Мұхан Исахан. «Асыл арнаға» Үш тілек
М.Тазабек бауырым тақауда өзің басқарып отырған «Асыл арна» ұжымының атынан ауыз ашар өткізіп, қазақ баспасөзінің өкілдеріне дастарханыңнан дәм татқыздың. Сол кештегі ақжарма пейіліңе һәм қазақи бояуы қанық әдемі әңгімелерің үшін Алда разы болсын! Ауыз ашарда арнайы алғыс айтуға үлкендерден сөз босамады. Содан көмейіме келген тілекті іркіп қалуға мәжбүр болдым. Кеште болса, өзіңе баспасөз арқылы бар сырым, базынамды айтып отырмын.
М.Тазабек бауырым тақауда өзің басқарып отырған «Асыл арна» ұжымының атынан ауыз ашар өткізіп, қазақ баспасөзінің өкілдеріне дастарханыңнан дәм татқыздың. Сол кештегі ақжарма пейіліңе һәм қазақи бояуы қанық әдемі әңгімелерің үшін Алда разы болсын! Ауыз ашарда арнайы алғыс айтуға үлкендерден сөз босамады. Содан көмейіме келген тілекті іркіп қалуға мәжбүр болдым. Кеште болса, өзіңе баспасөз арқылы бар сырым, базынамды айтып отырмын.
Мұха, уағында небір аламан айтыстарда ұлт мүддесін жаныңды салып қорғап, тілің кез, жағың жар болғаны әлі есімізде. Тоқсаныншы жылдарғы тоқырауда тауқымет тартып отырған дүйім жұрт сенің айтыстағы төкпе жырларыңнан қуат алушы еді. Аузы дуалы ақсақалдар айтуға тиіс елдің базынасын биліктің қаһарынан ықпастан тура айтып салатынсың. Түйдек-түйдек жырларың еңсемізді түзеп, ұнжырғамызды көтеріп, көңілімізді бір серпілтіп тастаушы еді. Ұлт мүддесі талқыға түскен қандай бір нәубет болмасын, халық сені не айтар екен деп елеңдейтін. Себебі, сен қынабынан суырылып шыққан алмас қылыштай жарқ етіп, елдің ішіндегі қыжылын сыртқа шығаратынсың. Алдыңғы толқын ағалар қазақтың жоғын жоқтаған өзіңдей марқасқа ұлды маңдайымызға жазғанына Тәңірге мың да бір шүкіршілік ететін. Кейінгі жас буын да қылыштың жүзіндей өткір өзіңе қарап бой түзейтін. Жалпы, өкшеңді басып келе жатқан жас өскін зиялы болуды (қара бастан қалың бұқараның қамын жоғары қою) сенен үйренген еді.
Халық ойда-жоқта сені жоғалтып алды. Сөйтсек, имандылыққа бет бұрып, діни ілім алуға ден қойған екенсің. Әдепкіде сенің бұл қадамыңа қуандық. Cебебі, кеңестік дәуірдің салқыны болар, өнен адамдары мен ақын-жазушылардың көпшілігі ішкіш, қыз-қырқынға жақын, сауықшыл болып келетін. Небір от ауыз, орақ тілді ағаларымыздың осындай пендешіліктерін естігенде, шығармаларынан алған тәлім-тәрбиенің бәрі адыра қалушы еді. Сондықтан, дінге бет-бұрғаныңды естіп, шынымен қуанған едік. Алайда, елдің аузындағы алып-қашпа әңгімеге қарағанда сенің діни ұстанымың ата-бабамыз ұстанған жолдан өзгешелеу болып шықты. «Ойбай, айтыс харам екен!», деп домбыраңды шегеге ілгеніңді естідік. Айтысты ғана емес, қазақтың іші-сырты даналыққа толы салт-дәстүрлерін де «харам», «бидғат», «ширк» деп өзеурегенің ел ішінде желдей есті. Халықтың хақ дінмен қауышуына себепші болған әулие-әнбиелерді теріске шығаратыныңды сырттай естіп қана қоймай, өз құлағымызбен де талай рет тыңдадық. Онымен қоймай, ел ішінен осы діни бағытты үгіттейтін жамағат құрыпты-мыс деген қауесет те тарады. Осының бәрін естіп-біліп: «текті елдің ұлы «білгенім тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз», деп иба сақтаушы еді, «Мұхаңның дінге бет бұрғанның жөні осы екен деп, тым қатты кеткені несі?!» деп сыртыңнан саған қатты кейіс білдіруші едік.
