Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Мәйекті 12064 0 пікір 24 Қараша, 2016 сағат 21:53

КЕЛЕШЕКТЕ БІЗДІ НЕ КҮТІП ТҰР?

Бастауыш сынып оқушысы кезімде алғаш рет ленталы магнитофонды көріп таңқалған болатынмын. Адамның дауысы, басқа да дыбыстардың жіп-жіңішке лентаға сол күйінде жазылатыны мен үшін ақылға сиымсыз болып көрінетін. Техника мен ғылымның ең үздік жетістігі осы шығар деген ойда болдым. Сол уақыттағы қариялардан естіген әңгімелер де еске түседі. Өткен ғасырдың басында ауыл адамдарының киноны алғаш көруі де қызық. Экрандағы (қабырғаға ілінген мата) зымырап келе жатқан паравозды көрген адамдар бізді басып кетеді деп жан-жаққа қашқан көрінеді. Немесе радионы тыңдаған әжей бұл шағын қораптың  ішіне адам қалай сиып отыр деп айран-асыр болған екен.

Ал бір кейуана газ баллонымен жұмыс істейтін кәдуілгі газ плитасының жұмысын көргеннен кейін «Апырмай бұл өзі бес әйелдің жұмысын атқарады екен» деп шын мәнінде риза болыпты. Енді қайтсын, бұрын өздері даладан жыңғыл шауып, оны бұтап, үй алдындағы  қазан астына жағып, ас-суын дайындаған болса.

 Ол уақыттан бері ғылым мен техниканың қалай дамығанына өзіміз де куәміз. Осыдан он жылдай  бұрын марқұм ақын ағамыз Асқар Кіребаев редакцияға кезекті бір келгенінде «Ойпырмай, заманның жетістігін-ай! Көшеде келе жатып, Америкамен сөйлесуге болады. Бұрын осындай болады десе, тіпті де сенбес едік. Бұл енді дамудың ең шегі шығар» деп ұялы телефонын көрсетіп еді. Ағамыздың сондай «кірпіш» деп аталатын қалта телефонын бүгінде мұражайдан ғана табуға болар. Бүгінгі смартфондардың мүмкіндігі тіптен бөлек. Ал интернет ше!? Енді бұдан асырып бірдеңе жасау мүмкін емес секілді.  Мұндай ой шамасы барлық кезеңнің адамдарына тән болса керек.  «Ойланып табылатын нәрсенің бәрі жасалып бітті» Американың патенттер бюросының арнаулы өкілі Чарльз Дьюэлл 1899 жылы осындай пікір қалдырыпты.  «Әлемдік рынокта бес компьютерге сұраныс болады деп ойлаймын» IBM компаниясының директоры Томас Уотсонның 1943 жылғы айтқан ойы осындай. Ал «Popular Mechanics» журналының 1949 жылғы нөмірінде «Болашақта компьютерлер салмағы 1,5 тоннадан аспайтын болады» деп жазылыпты.  Бүгінгі күннің деңгейімен алсақ бұл пікірлер тіпті күлкілі. Айта кетейік, ең алғашқы электронды бағдарламалы компьютер ENIAC 1946 жылы 14 ақпанда Америкада іске қосылды. (Компьютер мамандары содан бері 18 ақпанды өздерінің күні санайды.) Үлкен бөлменің ішін алып тұрған бұл компьютердің салмағы 30 тонна еді. Онда 18 мыңға дейін электронды шамдар орналасқан. ENIAC жұмыс істеу жылдамдығын бүгінгі компьютермен салыстырғанда тасбақа жүрісіне теңеуге болар. Оның жылдамдығы бар болғаны секундына 5 мың операция еді. Ол тоғыз жыл, яғни 1955 жылға дейін жұмыс істеді. Міне осындай құрылғыларды көрген адамның оның болашақтағы салмағы 1,5 тоннадай аспайды деуінің өзі батылдық.

Әйтсе де озық ойлы адамдар әркез болашақ кезеңнің мүмкіндіктері жайлы айтып, жазып кеткен және бұл үрдіс тоқтамайды да. Фантаст- жазушыларды солардың қатарына қосуға болар.  Олар қиялдаған дүниелердің шындыққа айналғандары да аз емес. Ыбырай Алтынсарин атамыздың «айшылық алыс жерлерден, лезде хабар алдыртар» дегені қазіргі заманның күнделікті үйреншікті тіршілігі болып қалды.

