«Алаш қозғалысы» үш томдығы жарыққа шықты
Биыл Қазақстан Республикасы үшін айтулы мереке – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл тәуелсіздік біздің ата-бабаларымыздың жанкешті күресінің нәтижесі. Қазақ мемлекеттілігінің іргетасын қалауға «Алаш-Орда» қозғалысының қайраткерлері орасан зор үлес қосқаны мәлім. ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының озық өкілдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмухамедов және басқа Алаш арыстары Қазақстанның қазіргі аумағын кеңестік билікке мойындатып, мемлекеттіліктің негізін қалап кетті.
Осыған орай, «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры» қоғамды қоры көрнекті қаламгер, ғалым, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Алаш» қозғалысы жөніндегі зерттеулері негізінде 3 томдық басылымды жарыққа шығарды. Басылым мұрағат деректерінен, Алаш қайраткерлерінің сот процесі материалдарынан, тергеу хаттамалары мен көрсетінділерден, хаттардан тұрады. «Алаш қозғалысы» 3 томдығы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының тікелей демеушілігімен басылып шықты.
Еңбектің тұсаукесері Жамбыл атындағы қалалық жастар кітапханасында өтті. Оған қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тарихшылар, жазушылар, БАҚ өкілдері қатысты. Олардың арасында жоба авторы Тұрсын Жұртбай, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры» қоғамдық қорының төрағасы Дәулет Әшімхан және т.б. болды. Қатысушылардың айтуынша «Үш томдықты шығарудағы мақсат – Тәуелсіздік құндылықтарын насихаттау, Алаш қозғалысының тарихын жүйелеу, Алаш арыстарының өмірі мен қызметін паш ету».
Бүгінгі таңда Алаш арыстарының ғұмыры мен шығармашылығын, қызметін өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге қылу – маңызды міндет. Алаш қайраткерлері туралы әрбір дерек Алаш идеясының мәнін ашып көрсетуге, ел егемендігі үшін олардың қандай құрбандыққа барғанын терең ұғынуға мүмкіндік береді. Алаш қозғалысын жан-жақты зерттеу, тарихи уақиғалардың мән-маңызын ашып көрсету жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, жаңа Қазақстанның стратегиялық міндеттерін іске асыру міндеттеріне толық сәйкес келеді.
Абай-ақпарат