Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 128446 0 пікір 21 Қараша, 2016 сағат 08:35

"ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ" ОТАНДЫҚ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

Кеше Астана қаласында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Ұлы Дала елі» отандық тауар өндірушілердің екінші форумы өтті. Cол форумға байланысты "Егемен Қазақстан" басылымы "Отандық бизнесті қалай оңалтамыз" деген мақала жариялады. Қоғамдағы осы бір өзекті мәселені Abai.kz оқырмандарының да қаперіне салуды жөн көрдік.

«Ұлы Дала елі» отандық тауар өндірушілердің екінші форумы аясында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы да ұйымдастырылуда. Бұрнағы күні басталған шара бүгін де жалғасатын болады. Онда өңірлік көрме-байқауларда жеңіп шыққан 145 отандық компанияның өнімдері көпшілік назарына ұсынылған.

Алдымен еліміздің жеті жүзге жуық кәсіпкері және сала мамандары қатысқан шара жайында әңгімелесек.

«NADLoC» қызметі «Атамекенге» қажет

Биыл екінші мәрте ұйымдас­тырылған отандық бизнес өкілдерінің басқосуында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Ол сөзінде «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ-тың кейінгі тоғыз айдың мәліметтерін жеткізді. «Ұлттық агенттік деректеріне сүйенсек, соңғы үш тоқсанда нарықта жергілікті үлес 58,3 пайызды құраған. Жалпы, нарықта сатылған тауарлар, қызмет көрсету түрлерінің үлесі 1 трлн 596 млрд теңге болды. Бірақ мұны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, қазақ­стандық тауардың үлесі 7,7 пайызға төмендегені байқалады. Оның басты себебі – теңге бағамының өзгеруі, импорт­тық шикізат көлемінің шамамен 35 пайызға өсуі. Алайда, Үкімет та­рапынан отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетіліп жатыр. Нақ­тырақ айтсақ, ол индустриялан­дыру саясаты, нормативтік-құқықтық базаның жетілдірілуі және ұзақ мерзімді тапсырыс­тар», деді министр.

«Ұлы Дала елі» форумында ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының бас­қарма төрағасы Абылай Мыр­захметов келер жылдан бастап «NADLoC» ұлттық агенттігінің қыз­меті ресми мониторинг жүр­гізіп, бизнеске қолжетімділіктің бірыңғай базасын жасау үшін «Атамекенге» тапсырылатынын айтты. «Біз экспорт жұмысының бізге берілгенін қалаймыз. Инвес­тициялар «KaznexInvest» қара­мағында қалады. Жоғарыда атал­ған қызметті алғашқы тоқсанда қабыл­дап алу жоспарымызда бар», деді ұлттық палата төрағасы. Ол кә­сіпкерлер палатасының Қытай мен Ресейге нақты жол карта­лары бар экспортты дамыту тұ­жырымдамасын үстіміздегі жыл­дың желтоқсанында әзірлеуге дайын екенін де әңгімеледі.

Өз өнімдеріміздің үлесін көтеру қажет

Форумда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұр­жан Әлтаев баяндама жасап, шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар отандық өнімді тұтын­ғысы келмейтіндігін айтты. «Ин­вестициялар және даму минис­трлігі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Осы кодекстің аясында жер қой­науын пайдаланушылардың тауарды сатып алуды реттеу мәсе­лесі талқылануда. Менің ойым­­ша, олардың орынсыз сатып алу­ларының соңы өкінішпен аяқталуы мүмкін. Шетелдіктер отандық өнімді тұтынбай, өз елдерінің тауа­рын пайдалануға құштар. Қазақ­стандық тауарларды әрең сатып алады», деді ол. Нұржан Әлтаев мәселені шешудің жолы ре­тінде «Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы» кодекс­ке өз­герістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Басқарма төрағасының орынбасары мемлекеттік органдардан нарық­тағы отандық тауардың үлесін көтеру үшін тиісті шара­лар қолға алуды талап етті. «Біз Инвес­тицияларлар және даму, Қар­жы министрліктерінен мемле­кеттік сатып алуларға аудит жүргізуді сұрадық. Сондай-ақ, аталмыш органдар отандық өнімнің үлесін арттыру мақсатында нақты түсіндіру жұмыстарын жетілдіруі қажет. Себебі, кәсіпкерлер отандық тауар­дың пайыздық үлесі жоғары деп ақпарат береді. Ал тексерген кезде ақпарат шындыққа жанаспайды», деп түйіндеді сөзін Н. Әлтаев.

