Жұма, 22 Қараша 2024
Деп жатыр 8401 0 пікір 30 Қараша, 2016 сағат 11:39

ҚАЛАМНЫҢ МІНЕЗІ - ҒАЛАМНЫҢ МІНЕЗІ

Дүйсенбі күні М.Әуезов атындағы академиялық театрда ақын Алмат Исәділдің тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған "Елім барда"... атты кеші өтті. Сол кештің алдында "Жетісу" газетінде жарияланған мына бір мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Абай ақпараттық порталы

Кейде тақырып таппай басты қатырып, аһ ұрып жататын кез де болады. Ал мына тақырып өзіне шақырып тұрған соң елпілдеп ердім де кеттім. Қолымда «айналасы жұп-жұмыр тегіс келген, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» өлеңдермен өрнектелген «Бір тамшы...» жыр жинағы. Бұл менің замандастарымның ішіндегі жауһар жырының иірімі өзіне қарай бірден иіріп әкететін, өлеңдегі өрнегі өзіне ғана тән шеберлікпен салынған, қасиетті қара өлеңді өз қадірінен биік қойып, қастерлей білетін, бар болмысы «қазақтың дәл өзіндей қарапайым» ғана ақын Алмат Исәділ досымның қаламынан туындаған өлеңдер еді.

