Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 3143 0 пікір 6 Желтоқсан, 2016 сағат 14:02

Сарыағашта шаруашылығы жолға қойылған кәсіпкерлер жетерлік

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданында болып, бірқатар шаруа қожалықтар мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Ең алдымен, өңір басшысы Ақжар ауылдық округінде орналасқан «Агрофуд-Қазақстан» ЖШС-нің бау-бақша алқабын көріп, алғашқы көшетті отырғызды. Биылғы жылы 280 гектар жерге жаңа технологиямен қарқынды бау өсіруді қолға алған серіктестік келер жылы өнім алуды жоспарлап отыр. Жобаның  инвестиция көлемінің жалпы құны 3 млрд. 400 млн. теңге.

Серіктестік  басшысының айтуынша, бірінші жылы гектарына 10 тонна өнім алу көзделіп, 4 жылдан кейін 1 гектарына 40-50 тонна  өнім жинау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкер алдағы жылдары өсірілген жемістерді сақтайтын тоңазытқыш-қойма салуды және өнімдерді қайта өңдеу жұмыстарын қолға алмақ. Тамшылатып суару әдісі қолданылатын бауда жергілікті 200-ге тарта азамат жұмыспен қамтылатын болады.

Мұнан соң, аймақ басшысы «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысымен танысты. Онда аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев аудандағы барлық кеден бекеттері маңында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары жөнінде баяндады. Күніне 10-15 мың жолаушы өтетін кеден бекетінде келушілер үшін барлық жағдай жасалу қажеттігін айтқан облыс әкімі көрші елмен қарым-қатынастың одан әрі жақсарып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол «Жібек жолы» кеден бекеті арқылы жеңіл автокөліктер өткізу мәселесі шешілгенін, алдағы уақытта автобустар қатынасы да шешімін табатынын жеткізді.

Жұмыс сапары барысында әкім бастаған жұмысшы топ «Жабай ата» шаруа қожалығына қарасты жылыжай жұмысын да көрді. Заманауи озық технологияларды пайдалана отырып, тұрғындарды сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп отырғанын айтқан шаруа қожалық иесі жергілікті 75 азаматты жұмыспен қамтыған. Бүгінде мұнда 450 мың көшет отырғызылып, оның әр түп көшетінен 4-6 келіге дейін өнім алынуда. Көлемі 15 гектер болатын жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріледі. Өндірілген жалпы өнім 2250 тонна, ал өнімдер Қазақстан нарығы мен  Ресей федерациясына жіберілуде.

Abai.kz

0 пікір