Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Білгенге маржан 17857 3 пікір 25 Қараша, 2016 сағат 12:47

Серік ДӘУЛЕТОВ. АЛШЫН ШЕЖІРЕСІ (басы)

Қазақ руларының шежіре, тарихы ұлттық тарихымыздың үлкен бір бөлігі. Жер бетіндегі халықтардың бәрінің ұлт болып ұйысып, ел болып түзілуінің тегінде рулық, тайпалық негіз жатыр. Сол сықылды қазақ халқының да шығу, қалыптасу кезеңінде де ру-тайпа тарихтары жатқаны мәлім. Қазіргі заманда ру-тайпалық таным  әулеттік шежірелік деңгейде болғанымен, ұлттың тектілігін, туыстығын, бауырмалдығы мен бір-біріне қамқорлығы, қан тазалығы мәселесінде зор рөл атқарып келеді.

Серік Дәулетовтің кезекті "Алшын шежіресі" - жаңаша көзқарас" еңбегі жоғарыдай айтылған ру-тайпа шежіре, тарихында тың деректер, соны ойларға толы.

abai.kz

АЛҒЫ СӨЗ ОРНЫНА

Қазақ халқының аса бай әрі терең тамырлы тарихының қатпарлы-қатпарлы  беттері әлі де ғылыми терең зерттеулерді қажет етеді. Өйткені, қазақ халқы әп-cәтте қалыптасып пайда болмаған, оның сонау ежелгі замандардан тіл бітіп, тілдесе бастаған кездерінен, одан алғашқы номадтардың өкілдері  сақтардан бастап, "хұннұ", "түрік", "қыпшақ", "моңғол", "алтын-орда", "өзбек", "ноғай", "қазақ" дәуірлеріндегі  аса күрделі этносаяси тарихы бар. Біздің арғы ата-бабаларымыз мемлекеттік құрылымдар қалыптастырған тарихының мерзімін межелеп айтатын болсақ,  үш- төрт мың жыл бұрыңғы тарих деген сөз.

Осынау  тарихта шынайы этникалық тарихи сабақтастықтар, ұрпақаралық үзіліссіз байланыстарымыз  да  бар. Демек, XV ғасырдың орта тұсында  бір шаңырақтың астына қауымдасып қазіргі біртұтас тіл мен бірыңғай болмысты, бір сөзбен айтқанда,  қазақ ұлтын  сомдаған көптеген түрік тектес ру-тайпалар да өмір кешті, сан-қилы өзгерістер де болып өтті.

Осы ретте, қарапайым қазақ азаматы, өз тарихының жанашары Серік Тағыбергенұлы Дәулетовтың еңбегі жайында біздің айтарымыз мынау:

 Еуразия кеңістігінде сонау есте жоқ ежелгі заманнан бері арғы ата бабаларымыздың кешіп өткен тарихын тектеп баяндаудың өзі де белгілі бір мерзімді, ғылыми тиянақты зерттеулерді, тіптен тосын ой-пікірлердің талқыға салынуы сияқты сан-қилы талдауларды сөзсіз қажет етеді. Осы тұрғыдан С.Т.Дәулетовтың аталмыш еңбегінде жаңа көзқарас пен тың ұсыныстар мол дегіміз келеді.

Бұл еңбекте қазақтың ру-тайпаларының күрделі тарихына қатысты алшын және басқа да этноним атаулардың,  тарихи топонимдерінің  этимологиясы жайында қызықты ұсыныстар айтылған. Автор С.Т.Дәулетовтың пайымдауынша Алшындардың Еуразиялық кеңістіктегі көш жолдары Орман Елі (Алтай, Саян тау жоталы аумағынан бастау алып) одан Жошы Ұлысына, содан Ноғай Ордасына, одан кейін Қазақ хандығына бірігу тұтасты үрдістері болды делінеді. Біз де аталмыш пікірді құптаймыз. Шын мәнінде этностардың миграциялық жолдарына дәйекті дәлелдердің бірі топоним атаулары болып табылады. Бұл топонимдерінің қызықты тұстары жайында автор қазақ, моңғол тілдік деректерді кеңінен қолдана отырып, өзінің ой пікірлерін сенімді етіп жазған.