Жуықта, «Асыл арнадағы» «ширк» тақырыбына қатысты көрсетілімнен кейін өзіңмен жүдесудің сәті түсті. Рас, ә дегенде, әңгімеміз жараса қоймады. Себебі, сол көрсетілімдегі «Мұхаммед Расулуллаһ!» деп айту Құдайға серік қосқандық» деген пікір, діннен хабары бар кім-кімнің болса да көңіліне қаяу түсіретіні белгілі. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегені ме, мұнысы қалай?!», деп телернаны басқарып отырған саған күйіп-пістік. Біз де пендеміз, сол ағат істеріңе ашуланғандықтан болар, алғашқыда бетің бар, жүзің бар демей, ауыр сөздер айттым. Артық айтсам Алла кешірсін!
Сол жолы қанша ашуға булыққаныммен, бұрынғыдай емес, райыңнан қайтып, қайта қазақы қалпыңа түскеніңді байқадым. «Мұның «тақия» (өз позициясын жасыра тұру) болып жүрмесін!» деп әңгіменің реті келгенде, күмәнімді жасырып та қала алмадым. Ал, сен бәріне ұстамдылықпен қарап, бізді ауыз ашарға шақырдың. «Шақырылған жерден қалма!» деген қағиданы қаперге алып біз де бұйырған дәмді ішіп-жеп, дастарханыңнан ауыз аштық.
Ауыз ашарда О.Өмірбек, Н.Жүсіп, Ш. Пәтте, Қ.Иса, Т.Тәшен, А.Алияз секілді бүгінгі қазақ баспасөзінің майталмандары «Ораза қабыл болсын! деп, көпшілікке өз ізгі-тілектерін жаудырды. Қонақ кәде-тілектің арасында өзің сөз алып «Асыл арнаның» бағыт-бағдары жөнінде тұшымды ойларыңды ортаға салып, халықтың игілігі үшін қалтықсыз жұмыс жасауға ден қойғаныңды жеткіздің. Әсіресе, «Алланы ұлықтай отырып, ұлт мүддесін алдыңғы сапта ұстаймыз» деген сөзің жүректі елжіретіп жіберді. «Бәсе, біз білетін Мұхамеджан осылай болуы керек еді ғой!» деп іштей қуанысып қалдық.
Ауыз ашар - жарыса сөз сөй той емес. Десек те, сол кеште «Құдай-Тағала «Асыл арнаның» діни-ағартушылық қызметіне құт-берекесін жаудырсын!», деп ағымнан жарылып тілек айтпақшы болған едім. Бірақ, сәті түспеді. Енді, сол кеште көмейге іркілген тілегімді тарқатайын...
Біріншіден, «Асыл арна» шын мәнінде халықтың сүйіп көретін телеарнасы болса екен деп тілеймін... Әсілі, халқымыздың көңілінен шығу үшін әрбір мәселеге мұсылман арабтың емес, момын қазақтың көзілдірігімен қарауымызға тура келеді. Себебі, ұлтты да жаратқан Алла-Тағала. Сені мен мені де жаратар да Ұлы Жаратушы: «Сендерді қай ұлттан жаратайын?» деп бізден сұраған емес. Алланың қалауымен біз қазақ болып туылдық. Ендеше, біздің қазақтығымызға қарсы шығуымыз Алланың жаратылысына қарсы шыққанымыз. Олай болса, исламнан бастау алатын қазақ мәдениеті біздің негізгі өлшемдеріміздің бірі болуға тиісті. Аллаға шүкір, атам қазақтың хақ дінге мойынсұнғанына жүздеген жылдардың жүзі болды. Ел ішінде ескі сенімнің сарқыншағы саналар бірлі-жарым бақсы-құшынаштар болғанымен, қазақтың исламды қабылдағанына берісі алты-жеті ғасыр, арысы он бір-он екі ғасырға жуықтады. Дегенмен, біздің сыртқы болмысымыз өзге діндес халықтардың бітіміне ұқсай бермейді. Себебі, Ханафия мазхабы бойынша халықтың исламға дейінгі салт-дәстүрлері хақ діннің негіздеріне қайшы келмесе, оны қоғамдық қатынастарды реттеуші құрал ретінде пайдалануға болады. Осыдан да мұсылман халықтарының рухани танымы бір