спектаклінің премьерасына барып, «тарихты тұлғалар жасайды» деген тұжырымның ақиқаттығына тағы да көз жеткізіп қайттық.

1925 жылы Парижде өткен ЕХРО көрмесінде қазақ әндерін шырқаған Әміренің өнері туралы «Париж апталығы» газетінің 31 шілдедегі санында: «Қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев халықтық манерада айтылатын емін-еркін даусына ұлт аспабы домбырасының сүйемелін қосып, өз елінің жаныңды толқытатын әндерін орындады. Солардың бәрінде де өздерінің өнерлерін Парижге көрсетуге келген адал көңілді әртістердің өз Отанына деген жалынды сүйініші сезіледі»,деп жазылған екен.  

Алматыда оқып жүрген студент кезімізде М.Әуезовтің музей-үйінде қоғамдық негіздегі «Қазақ әдебиеті мен өнерінің халық университетінде» әр жұмада ұлттық өнердің қыры-сырын танытатын тағылымдық сабақтар өтіп тұратын. Оны қазақтың мүддесі үшін басын бәйгеге тігетін бірегей тұлға, филология ғылымдарының докторы, академик Рахманқұл Бердібаев 32 жыл басқарды. Сондай бір сабақта «Әміре Қашаубаевтің Париждегі салған әнін тауып, елге алып келген ағаларың», – деп Жарқын Шәкәрімовті  шақырып, пластинкаға көшірілген Әміренің даусын тыңдатқан еді. Сол ән, сол үн менің құлағымда әлі сақталған.

Әміре есімі аталғанда, құлақ құрышын қандыратын сол үні келеді құлаққа. Содан бері арада отыз жылдан астам уақыт өткенде, қазақ әндерін әлемге паш еткен Әміре Қашаубаевтің өнері мен өмірін көз алдыңа келтірген кешегі қойылымнан алған әсерімді бөлісу парызым деп есептедім.

Әмірені сомдаған Қасымхан актердің даусы да, өнері де тәнті етті, тірі Әмірені көргендей әсер алдық, талантты талант танытатынына сүйсіндік. Әміренің талантына тәнті болып, әніне елітіп отырғанда, сол қоғамның ащы шындығын көрсеткен қуғын-сүргін басталды да, актердің шеберлігі ашыла түскендей болды. Тіпті сенімді ойнағаны сонша тамаққа өксік кептеліп, біртума таланттың түбіне жеткен қоғамға лағынет айта отырып, бірге егілдік. «Қайран Әміре, өнердің өрінде шарықтайтын дер шағыңда өмірің қор болыпты-ау» деп налыдық. Өнер мен өмірді ұштастыра, көңілге шынайы сезім сыйлаған әртістің шеберлігінің арқасында  өнерге бас иген ризашылық пен қоғамға налыған реніш сезімдері көңілде қатар орнап, ерекше әсермен, екіұдай сезіммен қайттық.

«Әміренің адамшылығы зор еді. Барынша әділ, жүректі еді. Қаннен-қаперсіз, емін-еркін жүретін. Дүние үшін қабақ шытып, бір тарықпайтын. Қоң етін кесіп беретін жомарт еді.

...Әміре ән салғанда әнді көркемдеп, аспандата айтар еді. Қандай әнді болса да түзеп, кесек бейнелі ән қып айтып жүрсе де, мынаны мен түзедім демейтін. Әміре әнді ылғи сүйіп, ұнатып, өзі әнге ғашық болғандай айтатын. Халық көп болса делебесі қозып кететін», – деп еске алған екен Қалибек Қуанышбаев. Осы естелікте айтылғандай Әміренің ақеділ пейілі мен аңқылдаған болмысын да Қасымхан көз алдымызға әкелді.

 Актер көп қой, дегенмен әнші-актердің жөні бөлек екен. Асқақ армандар мен өлмес өнердің иесі Әмірені кешегідей сомдай білу, талғамы биік көрерменді сендіре білу қас таланттың қолынан келсе керек. Сондықтан да ән-Әмірені қайта тірілткен Қасымханға деген ризашылығымыз бен алғысымыз шексіз. Қоюшы режиссердің Әміренің рөлін өмірдегідей сомдайтын нағыз әнші-актерді тауып қойғанына да риза болдық.

 С.Дуанаева. ф.ғ.к.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502