Жалпы, этнонимдер мен топоним атаулардың түрік, моңғол және басқа да көшпелі халықтарда ортақ құбылыстары мен ерекшеліктері бар екендігі, олардың тарихи хронологиялық межелеріне де назар аудару шарт екендігі зерттеушлерге белгілі.

Таулы Алтайлық зерттеуші Н.В. Екеевтің зерттеулері бойынша[1]қазіргі Таулы Алтай халықтарының этнонимдерінде көне түріктік, моңғолдық компоненттердің туыстық байланыстарының бар екендігі айрықша байқалады. Осы тұрғыдан алып қарастырсақ, С.Т.Дәулетовтың  сөз болып отырған еңбегіндегі   ой тұжырымдары басқа да зерттеушілердің талдауларымен  тағы да дәлелденіп тұрғандай.

Біздің тарихымыздың шынайы ақиқаты белгілі дәрежеде жазылып та келеді, айтылып та келеді. Әрине, біздің тарихымыз толық жазылып баяндалды дегеннен аулақпыз.

Сондықтан өз тарихын, ата бабаларымызыдң тарихын тануға талпынған, беймәлім әрі құпия сырларын көре білген, дәйекті етіп дәлелдей білген  қарапайым азаматтарымыздың да ісі  жарыққа шығуға тиісті деп білеміз. 

Автор С.Т.Дәулетовтың   Алшын атауын көне түрік, моңғол тілдеріндегі alaq// alag > alaq+čin// alag+čin >  аңшы, аңды өлтіруші деген семантикасынан туындаған байырғы атау деген пікірі шындыққа анағұрлым жақын деп санаймыз.  Шынында да қазақ  тілінде "ала" дегенді моңғол тілінде "алаг" деп айтатын фонологиялық  ерекшелігі де бар. Басқаша айтқанда "алақ+шын"   дегеніміз қысқартылып айтыла келе-келе ,  "алшын" , "алаш" атауына айналған.

 Түптеп келгенде Алшын= алығшын= аншын=алығшы= алаш= аңшы,  Алшы-татар*= аньци-татар= аңшы-татар деген жаңғыртпасы көңілге қонымды.

Сөйтіп, С.Т.Дәулетовтың   қызықты да тосын жаңалығы бар  бұл еңбегін оқып танысқан соң көпшілік жұртшылыққа  жариялауға тұрарлық талдау жұмыс болған, қазақтың (жалпы алғанда түріктік, моңғолдық делінетін) тарихи этнононимдер мен топонимика саласына аз да болса өзіндік үлесін, өз пікірін қосқан еңбек болған деп санаймыз.

Филология ғылымдарының кандидаты Нәпіл БАЗЫЛХАН

 

Елімізге керек емес ертегі!
Ертегіні өз балам да шертеді.
Тарих керек!
Іргетасы ол халықтың,
Іргетассыз қаланбайды 

Ертеңі!

Қадыр Мырза-әлі

К І  Р І С П  Е

Кейбір деректер бойынша қазақтың екі жүзден астам ру шежіресі бар. Алайда, «Біздің бұл қазақта тасқа таңба басқандай анық шежіре жоқ», деп Мәшһүр Жүсіп айтқандай, шежіреміздің көбі он-шақты атадан әрі қарай көмескілене береді. Олардыжинаған, жазған адамдардың шежірелік біліміәртүрлі болғандықтан, ойдан шығарылған кейіпкерлерді қосу белең алған. Оның үстіне руына тарту, әркім өз ата-бабасын әспеттеу, дін өкілдерін енгізу сияқты кемістіктер кездеседі.

Бүгінде заманауи технологияларды қолдану арқылы төл шежіреміздің кемшін тұстарын толықтыруға мүмкіндік туды. Ғаламтордағы сайттардан қазақ рулары мен тайпаларының генеалогиясы, таңбасы, ұраны туралы сан-алуан ақпарат алуға болады. Ғылымның жетістіктерінің арқасында соңғы жылдары генетикалық зерттеулердің жаңа бағыттары пайда бола бастады. Солардың бірі- генетикалық генеалогия немесе ДНК-генеалогия.Кәдуілгі генеалогия мұрағат құжаттарына немесе шежірелерге сүйенсе, генетикалық генеалогия биологиялық құжатқа- ешқашан жаңылмайтын адам ДНК-сына сүйенеді. Генетикалық генеалогияның бір қасиеті– ол ДНК-ның атадан балаға өзгеріссіз берілетін бөлігіне- Ү-хромосомаға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 Елімізде қазір америкалық Family Tree DNA компаниясының келісімімен коммерциялық Shejire DNA жобасы жұмыс істеп жатыр. Жобаның директоры Нұрбол Баймұқановтың айтуына қарағанда, бүгінде мыңға тарта адам генетикалық сынақтан өткен, оның 200-ге жуығы Алшындар.