болғанымен, сыртқы пішіні алажаңқалау. Тегінде, көшпенді мәдениеттің өкілі саналатын ата-бабаларымыз исламға теріс келетін әдеттерден біртіндеп арылып, қаз-қаз басып хақ дінге мойынсұнған. Шайбанидтердің Сыр бойындағы қалаларға тартыста Қазақ сұлтандарына әлі келмегеннен соң: «Қазақтар мүшрік!» деп шайқы-молдалардың аузынан пәтуа шығартқызып, мұқым мұсылман әлемін ғазауатқа шақырғанын тарихтан білеміз. Сол кездері Исламның орталықтарынан келген ғұламалардың ата-бабаларымыздың сенімімен һәм салт-дәстүрімен танысқаннан кейін: «Бұлар қазал-хақ екен!» (хақ дінде) деп айтып, содан халқымыздың «қазақ» деген атауы қалыптасқан дейтін көне деректі өз басым құптаймын. Дінтанушылардың айтуына қарағанда бүгінгі күні исламды қабылдаған қайсы бір ұлт болмасын (тіпті арабтар да), өздерінің ескі әдет-ғұрыптарын толықтай тәрк етпеген. Сондықтан, Хақ-Тағалаға мойынсұнған Мұхаммед (с.а.у)-ның үмбеті қазақ халқының өзге мұсылман халықтарымен жүрегі бір болғанымен, менталитетінде едәуір өзгешелік бар. Демек, біз исламмен ұйысар қойын-қонышы хикметке толы бай мәдениетімізбен тек мақтануымыз керек. Осы тұрғыда «Асыл арна» этногрфиялық құндылықтарды һәм еліміздің түкпір-түкпірінде орныққан ислами ескерткіштердің тарихынан сыр шертетін бағдарламалар жасаса екен деп ұсыныс айтпақмын. Атам қазақ «моласыз жер болмайды, мұрасыз ел болмайды» дейді. Бабалар мұрасын кәдари халімізше дәріптей білсек, одан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Сонда, «Асыл арнаның» тек бір үркердей бір топтың емес, дүйім жұрттың ынта-ықылас қойып көретін телеарнасына айналатыны сөзсіз.
Екіншіден, «Асыл арна» татулықтың жаршысы болса екен деп тілеймін... Бұрын қазақ руға, жүзге бөлініп, қырық пышақ болушы еді. Бүгінгі қазақ көз көріп, құлақ естімеген түрлі діни ағымдардың жетегінде кетіп, қырық рулы ел емес, қырық конфессиялы елге айналды. Дегенмен, әлһамдуллах, халқымыздың басым көпшілігі ата-бабамыз ұстанған Ханафия мазхабынан әлі ауытқи қойған жоқ. ҚМДБ білгенінен жаңылмай, тура жолды ту етіп ұстап келеді. ҰҚК-де радикальді топтарды дер кезінде ауыздықтап, қоғам қауіпсіздігін тиісінше қамтамасыз етуде. Десек те, исламның атын жамылған бір-бірімен алакөз түрлі топтарға ерік берсең елді ала-тайдай бүлдіруге дайын тұр. Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадис-шарифінде сахабаларына: «Намаз оқып, садақа бергеннен де артық қандай қайырлы амал бар? деп сұрайды. Сахабалары: «Алла Елшісі (с.а.у) біледі», дегенде, Мұхаммед (с.а.у): «Ол қайырлы амал - жарастыру, татуластыру», деген екен. Демек, татулықты сақтауға атсалысу - дін жолындағы ең сауапты істердің бірі саналады. Татулықты сақтау үшін ақпарат құралдары теріс діни ағымдарды әшкерлеп, Ханафия мазхабының артықшылығын барынша насихаттауы тиіс. Осы тұрғыда «Асыл арна» татулықтың шын мәніндегі жоқтаушысы айналып, тұнығымызды лайлағысы келген уаһапшылдар, құраншылар, кадиания, тәблиғшілер, тәкпіршілер секілді діни ағымдардың қате пікірлерін халыққа жеткізіп, Ханафия мазхабы құндылықтарының халық мүддесімен ұйысатынын үгіттесе құба-құп.