ОЙ ТҮБІНДЕ
ЖАТҚАН СӨЗ

Күллі мақтаулар мен мадақтаулар әлемдердің Жаратушысы болған бір ғана Аллаға тән екенін шариғаттан естіп, білсем де – өрнекті өлеңге өз ойымды білдіріп, заманы ортақ, бағыты бір досыма ізгі сөзімді арнап, қуанышымен бөліскім келді. Кейіпкеріме қазақы тәмсілмен айтқанда «көпшік қойып», көңілін көтеру осымен тамам. Менің айтпағым өлең һәм өлеңдегі өмір жайлы...
Шағын кітаптағы жұмыр шумақтарды оқыдым, санама тоқыдым, көңілге түйдім. Әр оқырман әртүрлі қабылдайтынын ескерсек, бір өлеңнің өзінен-ақ бірнеше пікір өрбітуге болады. 
Әлқисса, әңгімемді кейіпкерім жайлы мақаламның бөркі, жыр жинағының бетін ашып, көркі болып тұрған «ҚАЛАМНЫҢ МІНЕЗІ – ҒАЛАМНЫҢ МІНЕЗІ» тақырыбындағы алғы сөз орнына берілген ақын-жүрек толғаған ой-қазынаның бір үзігінен бастайын. «Алланың құдіретімен өз ойын тілмен жеткізуге шексіз мүмкіндік алған Адамзат баласы қолына қалам ұстаған күннен бастап, өзгеру мен түлеудің, өркендеу мен жаңарудың, өрістеу мен дамудың тағы бір сатысына жоғарылап, саналы ғұмырын сәулелендіре түсті. Сондықтан, о баста Қаламды Құдай тек Жақсылық пен Ізгіліктің жаршысы етіп жаратқанына еш күмәнім жоқ».
Ақиқатында қаламның ғана емес, осынау ғаламның ішінде күллі жаратылыстан дәрежесі жоғары, ақыл иесі болған адамның да әу бастағы мақсат-міндеті бір-бірімен тек жақсы қарым-қатынаста болып, ізгілікпен із қалдыру емес пе еді? Десек те, Алмат ақын айтқандай «Құдіреті әлсіз сөздің өмірі қысқа» екенін біле тұра, қуатты қаламның күшін шуақты ғаламнан көлеңке іздеуге, анығын айтқанда пенделіктің батпағына матырып, адамдардың аппақ қардай көңіліне кір жағатын құралға айналдырып алғандар да баршылық мына қоғамда. Ақын жүрек жинақтың бетін ашқан әуелгі сөзінде осы жағына терең мән беріп: «Алдымда – ақ қағаз, қолымда – Қалам. Жарқын дүниелерді ғана хатқа түсіруге ниеттеніп отырмын. Сия-сауыт болса, запыранға толып тұр...
Өмір – аласапыран, Заман – құбылмалы, адам да, адамның ғұмыр кешу кеңістігі де сәт, сағат сайын өзгеруде», – деп ой-толқынысын ортаға салады. Алдау, арбау, сату, ұту сияқты алағай-бұлағай заманнан ақын пейіл таңғы шықтай мөлдірлік пен аппақ қардай тазалық іздейді. Қоғамның беталысы ақын ойлағандай болмаған соң, амалсыз қолына қалам алып толғанады. Жыр жинағын бастап тұрған «Мұнар» атты сегіз жол өлең бүгінгі күннің беталысын алдыңызға жайып салады:
Ағадан көрмей ірілік,
Кішіден көрмей інілік.
Аспалы көпір шетінде,
Тұрғандай болам ілініп.
Сондай бір сұрқай сәттерде,
Әкемнен қалған жылылық,
Шешемнен қалған жылылық – 
Лебіңе жүрем жылынып. 
Алдына барсаң ақжайлау пейіл ағаның аялы алақаны тастай қатты қатайып алған қоғамда інінің ниеті өзінен өзі-ақ іннен тар болып, екі арада екіұдай күй кешетініміз тағы бар. Есіл жалғаннан ерте кеткен Есенқұл шайырдың: «Аға деп барсаң ағаға – ағаның көңілі көкте жүр. Бауыр деп барсаң бауырға – бауыры оның көк темір», – деген жан толқынысымен Алматтың жүрек тебіренісінің үндесіп жатуының өзі ақынға ғана тән ерекшелік болса керек. Есағаң: «Айналайын ағайын, сендермен жерді бір басқам. Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан. Өмірі өлең, жыр-дастан, менде де арман жоқ шығар», – деп айналасындағы өлеңін ұғып, жанын түсінген жандармен жабырқаған көңілін жұбатса, Алмат ақын асқар тау әке мен аяулы анадан қалған жылылықпен тұла бойын жылытып, мың құбылған сұрқай қоғамның шұғылалы, шуақты жағына аңсары ауады да тұрады. Әке мен ана мейірімінен қуат алып, көңіл көкжиегін кеңітіп көшеге шыққан Алматты тас қала, тас қабырға, тас көшедегі қым-қуыт тірліктің иірімі өзіне тартып әкетеді. Жаңа ғана бойына шуақ сепкен тәтті қиялды қоғамның қою тұманы тұмшалап, пенделік иектеген өмір өзінің дегеніне көндіргісі келеді. Оған ақын жүрек келісе қойсын ба?
Ұлғайған соң заманның зар-наласы,
Құнсызданып барады Ар бағасы.
Ауылға безіп кеткім кеп тұрады,
Қажытқанда қаланың қарбаласы, – деп өлеңнің пырағына мініп, аспантаулар аясындағы алақандай ауылының қойнауына еніп кеткісі келеді. Бірақ ауыл да баяғыдай емес-ау. Тау жақтан да бір салқындық байқалады. Күйбең тірліктің илеуіне түсіп кеткен ауылдағы ауладан бақытты балалығыңның елесі ғана қол бұлғайды. Бүгінгі баланың бойынан кешегі күніңді көре алмай, құзға қарап ұлыған бөрідей құлазып қайтасың. Рас, барған сәтіңде құшақ жая қарсы алғанымен сенің қасыңда емен-жарқын әңгіме айтып күн ұзаққа отыра алмайды. Шаруа қалып барады. Ауа райының қолайлы сәтін пайдаланып, шөбін шірітпей жинап, ұры-қары, ит-құсқа тигізбей малын түгендеу керек. Алмат әкелген алма мен тәтті-пәттіден дәм татқан соң, байланыс жақсы ұстайтын бұрыш-бұрышты қуалаған ауыл балалары ұялы телефонның шырмауынан шыға алмай жатады. Оны көріп, жаның тағы ауырады. Ем іздеп барған ауылыңнан кең тыныс алуға дем жетпей, бір кездері асық атып, ләңгі теуіп, азан-қазан болып жататын ауладан қызық кеткенін көріп көңіліңе көлеңке түсіп, қою мұң тағы да баурап алады. Ауылға барса осындай көрініске шынымен тап болатын ақын жүрек еріксіз қаланың тірлігіне қайтадан бойұсынып, балконнан асқақ Алатауға көз салады. Өндіріс орындары мен сан мыңдаған көліктің түтіні тұмшалап алған Алматысына құлази бір қарап, көзін ашытқан темекінің көк түтінін ышқына бір үрлеп, ішке еніп, қолына қалам алып ауылдағы ағаға өлеңмен хат жолдайды:
Аман ба ауылдағы ағайындар,
Аман ба атқамінер бағалы ұлдар.
Аман ба, аталарым, әжелерім,
Беттерін әжім басқан,
            самайын – қар?!

