Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
9756 0 пікір 25 Қараша, 2016 сағат 11:57

Тәуелсіздік туралы тұлғалар пікірі

Қазақ елі тарихында аста­налар сан мәрте ауысты. Арғы тарихымызға көз жібер­сек, Қазақ ханды­ғының ордалары да өзгеріп отыр­ғанын біле аламыз, - деп жазады "Айқын" басылымы.

Мақсат БАЙЖАРҚЫНОВ,
Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы,«Алтын жүрек» сыйлығының иегері

– Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылды­ғына арналған декларация қабылдағанын жақсылыққа бағаладым.
Жиында Мәжіліс төрағасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы өте маңызды тарихи құжат екеніне тоқталып: «Осы уақыттың ішінде, барлық жетістіктер мен табыстар, ең алдымен Тұңғыш Президентіміз  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Сонымен бірге, әрқашанда Президентімізге қолдау көр­сетіп, тірек болып келе жатқан халқымыз­дың береке-бірлігінің нәтижесі. Сон­дықтан Парламентте осы тарихи құжатты қарастыру  ол келе жатқан Тәуелсіздік мерейтойының ерекше маңыздылығын көрсетеді»,  – деді.

Шынында да, тәуелсіздік –  біз қастер­лейтін құндылық. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалау, қабырғасын қалыптас­тыру, шаңырағын көтеру – Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. 

Елбасының  «Қазақстан – 2050» страте­гиялық бағдарламасы халық алдын­дағы жауапкершілік қана емес, Мәңгілік ел құрудағы басты бағдарымыз.

Декларацияда: «Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы  өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуел­сіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көш­басшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді», – деген жолдар әр қазақтың жадында жүретін пікір.

Ширек ғасырда ғажайып жетістіктерге жеттік, әлем бізді танып қана қоймай, тамсанатын деңгейге жеттік. Мәселен, ел экономикасының күретамыры саналатын кәсіпкерлерді қолдаудың өзі қарыштап қадам басуымызға ықпал етті. Осы қам­қорлықты мен де, балаларым да сәтті пайдаландық. Аймақтың өркендеуіне үлес қосып, туған жерімізді түлеттік. Жетім­дерді жебедік, кемтарларға көмектестік.  Бұл жетістігімізді кезінде Елбасы Н.Назарбаев­тың өзі арнайы келіп көрді. Сенат депутаты Д.Назарбаева да құрметті қонағымыз болды.

Мұны айтып отырған себебім, тамаша табысқа Елбасының сындарлы сая­сатының арқасында жеттік. 

 

Әлімғазы РАЙЫМБЕКОВ, 
актер, ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы:

– Қазақ елі тарихында аста­налар сан мәрте ауысты. Арғы тарихымызға көз жібер­сек, Қазақ ханды­ғының ордалары да өзгеріп отыр­ғанын біле аламыз.  Сығанақ, Сарайшық, Түркістан секілді қалалар қазақтың мәдениеті мен руханиятының, саясатының ордасы болған.  Ал ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары Семейді еліміздің кіндік қаласы етіп бекіткен еді.  Одан кейінгі еліміздің астаналары Орынбор, Қызылорда, Алматы, Астана  болып жарасымды жалғасын тапты.

Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырындағы  елор­дамыз Астананың басқалардан орны  бөлек. Астана – тәуелсіздігіміздің символы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстанның астанасын орталыққа қарай көшіру туралы ұсыныс тастады. Оның еліміз үшін стра­тегиялық маңызын елге жеткізуге тырысты. Жасы­ратыны жоқ, сол уақытта жалпақ жұртты айтпағанда, халық қалаулыларының басым бөлігі жарқын бастаманың болашағына сенбеді, күмәнмен қарады. Жергілікті ұлт өкілдері аз тұратын, аязы мен желі ерекше  Ақмоланың елордасы – Астанаға айналарына ешкім сене қоймады. Бірақ Елбасының болашақты болжай білетін даналығы мен саясаттағы сарабдалдығы,  жаңашыл реформаторлығы тағы да өзінің дәлелін тапты. 