Мен де осы жоба арқылы ДНК-тест тапсырып, ата-бабалық гаплотобымның С3с (С-М48) екеніне   көз жеткіздім. Бұл гаплотопты генетикалық генеалогиямен айналысып жүрген кейбір қазақстандық ғалымдар «Алшын кластері» деп те атап жүр.

Солардың бірі философия докторы- PhD, саясаттанушы Жақсылық Сәбитов. Ол өзінің «Этногенез казахов с точки зрения популяционной генетики»[2]деген еңбегінде Қазақ ДНК-жобасында тест өткен 273 қазақтың гаплотоптарын талдап, әрбір руда белгілі бір доминанта гаплотоп бар екенін анықтаған, оны ол кесте түрінде былай келтірген:

 Бұл доминанта гаплотоптар Жақсылық Сәбитовтың ойынша қазақ  шежірелерінде айтылатын сол рулардың ата-бабаларының гаплотоптары.

«В советское время к шежире относились крайне скептически, ставя его на уровень фольклора, где уровень домыслов крайне велик. Но данные генетики свидетельствуют о том, что шежире зачастую подтверждается на 80-90%,когда люди, имеющие по шежире единого предка (исключая кирме – потомковусыновленных и др.), имеют также одну гаплогруппу и близкие гаплотипы. Таким образом, говоря об этногенезе казахов, можно утверждать, что казахские рода являются преемниками некоторого количества золотоордынских эмиров, которые по шежире являются их предками, то есть данные шежире подтверждаются данными популяционной генетики по Y-хромосоме.»[3]

Демек,дейді Жақсылық, барлық дерлік қазақ рулары Алтын Орда әмірлерінің ұрпақтары.

Оның ойынша

Үйсіндер 13 ғасырда өмір сүрген Майқы биден,

Қаңлылар 17-18 ғасырда өмір сүрген Келдібектен,

Шанышқылылар 17-18 ғасырда өмір сүргенШанышқылыдан,

Арғындар 14-ғасырда өмір сүрген Арғыннан,

Наймандар 13-14 ғасырда өмір сүрген Өкірештен,

Қоңыраттар 14 ғасырда өмір сүрген Нанғұдайдан,

Уақтар 15 ғасырда өмір сүрген Ер Көкшеден,

Алшындар 14 ғасырда өмір сүрген Алаудан тарайды.[4]

Мен Жақсылықтың бұл пікірімен келісеалмадым. Себебі қазақ - қарға тамырлы, және қазақтың тамыры Жақсылық ойлағаннан тереңде жатыр. Қазақ халқын құраған ру-тайпалардың ата-бабасы Евразия кеңістігінде әлімсақтан бері тұрып келе жатқанын біле тұра, Жақсылықтың қазақтарды 13-14 ғасырдағы Алтын Орданың 7-8 әмірінен тудыруы- тарихқа қиянат.

Ғаламтор сайттарында шежіре деректеріне «фолк хистори» деп қарайтын Жақсылықбұл жолыЗ.Сәдібековтың «Қазақ шежіресін», Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресін» еш күмәнсыз 100 пайыздық сенімді дереккөз ретінде қолданған.Ол мұндай тұжырым жасамас бұрынҚазақ шежіресі туралы Шәкәрімнің «Әз-Жәнібекханнан бергі қарай аталары туралы шын да, өтірік те айтылған сөздер бар»,Мұхамеджан Тынышпаевтың«Без предварительного изучения генеалогии каждого отдельного рода, а также без того, с кем и в какие времена он сталкивался невозможно представить себе общую картину исторических судеб казахского народа»деген сияқты сөздерін қаперіне алып, аталмыш еңбегінде пайдаланған шежірелерді ғалым ретінде сыни көзқараспен зерттеп, әрбір рудың тарихын талдауы керек-ақ еді...