Аман ба бала-шаға – уайымы жоқ,
Аман ба әкім-қара – айыбы көп.
Қазақтың тілейтіні – жан саулығы,
Болмаса, қу дүниенің қайыры жоқ. 
Бұл хат ауылға – барар-бармас. Бұл хатқа ауылдан жауап келер-келмес. Бірақ ақын санаға түскен сан түрлі ойды ақ параққа өргізу арқылы бір жеңілдеп қалады. Ал төтесінен тартатын болсақ, жолыққанда «Мал-жаның аман ба?», – деп сөз бастайтын ауылдағы ағайынға өз тірлігі ұнайды. Өзінше бір әлем. Қысқа күнде қырық құбылған қаланың қым-қуыт тіршілігінен күйбең тірліктің илеуінде жүрсе де ағаға ауылы қымбат. Ауылдағы ағасы ақын інісі айтқандай «қу дүниенің қайыры жоқ» екенін түсінсе де, өрісіне өргізген төрт түлігі мен соның қыстағы жемшөбін қамдаудың өзіне уақыт таппай қарбалас тірлікке сүңгіп кеткен. Алматыдағы Алматына ауылдың дәмі деп ара-тұра сәлем-сауқатын жолдап қоятыны болмаса, сол қалаға арнайы өзі барып, у-шуына бас айналдырғысы жоқ. Тауының тұнық ауасы мен мөлдір суы жанға қуат, дертке дауа. Осыны түсінген шайыр аға бейнесін өлеңінде әдемі өрнектеп, ауыл адамының болмысын жасайды:
Қала десе ат-тонын ала қашар,
Ауыл жақтан келмей жүр хабар-ошар.
Далада еркін өскен есіл ағам,
Сіздіңше ауыл – жақсы, қала – нашар.
Ақын жыр арнаған аға бейнесінің ар жағында бүкіл ауылға тән қазіргі қазақ қоғамының бейнесі тұр. Дәл осындай жүзін күн күйдіріп, жел қағып, қараторыланып кеткен аға менің де ауылымда бар. Шәпкісін қисайта киіп, бір көзін сығырайта алып күнге бір қарап қойып, ертеңгі күннің ауа райын іштей болжап, соған сай қам-қарекетіне кіріседі. Ал кешкісін... 

