Бейсенбі, 27 Қараша 2025
Әдебиет 218 0 пікір 27 Қараша, 2025 сағат 14:24

«Өлгендер қайтып келеді» романы туралы

Сурет: massaget.kz сайтынан алынды.

«Меценат кз» байқауында жүлдегер атанған романның көтерген жүгі ауыр, қаны сорғалап тұрған әлеуметтік мәселелердің ұшыққанын, моралдық құндылықтардың тозғанын жеткізеді. Бас кейіпкер Тауфиктің баяндауында роман комедия-драмалық, фантастикалық, аллегориялық бағыттарға ауысып, жанрлық көп қабаттылығымен тартымды бола түскен. Шығарма тілі ирония мен трагикомедияға бай. Бас кейіпкердің психикалық ауытқуы бұған дейін де әлем әдебиетіндегі кейіпкерлердің “жынданған” болмысына ұқсас. Ф.Достовскийдің “Нақұрысы”, Н.Гогольдің “Жындының жазбалары”, Ф.Кафканың “Процесі” секілді романдар қоғам мен тұлғаның қайшылығынан туындаған психиканың тарихын баяндайды.

Жазушы Тұрысбек Сәукетайдың романы қазіргі қазақ әдебиетіндегі терең экзистенциалдық және психологиялық шығармалардың бірі. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңдегі адам рухының күйі, қоғам мен тұлға арасындағы қайшылық пен қақтығыс баяндалады.  Тауфиқ - рухани күйзелістен, қоғамның жалғандығынан, өз ішкі азабынан жындыханаға түскен адам. Ол өзін “жынды” деп жарияласа да, іс жүзінде есінен айырылмаған. Керісінше, ол айналасындағы адамдардың ессіз, екіжүзді, рухани өлі екенін көреді. Романдағы сюжет — нақты оқиғадан гөрі ішкі монологтар, сананың ағысы, естеліктер мен елестердің диалогы. Баяндаушының “жындылығы” — қоғамның әділетсіздігіне қарсы ішкі наразылықтың көрінісі. Жындылығы арқылы рухани ояулығын, ізгілікке, жақсылыққа құмарлығын көреміз. “Ізгі қоғам құру”, “Қайырымды қала” тұрғындарын қалыптастыру секілді идеясының формуласын жасайды. Ар, ұят, адалдық секілді ұмытыла бастаған адами құндылықтарды оятуымен, адам болудың алғышарттарын әйгілеуімен роман рухани салмаққа ие, әдебиет үшін де, идеялогиялық құндылық ретінде де әспеттеуге тұрарлық. “Мен жындымын” – бұл жындану туралы емес, адам болудың не екенін ұмытып қалған қоғам туралы роман. Кейіпкер “есінен айырылған” емес – ол тек басқалардан гөрі шындықты көбірек сезінген адам. Романның басты трагедиясы да  – ақиқаттың ауырлығы.

Бас кейіпкер Тауфиқтың ішкі ой ағысы мен автордың ой ағысы қатар өріледі,  автор сол Тауфиқтің өзі секілді, автор мен кейіпкердің болмысы тұтасып кеткен. Роман бөлімдерге бөлініп, тақырыпшалармен өріліп отырғанымен, біз Тауфиктің емес, жазушының ой сарайын кезгендей, автор мінезін, ұстанымын, қағидасын аңдап отырамыз. Яғни, кейде жазушы кейіпкерінің тасасында отырып, роман бойына бүкіл ой танымын жеткізеді. Роман қай тұстан да қайшылықты, оқырман ана дүниеге аттанған кейіпкерге жаны аши бастағанымен, кейін жәннаттан оралған, осы дүниенің қызығын артық көрген кейіпкердің қылығын оғаш көре бастайды. Автор кейіпкерін «жынды ғой» деп таныстырудан жалықпайды. Жындыға бәрі жарасады деген ұстаным романның ақ жалауындай желпілдеп, бастан аяқ бізге шындықтың басқа шетінен қарауға үйретеді.