Ерке Есілдің жағалауында жаңа қала бой көтерді. Аз ғана уақытта сәулеті келіскен, салтанаты ертегідегі шаһарларды көз алдына әкелетін таңғажайып қаланың іргетасы қаланып, бірер жылда бой көтерді. Қазақ елінің тарихы мен мәдениетін паш ететін  теңдесі жоқ нысандар салынды. Әлемдегі еңселі ел­дердің барлығының  астаналары барлық географиялық ерекшеліктері ескеріле отырып,  мемлекет аумағының ортасында орналасады.  Мемлекет басшысы  мұның бәрін ой елегінен өткізе отырып, нақты шешімдерді де өзі қабылдады. Астанадағы жұрт назарын аударып, сырт елге таңдай қақтырар керемет нысандардың барлығында Елбасының қолтаңбасы бар. 

 

Рашида ХАРИПОВА, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры: 

– Ата-бабаларымыз ар­ман­даған Тәуел­сіздік – біздің құндылығымыз. Оның маңы­зын сараптап, қадірлей алу біздің ұлттық пары­зымыз. 

Парламент палаталары­ның бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған декларация тұжырымында бірқатар ұсыныстар айтылды. 

Ақиқатында, тәуелсіздіктің таңымен қазақ ұлтының тарихы, мәдениеті, тұтас руханияты түгенделе бастады. Экономикалық өрлеуіміздің өзі өзге елдерге өнеге болғандай деңгейге жетті. 
Елбасы Қазақстан халқының өзіне артқан зор сенімін үлкен абыроймен атқарып шықты және қазір де миссиясын табысты жалғастыруда.

Біздің тұтас мақсатымыз – Елбасы төңірегіне топтасып, Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін Мәңгілік ел құндылықтарын қастерлеп, оны болашаққа аманаттау. 

Мәңгілік ел боламыз десек, осындай деклара­цияның өте қажет екеніне күмәніміз жоқ болуы керек. 

 

Жеңіс СЕЙДУЛЛАҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония­сының директоры:

– Қазіргі сәтте мем­лекетіміз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойын атап өтуге қызу дайындық үстінде. Шын мәнінде, Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің жиырма бес жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. 

Қазақ елінің тарихы, егемендік жылдарында жеткен жетістіктері, сөз жоқ Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасымыз Астананы ауыстыру туралы дана да дұрыс шешім қа­былдады. Халықаралық қауым­дастық өкілдері, шетелдік саяси тұлғалар мен сарап­шы мамандар, тіпті қазақстандықтар да елорда­ны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байла­ныстырады. 

Бүгінгі таңда жас қала болса да бас қаламыз бүкіл әлемге танылып отыр. Астананың өз күшіне сенімді, жаңа Қазақстанның бүкіл әлемге әлеуетін танытқан ірі іскерлік орталығына айналғанын мақтаныш етеміз. 

Біздің мақсат – Елбасы айналасында топтасып, Мәңгілік ел құндылықтарын сақтау арқылы басты байлығымыз – Тәуелсіз Қазақстанды келешек ұрпаққа қалдыру. Ұранымыз – Тәуелсіздіктің ұлы жолы мәңгі болуы тиіс! 

 

Нұрдәулет ИСАБЕК,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, 
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі:

– Халық қалаулылары Парламент отырысында қабылдаған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­ді­гінің 25 жылдығы декла­рациясында» көрсетілген «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу туралы ұсынысты өз басым өте орынды әрі уақтылы деп білемін. 25 жыл ішінде Астана қиялыңа сыймайтын көркем де сұлу Отанымыздың орталығына айналды. 

Тіпті, арасына уақыт салып келіп-кетіп жүрген шетелдік қонақтардың өзі таңғалыспен «не деген жылдам әрі көркем тұрғызылып жатқан қала» немесе «сәулеттік ерекшелігінде өзіндік бір сыры бар әдемілікті көреміз» деген ойларын білдіріп жатады. 

Бұл шаһар – ұлт Көшбасшысының өзіндік қолтаңбасынан, ерекше сүйіспеншілігінен, терең көрегендігінен туған төл еңбегі деп білеміз. Мәңгілік елдің ертеңі үшін жүзеге асып жатқан қаншама идеяның ішінде осы елордаға деген мейірімі ерекше екенін сезінеміз. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963