 СЕРИАЛДАР
 СЕРГЕЛДЕҢІ

Кешкісін қалың елдің санасын торлаған сериалдар серуенге шығады. «Отау-ТВ» арқылы бірнеше арнаны тамашалау тау қойнауындағы жұрттың да әдетіне айналған. Тіпті, бұрындары екі-үш арна ғана көрсетіп тұрған кездің өзінде «Қарапайым Мария», «Жабайы Роза», «Байлар да жылайды» деген сериалдар шынымен ауыл тұрғындарын жылатқан. Бір емес, екі жылаған кездері де бар. Біріншісі не әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі не тәлім-тәрбиесі не ұлттық сипаты үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шетелдік сериалдағы кейіпкердің тағдыры көзінен сорасын ағызса, екіншісі, біреу киноға шырмалып жатқанда, «құланның қасуына мылтықтың басуын» дөп келтіріп, қорадағы сиырын, қой-ешкісін қолды қылып, талайдың көз жасын көлдеткенін сан рет естідік. Сол сериалдар салтанат құрған шақта ғой көрші ауылдағы бір апамыздың: «Өзімнің қайғым аздай «Жабайы Розаның» қайғысы қанды ішіп қойды», – деп кейігені. Сериалдарды тізбелегендегі айтпағым, ақын жүрек ұлтқа төнген қауіп пен ұрпаққа тиетін зиянды осы өлеңі арқылы-ақ әдемі әзілмен суреттейді. 
Кешқұрым мезгіл. Сиырын сауып,
Болған соң, көне киімін қағып.
Үйге енді әжей, мал қора жаққа,
Бұрылып, көздің қиығын салып.

Шалы отыр төрде – түр-түсі семген,
Жүретін ылғи қырқысып елмен.

Келіні болса – жұбата алмай,
Кенже баласын ұйқысы келген.

Шүйілтіп қалың қабағын ана,
Күңк етті оған – «Баланы қара!»
Теледидарды қосыңдар кәне,
Басталып кетті «Жабайы Роза!».
Көз алдыңызға осыдан біраз жыл бұрынғы оқиғалар сап түзеп шыға келген шығар. Астарында ғажап ой жатқан пәлсапасы терең шумаққа айналмаса да, қарапайым ғана өрілген өлеңнен өмірдің өзін көруге болады. Сериал сергелдеңге салған сана шаршап, көз ұйқыға кетеді. Тіпті, кейбір кісілердің кинодағы бейбақты түсінде көріп, түнімен дөңбекшіп шыққанын да естігенбіз. Ал таң атқанда не болды?! Не болғанын Алмат ақынның өзі айтсын:
Көрініп күннің сұлбасы жаңа,
Шал ерте тұрды – тұлғасы дара.
...Қорада тұрған қара сиырдың,
Қалыпты ала бұйдасы ғана.
Ұрланған малды қойшы, өрістегісімен орны толады. Ал уланған сананы қайтпекпіз?! Ақын жүрегі осы бір қауіптің алдын осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ ескертіп қойған. Тыңдар құлақ болса қане? Жоғарыда айтқан «Отау-Тв» жақсы болды. Үндінің, түріктің, кәрістің, филиппиннің, тағысын тағы сериалдар шеруі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. «Аузы күйген үрлеп ішедіні» білген жұрт сериалға қораның аузын құлыптап, аулаға алабайын бос жіберіп, алаңсыз кірісетінді шығарған. Бір қауіптің алдын алғанымен, зырлауық күнмен жарысқан сериалдардың сананы шырмап алған шырмауықтың өзіне айналып кеткені қашан?! Алматтың «Жабайы Розасын» оқығаннан кейін үнді «Келіннің» қаншасыншы сериясы жүріп жатқанын саналы түрде іздедім. Құдай сақтасын екі мыңның үстіне шығып кетіпті. «Келіннің» кесірі туралы айтылмай да, жазылмай да жатқан жоқ. «Таскерең қоғам» деп өзім өмір сүріп отырған заманды тілдеуден аулақпын. Сол қоғамды жасап отырған адам рухы азғанының жемісі. «Ұлттық» һәм отандық арналардың тізгінін ұстап отырған қандастарымның ұлтын сүйе алмауы мен сүйе алмағанына ұялмауының нәтижесі. Өлеңнен түйгенім... Қоғамның дертін жазу үшін көзге жас үйіріп, көңіл толқытатын шумақ болуы міндетті емес екен. Әзілге құрылған қарапайым ғана шумақтардан санаға түскен зілдей салмақты сезіндім. 