Жиында отандық өнімдерді өткізу, оның сату алаңына шыға­рылуы басты әңгіме арқауына айналды. «Сатып алу. Тауар өткізу. Сауда. Экспорт» панельдік сессия­сында жергілікті үлесті арттыру тақырыбы кең талқыланды. Ел тәуелсіздігін алғалы экономиканың түрлі саласында отандық тауар шы­ғарудың үрдісі қалыптасып, жолға қойылғаны рас. Алайда, отан­дық өндірушілер тауарды сату алаңына шығарған кезде тү­рлі қиындықтарға тап болып жа­­тады. Кәсіпкерлердің сыртқы нарыққа шығуына не кедергі? Биз­неске қандай қолдау қажет? Қазақстанның барлық ұлттық ком­панияларының басшылары, биз­нес-қауымдастық өкілдері және кәсіп­керлер қатысқан пікірталаста осы және өзге де мәселелер талқы­ланды.

Үздік тауар өндірушілер осында

Енді көрме-байқауға оралсақ, «Қазақстанның үздік тауары» шарасына 150-дей компания атсалысып жатқанын айттық. Олардың қатарында еліміздің түкпір-түк­пірінен үздік деп танылған тауар өндірушілер бар. Мәселен, электр құралдарын өндіретін «Келет» АҚ, спорт киімдерін тігетін «Zibro» цехы, аяқ киім тігетін ақмолалық «Samhat» фабрикасы, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген «Назар текстиль» кілем тоқу фаб­рикасы, «Батсу» кірпіш зауыты, резина өнімдерімен айналысатын «КазТЕЦ» орталығы, инженерлік қызметтер көрсететін және тауарлар шығаратын «Жаһан-Атырау» компаниясы, «Лепсі» бал өнімдері, автохимия сұйықтықтарын шы­ғаратын ақтөбелік «Mixelite» зауыты, жүгері өнімдерін дайындайтын «Раумэна» компаниясы, өзге де түрлі сала кәсіпкерлері «Көрме» залында. Айтпақшы, Қазақ­стан­да құрастырылған «КИА» элек­тромобилі де көпшілік назарына ұсынылған.

«Мұндай жиынның, көрменің әріптестерімізге пайдасы зор деп білемін. Көкейде жүрген көп сауалға жауап алудамыз. Әсіресе, заттарымызды өзге мемлекеттерге экспорттауда кездесетін ке­дер­гілердің алдын алуды үйрену үс­тіндеміз. Кәсіпкерлерге жасалатын осындай қамқорлық арта түссе, мемлекет қазынасына түсетін қаражат та еселенетін еді.

Тағы айта кетерім, қазақ­стандықтар шетелдік брендтерге қызыға бермей, өз өнімдерімізге сұранысты көбейтуге күш салса деймін. Кез келген дамыған мемлекеттер өз өнімдерін жарнамалап, өз тауарларын өткізіп қана ілгері қадам басқан. Біз де сол ізбен жүретін болсақ, жаңылыспаймыз деп ойлаймын», дейді «Жаһан инжениринг» ЖШС директоры Медет Қасымбеков.

Айта кету керек, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мынадай үш аталым бойынша өткізілмек: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары». Жүлдегерлер әр аталым бойынша бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен, таным белгісімен марапатталатын болады. Жеңіске жеткен компаниялар төрт жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсатта қолдана алады.

Бұл брендтің орны бөлек

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сонымен қатар, «Ұлы Дала елі» брендін пайдалану құқы­ғын табыс етуге арналған байқау жариялаған. «Бұл – тек қана отандық тауар өндірушілерге арналған бренд. Мұның артықшылығы сол, брендті иеленген компанияға тауарларын әлем бойынша өткізуге жәрдемдесетін боламыз. Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылған байқауға қатысу үшін жүз шақты кәсіпкер өтінім тастады. Олардың құжаттарын және жұмыстарын қарау үстіндеміз. Нәтижесі желтоқ­санның басында белгілі болады», дейді ұлттық палатаның департамент басшысы Жеңіс Дулатов.

Мамандардың айтуынша, сапалы өнімдер мен қызмет түрлерін бірыңғай қазақстандық бренд аясында экспорттау халықаралық аренада еліміздің имиджі мен таны­малдылығын арттыруға көмек­теседі. Ал «Ұлы Дала елі» брендін иеленген кәсіпорын өнімдері мен қызмет түрлері арқылы оны қалың көпшілікке абыроймен жеткізіп, кейін эстафетаны белсенді ком­панияға табыс ететін болады.

Асхат РАЙҚҰЛ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5606