ҚАЗАҚ ҰСТАМАҒАН ҚАРУ ҚАЛМАҚҚА ҚАЛАЙ ТАП БОЛҒАН?
Жоңғар хандығының әскері XVIII ғасырдың бірінші ширегінде қуатты күшке айналғаны мәлім. Оған жауынгерлердің ғасырлар бойы жинақтаған ұрыс тәсілдерінің тәжірибесімен қоса, еуропаша соғыс жүргізу тәртібінің қалыптасуы, бастысы – әскердің білте мылтық және зеңбірекпен қарулануы себеп болды. Осының арқасында халқымызды қан қақсатпап па еді?! Хош, ол жеке әңгіме. Бүгінгі айтпағымыз сол заманның соңғы жетістіктерінің бірі болған аталған қару түрлерінің жоңғарларға қалай түскендігі жайында.
Қызығы, жоңғарлар жаңаша соғыс қимылдары мен отты қару үшін кездейсоқ тұтқынға түскен Иоганн Густав Ренат деген швед офицеріне қарыздар екен. Ол жайында көптеген тарихи деректер бар. Тіпті төл тарихымызды көркем шығарма деңгейінде тербеген Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясының «Жанталас» атты екінші бөлімінде, Тәуке хан тұсындағы қазақты қаумалаған жаулардың бірі қалмақтар жайында айта келе, олардың қолындағы қаруды тілге тиек етіп кеткен.
«Жоңғардың Қытайға күш-қуаты жетпейді, жармасары баяғы үйреніскен жауы, қазақ елі. Олардың жүз мың атты әскеріне қазір қазақтың төтеп берер жайы жоқ. Әрине, бұл кездегі Жоңғар әскері Қалден кезіндегі шоқпар, сойыл ұстаған жабайы, тағы әскер емес. Әскер сапын Еуропа тәртібімен құрған, соғыс тәсілін еуропаша жүргізе алар зеңбірегі, білте мылтығы бар. Оған Жоңғар жауынгерлерінің ғасырлар бойғы ұрыс-соғыс тәжірибесін, төзімділігін, жанкештілігін қоссаңыз қандай күшке айналады. Жоңғар әскерін мұндай мықтылыққа жеткізген Сыбан Раптан, оның жауынгер баласы Қалден Церен мен жалдама Қытай әскери мамандары еді. Бұған швед офицері Иоганн Густав Ренат та аз үлес қосқан жоқ», – деп жазған болатын қаламгер.
Швед офицерінің жоңғарларға тағдырдың жасаған сыйындай ғайыптан пайда болуының қысқаша тарихы келесідей.
1709 жылы I Петр патшаның тұсында орыстар Полтаваның түбіндегі шайқаста шведтерді жеңіп, олардың 20 мыңға жуық әскерін тұтқынға алады. Солардың арасында унтер-офицер Иоганн Густав Ренат та бар. Ол уақыт Ресейдің Сібірді белсене игеріп жатқан кезі-тұғын. Қалалар бой көтеріп, зауыттар салынып, кен ошақтары ашылып жатты. Сауатты, тәртіпке көнгіш, ғылым мен қолөнерге ебі бар шведтерден мінсіз жұмыс күші шығатынын орыстар жақсы түсінді. Сондықтан да тұтқындардың бір бөлігі Сібірге жіберілді. Осылайша 1711 жылы Ренат Тобольск қаласынан бір-ақ шыққан.
Ол кезде жоңғарларда отты қару болмағанымен, қонтайшылары Сыбан Раптан білте мылтық пен зеңбіректі қолға түсіруді көптен көксеген. 1716 жылы жоңғар жасағы Ертістің Керекуге жақын сағасында шабуылға тап болған Тобольсктан шыққан Бухгольц экспедициясына көмектесуге барған орыс тобын ұстап, адамдарын тұтқындайды. Араларында Ренат та болған швед тұтқындарынан тұратын топ та жоңғарлардың қолына түседі.
Жұмысқа жегілген тұтқындардың ішінде құрастырушылық қабілеті мен инженерлік білімінің арқасында Ренат көптің ішінен ерекшелене бастайды. Оны байқағандар жоңғар жасағының қоңтайшысына хабарлайды. Сыбан Раптан қолынан іс келетін еуропалықты бірден ойрат ұсталарына қосып зеңбірек жасауға жұмылдырады. Он жылға жуық уақыт ішінде олар темір мен мыс кенін өндіріп, металл қорытуды меңгереді. Артынша зеңбірек құю мен оған қажетті оқ-дәрі, ядро жасау да өзін көп күттірмеді. Бұл жоңғар әскери өндірісіндегі төңкеріс еді. Алғашқы шойын қорыту зауыты 1726 жылы Ыстық-көл жағалауында салынды. Артынша Қалдан Цереннің тұсында Яркентте мыс зауыты, Темірлік өзені бойында құрастырғыш цех ашылды. Бұл өндіріс ошақтары еуропалықтар үшін шағын мануфактурадай көрінсе, көшпенділерге тұтас қуатты өндіріс болған.
Ренат бірнеше жылдың ішінде 40 кәдімгі зеңбірек пен 10 қысқа мойынды зеңбірек құйған. Ол жоңғарларға метал өндірісінің соңғы жетістіктерін үйретумен қатар картография мен баспа ісін де білгенінше таныстырған. Тіпті нояндарға еуропалық әскери істен дәріс оқып, артиллериялық атудың нұсқаулығын басып берген деген де деректер бар. Жоңғар картасын сызған да осы швед офицері.
Ренаттың пайда болуымен бұрыннан қалыптасқан озық әскери жүйе инновациялық сипатқа ие болып, толыға түсті. Ренаттың көмегімен жоңғарлар отты қарудың бірнеше түрін иеленді. Салт аттылар қысқа оқпанды винтовкалармен, жаяу жауынгерлер білтелі мылтықтармен, түйелі артиллерия зеңбіректермен қаруланды. Олардың жеңіл және қысқа мойынды екі түрі болды. Зеңбіректерді тасымалдауға түйелер пайдаланылды.
Жоңғар қолында болған жылдары Ренат Сыбан Раптанға, кейіннен Қалдан Церенге өзін босату туралы бірнеше рет өтініш жасаған. Алайда зеңбірек жасау ісі толығымен аяқталып, ойрат ұсталары оны меңгеріп болмайынша Ренатты жіберу мүмкін емес еді. Тіпті отты қару қолдарына түскеннен кейін де шведтік өнертапқышты босатуға аса құлықты болмады. Десе де 1733 жылы Ренаттың жалына өтінуімен Қалдан Церен оған жомарттық жасап, жақсылап құрметтеп босытып қоя берді. Артынша Ренат отанына оралып, сол жақта өмірінің соңына дейін ғұмыр кешкен.
Меліс Сейдахметов
Abai.kz