Сонымен ғылым мен технология алға баса береді. Қазір ешкімді ештеңемен таңқалдыру да мүмкін емес. Жаңадан шығып, жұрттың назарын өзіне аударып жататын дүниенің өмірге келуіне ұзақ уақыттар кететіні белгілі. Олар ұзақ ізденістер мен зерттеулер, тәжірибелер мен сынақтар нәтижесінде пайда болады. Қазір интернет желісінен жаһандағы жаңалықтардың небір түрін көресің. Оның ішінде адамдар сынақтан өткізіп жатқан неше түрлі техникалар да бар. Олардың арасында ұшатын көлікті, су бетінен көтеріліп, ауада қалқып жүретін аппаратты да байқадық. Демек, келешекте бұлардың жетілдірілген түрлері өмірге қадам басып, бұл салада шын мәнінде революциялық өзгерістер де орын алып қалуы ғажап емес. Немесе Қытайда 15 күн ішінде 30 қабатты қонақ үйді салып бітіруі туралы ақпаратты алайық. Керемет емес пе!? Бұл тәжірибе де қолданысқа еніп, құрылыс саласында төңкеріске алып келетіні анық. Мұндай мысалдарды әр салаға қатысты көптеп келтіруге болады.

Сонымен бізді болашақтың технологиясы қандай жаңалықтарымен таңқалдырады. Анау болады, мынау болады деп сәуегейлік жасай алмаймыз. Әйтсе де, келешектің ғылымы мен техникасының мүмкіндіктеріне қатысты  болжам жасайтын арнаулы ғылыми  орталардың кейбір болжамдарының бірқатарын келтіріп кеткен артық болмас.

Алғашқы кезекте қуат көзіне қатысты ойларға орын берейік. Ғалымдардың айтуынша болашақта өте көп көлемде энергия қажет болады. Оның негізгі көзі біраз уақытқа дейін көмірсутек болып қала береді. Кейін қалпына келетін және баламалы энергия көздері ығыстыра бастайды. Яғни қайта өңделген материалдардан алынатын энергия мен су, күн және жел энергиясы көбейеді. Әйтсе де, ғалымдар болашақта қауіпсіз атом энергиясына көп иек артады. Өйткені, тек атом ғана адамзатты қажетті энергиямен қамтамасыз ете алмақ.

Адам үшін ең басты байлық оның денсаулығы, олай болса медицина саласын сөз етпей кетуге болмас. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын әлемдік деңгейдегі ғалымның сұхбатын оқығаным бар. Ол сұхбатында болашақта адамның миынан басқа барлық мүшесін ауыстыруға қол жеткізіледі деп айтқан еді. Миды ауыстыруға адамзаттың құдіреті жетпейді деген пікірін келтірген. Иә, қазірдің өзінде көптеген органдарды ауыстыру жүзеге асуда. Бүгінгі медицинаның өзінде жоғары технологиялар қолданылуда. Мысалы, телекамера ортатылған капсулалар адам ағзасындағы өзгерістерді анықтап беруде үлкен көмек көрсетуде. Ал болашақта дәрігерлер бағдарлама енгізілген химиялық «бомбалар» көмегіне жүгінетін болады. Олар айналасындағы сау тінді зақымдамай, қатерлі ісікке дәл соққы беріп, адамды сауықтырады. Болашақ медицинаның емдеу саласындағы жаңа қадамы дерттің пайда болмай тұрғанында күрес жүргізу болып табылады. Әрі қарай тіпті қызықты. Болашақта генді терапия бүгінгі ғылымға белгілі 5 мыңдай генетикалық ауру түрінің барлығын немесе түгелге жуығын емдеп жазатын шамаға жетеді. Ғалымдар сондай-ақ 2100-жылға қарай адамның қартаю процесін тежеп, оның 150 жылдай өмір сүруіне қол жеткізеді. Генді терапия адам денесінде «қосалқы бөлшек» өсіп шығуына, сондай-ақ қартайған гендерді сауықтыруға көмектеседі.

Білім саласы да көп өзгеріске ұшырайды деп болжануда. Адамның қай жерден болмасын кез-келген ақпаратқа сол сәтте қол жеткізе алу мүмкіндігі үйден және сырттан оқу жүйесіне алып келеді. Ал оқу орнының немесе мемлекеттік органның басты міндеті студенттің алған білім деңгейін бақылау және диплом беру ғана болмақ.

Жер шарында адам санының артуы бұрын пайдаланылмай келген орталарды игеруге ықпал етеді. Ондай орталарға солтүстік жарты шар, мұхит, ғарыш, виртуалдық шындықты жатқызуға болады. Ішкі микроклиматы бар тұтас қалалар пайда болып, олардың сыртқы жағдайларға тәуелділігі өте аз деңгейге түседі. Бұл қалалар басқа планеталарға қоныстанудың алғашқы үлгілеріне жол ашады.