 САЛҚЫН ҚОҒАМ
Даланың салқын ауасы бойыңды ширатып, жаныңды жігерлендірсе, адамның салқын пейілі құдды мұз қарығандай денеңді тітіркендіріп жібереді. Жаңа дәуір пенделерінің қас-қабағынан сондай бір жат, салқын мінез байқалып тұратындай. Айталық:
Айдап салдым жылқымды тепсең жерге,
Сендей адам табылмас ексем жерге.
Намаздыгер, намазшам арасында,
Асыққаннан тимейді өкшем жерге.
А-а-а-а-ай, жеңеше-ай,
Мінезің сенің өзгеше-ай, – деп келетін халық әніндегі әзіл- қалжыңнан қайны мен жеңге арасындағы қаймағы бұзылмаған қазақы пейілді көруге болады. Ағайынның ұйтқысы болып отырған жеңгеге қай қайны еркелемесін, ән арнамасын. Ал Алматтың өлеңіндегі кейіпкер жеңге бейнесінен бүгінгі қоғамдағы ағайын арасындағы береке-бірлік пен татулыққа сызат түскенін байқауға болады. Ақын жырындағы жеңгені бейнелі түрде алсақ, біз өмір сүріп отырған дәуірдің келбеті байқалады.
Салқын үй. Салқын сәлем. Салқын жеңгем –
Сақина, сырғалары алтын зерден.
Қабағы қыз күнінен ашылмайды-ау,
Қашан да дәл осындай қалпын көргем.
Рас, ағаға айтқанын істетіп, сұрағанын алдырып, ағайынға келгенде кірпідей жиырылып, жаныңа түрпідей тиетін жеңгенің бары да ақиқат. Жүндеуге жақсы жуас түйедей момақан күйге түскен аға таңдап алған жарына сөзі өтпей, бауырының қабағындағы кірбіңді, анығын айтқанда ағасының қабағына қарап, шарасыздықтан отырған інінің көңілін бұрған болып, ашынғаннан шыққан ащы дауысын заманға ғана көтере алады:
Күйінді ағам: 
Бұл неткен салқын қоғам,
Айналаңның барлығы арсыз, надан.
Қарыздардың үстіне қарыз жамап,
Қыспағына алды ғой нарқың жаман...
Шарасыз ағаның аузына сөз салу арқылы ақын осы күннің көрінісін бейнелейді. Содан ба, мен бұл өлеңді отбасы, ошақ қасынан сыртқа шығарып, ағайынның арасынан алысқа әкетіп, түгелдей болмаса да, осы қоғамның кейбір көлеңкелі тұстарын көріп отырғандаймын. Салқындық тек жеңге қабағында ғана еместігін ақын осы өлеңінде былайша кестелейді:
...Далада күз. Ауада салқын сыз бар,
Еске түсті балалық, жарқын жылдар.
Мен де ойландым:Құдай-ау, нендей зауал,
Адамның ниеті мен нарқын бұзған?
Сауатты сауалға салмақты жауапты Алматтың өз өлеңінен таптым. Жалпы адамдық ардың сақталып, адалдық салтанат құруы үшін имандылықтың иіріміне бойламаса, мына жалған көп пенде ойлағандай «оралыңның барында ойна да, күлден» тұрмайды-ау. Ойнап жүріп от басып, ібіліспен достасып, ізгіліктен қоштасып жатқандар қаншама? Қоғамның осы бір осыл тұсын дөп басқан ақын:
 Имамға ұйып, дәретпен
Құран ұстап, жүрмеген соң –
Сананы тұман ыстап.
«Күнде жиын, күнде той» болып кетті,