Жалпы, бүгінгі күні жамағаттардың арасында қызыл иек болып тартысатын тақырыптар күннен күнге қоюланып бара жатыр. Мысалы, әрбір намаз сайын мешіттерде имамдар: «Фатихадан кейін «Әминді» іштен айтыңыздар!», деп қанша рет өтінсе де, уаһапшылдар бәрібір «Әмин» деп өңешін жыртады. Әсілі, намазхан тәкбір алғанда: «Ниет еттім Алланың разылығы үшін осы намазды оқуға, имамыма ұйыдым!» дегеннен кейін, имамға мойынсұнуы міндетті. Ендеше, уаһапшылдардың имамға қарсы келгеніне Алла қалайша разы болады?! «Асыл арна» осы іспетті фитналардың алдын алуға ат салысса екен деп тілейміз. Тегі, неғұрлым халықтың діни сауаты ашылып, бүлікшілердің қатары сиресе, соғұрлым Ханафия мазхабының мерейі үстем болып, татулығымыз арта бермек. Осы бағытта жұмыс істеуге ниет білдірген жанға өз басым өзегімді жарып беруге дайынмын. «Асыл арна» ұжымын да татулықтың ұйытқысы болуға үндегім келеді.
Үшіншіден, «Асыл арна» халықтың иманының кемелденуіне қызмет етсе екен деп тілеймін... Себебі, иманымыз кемеріне келіп толыспайынша, ұлттың ұлы бола алмайтыны баршамызға белгілі. Бұл туралы Хақ Елшісі (с.а.у) қоштасу құтпасында: «Араб ұлты өзге ұлттардан үстем емес, өзге ұлттар да арабтан үстем емес. Ұлттың ұлылығы Аллаға деген жақындықпен (тахуалықпен) өлшенеді», деген болатын. Демек, ұлт рухы иман нәрімен сусындағанда ғана текті елге айнала аламыз. Бірақ, ұлт өздігінен ұлы бола салмайды. Ол үшін біздің ішімізден қара басынан халықтың қамын жоғары қоятын Асан қайғылар мен Абайлар шығуға тиіс. Хақтың разылығы үшін халыққа қызмет ететін жанкешті азаматтар болмайынша, қазіргі қарынның қамын бәрінен жоғары қоятын көштің жүрісі түзелмейді. Бізге, бір қазақтың бөркі қисайса, соған жаны ауыратын, өзі бақытты болуды емес, өзгені бақытты етуге ұмтылатын имандылық керек. Әсілі, ұлттың қамын жеу бұл дүниемен шектелмейді. Нағыз ұлтының қамын жеген зиялы жұртының ақыреттегі қамын жейді. Себебі, бұл дүние шектеулі, ал, о дүние мәңгілік. Хз. Әбу Бәкір: «Уа Алла, ақырет күні менің денемді сонша үлкейте көр, бүкіл адамзат баласы жаннатқа кіріп, орнына менің денем бүкіл тозақты көмкеріп тұрсын!», деп дұға етеді екен. Өткен ғасырда өмір сүрген түріктің бір ғұламасы да Құдай-Тағалаға: «Жиырма бес миллион түрік жаннатқа кіріп, олардың орына мен тозақта жанайын!», деп жалбарынада екен. Сол сықылды, шын мәніндегі ұлтшыл адам халқын бұл дүниенің қайғысынан ғана емес, о дүниедегі мәңгілік азаптан да құтқаруға құмбыл тұрады. Задында, діннің ақиқаты балақтың тобықтан төмен немесе жоғары тұруынан, шұлыққа мәсх тартудан немесе тарпаудан, иекке қаба сақал қоюдан немесе қоймаудан тұрмайды. Шынтуайтында Хақ дін - көңілдің кірі мен тотын кетіріп, жүректі Хаққа байлайды. Хаққа байланған көңіл барлық мәселеге хақиқаттың дүрбісімен қарайды. Яғни, көңіл айдынын Хақ нұрымен суарағанда ғана адамның хақиқатқа деген махаббаты оянады. Ал, махаббатын Хаққа арнаған жан шын мәнінде өмірдің ақиқатына көз жеткізе алады. Хақ мақамына иек артқан құл сыртқы болмысын өзін-өзі күштеп емес, Алланың разылығы үшін мұнтаздай таза ұстап, ғибадатын ынты-шынтысымен атқарады. Хақтың разылығы үшін халыққа жан-тәнімен қызмет етеді. Олай болса, «Асыл арна» сыртқы пішінді түзеуден бұрын (яғни, ұсақ-түйек істерді емес), халықтың ішкі танымын, руханиятын кемелдендіруге жұмыс жасаса екен деп тілек білдіремін.
«Абай-ақпарат»