Роботтар біздің аяқ-қолымызға, көзіміз бен құлағымызға, қысқасы, біздің қызметшілерімізге айналады. Олар өндірумен, тазалық сақтаумен, жинастырумен, емдеумен, соғысумен, ойлаумен айналысатын болады. Адамның жоғары технологиялық көмекшілері алғашқы кезде барлық қол еңбегін, одан кейін ой еңбегінің біраз бөлігін атқара беретін дәрежеге жетеді.

Біз көріп және пайдаланып жүрген автокөліктер болмайды. Солармен бірге жер бетіндегі қазіргі жолдардың да болмауы ықтимал. Оларды әуе транспорттары алмастыратын көрінеді.

Инновациялық технологияның қарқындап дамуы арқасында ғалымдар жақын болшаққа болжам жасау арқылы адам баласы ХХІ ғасырда қандай өзгерістерге куә болатынын анықтап көрді.  Алдағы бір ғасырда ашылатын жаңалықтар легін Skeptical Science қоғамы жылдық көрсеткіштерімен реттеп шығыпты. Енді сол тізімнен бірқатарын келтіріп өтелік.

2017 жылы электронды анықтау тетігі қызметке қосылғаннан кейін адамдардың жоғалу қаупі азаяды. Синхронды аударманы қамтамасыз ететін аппараттар құлақтың ішіне қондыру 2019 жүзеге асады. 2024 жылы электронды мектептердегі алғашқы оқу жылы басталады. 2025 жылы реактивті таксилер әуедегі транспорттың сапалық деңгейін бір сатыға көтереді. 2027 жылы қарапайым дөңгелекті қаламсаптар тек жазып қана қоймай, әріптерді танитын болады. Олар сіздің дұрыс жазуыңызды бақылайды. 2031 жылы Альцгеймер және Паркинсон ауруларына ем табылады. Ауаны тазартатын ғаламдық салқындатқыш көмегімен өндірістік қалалар ауа тапшылығынан арылатын кезең 2035 жылы басталады екен. 2050 жылы соңғы жанармай қамдау орталығы жабылады. Енді барлық көлік сутекпен жүреді. Жер сілкінісі апаты туралы алдын ала бағдар бере алатын «Деметра» сейсмикалық орталығын ашуға 2055 жылы қол жеткізіледі. Ал 2059 жылдан бастап семіздіктен арылу проблема болмай қалады. 2076 жылы иероглифті оқи алатын машина маялардың жазбасын оқитын болады. 2088 жылы смартфондар мүлдем қолданыстан шығады. 2092 жылы төлем карталары мүлдем қолданылмай қояды. Себебі адамдар қолына басылған ДНҚ тетік арқылы төлейтін болады. 2094 жылы Марс атмосферасында өсірілген алғашқы роза Жерге жеткізілдеді. Теңізде жүзетін қалалардың пайда бола бастауы 2099 жылға сәйкес келіп тұр. Ал 2100 жылы ХХІІ ғасырдың инновациялық дамуына қатысты Бейжіңде халықаралық көрме өтеді.

Әрине, футурологтардың (болашаққа болжам жасайтын ғалымдар) болашаққа қатысты айтқандырын түгелдей  келтіре беруге мақала көлемі көтермейді. Олардың болжамдары негізінен жақсы жаңалықтарға толы. Әйтсе де, олардың болашақтан қауіптенетін тұстары да бар. Мәселен, интернет бақылау құралына айналып кете ме деген ой айтады. Немесе синтетикалық өмірдің табиғи өмірге қауіп төндіруі мүмкін деген де күдіктері бар. Десе де, болашақтың адамдары бұған жол бере қоймас деген сенімге ие болайық. Болашағымыз жарқын болсын! 

 

Тақырыпқа тұздық:

 –Эх, 20 ғасыр адамдарының 21 ғасыр туралы болжамымен қателескенін-ай! Онда 2016 жылы ұшатын автокөлік шығады деп айтылған екен. Ал қолымызға тигені тек селфи жасауға арналған таяқшалар ғана.

***

Әлі есімде, мектепте жүргенімде бір фантастикалық кітаптан оқығаным бар. Онда болашақта тамақты химиялық жолмен дайындайды, ал дәмі нағыз тамақтың дәмінен аумайтын болады деп айтылған.

Сонда, шіркін-ай сол уақытқа дейін жетпейтін шығармын деп ойлағанмын. Өкінішке орай, жетіп отырмын.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ, Қызылорда қаласы

Abai.kz


 

 

0 пікір