Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2913 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 07:38

Гүлжан КӨШЕРОВА. Ұлттық бейнесі аз бейнесаздар қаптап кетті

Бүгінде елге ұсынылып жүрген клиптердің, біздіңше айтқанда – бейнесаздардың көркемдік деңгейіне көптің көңілі толмай жүргені өтірік емес. Расында, қарап отырсаң, егіздің сыңарындай бір-бірінен аумайтын клиптер тастың үстіне шыққан мүктей қаулап барады. Ортаға тастар ойы бар, пікір түюге мүмкіндік беретін, таңдай қақтырып, таңданыс туғызатындары кемде-кем.

Бүгінде елге ұсынылып жүрген клиптердің, біздіңше айтқанда – бейнесаздардың көркемдік деңгейіне көптің көңілі толмай жүргені өтірік емес. Расында, қарап отырсаң, егіздің сыңарындай бір-бірінен аумайтын клиптер тастың үстіне шыққан мүктей қаулап барады. Ортаға тастар ойы бар, пікір түюге мүмкіндік беретін, таңдай қақтырып, таңданыс туғызатындары кемде-кем.
Кейбіріне қарап отырып кейде «осындай қойыртпақпен не айтқысы келді екен?» деп қынжыласың. Ал тіпті екі иығын жұлып жеп, құтырына билегендерді көргенде көз алдыңа жындыхананы елестетесің. Қыздарымыз жартылай жалаңаштанып, бүкіл тәнінің сұлулығын көз алдыңа тосады. Мұндайда әйел анатомиясын жаттап алуға болады. Топ-топ болып ән шырқайтын қыздарымыз ордалы жыландай ысылдап, ыңырсып кеп бергенде, бала-шағамен отырып, бірге тамашалау мүмкін емес. Соңғы кезде интернационалдық отбасыны жарнамалау үрдіске айналып бара жатқандай. Қаракөз аруларымыздың жанында сары шашы жалбыраған еуропалықты, сосын әкесінен аумайтын сүйкімді ұлды дәріптеп клип түсіретін болды. Одан қалса, азиялық бауырларымызды да қазаққа қосақтап қоятынды шығарды. Мұның астарында да терең саясат жатқандай. Түсінген адамға. Әншілердің көбісі бүгінде клиптерін ташкенттіктерге түсіртіп жүргені белгілі. Сценарий бойынша, көбінде өзбек ағайындар өз жағына тартатындары көрініп тұрады. Ән қазақша, орындаушысы да қазақ. Ендеше клиптің бар мазмұны да өз қолдарында емес пе? Осындайда әншілеріміздің ұлтжандылығының кемшіндігіне қынжыласың. Соңғы кезде жылаңқы әндер мен жылаңқы клиптердің қатары артып барады. Сүйгенінен айырылып қалғаны үшін өзін өлімге қиюға бел буған ғашықтар. Болмаса сүйгенін тартып алған адамды атып өлтірген бүгінгі заманның «батыры». Ғашықтық сезімді осылайша дәріптеуге бола ма? Құрмаш Мақанов бір клипінде сүйгеніне қолы жетпеген соң, жылап түсіпті. Еркектің еңкілдеп жылағаны да ерсі екен. Түсінде болса да. Қанішерлікті, кісі өлтіруді насихаттайтындары да жоқ емес. Оны көрнекі құрал демеске шараң жоқ. Тіпті ұлттық дәстүрді дәріптеуге ұмтылыс жасағандарының өзі сәтсіз шығып жатқандары бар. Көшпелі қазақ халқының тұрмысын көрсетеміз деп жабайылық деңгейге дейін түсіріп жіберді. Жаздың аптап ыстығында сеңсең бөрік, оюлы шапан киіп терлеп-тепшіп отырған атаны көргенде күлкің келетіні рас. Осындайда Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты шығармасындағы басты кейіпкер еске түседі. Жетімдіктің зарын әбден тартып, не тамаққа, не киімге жарымаған бала ағасы қыстық киім әкеліп бергенде, жүрегі жарыла қуанбаушы ма еді? Жаздың шыжыған ыстығында ауылдағы тойға қыстық қалың пальтосы мен бөрігін, пимасын киіп барып, күлкіге қалатын еді ғой. Бүгінгі клиптерде де осы кейіп. Атам қазақ түк көрмей өткендей, бұл не мазақ?