Біз бас кейіпкерді қырық жасқа толмай 6 томдық жазған жазушы, қырықтан кейін жындыханаға түскен жынды, базардағы күзетші, оппозиционер ретінде танимыз. Кейіпкер бастан кешкен кезең короновирусқа дейінгі және кейінгі болып бөлінеді. Ол көкте болғанда жерде 5 жыл өткен. Демек, ол қазіргі 2021-23 жылдар. Осы кезеңдегі түрлі құбылыстар мен саяси хал-ахуал шындыққа да жанаса бермейді, дегенмен фантастикалық сарыны басым романның қай шындығына да сенуге мәжбүрміз. Бір қызығы, кейіпкердің әр ортада түрліше образы, сөйлеу мәнері, өмір кешу болмысы бар. Ол Ажардың алдында мәжнүндей романтик. Жазушылар одағына кіргенде ақсүйек паң.  Ал, әріптесі Омқаңның алдында кәдуілгі күзетші.  Тауфиқ қайырымды қала тұрғызып, елге еркіндік сыйлағандағы болмысы да жұмбақтау. Осы тұстағы Тауфиқтың болмысы үнемі жалпылама суреттеледі. Күнәдан пәк, алғаусыз ақ жанын кірлітпеген, арлы азаматтың бейнесін автор бізге әдіптей жеткізеді. Бірақ, Омқаңның алдына келгенде осы болмысынан тая құлап, тайсақтайтын қалпын тағы қабылдай алмай тықыршимыз. Кереғар болмысты кейіпкердің бір натурасы драмалық кейіпте сомдалса, басқа болмысы әжуа, жеңілтек. Автор осындай кейіпкері арқылы түрлі сахна құрып алып, түрліше образға кіріп, әдеби, саяси, қаласа діни пафосты, қаласа Омқаңмен арақ ішкенін екі бет көлемінде көсіле айтатын кеңес адамының образын әспеттеп, зор шеберлікпен сомдайды.

Тауфиқтың гений бола тұрып, ақыл ойдың ұшына шыққан болмысына қайшы ұшқары ойлары, ерсілеу сөздері  кейіпкер болмысын төмендетіп те салатын секілді. Автор кейіпкерін жындылыққа салдырып, қожанысырлығын күлкі еткісі де келеді, алайда Молдаш пен Ажар туралы терең толғаныс-тебіренісі, құйыла кеткен шебер тіл орамдары – оның романтик та терең адамын екеніне сендіреді. Осы болмысы арқылы Тауфиқке шексіз құрмет оянады, алайда ол тез айнып қала беретін, тұрақсыз қалпымен тағы сенімге селкеу түсіреді. Кейіпкермен бірге жәннатта Абайды кездестіріп тілдесеміз. Абаймен бірге Мұхтарды соттаймыз. Әдебиетшілер, жазушылар ғана түсінетін кейбір деректерге қанық боламыз. Ал, жәннаттан орала салып Омқаңмен сылқия ішкен Тауфиқтың көп өтпей оңбай таяқ жеп құлағанын, әңгімелесу деңгейінің соншама құлдырағанына таңданамыз. Қолында Алланың нығмет мөрі бар Тауфиқтің қаласа қар жандыра алатын қабілетіне куә боламыз, алайда, біз бәрібір арақ десе, қыз десе Омқаңа еріп кете беретін бұрынғы Тауфиқтың қылықтарына қарнымыз ашады. Ол өзгеріп келді емес пе? Осы тұста, Тауфиқтың шын болмысы әріптесі Омқаңмен тілдесіп, араласуында ғана шынайы ашылған ба деген ойға келдік. Басқа тұстарда Тауфиқтың үнемі іс-әрекеті баяндалса, Омқаңмен жүргенде ішкі ойы, өз сөзі жазылады. Автор әуелде Тауфиқті қарапайым адам ретінде алғысы келген секілді, кейін жазушы етіп Нобель алдыртып,  ізгі адам ретінде образын жасауға тырысқандай. (Өйтпесе де сенер едік). Кейіпкерінің осындай сан қилы болмысына сендіргісі келеді, сезіндіре алмағандай. Әрине, бұндай образдарды бір адам бойына салғанда өзінен өзі «жынды» болып шығары да анық.