Мешітке баратын жол тым алыстап, – деп ақиқатты аңсап, пендеуи тірліктен шаршап, тығырықтан шығар жол іздегенде жүректің қалауы қайда апаратынын сезіне жырлайды. Ақиқаты да осы ғой. Бесіктен басталған жолдың мешіттен күн сайын бес мәрте «Аллаһу Акпар – Алла Ұлы» деп естіп жатқан Ұлы Жаратушының алдына апаратыны бесенеден белгілі. Сол жерде маңдайымызға берілген ғұмырдың қалай өткені жайлы есеп береміз. Мына жалғанда Құдайын ұмытқан пенде бәрібір ешқандай дәрменсіз құлдық дәрежеге түсіп, сол жердегі әділет таразысы алдында жауапқа тартылады. Алматтың ақын жүрегі де өлең болып соғып, осыны білдіріп тұр ғой. Пенделік тірліктен шаршаған шайыр жан мен тәннің тазаратын жердің қайда екенін де жақсы біледі. Бірақ нәпсі қалауы қазір ол маңнан алыстатқысы келіп жүргенін де жасырмайды:
Жаман қара ниетті арқандасам деп едім,
Тыйып нәпсі қалауын талқандасам
                      деп едім.
Қасиетін Алланың терең ұғып білмеп ем,
Тазартатын кез жетті жан мен тәнді кірлеген.
Ақиқатты аңсаған жүрек қалауы осы енді. Мұқағали ағасы да жалғанның баянсыз екенін біліп:
Я, Жаратушы Аллам!
Қолдай гөр, сүйей гөр мені, сүйей гөр!
Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем,
Жасаған ием! Құлап барам, сүйей бер!
Пенделерге табына-табына болған ем, – деп ақиқат сөзін жеткізген еді. Данышпан Абайдың: «Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды», – дегеніне сүйенсек, Мұқаңның да, Алматтың да арбауы көп жалған дүниенің табан тіреп, тиянақ табар тұсы Хақтың алды екенін толығымен сезініп тұрғанын байқаймыз. 
Алмат дос, «қамал бұзар», «қылыштай өткір», «қырма сақал» дейтін қырықтың босағасына келіп, есігін қағып тұрсың. Ырымға сүйенсек, қырықта да бір сыр бар. Жаңа туған сәбиді қырқынан шығару, өмірден өткен жанның қырқын беру, Құранда айтылып, эмбрология ғылымы дәлелдегендей шарана құрсақта тамшы судан қырық күнде ұйыған қанға, келесі қырық күнде етке, келесіде сүйекке айналуы ешқандай сәйкестік емес. Бір сыр бар дүние. Ал руханиятымыздан алсақ, хакім Абайдың өзі қансонарда бүркітші болып, аңға шығып, «махаббат қызық мол жылдарын» артқа қалдырып, «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз», деп имандылықтың ауылына атбасын бұрды. Мұқағали ақын да «Құбылаға бет бұрып, қол қусырып, сәждеге бас қоятын қайда күнім», деп осы қырық жасында армандады. Ал тым тереңдейтін болсақ, адамзаттың асылы, екі дүниенің сардары, ғаламның рахым нұры болған Мұхаммедке (с.ғ.с) пайғамбарлық осы қырық жасында келді. 
Сөз түйінін айтар болсам, ғұмырлы бол ақын досым! Мұхаммедке (с.ғ.с) лайықты үммет атанып, Абайдың аманатын орындап, Мұқағалидың арманына сен қол жеткіз. Айтары мол ақынсың ғой, сарқылма досым! 

Негізі Алмат Исәділ поэзия әлеміне әдемі мінез, әсерлі өлеңімен келген ақын. Оның туған жер мен өскен өңір, нәзік махаббат пен мөлдір мұң, сұлу табиғат пен қоршаған орта жайлы қуатты да шуақты жырлары аз емес. Бұл мақалада бүгінгі қоғамның бейнесін көрсете білген бірер шумағы төңірегінде ғана сөз қозғадық. Кейінге де сөз қалсын!

Жұматай Әміреев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5255