Кемшіліктің бас-аяғы бұнымен де бітпейді. Дәстүрімізге сай, ырым-тиымдар да ескерілмейтіндігі өкінішті. Қарақат Әбілдинаның «Асыл әже» атты әніне түсірілген клипте ұзатылып бара жатқан қыздың артына ұзақ қарайлауы көңілге қонымсыз. Апа-әжелеріміздің тиымынша, «ұзатылып бара жатқан қыз артына қарамауы тиіс. Барған жерінде бағы ашылмай қайтып келуі мүмкін» деген ырымнан туындаған. Ақты астың атасы санап жерге төкпеген ұлттың ұрпағы екендігімізді ескергісі келмейтіндерге не дерсің?
Жергілікті телеарналардан беріліп жүрген клиптердің деңгейі туралы айтудың өзі артық сияқты. Өйткені шымкенттік әншілердің отбасында қанша адам бар екендігі, атасы кім, әжесі кім, бәрін жаттап алды жұрт бүгінде. Күніне бес-алты рет көрсетіліп ығыр еткен сол клиптерде отбасынан айналып шықпайтын баяғы күй. Баласын айналып, толғанып, қаладағы жалғыз еуропалық стандартқа сай салынған «Мегаорталыққа» қыдыртқаны кімге керек? Одан қалса, қазақтың көп тойынан үзіп-жұлып, қиюын келістіріп, ботқа жасайды. Көруге көз ұялады. Ән-клиптің басты сценарийі екендігі белгілі. Клиптің айтар ойы да әннің мазмұнымен ұштасқаны дұрыс. Алайда ән бір жақта, әнші екінші жақта, ал клип айдалада лағып жүреді. Үндестік жоқ. Сосын да клиптеріміз инкубатордан балалаған балапандардай бір-біріне өте ұқсас…
Әкесі қызына: «ойға тоқыр түйіні жоқ дүниені неге тыңдайсың?» десе керек. Сонда қызы: «Әке, мен тыңдап отырған жоқпын, көріп отырмын» деген екен…
Тамызық
Ұлттық киімдерімізді әжуалау да әншілеріміздің еншісінде. Қазақ қыз баласына оң жақта отырған кезінде сәукеле кигізбеген. Сондай-ақ қамзолдардың да қайсысын қыз, қайсысын әйел, қайсысын әжелер киетіндігін білмей, күлкіге қалып жатады. Түсірілген кино болсын, клип болсын, киімнің ерекшелігіне де мән беру керек емес пе? Бүгінде клиптерге қарап отырсаң, қыздың киетінін әйел, әйелдің қамзолын қыздар киіп алып, «шауып» жүр. Дұрыс, ұлттық киімді де, ұлттық салт-дәстүрді де дәріптеп, клип, кино түсірсін. Бірақ сайқымазақ қылмай, әрбір кішкене деталына дейін мән берсе ғой. Қазақы киім кигеннің жөні осы екен дегендей, әншілеріміз болсын, кейіпкерлері болсын, бәрінің басында түлкітымақ, қалың масатыдан тігілген шапан. Олардың ойынша, түлкітымақтан басқа баскиім жоқ сияқты. Көктемде, жазда, қыста киетін бас киімдерді қазақ атам білмей өткендей. Түгі төгіліп тұратын түлкінің терісінен тігілген бас киімнен басқасы көрінбейді.

 

 

Гүлжан КӨШЕРОВА
«Алаш айнасы» газеті 29 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404