Роман сөзсіз, бүгінгі саяси, әлеуметтік ахуалды айтуға жан салады, қазіргі адамның ішкі сұранысы мен рухани ізденісін де алға тартады. Ізгі қоғам, арлы қоғам, қайырымды қала секілді құндылықтарды тірілткісі келеді, осындай тұстарда автордың Тауфиқтің іс-әрекетін баяндауға көшеді де, ішкі ой ағысына, ішкі өзгерісіне ене бермейді. Кейіпкердің әрекеттеріне арқау болар мотивін ашпайды. Біз Тауфиқты автор ұсынған шындық призмасында – «гений» ретінде мойындауға мәжбүр боламыз. Сөйте тұра, ол  жынды деп баса нығырлайды.

Тауфиқ  - жиынтық образ, оның оппозиционер болмысы, ішкі күйініші, ышқынысы шынайы шыққан, ашық жария қарсылығы,  кейбір саясаттағы, әдебиеттегі тұлғалардың атын атап түстеуі, кейбіріне жасырын ат беруі – кейіпкердің болмысын, позициясын салмақтырақ етеді. Дегенмен, Тауфиқтың қалай құлағанын, қалай жазаланғанын, қалай зәбір шеккенін автор әжуалай, ирониясын аямай шеберлікпен суреттейді де, ал жаннатта жүргендегі күйі, Абаймен сұхбаты, Ажарға әуестігі – жасанды болып көрінеді, өйткені ол жерде юморлық бояу жоқ, боқтампаздау Тауфиқтың мінезі жоғалып кеткен. (Мінез егер жәннатта болмайды десек, онда ол жақта нәпсі де болмауы керек). Тауфиқ ғашық болғысы келеді, қыздармен жүреді, бір ермек тапқысы келеді, жәнаттан жалығады. «Тәттіні жей жей таңдайым ойылды» дейді. Логикаға да, шариғатқа да салсақ, көркем әдебиет тұрғысынан талдасақ та, бір нәрсе ақиқат - нәпсі ғана жалығады, рухта ондай қасиет жоқ. Жазушы реализм мен фэнтезиді, абсурд пен утопияны, комедия мен драманы бір жөргекке бөлеймін деп кейде Тауфиқтың да болмысын жасандылыққа ұрындырағандай.  Романның жүрегі  дерлік - Ажар мен Молдаш образдары шынайы, көркем де айқын, жәннатта кездестіргенде де сұхбаттары нанымды шыққан.  Кейінгі кездестірген Ажардың сіңлісі - Ажардың болмысы соншама сендірмеді, өзара диалогы жеңілтек те салмақсыз шыққан.

Романда «аузына баланың басы сыйып кетердей опырайып» деген тіркес бірнеше жерде қайталанады, «нұқыл» сөзін бүкіл кейіпкерлер айтып шығады. Тіптен, Бас Патшаның өзі Нұқыл дейді. Егер, Омқаң мен айналасы, Тауфиқтың өзі айтса ғана жарасар еді. Бұл сөзді Тауфиқтың айналасындағылардың да сөз арасында қыстыра кететін ғадеті бар екен. Тауфиққа ең жақын адам – Омқаң, Өмірзақ. Ол қайырымды қалаға көшіп келген соң – Тауфиққа өзгердім дейді. Алайда, сөз саптауы мен мінез-құлқы, екеуара қалжыңдары еш өзгермегенін де байқаймыз. Қайырымды қаланы сала жүріп, ұят пен адалдықты ту ете жүріп, Өмірзақтың қыздарды шақырайық дегеніне ойланып қалып, келіскені біздіңше, оқиға ағысына, логикасына көлеңке түсіріп тұр. Тауфиқ Омқаңды құптай беретін деңгейлес, сондай санасы кішкентай адам болып қала береді көз алдымызда.

