CТУДЕНТ ҚЫЗДЫҢ ХАТЫ. ІШІМ ҚАН ЖЫЛАП ОТЫРЫП ОҚЫДЫМ
Осы түнде менің атыма келіп түскен студент қазақ қызының ұзақ хатынан алынған бұл қысқа ғана үзіндінің өзін бейжай оқып шығу мүмкін емес. Ішім қан жылап отырып, оқып шығып, әзірше осы хаттан шағын ғана үзіндіні жұрт назарына ұсынуды жөн көрдім.
Міне, біздің қазақ жастарының бүгінгі адам төзгісіз жағдайына бір ғана дәлел осы болар деп ойлаймын.
Автор.
СТУДЕНТ ҚЫЗДЫҢ ХАТЫ
«...Әкем мен анашымнын өздеріне дұрыстап киім-кешек алмаса да, өздері қалаған тамақтарын алып жемесе де, олар маған ауыздағыларын жырып береді. Бүгіндері университеттің ақылы бөлімінде студент болып оқып жүрген мен туралы әкем мен анамның екі сөздерінің бірі: «сен, осы оқуыңды жақсылап бітіріп, жоғары білімді маман атанғаннан кейін мына елдің кір-қоңын жуатын ең лас, әрі ауыр жұмысты тастаймын» дейді менің қайран асыл анашым. Ал, өзі ауырып әзер жүрген, аса ауыр жұмыстағы әкешім қу сүйегін сүйретіп, өзі өлейін деп әзер жүрсе де: «сен, оқуыңды бітіргеннен кейін алаңсыз өле берсем де болар еді. Ана бастықтарыма биыл сенің оқуда екеніңді, оқу ақысын төлеу керек екенін айтып жатып, жалынып жатып, ана адам төзгісіз қара жұмыстың өзінен қысқармай әзер қалған едім, сен оқуды бітірген күні өле берсем де болар еді...» - деп отырады үнемі әкем.
Олардың бұл сөздерін естігенде менің бала жүрегім сан бөлшекке бөлініп, қан жылайды. «Мұндайды көргенше...» деп кейде өмірден де түңіліп кететінім бар. Айта берсем, біздің отбасының жағдайы адам төзгісіз сондай ауыр жағдайда. Менің жыл сайын төлейтін оқуымның ақшасын табудың өзі менің дәрменсіз, әрі дімкәс ата-анама азап болып отырғаны жанымды аяздай қариды... Мен сияқты студент атанып жүрген қазақ жасының басындағы бұл ауыр жағдайды менен басқа кім түсінер екен, әй түсінбейді ғой... Себебі, өздерінің бастарынан өтпегесін, олар қайдан түсінсін...
Жұмыс жасап, ақша тауып жүрсем екен, әкем мен анама көмек ретінде... Бірақ, әттең, қолымның қыскалығын-ай, десеңші! Шынын айтсам мына мен ас ішіп, аяқ босатқаннан басқа не істеп жүрмін? Қазір істеймін десең де жұмыс жоқ! Бар қолымнан келгені, мен үшін қиналып жүрген әкем мен шешеме сөз келмесін деп, сабағымды жақсы оқуға бар күшімді салудамын. Күндіз де, түнде де: «менің ардақты әкем мен асыл анам аман болса екен деп, құдайдан тілеймін!
Жаратушым менің бұл көз жасымды көре ме, көрмей ме, ол жағын тағы айта алмаймын...
Мен бұл хатты қатты қиналып кеткеннен кейін және асқан шарасыздықтан кейін амалсыз жазып отырмын. Бүгінгі қазақ жастарының көбінің басында дәп мендегідей ауыр жағдайлардың болуы да мүмкін. Ал, мен қатты қиналғаннан кейін, амалсыздан осы хатты жазып отырмын. Мені аямасаңдар да, ана қатты қиналып жүрген әкем мен анашымды аяйтын адам бар ме екен жер бетінде?..
Қол ұшын беріп, көмектесетін жандар болса ғой, шіркін, деп те армандаймын, кейде...
Сәлеммен екінші курс студенті Венера...»
(Толық мекен жайын, толық атын, тегін, оқу орнын кейін көрсетемін).
Жұмаш Кенебай (Көкбөрі)
Abai.kz