Бөдене өсiру де бизнестiң бiр түрi
Жетiсай қаласының тұрғыны Раушан МахатованыҢ бөдене өсiруге деген құлшынысына қажеттiлiк себеп болған көрiнедi.
«Күйеуiмнiң бiраз уақыт бойы асқазаны мазалап, әбден титықтатып жiбердi. Барлық анализдерiн тапсырып, жан-жақты тексеруден өткiзiп болғаннан соң дәрiгерлер «Асқазаныңыздағы жара асқынып кеткен. Оны емдеудiң бiр ғана жолы бар, ол – ота жасату. Одан басқа емi жоқ» дедi. Пышаққа түсу оңай ма? Не iстерiмiздi бiлмей, шақшадай басымыз шарадай болды. Сол кезде Жаратқанның құдiретi ғой, бiр кiсi бөдене жұмыртқасының асқазанға ем екенiн айтты. Оның сөзi табыла кеткен ақылдай көрiндi ме, тәуекел етiп, бөдененiң жұмыртқасын емге iшiп көрудi ұйғардық.
Елден сұрастырып жүрiп, Қызылорда қаласында бөдене өсiретiн Орынбай деген кiсi бар деп естiп, ештеңеге қарамастан, тура сонда тарттық. Орекеңнен 200 бөдене сатып алдық. Оның жұмыртқасын бiраз уақыт iшкеннен соң күйеуiм ауруынан құлан таза айығып кеттi. Ол күнiне 4 дана бөдене жұмыртқасын ашқарынға үзбей iшiп отырды. Асқазанының ауырғаны қойып, қазiр палау дейсiз бе, ащы тағамдар дейсiз бе, ұнатқан тағамын қалағанынша жейдi. Бiз осылайша бөдененiң жұмыртқасынан дертiмiзге дауа таптық» дейдi Раушан апай ағынан жарыла.
Осы тұста айта кетерлiгi, мамандардың зерттеуiнше, бөдене жұмыртқасының құрамында фосфор, калий, темiр көп. Ол адамның есте сақтау қабiлетiн жақсартады. Сондай-ақ, жұмыртқада В тобы дәрумендерiнiң молдығы жүйке жүйесiнiң жақсы жұмыс iстеуiне үлкен септiгiн тигiзедi. Адам ағзасын да тазартады. Жұмыртқа қабығынан кальций дайындалатын көрiнедi. Себебi, жұмыртқа қабықшасының 90 пайызы кальций карбонатынан тұрады. Халық медицинасында бөдене етi ежелден-ақ жоғары бағаланып келген. Анемия, туберкулез, диабет, асқазан жарасы, бронхиалды астма (демiкпе), гепатит сияқты ауруларға мың да бiр ем.
– Бөденелерге таза, жылы, қолайлы жай керек. Сондықтан тұрып жатқан үйiмiздiң үлкен бiр бөлмесiн соларға арнап қойдық. Күнiне шамамен 50 шақты жұмыртқа аламыз. Оны жеке азық-түлiк дүкенiмiзге шығарып сатамыз. Тұрақты сатып алушыларымыз да бар. Олардың барлығы ауруларына ем болғанын айтып, алғыстарын жаудырып жатады. Бұрын бөдене ұстап көрмегендiктен алғашында оны күтiп-бағудың қыр-сырын бiлмей қиналдық. Қазiр бiршама үйренiп қалдық. Азығына да ерекше мән беремiз. Бөдене үшiн кез келген жем жарай бермейдi екен. Оны өсiрудiң қиындығы да осында. Бидай, арпа, жүгерi секiлдi дәндi жемейдi. Бөдененiң жемiн Алматыдан арнайы алдыртамыз. Тағы бiр таңданарлығы, бөденелердiң дене тұрқы кiшкентай болғанымен, тәбетi жақсы, қанша жем берсең де жей бередi. Кейде Алматыдан келетiн жемiмiз кешеуiлдеп қалып, өзiнiң арнайы жемiн бермесек, сол күнi мүлдем жұмыртқаламайды. Жемiнiң өзiне айына 40-50 мың теңгедей қаржы кетедi. Бөдене жұмыртқасын шикiлей де, қуырып та, қайнатып та пайдалана беруге болады. Тауық жұмыртқасымен салыстырғанда құнарлылығы жоғары, асқазанда тез қорытылады. Етiне де сұраныс бар. Бөдене өсiру де бизнестiң бiр түрi екенiне көзiмiз жеттi. Сондықтан алдағы кезде бөдене санын арттырып, оны көбейтудi көздеп отырмыз, – дейдi Раушан апай.
Иә, «бөдене деген немене?» дегендерге Раушан апайдың айтары осы.
Абай ақпарат