 Бір қызығы Жақсылық қырғыздардың шежіресі (санжырасы) мен қауымдастық генетиканың байланысы туралы қырғыз сайттарында басқаша сөйлейді:

«Задачей популяционной генетики в исследованиях народов, живших родоплеменным обществом, здесь становится именно разделение и выявление, какая часть из санжира является достоверной, а какая частьмифической и какая часть каждого этноса близка другой части другого этноса...Не стоит абсолютизировать исследования по Y-хромосоме, она несет в себе всего 85 генов, в то время как в самом человеке около 28000 генов, то есть Y-хромосома составляет всего 0,3 % от всего генома человека. Если же исследовать кыргызов на аутосомы (все 46 хромосом, а не только на Y-хромосому), то мы можем получить совсем другую картину. К примеру, по аутосомам кыргызы будут очень близки алтайцам, казахам и другим тюркским народам Центральной Азии. Или же кыргыз, имеющий гаплогруппу R1a будет по Y-хромосоме будет очень далек от кыргыза, имеющего гаплогруппу С3, но при этом по аутосомам они будут очень близки. Так что, говоря о гаплогруппах Y-хромосомы надо помнить, что основываясь на этих исследованиях нельзя говорить о происхождении всего народа».[5]

Жақсылық Сәбитовпен екінші бір келіспейтін жерім-ол осы аталмыш еңбегінде алшындарды татарлардан шықты дейді.

Жақсылықтың ойынша:

«Род происходит от алчи-татар, племени, которое было почти полностью истреблено Чингиз-ханом. Предок рода- Алау,  живший в середине 14 века»[6]

Ол мұнда «Моңғолдардың құпия шежіресінде» және Рашид әд-Диннің «Жәми әт-Тауарихында» айтылатын 1202 жылы Шыңғысханның татарларды шығырыққа (арбаның білігіне- тележная ось) теңестіріп қырған оқиғасын айтып отыр.Оның ойынша, қазақ Алшындары сол қырғыннан анда-мында тығылып аман қалған (немесе бойы шығырықтан аласа боп өлтірілмей қалған)алшы-татарлардың біреуінің шөбересі (немесе немересі)- Алаудан тарайды.Соңғы кездері ғаламтор бетін бермей жүрген Жақсылықтың бұл тұжырымдары жеті атасын білейін десе айтатын ақсақалы жоқ, ақпаратты тек интернеттен алатын қазақ жастарын алжастыруда.

Сондықтан қолға қалам алуға тура келді.

Мен білсем, біріншіден, Алшындар- татарлар емес. Екіншіден, Алау батыр да татар емес. Үшіншіден, қазақ Алшындары 14 ғасырдан ерте пайда болды. Бір тайпалы елді 14 ғасырдағы жалғыз адамнан тарату еш ақылыма сыймады. Өзім Алшын болғандықтан Алшын шежіресін шама-шарқымша зерттеп жүр едім. Енді сол ойларымды ортаға салып отырмын.Тарихшы ғалым емеспін, бірақ қазақ тарихшыларына ойтүрткі бола ма деймін.

(жалғасы бар)

abai.kz


[1]Екеев Н.В. Алтайская этногония: вопросы состава, типологии, этимологии, стратиграфии   http://clib.gaju.ru/2a/archive/2002/08/21.html#ekeev.

[2] The Russian Journal of Genetic Genealogy (Орыс нұсқасы) 5 том, №1, 2013 ж., 35-б.

[3]Сонда, 34-35 бб.

[4]The Russian Journal of Genetic Genealogy (Орыс нұсқасы) 5 том, №1, 2013 ж., 31-б.

[5]Ж.Сабитов: Происхождение кыргызов с точки зрения полиморфизма Y-хромосомы

http://www.centrasia.ru/newsA.php?st=1380522540 

[6]Этногенез казахов с точки зрения популяционной генетики. The Russian Journal of Genetic Genealogy (Орыс нұсқасы) 5 том, №1, 2013 ж.,31-б. 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1551
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3347
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6200