Романда иттердің патшалығы туралы білдей бір бөлім бар. Осы бөлімге жетпей біз елі тастап кеткен патшаның қалай өлгені, тоқалының қалай тәубеге келгені туралы оқиғаны оқып шығамыз. Бірақ, автор осы бөлімді тағы бір анықтаушы-толықтырушы оқиға ретінде қыстырады. Меніңше, ол бөлімнің роман көлемі үшін ғана қызмет еткеннен басқа еш пайдасы жоқ. Автор ит пен ит нәпсіні қатар алғысы келген шығар, адамның иттігі туралы пайымдар ұсынады. Осындай пайымдаулар роман басында Геля итінің өлімі бөлімінде де беріледі. Һәм роман бойында осындай ой қайталаулар, автордың өзін өзі қайталауы жетіп артылады. Автор кейіпкер тасасынан үнемі өзінің көзқарасын байқатпай-байқатып та білдіріп отырады. Біз бас кейіпкердің жындауына себеп болған жүйенің кейіпкерлері - жазушысымақтар, биліктегілердің, әділетсіз басшылардан гөрі – Омқаңның, Жәнияның, Тәукебайдың, Ажар мен Молдаштың образдарына көбірек қанықтық.

“Өлгендер қайтып келеді” романы қазіргі ой-санамыздың көрінісі секілді, жарқ жұрқ еткен ақпаратқа елігіп, бірінен соң бірін жұтып, ақыры қорыта алмай қоғамға ма, заманға ма, адамға ма, кімге екені белгісіз кеудеде бір реніш оянатындай, роман кейіпкері де біздің алдымызда түрлі тақырыпшаларды лақтыра береді. Романтикадан бас көтеріп, драмаға кезігеміз, одан сатиракалық әжуалар сериалы еліктереді, саяси оппозияциялық ойлар айтылады, жазушылар ортасындағы тікетіреске куә боламыз, діни, шариғи ойлар да бізді айналып өтпейді, сөйтіп жынды адаммен бірге шалық тигендей есеңгіреп отырып оқимыз.

Роман ауаны – осы уақыттың үні, осы кезеңдегі 40 пен 60- тағы адамның ой тереңі, қазақтың басындағы хәл. Болашақта жазушыға романды қайта қарап, романның көркемдігіне нұқсан келмейтіндей өңдеп қысқартса деген ұсынысым да бар. Жалпы, романның жарқын тұсынан гөрі қараңғы сәттері көп, біз жәннатқа барып жарық нұрға көңілі көншімеген кейіпкердің Омқаңмен сылқия ішіп рақаттанғанына қарап - автордың бұл дүниенің опасыздығы мен жалғандығын айтуға әуестігін (автордлық құмарлықты) байқадық. Һәм “қайырымды қала” жасау ниетінде де кейіпкер бақытын, шаттығын байқай алмадық, яғни сене алмадық. Осы тұстарда, автор қайта ізденіп, романның жарқын тұстарындағы кейіпкер үнін, кейіпкер болмысын қайта жаңғыртса екен деген де ой келеді.

Қазіргі романдардың бас кемшілігі де осы, көлем қуып көпсізділікке салыну, көпіртіп жазуға әуестік. Романның редакциясы қолыма тисе - көптеген бөлімдерді қысқартар едім. Жазушыға жазышылық тілегім де бар,келесі романдарыңызда өзіңізді көз-көз қыла   бермесеңіз екен, кейіпкер атынан сөйлеп бас көз жоқ кіріп келе беру - үнемі әр ситуацияға автордың ойын білдіру - арзан әдіс, оқырманды жалықтыратын әдет. Бұл қойылым көріп отырған оқырманға режиссер шығып оқиғаны түсіндіріп отырғандай күйге бөлейді. Оқырманға  кейіпкердің сезім тарихы, мінез бен ой өзгерісі қызық.

Сағадат Ордашева

Abai.kz

0 пікір